Кең тынысты көркемдік

114
0
Бөлісу:

2013 жылғы Нобель сыйлығын канадалық жазушы Элис Мунро әңгімелер жинағы үшін алды. Бұл – «әулие жанр» әңгіменің әлем әдебиетінде алдыңғы шепке шыға бастағанын айқындаса керек. Ұзын сонар көркем шығармалар көп оқыла бермейтін мына цифрлы технологиялар заманында, әдебиеттің «әулие жанры» әңгіменің алға шығып, айқын басымдылыққа ие болып келе жатқаны – заман шындығы. Мұның жарқын мысалы − жазушы Мархабат Байғұттың «Әпкемнің ауылы» атты әңгімелер жинағының әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы дер едік.

Осы хабарды газеттен оқып білген соң, жазушы Мархабат Байғұттың «Әпкемнің ауылы» кітабын қолға алдық. Менің бір әдетім, бірден кітаптың мазмұнын аша­­мын. Оңтүстіктің тумасы болған соң, маз­мұн­­дағы әңгімелердің ішінен «Қозапая» деген атау көзіме біртүрлі ыстық көрінді. 183-бетте екен. «Киім киісі күлкі шақыра бастағанын сезгелі бері мектеппен қош­тасуды ойлап жүрген» деген алғашқы сөйлемнен бастап, психологиялық ішкі динамикалық тартысқа құрылған әңгіме өзінің терең иіріміне тарта берді.
Әңгіме кейіпкерлері төрт-ақ адам. Қозапая тасушы арбакеш – Ерсәлім, оның ұлы – Есқара, Жыңғылбай – мұғалім және сол өздерінің Ешкілі ауылының тумасы, аудан әкімі. Жазушы оны «баяғы бала» деген жал­пы атаумен алады. Бар болғаны осы­лар.
«Мақта теріп кетейін десе, Диналар мен Балайымдарға күлкі болғысы жоқ». Ес­қараның намысты мінезін бір-ақ сөйлеммен ашқан жазушы дәл тауып, дөп басатын білгірлікпен «Сауда соңына түскен болып, сандалып кеткен шешесі…» деу арқылы Есқараның шешесі туралы мағлұматпен бірге оның мінезін ашуда жанама бөлшекті де үлкен шеберлікпен пайдаланған. Есқараның шешесі туралы үш бет шұбырта созып жазуға болар еді, бірақ көпсөзділіктен қашатын жазушы кейіпкер шешесінің ойсыз өмірі мен парықсыз мінезін де бір-ақ сөйлемге сыйғызған. Дәл осы сөйлемнен соң Есқара отбасындағы суықтау адами қарым-қаты­н­ас оқушыға өз ызғарын сездіріп өтеді.
Есқараның қалаға қашып келе жат­қандағы ішкі психологиялық жай-кү­йін үдемелі қозға­лыс үстінде суреттеген жазу­шы: «Есек­мияның түбіртегінен уыстай бүріп ұстаған Есқара қиялау жиекке ырғи ілінбекке тырмысып баққан-ды, бірақ табаны тесік тайғанақ бәтеңкенің қияңқы кесірінен тізелей жығылып, төмен сырғы­ды. Қыраулы қияның қиыршығы тұздай тиіп, ішкі-сыртқы әлемі әділетсіздік атаулыдан удай ашып, аш күшіктей ұлып-ұлып жібергенін білді, әлде білмеді.
− У-у-у-у-у! – деді Есқара. –У-у-у-у-у».
Осы жолдарды оқығанда, аш күшіктей ұлыған Есқараның бейнесі көз алдыңа келіп, көзіңе еріксіз жас үйіріледі. Адам да, төрт аяқтылар да ыза мен шарасыз­дықтан ғана ұлиды. Тағдыры күресінге лақтырылған же­тінші сынып оқушысы Есқара Ерсә­лімұлының, қабырғасы қатпай тағдырымен бетпе-бет қалған жас жеткіншектің сол сәттегі ішкі көңіл-күйі­нің жай көзге аңғарыла бермейтін нәзік иі­рімдерін автор шынайы һәм әсерлі суреттеген.
Жазушы «…тағы да ұлыды… Сағымкент бағытына қарай бүлкектей жөнелді» деген сөйлемдер арқылы оқырманын ой тұң­ғиығына батырады. Қалаға жеткен Есқара ертең кім болады? Ойланасыз…
Оқиға барысында жазушы ешкімді кінәламайды, ешкімді ақтамайды да. Ол өмірді сан қырлы бояуымен, еш қоспасыз, шынайы реалистік тұрғыда, сол күйінде оқырманның алдына жайып тастайды.
Баласын бастан-аяқ киіндіруді ойлап жүрген Ерсәлімді біз қалайша тасжүрек әке дей аламыз? Жыл бойы армандаған ойының күл-талқаны шыққан сорлы әке: «Биыл… әперемін-ақ деп жүр едім», – дейді. Ол баласына бір бә­тең­ке әперуді жыл бойы армандаған. Әкенің бар арманы – баласын бастан-аяқ киіндіру мен бір бәтеңке… Демек, әке үшін бала өмірі басты орында.
Бірақ еңбегі еш, тұзы сор әкенің аяулы арманының күл-талқан болғанын жазушы ғажайып түрде шебер суреттеген «…бол­мас­қа кетті балам, – деді түтігіп». Жазушы осы бес сөзге адамның қаншама психо­логиялық сезім күйлерін жинақтай алған десеңші?! Оқи отырып күйінесің. Жұды­рық түйіліп кеткен. Бұлдырай бастаған көзіңе ызалы жас келеді. Міне, пендесін сан алуан сезім күйіне жете­лейтін сөз құді­реті дегеніміз – осы! Бәзбіреулер тек өзде­ріне икемдейтін «тендер» жарияланып, бәрі­нен айырылған қозапая тасушы Ерсә­лімнің басқан аяғы кері кетіп, өмірі де «болмасқа» айнала бастайды. Үлеске тиген жері анау, бір қиянда сор басып, сорлап жатыр. Өлместің қамы үшін әйтеуір бірдеңеден бастау керек. Бірақ қалай?! Аудан әкімінің сөзімен айтқанда «Кімге өтірік, кімге шын» несие­нің де болмай­тыны анықталды. Осылайша, кейіпкеріміз Ерсәлім үлкен психологиялық дағдарысқа ұшырайды. Ерсәлімнің ең соңғы үміті – өзінің ауылдасы, бір кезде Ерсәлімнің шешесі берген қалжаның арқасында тірі қалған, бүгінгі аудан әкімі «баяғы бала» еді. Ал «баяғы бала» кез келген Қазақстан аза­маты алуға болатын несиенің өзін «Кім­ге өтірік, кімге шын» екенін керги түсіндірді.
Аудан әкімі «баяғы баланың» қабыл­дауы Ерсәлім өміріне үкім айтқандай болады. Барынан айырылып, болашағынан үміт үзген Ерсәлім өртеніп өледі. Артында қалған тұяғы Ес­қара туралы ақырғы ойы «Тірі қалса, тесіп шы­ғар бір жерден. Бәл­кім, әкім болар. Басқа­шалау ыңғайдағы, әрине. Алдынан кім шы­ғыпты дейсіз, өрен өскін­нің… Ғарыш тұңғиы­ғынан ба, мұң­ғиық­танған қозапая әлемінің астынан ба, Қарақас-Арқас желінің у-у-улінен бе, жа­рықтық Ерекең емірене елбіреп осылай сыбырлайтындай». Осылайша, «Қозапая» әңгімесі адамдардың болашаққа деген үмітін келешекпен жалғастыратын опти­мистік сарында аяқталады.
М.Байғұттың «Қозапая» әңгімесі, елімізде «рыноктық қатынас» деп аталатын «төтеннен келген капитализмге» икемделе алмай, «ғарыш­қа ұшқан» арбакеш Ерсәлім туралы болса, «Тоқсабаның тоқалы» әң­гімесінің кейіп­керлері – өмір сүру заңы сон­шалықты қатал капита­лизмге бейім­деліп келе жатқандар. Әңгіме желісі бойынша, күтпеген жерден капитализмге киліккен инженер-құрылысшы Тоқсаба жаңа заманға бірден көндігіп кете алмай, көп қиындық көреді. Ішкіштердің де қата­рына қосылып кетіп, артынан әзер түзе­леді. Ақы­рында заманауи, зерек кәсіпкер, бай келіншекке үйленіп, бала-шағасын қиындықтан алып шығады. Табиғатында иманды, әкелік парызына адал Тоқсаба архи­тектор-құрылысшы ретінде кәсіби таланттан да құралақан емес. Желісі шы­найы өмірдің өзінен алынған әңгімеде, социализм тұсындағы, бұрынғы тілмен айтар болсақ, жағымды-жағымсыз кейіп­кер­лер жоқ. Әңгіме кейіпкерлерінің бар­лығы да тек өздеріне ғана тән күйінде шынайы суреттелген. Жазушы Тоқсабаның әйелі Алқо­рыға көбірек орын берген. Психолог маман­дардың зерттеуі бойынша, қандай қиыншылық болса да қолында барын жақындарымен тең бөлісетін әйелдер тек күйеулерін ғана ешкіммен бөлісе ал­майды екен. Қазақ үшін аса таң­сық болмаса да, Тоқсабаның тоқал алғаны әйелі Алқорыға қатты батады. Ақылды, өзі бай, ірі кәсіпкер жас тоқалмен бірге келген молшылық, балаларына жасалған түрлі сыйлықтар, олардың болашағына тоқал тарапынан жасалған қам­қорлық Алқо­ры­ны жібітіп, дегеніне көндіреді. Әйелге кү­йеуін басқа біреумен бөлісу ауыр, ал жоқ­шылықта өмір сүріп, балаларының бола­шағына балта шабу одан да ауыр. Сондықтан да Тоқса­баның бәйбішесі Алқоры отбасы және балалары үшін өзін-өзі құрбандыққа шалып, бәріне төзуге бел байлағандай. Бұл балалары мен отбасы үшін күйеулеріне өздері тоқал алып берген қазақ әйелдерінің гендік негізіндегі текті­ліктен де болса керек. Дәл осындай ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасқан ақыл мен тектілік, «Енді сіз екеуміз бір адамбыз ғой. Өсек тыңда­май­тын адаммын мен, әпкетай. Өсекті тыңдама­саң, ол өледі. Өсекті сөйтіп өлтірейікші сіз екеуміз. «Тойота Камриды» Алмабекке тарту еттік. Шымкенттегі «Нұр­сәт» шағынынан пәтер әпереміз. Мына үй-жайларыңызды бұзып тастап, қайта салумен Алмабек айналысады. Қаржы-қаражаттан қам жемеңіздер. Жүзімай мен Жұлдызай қалаған универ­ситеттеріне түсіп, бітіргенше менің тікелей қамқорлығымда болады. Бірақ әпкетай, екі қызға да, Алмабекке де айрықша талап қоямыз. Заманға сай, жа­уапкершілікті жоғарылата түсеміз. Ол өзде­ріне пайдалы, түсініп отырсыз ба?» деген Тоқса­ба­ның тоқалындағы қасиет Тұмариіс-Томирис ханымның да бойында бар. Өмір сүру заңды­лық­тары өте қатал капитализмде, төзім мен отбасылық бірлік – тіршілік үшін күрес тәсілі. Бұл – ақиқат. Әңгіменің идеясы мен жазушы­ның айтқысы келген негізгі ойы да осы болса керек.
Мүмкін, әдебиетімізге тәуелсіздіктің тұсын­да келгендіктен болар, мүмкін басқа себеп шығар, Мархабат Байғұт әңгімелерін бір-біріне жалғап қосатын болсақ, халқымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіміздің сан-қырлы суреттерінің үлкен полотносы шыққан болар еді. Сон­дықтан да М.Байғұт шығармалары тәуел­сіздік тарихымыздың баяны, тұнып тұрған шежіресі дейміз. Тәуелсіздік – бұл тек саяси бостандық қана емес, ол – адамдар санасында болып жатқан түрлі құбылыстар мен өзгерістер. Заман өзгеріп, дәуірлер ауысқанда адам санасында болатын құ­был­малы өзгерістер – тәуелсіздік тұ­сында жазылған Мархабат Байғұт шығар­ма­ларының басты нысанасы.
Талайдың адами болмысының шынайы бет-пердесі ашылып, кімнің кім екені анық­талды. Дәуірлер ауысып, заман өзгергенімен, адамгершілік деп аталатын Адам жолы өзгеруге тиіс емес. Жазушының да ту етіп көтергені – осы ұран. Бірақ оны жазушы өз шығармаларында ашық айтып, арзан дидактикаға ұрынған жоқ. Өзіне ғана тән әдемі әзілмен, қазақы қалжы­ңымен, қалыптасқан жазушылық сти­лімен, оқырманын ойға шақыра отырып, астарлап бейнелейді.
«Ауыл клубының аукционы» әңгі­месінің бас кейіпкері Еңсегей отыз жыл өзі басқарған ауыл клубын «голлан­дық» әдіспен өткізілген аук­ционда ала алмайды. Ауыл клубын сол ауылдан шыққан бай­шыкеш Теңсегейұлы сатып алады. Теңсегейұлы клубты бір түнде келіп бұзып, үлкен-үлкен КамАЗ-дарға тиеп алып кетеді. Аукцион оқиғасынан соң Еңсегей­дің де сыртқы орта мен еңбекке деген көзқарасы ақырындап болса да өзгеріске түсе бастағандай. Бұрын бел шешіп, еңбек етіп, егін салып көрмеген Еңсегей, кейіні­рек жер жыртып, тірлік жасап жүрген екі баласы Ақансерісі мен Кененсерісін кө­ріп, еңбек ләззатына бөленгендей күй ке­шеді. Бұл арқылы автор «Адал еңбек түбін­де мақсатыңа жеткізеді» деген ойды оқу­шысына ишарамен түсіндіріп тұрған­дай.
Жазушының «Гамбургтегі қазақтар» әңгіме­сінің кейіпкерлері Нәтибек пен оның әйелі Пәтима Алманияға көшіп жатқан неміс достары Ганстың үйін сатып алады. Зиятты, жолдастыққа адал, өтірік көлгірсімейтін, бірсөзді, еңбекке деген қарым-қатынасы ерек­ше ыстық, бейнет­сүйгіш немістердің тұрмыс жағдайлары да биік дәрежеде. Бір нүктені бассаң, су ағып тұр, екінші нүктені бассаң, малыңа жем төгіледі. Тура ертегідегідей. Оның үстіне бір кездегі қиын уақыттарда Нәтибектің отбасы мен әкесінен көрген жақсылығы­ның өтеуіндей, Кильданың Пәтимаға тарту еткен келісті сиыры Эраның бабы мен жай-күйінің жағдайы тіптен бөлек. Осындай шаруашылық пен үй-мүлікке Нәтибек пен Пәтима ие болып, дәл Ганс пен Кильдадай оябын тауып, бабын келтіріп, ұстап қала алар ма екен? Ғасыр сұрағындай болған дәл осы сауал оқушыны қатты толғандырады. Алғашқыда бәрі жақ­сы, уақыт өте келе механикалан­ды­рылған қораның шығыршығы айнал­дыр­май қалады, науаға су құйылмай қала­ды дегендей, тоқпен істейтін тетіктер сыр бере бастайды. Оны Нәтибектің үлкен баласы өзінше жөндеп, жалғап, «қазақы­ландырады». Әңгімедегі осы өзгерістерді жазушы астарлы, әжуалы әзілмен әдемі суреттеген. Ең соңында, әлде бабы келіс­педі, әлде бұрынғы иелеріне деген сағы­ныш­тан ба, Пәтимаға тарту етілген сурет­тегідей сұлу сиыр Эра өліп қалады. Пәтима жоқтау шығарып, Эра сиырды адамша жоқтайды:
Гамбург деген жұмақ-ты,
Жайқала өскен құрақ-ты.
Кильдамнан қалған Эрашым,
Қай дұшпан көзі сұлатты, – деген жоқ­тау арқылы жазушы Пәтиманың адами болмысын ғана емес, дүниета­нымдық көзқарасын да әдемі ашқан. Кез келген ұлттың ұлттық санасының дәре­жесі, сол ұлттың өзін-өзі сынай алу қабі­летімен өлшенеді. Жоқтауының мазмұ­нына қарағанда өзінің айыбы мен әлсіздігін оңай­шы­лықпен мойындамайтын барлық қазақтар сияқты Пәтима да сиырдың өліміне өзін кінә­лап, айыпты санап отырған жоқ. Оның ойынша, Эраға көре алмаған дұшпанның көзі тиген. Өлген малды қайтыс болған адам ретінде жоқтау қазақ үшін жақсы ырым емес. Бірақ «рыноктық қатынас» алып келген санадағы «капи­талистік өзгеріс» анау-мынау ырым-жырымыңа қаратпайтын да секілді. Дәл осы өзгерісті жазушы: «Нәти­бек есік алдынан өтіп бара жатып: «Мынау сұңқылдап, не оттап отыр өзі? – деді таңда­нып. Сосын: «Өлсе, мал өлсін, бәле-жала­ның бәрі сонымен кетсін» дегісі келген. Дей алмады бірақ», – деп суреттейді. Мойындауға тиістіміз, бұл дегеніңіз – адам жан-жүйе­сінде болатын психологиялық өзге­рістерді дөп басып, дәл көрсететін қайталанбас сурет. Дәуірлер ауысқанда тұтас бір ұлттың басында болатын психо­логиялық өзгеріс­терді бір-ақ ауыз сөзге сыйғызу – шын мәніндегі сөз зерге­рінің жазу­шылық талантының көрінісі болса керек.
Бірқатар сыншылар М.Байғұттың қазақ әңгімесіне психологиялық тереңдік, көркемдік құнар жағынан тың тыныс дарытқанын айы­рықшалап атап жүр. Көбінесе, қазіргі жазу­шылар бүгінгі за­ман­ды, бүгінгі қоғамды, бүгінгі адамды бейне­леп жатқан жоқ дегендей ой-пікірлер жазылады, айтылады. Ал Мархабат Бай­ғұттың тап осы олқылықтар орнын толты­ра­тын туындылары көп-ақ. Оған «Ақ орамалды қыз» әңгімесіндегі жалғыз қызыл орамалы ағарып кеткен, «таспен ұрғанды аспен ұрған» ақылды да мейірімді кетпенші қыз, «Жылқы атылған түндегі» әділет көксейтін Әжікен мұғалім, «Оқу залындағы» әл-Фараби бабасы­ның рухын іздейтін студент, өзінен әлдеқайда үлкен жазушы жігітке сырттай ғашық болатын «Сізді сүйген қыз едімдегі» Ақнұр, міне, осы­лар­­дың бәрі де – М.Байғұттың ғана қаламынан жаратылған қайталанбас характерлер. Адалдар, аңғалдар, алайда азаттықтың ақ таңын аңсай­тын арманшыл-қиялшылдар. Бірі Түркі қағандығын мадақтайды, екіншісі Түркіс­танның тайқазанын, үшіншісі Кунсткамерадағы Кенесары ханның басын түсінде көреді. Төртіншісі.., бесіншісі… міне, осылай жалғасып кете береді. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын бұл кейіпкерлер басқалардан өзгеше. Себебі, олар көп нәрсені тәуелсіз елдің еркін ойлы аза­мат­тары ретінде басқаша түсінеді. Ең бастысы, олар адал, батыл, мейірімді, жақсылықты ертеңнен күтеді, болашаққа сеніммен қарайды. Себебі, олар – тәуелсіздік тұсын­дағы әдебиет­тіміздің тың кейіп­керлері.
Міне, осындай тың кейіпкерлердің бірі − «Әпкемнің ауылындағы» Үрисән әпке. «Үшінші мыңжылдық басталар тұста біздің жақтағы бірталай ауылдың тозың­қырап кеткені рас. Ал Үрисән әпкемнің ауылы тозудың орнына озды десетін» деп бауырының атынан айтылатын баянының жаны бар. Өзгерген заманда тіршілік тауқыметінің қоржынын арқалаған Үрисән әпкенің ержеткен баласы байлар­дың жекеменшік малын бағып кеткен. Өзі мектептің еденін жуатын «уборшы». Былай қарасаң, тағдыр тауқыметін молынан тартқан Үрисән әпкенің өмірінде кісі қызығарлықтай ешнәрсе жоқ. Жетіс­пеушілік, күнделікті тіршілік тауқыметі адам­ның күллі жан-жүйесін мүжи отырып, адами болмысына кері әсер етері сөзсіз. Себебі, өмірдің аты – өмір. Бірақ тағдыр тауқыметі мен өмірдің қиыншылықтары Үри­сән әпкені жасыта алған жоқ. Қайта керісінше, әпкенің бойындағы адамгер­шілік, мейірім секілді асыл қасиеттер бұрығыдан да биіктеп, жарқырай түскен.
«Адамның адамгершілік қасиеттері басына екіталай күн туғанда анық көрінеді» деген халық даналығын «Әпкемнің ауылы» әңгімесін оқығанда анық түсінесіз. М.Байғұттың «Әп­кемнің ауылы» кітабын­д­ағы ең соңғы әңгіме − «Белесебет пен байлық». Қазіргі олигарх Қанағат ең өркениетті ел медицинасының әлі келмеген дерті меңдеп, ауруы айықпасқа бет алған кезде түс көреді. Түсінде жанал­ғыш келіп, көр азабы оңай емес, қабір тергеуі елді жеп, оңайдан ақша табатын мына сендейлер үшін аса ауыр болады. Сол азапты сәл де болса жеңілдеткің келсе, адал-аңғал, кедей-кембағал адам тап. Ол адамың өлмейді. Тек бір түн көрге өзіңмен бірге түнейді. Ертеңіне көрден шығарып алатын шын жанашыр­ларың жаңағы адал кембағалға бүкіл байлығың­ның тең жартысын беруі керек. Басты шарт осы дейді. Олигархтың ұлы Зұлпыхар мен ең сенімді күзет бастығы екі күн іздеп, ең кедей, жағдайы төмен, әйелі ауру, баласы базарда «тәшкі» сүйретіп жүрген адал-аңғал Елеусізді іздеп табады. Ол Қа­нағатпен бірге көрге түседі. Көр тергеуін­де әр пенде өзінің істеген ісіне жеке жауап береді екен. Елеусіз байғұстың бұл дүние­дегі бар кү­нәсі бір орыс шалының ескі белесебетін ұрла­ғаны екен. Осы белесебет үшін көр терг­еуінде Елеусіздің көрмеген азабы қалмайды. Тырнағының астына ондаған ине мен жуалдыз өзі келіп қадал­ғанда, шырқыраған Елеусіздің жаны мұрны­ның ұшына келіп, қатты азап шегеді. Ертесіне таңертең оны көрден шы­ғарып алады. Заманауи жақсы емхана­ларда емдетіп, есін жиғызған Зұлпыхар Қана­ғатұлы, уәдесіне сай Елеусізге әке байлығы­ның жартысын бере­тіндігін мә­лімдейді. Әрине, заңға сәйкес­тендіріп, құқықты түрде. Ол дегеніңіз – пәлен­бай тең­ге, доллар, жұмыс істеп тұрған бірнеше зауыт, екі-үш мейрамхана, коттедж, «Джип» ма­ши­насы тағы басқа. Бір күндік көр азабын басынан өткізген Елеусіз бұл байлықтың бәрінен бас тартады.
Дүниежүзі әдебиетінде молынан пай­даланылатын мифтік элементтерді керек жерінде шеберлікпен қолданып, исламдық хадисті еске түсіретін «Белесебет пен байлық» автордың өзі басқа шығармала­рында ешуақытта суреттемеген дидакти­калық сарында аяқталар деп ойлағанбыз. Бірақ әңгіме біз ойлағаннан тіптен бөлек, басқа пішінде тәмамдалды. Көр сұрағынан кейін Елеусіз олигархтар дүниесінің бәрінен бас тартады. Еш нәрсеге көнбейді, еш нәрсе алмайды. Осы көріністі жазушы «Ең соңғы сұхбаттан кейін екеуі бүй деген: – Елеке, ең болмаса, бізден бірдеңе сұра­ңыз­шы. Қазақ­шалап «қаладым» деңізші. Өлетінге айнал­дық. Шаршадық. Ең құрығанда «Джипті», әйтпесе кез келген басқа бір көлікті алы­ңызшы!
– Қоймадыңдар ғой, балдар, – деді сонда Елеусіз қара жерге қадала қараған қалпында. – Жаратқан иеміз кешіргей. Кіші немерем, әлгі базарда арба итеретін иттің күшігі, белесебет деп қыңқылдап жүр еді… Өздерің қоймадың­дар… Бір белесебет жетеді, балдар» деп суреттейді. Міне, әде­биеттегі шынайы шындық деп жүргеніміз, Елеусіз­дің дәл осы сөзі!
Басқа шығармаларын жиып қойып, романға айырбастамайтын «Қараой» әң­гімесі үшін ғана, мен өзім Тәкен Әлім­құ­лов­ты теңдессіз талантты жазушылар қата­рына қосамын. Сол секілді М.Байғұт­тың «Әпкемнің ауылы» жинағындағы ондаған әңгімелердің әрқайсысы – бір-бір роман­ның жүгін көтеріп тұрған, көркемдік қуаты биік шығармалар. Мемлекеттік сыйлыққа лайық туындылар.

Нұрғали МАХАНОВ,
Созақ ауданы
Түркістан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*