ЭКО-ТУРИЗМДІ НАСИХАТТАДЫ

112
0
Бөлісу:

Жетісу өңірінің тұмса табиғаты кімді болса да тамсандырары анық. Соның ішінде құмы – алтын, суы – шекер, қаймағы – бал Алакөл аймағының басқалардан артықшылығы мен ерекшелігі жетерлік. Асқар таулары жазиралы жазықтармен астасқан, орман-тоғайы бұйрат құмдармен қауышқан, асау өзендері арқырап, айдын көлдері жарқыраған аймақта Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы облысының әкімдігі елімізде алғаш рет қолға алынған айрықша шара ұйымдастырды.

Алакөл ауданының Үйгентас аймағын­дағы Ойжайлауға жиналған жұртшылықты бастаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма кеңесінің төрағасы Сауат Мыңбаев, танымал меценат, «ЖерСу» корпорация­сының басқарма кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов, кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, ММА аралас жекпе-жегінің өкілі Арман Оспанов, бокстан 2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, грек-рим күресінен Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев сынды елге танымал азаматтар сәйгүліктерін сайлап, құмай тазыларын ертіп, бүркіттерін қолдарына қондырып, ақсақалдың ақ батасын алып, тау жотасындағы Жамантас жайлауына барды. Төрт сағатта 50 шақырымды артқа тастаған салт аттылар діттеген жерге жеткенше ЭКО-туризм мен экстремалды туризмді дамыту, Қазақстан­ның туристерге тартымдылығын арттыру бағытында қолға алынуы тиіс жобалар жайында әңгіме өрбітті және жайлауда да бұл кеңес жалғасты.
Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуын­­ша, ұйымдастырылып отырған шара­­ның ең басты мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ата дәстүрді жаңғырту, оны кеңі­нен насихаттау арқылы шет елдік­тер­дің біздің елімізге қызығушылығын артты­ру, сондай-ақ Қазақстанның туризм­дік әлеуетін әлемге паш ету.
Жамантастың көк шалғыны белуар­дан келетін жайлауын төрт түліктің 10 мың басқа жуығын бағып-қағатын малшылар жайлайды екен. Жайлаудың қақ ортасына тігілген ақшаңқай киіз үйлердің іші-сырты сол күні думанға толды. Ән айтылып, күй тартылып, ұлт­тық спорт түрлерінен сайыстар ұйым­дас­тырылды.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*