ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

275
0
Бөлісу:

Сарыарқаның кең даласы, 100-ден астам ақшаңқан киіз үй, әсем де әуезді әуен, өнегелі өсиет, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып­тардың ұлықталуы һәм қазақи болмысты паш етер төл спорт түрлері. Бұл – өткен ғасырлардың емес, Ертіс бойында өткен «Ұлы дала» этнофестивалінің көріністері. Игі дәстүрге айналып, осы жылы үшінші рет ұйымдастырылған мерекені көпшілік тағат­сыздана күтті, алыс және жақын шетелден меймандар келді, көпшілік өнерін ортаға салып, кіл мықтыда кім мықты екенін анықтады. Биылғы думанды тойдың ерекшелігі көп. Солардың бастысы – этнофестивальдің халықаралық мәртебеге ие болуы әрі тойдың үш күнге созылуы.

Игі дәстүрге айналған «Ұлы дала» этнофестивалі «Ұлы дала мұрасы: тарих, тұлға, тағылым» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясынан бастау алды. Еліміз бен көрші мемлекеттерден жиналған зиялы қауым өкілдері өңіріміз­ден шыққан белгілі тұлғалардың атаулы мерейтойларына орай атқарылған һәм атқарылар жұмыстармен танысып, ата-балаларымыз қалдырған асыл мұраны дәріптеу мәселелерін талқылады.
Шара барысында Қазақстан Жазу­шылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет дәл осындай бастаманы еліміздің өзге өңірлері де құптап, жалғастырса деген ойымен бөлісті.
– Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бұқар жырау Қалқаманұлы, Естай Беркімбайұлының өмірі мен өнегесін арқау еткен мұндай ғылыми-тәжірибелік конференцияның ұйымдастырылуы – құптарлық іс. Жоға­рыда аты аталған тұлғалар тек Павлодар өңірінің емес, күллі қазақ елінің атын шығарып, әлемдік өркениеттің дамуына сүбелі үлес қосты. Өскелең ұрпаққа рухани азық болар осындай бастаманы басқа облыстар жалғастырса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Ұ.Есдәулет.
Жалпы, бұл конференцияға Қазақстан, Ресей, АҚШ, Венгрия, Моңғолия, Литва және Украинадан 130-дан астам мақала түсіп, 1000-ға жуық адам қатысты. Тіпті АҚШ-тың белгілі ғалымы, саясат ғылым­дарының докторы Фиерман Вильямм штат­тан тікелей бейнебайланысқа шығып, пав­ло­дар­лықтарды қазақ тілінде құттық­тады.
– Ұлт болып қалу үшін ең басты құн­ды­­лық­тарын – мәдениетін, тілін, тарихын сақтап, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру керек. Бұл бағытта Қазақстанның жеткен жетістігі көп. Алыста болсам да дәл осы ғылыми-тәжірибелік конференция арқылы қазақ халқының ұлы тұлғалары, тарихы туралы мол мағлұмат алдым, – деді Ф.Вильямм.
Сонымен қатар бұл күні Бұқар жырау­дың 350, Мұса Шорманның 200, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160, Естай Беркімбаевтың 150, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына орай мәдени орындарда түрлі шара ұйымдастырылды.
Ал сенбі күні думанды той Сарыар­қаның кең жазық даласында құрылған этноауылда жалғасын тапты. Былтыр бұл фестиваль екі күн болып, 80 киіз үй тігілсе, биыл үш күнге ұласып, 100-ден астам киіз үй болды. Әр аудан, мекеме ұлттық сана­мыз­ды жаңғыр­тып, салтымызды сақтап, дәс­түрі­мізді дәріптейтін шаралар ұйымдас­тырды, қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынды. Көппен бірге тойға келген облыс әкімі Болат Бақауов бұл шараның дәстүрге айналғанын айтып, алдағы уақытта да жалғасын табатынын тілге тиек етті.
– Киелі Ертіс – Баян жерінде мұндай ірі шара осымен үшінші жыл ауқымды түрде өтіп жатыр. «Ұлы дала» фестивалі халық асыға күтетін шараға айналды. Бүгінгі думанға жиналған бұқара халық – соның куәсі. Мұндай кеңауқымды шараны өткізу­дің басты мақсаты – ұлттық санамызды жаңғыртып, салтымызды сақтау және дәстүрімізді дәріптеу. Дана халқымыз «Өт­кенді ұлықтау – тарихты ұмытпау» деп бе­кер айтпаса керек. Бүгінгі таңда баба­лары­мыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, «Рухани жаңғыру» арқылы жоғымызды түгендеу – баршамыз үшін зор міндет. Осыдан үш жыл бұрын Елбасымыз Қа­зақстанның символдық атауын бүкіл елге паш ету жөнінде айтқан. Бұл ретте Ұлы дала идеясы халқымызды әлемге кеңінен таны­тады деген сенім мол, – деді Б.Бақауов.
Биылғы шараның ерекшелігі – халық­аралық мәртебеге ие болуы. Қытай, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресейден, тағы басқа алыс және жақын шетелден 70-ден астам делегат қатысты. Солардың бірі – Қырғызстаннан арнайы келген «Азия жігіттері» ұжымы. Бұл ұжым­ның каскадерлері ат үстінде түрлі қимыл жасап, жиналған жұрт­шылықтың таңдайын қақтырды. Әсіресе, ат үстіндегі шабандоздың денесі отқа оранып, садақ атуда дәлдік танытуы таңғалдырды. Қырғызстан делегация­сының жетекшісі Фархад Касимов қазақ халқының ұлттық құндылықтары ұлықталған шарада өнер көрсету зор мәртебе екенін атап өтті. Айтуынша, Ертіс – Баян өңірінің табиғаты көз тартып, адамдардың қонақжайлылығы ұнапты.


Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары:

– Мен Оңтүстік Қазақстан облысының азаматымын. 67 жасыма дейін нағыз қазақ оңтүстікте деп ойладым. Сөйтсем, салт-дәстүрін ұмытпай, қайта жаңғыртып отырған нағыз қазақы аймақ Павлодар өңірі екен. Нағыз қазақ Ертіс жерінде қоныстанған!
Бүгінгі тойға жердің түкпір-түкпірінен бар қазақ жиналып отыр. «Туысқан араласпаса жат болады» дейді халық даналығында. Сол себепті, бүгін барлығымыз табысып, танысып жатырмыз. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында бір отбасыдай тату-тәтті өмір сүрудеміз. Мұның барлығы – ата-баларымыздың еңбегі.

Нұржамал БАЛИТОВА,
Ресейдің тұрғыны:

– Ата-бабам Ресейге қоныс аударып, мен сол елде дүниеге келдім. Бала кезімізден ата-анамыз «сендер – қазақсыңдар, қазақтар осындай болуы тиіс» деп тарихымыз, мәдениетіміз туралы көп айтып, санамызға сіңіріп өсірді. Десе де, өзге елде өзіңнің ұлттық салт-дәстүріңді жаңғыртып, оларды күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолдануға мүмкіндік бола бермейді. Ал бүгін «Ұлы дала» этнофестиваліне келіп, рухани ләззат пен азық алдым. Қазақ болып туғаныма қуандым, ата-бабам қалдырған мол мұраның бүгінгі ұрпаққа қаз-қалпында мирас болып жеткеніне шаттандым. Павлодарда тұратын бала-шағам, немерелерім осы мерекеге арнайы шақыруын қабылдап, шекараның арғы жағынан келгеніме еш өкінбеймін. Керісінше, дәл осындай думанды тойдың ортасынан табылғаныма ризамын.


Бұл күні меймандар табиғат аясында қазақ халқының сирек кездесетін 20 тағам түрінен дәм татты. Осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген Ұлттық музейдің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Әйгерім Мұсағажинова әр тағамның дайындалу жолы мен сақталу мерзімі, ерекшелік­терімен бөлісті. Асхананың құпияларын қандас қыз-келіншектер ғана емес, өзге ұлт өкілдері де білуге асықты.
– Қазіргі кезде қоғамда қазақ тағам­дары ет және бауырсақпен ғана шектеледі деген қате ой қалыптасқан. Бірақ мүлде олай емес. Қазақ тағамдары көптүрлі, теңдессіз, нәрлі тағамдар көп. Этноауылда меймандарға ұсынылған 20 тағамды кейбір ауылдағы әжелер ғана жасайды. Біздің мақсат – оларды көпшілікке таныстыру, дәріптеу. Мәселен, жаужүрек – ер адамдарға арналған ас. Бұрындары аналар ұлын алыс сапарға шығарып салатын кезде бауырды шарбы майға қуырып дайындаған. Соның нәтижесінде, бауыр 7 күнге дейін сақталып, бұзылмай, балалары тоқ жүрген, – дейді ол.
Осылайша, қыз-келіншектер ұлттық тағам туралы мол мәлімет біліп қалды. Әлбетте, этноауылдағы той ошақ басын­дағы әңгімемен шектеліп қалған жоқ. Сан алуан танымдық, мәдени шара, қолөнер көрмелері ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда, әркім өз талғамы мен қалауына орай шаралардың көрермені әрі қатысушысы болды. Осы орайда Қоянды жәрмеңкесінің 170 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қоянды жәрмеңкесі» қойылымын тамашалаушылардың қатары қалың болғанын атап өткен жөн. Ал көріністі қоюға 300-ден астам адам қатысты. Жәрмеңкедегі Майраның рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ұлжан Айнақұлова, Біржанның рөлін Алматы қаласындағы консерваторияда білім алып жатқан павлодарлық дәстүрлі әнші – Дәуренбек Сләмғали сомдады.
Сол күні кешке Ертіс Promenade сахнасында, ашық аспан астында С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыс­тық театры «Көмекей әулие Бұқар жырау» тарихи драмасын сахналады. Бұқар жыраудың өмірін арқау еткен спектакльді тамашалаушылар да аз болған жоқ. Мәде­ниет қайраткері Айбек Қырықбаевтың айтуынша, театр ұжымы белгілі тұлғаның бойындағы барлық қасиетті көрсетуге тырысты. Бұл драмада жырау мен Абылай арасындағы қарым-қатынастың қалай болғанын байқауға болады.
«Ұлы дала» этнофестивалінің үшінші күні үш күн бойы өткен спорттық жарыс­тардың ақтық сайыстары өтіп, қоры­тындылары жарияланды. Атап айт­қанда, ұлттық спорттың 12 түрі бойынша ұйым­дас­тырылған бәсекелерде мықтылар анықталды. Теңге алу, аударыспақ, күрес тағы басқа спорттық додаларға қатысуға ниет білдіргендердің қатарында жасы да, жасамысы да болды. Әсіресе, тас көтеру сайысы көпшіліктің назарын аудартты. 300 келі болатын тасты көтеруге белгілі палуан Дархан Жоламановтың ғана шамасы жетті. Ол арнайы жүлде – 150 мың теңгені қан­жығасына байлады. Өзге спорт түр­лерінен жеңімпаз, жүлдегер атанғандарға да қомақты ақшалай сыйлықтар табыс­талды.
Халықаралық этнофестиваль Ертіс жағасындағы мерекелік гала-концертпен аяқталды. Жергілікті өнерпаздар мен отандық эстрада әншілері – «Жігіттер» тобы, Ұлжан Айнақұлова, Айгүл Иманбаева, Ернар Айдар, Әлішер Кәрімов, «Бастау» домбырашылар тобы кештің көрігін қыздырды.
– Павлодар өңірі өзінің терең тарихымен, қаншама қазақтың зиялы әрі беткеұстар, аты аңызға айналған тұлғала­рымен танымал. Барлығын атап өту мүмкін емес. Бір ғана Мәшһүр Жүсіптің өзі – бір төбе. Сондықтан «Ұлы дала» фестивалінің Ертіс – Баян өңірінде өтуі – заңдылық. Бұл жобаның рухани жаң­ғырып, ұмытылған дүниені еске түсіріп, келер жас ұрпаққа жеткізудің тәрбиелік мәні зор. Кіре берген сәттен қонақты қарсы алуы, барлығы да тарихтың қаншама қатпарын қамтиды. «Қоянды жәрмеңкесі» қаншама мем­лекеттің, ұлттардың тарихын танытып, дүниесін саудаға қоюға ыңғайлы болған. Осындай жобаның басы-қасында жүргеніме өте қуаныштымын. Зиялы қауымнан тарихи мәліметтерді естіп, көзбен көру, жүректен өткізу – мен үшін үлкен бақыт, – деді А.Иманбаева.
Сөйтіп, үш күнге жалғасқан думанды тойға барлығы 100 мыңнан астам адам қатысып, қонақ болды. Бастысы, «Ұлы дала» халықаралық этнофестивалі арқылы ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, ұмытқанымыз жаңғырды, халықтың сана-сезімі серпіліп қалды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,

Павлодар облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*