ҚАЗАҚТА КЕНЕКЕМДЕЙ ЕР ӨТПЕГЕН

237
0
Бөлісу:

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Кенесары Қасымұлына арналған көрме өтті. Абылай ханның немересі Кенесары Қасымұлының өмірі мен қайраткерлігіне арналған «Қазақта Кенекемдей ер өтпеген…» көрмесі  қорық-музейдің  40 жылдығына арналды. Игі шараға Бельгия және Голландия елдерінен келген шетелдік туристер, музей қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты. 

Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы болғаны белгілі. Ел тарихында бүкіл ғұмырын тәуелсіздік жолында сарп еткен хандары­мыз бен билеріміз, батырларымыз аз емес. Солардың бірі де бірегейі – Кенесары Қасымұлы. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы – өшпес өршілді­гімен, қайтпас қайсарлығымен, халыққа деген риясыз көңілімен ел есінде мәңгі қалғаны белгілі. Тарихи мәні терең көрмеде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорында сақталған Кенесары ханның Орынбор шекарасының басшысы генерал-майор Г.Генсқа 1842 жылы жазған хатымен қатар, Омбы облыстық өлкетану музейінде сақталған қару-жарақтарының суреті, Түркістан облыстық тарихи өлкетану музейінде сақталған Кенесарының қылышы да қойылды. Сонымен қатар көрермендер Санкт-Петербор музейінде сақталған кісе белдігінің суреттерін және сол кезеңдегі орыс әскерінің қаруларын, Лефоше револьвері мен ХІХ ғасыр винтовкасының түпнұсқасымен, Қоқан әмірлігі зеңбірегі, тарихшы ғалымдардың Кенесары Қасымұлы туралы зерттеу еңбектерімен танысты.
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов жиынға қатысушыларды айтулы көрменің ашылуымен құттықтап, бұл шараның маңыздылығын айтып, Кенесарының қазақ халқы үшін ерекше маңызға ие тұлға екенін жеткізді. «Музей қорында сақтаулы тұрған әрбір жәдігер жеке дара тарихи мәнге ие. Оларды қадірлеп, қастерлеу, көздің қарашығындай сақтау –басты міндетіміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсеткен ұлттық болмысымыз бен ұлт болып қалыптасу жолындағы тарихымызды ұрпақ баласына насихаттауда тұлғалардан қалған мұралардың маңызы зор. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорында 25 мыңнан аса құнды тарихи жәдігер қордаланса, оның ішінде өздеріңіз көріп отырған батыр бабалар аманатының орны ерекше. Жәдігерлер қатары алдағы уақыт­та да толығатынына кәміл сенемін» деді музей басшысы.
Бельгия елінен келген қонақтар барша түркістандықтар мен музей қызметкерлерін елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы мен «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойымен құттықтап, музей қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Тарихи құндылықтарды кеңінен дәріптеуді, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қорында 40 жылдан бері жинақталып келе жатқан ең қастерлі, тарихи жәдігерлермен жұртшы­лық­ты таныстырып, деректері жөнінде мағлұмат беру, жастарды өткенді құрмет­теп, қадірлеуге шақыру, отансүйгіштікке баулуды мақсат еткен шара барша қатысушы­лардың көңілінен шықты.

Е.МҰРАТБЕК,
Түркістан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*