Кітапхана ісіне жаңашыл көзқарас керек

113
0
Бөлісу:

Нұржан Жолдыбалинов – Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасын әзірлеуге қатысқан ең жас IT мамандардың бірі. Қазір Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының ақпараттық ресурстар бойынша жетекшісінің орынбасары. Кітапхана ісін жандандырып, ақпараттық технологиялармен үйлестіре білген ол жаңашыл бастамаларымен көзге түсті. Еңбегінің нәтижесінде, «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгісінің иегері атанып, Мәдениет және спорт министрлігі мен мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподақтарының алғысхаттарымен марапатталған. Өткен жылы «100 жаңа есім» қатарынан көрінген оның елдің шамшырағы, киелі ордасы саналатын кітапхана ісін өркендету хақында ойлаған идеялары ұшан-теңіз. Цифрлы дәуірдегі қағаз кітап пен электронды кітаптың мәні, кітап мұрамызды сақтау жайында кейіпкерімізбен әңгімелесудің сәті түсті.

ЭЛЕКТРОНДЫ КІТАП ҚАҒАЗ КІТАПҚА КӨМЕККЕ КЕЛДІ 

Кітапхана – мен үшін білім нұрын шашатын киелі орда іспеттес. Ал еңбек жолымның кітапханамен байланысты болуы ақпараттық технологиялардың дамуынан басталды деуге болады. 2001 жылы Семей электротехникалық кол­леджіне «Станса бойынша кезекші» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2004 жылы осы колледжде «Есептеу техни­калары мен автоматтандырылған жүйелерді бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша оқуымды жалғастырдым. 2010 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік универ­ситетін «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығымен бітірдім. 2016 жылы Ресей мемлекеттік кітапханасының жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша кәсіби білім беретін оқу орталығында Жоғары кітапханалық курстан өттім.
Ақпараттық теңсіздікті төмендету жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында 2007 жылдан бастап Ұлттық электронды кітапхана құрылды. Мұндағы мақсат еліміздің қай түкпірінде жүрсек те, кітаптарға қолжетімділік, бірегей қор құру кездесті. Бастапқыда қорымызда 3000 контент болған. Интернет желісі енді ғана дамып келе жатқан кезеңде ақын-жазушылардың арасында бас тартқандар болды. Көбі электронды кітапхана қағаз кітапты жойып жібереді деп қауіптенді. Сонда «Баспада басылып шыққан кітабыңызды шектеулі ғана оқырман оқиды. Оны неге таратпасқа? Әлем оқи алатындай мүм­кіндік бар» деп сендірдік. Элек­тронды кітап қағаз кітапқа көмекке келді деп ұғыну қажет. 2007-2009 жылдары порталдың сыртқы бейнесін, авто­маттандырылған модулін құрдық. Алғашқы жылы 3000 сирек кездесетін кітаптар мен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шыққан кітаптарды Pdf форматында жүктедік. 2013 жылы порталымыз редизайннан өтіп, көптеген өзгерістер орын алды. Біраз модульдар толықтырылды. Кітапхана саласының өзінің форматтары мен стандарттары бар. Сол себепті, әлемдік стандартқа, unimarc форматына өттік. 23 елде Қазақстан әдебиеті және мәдениеті орталықтарын аштық. Соған қазақ әдебиетінің классиктерінің шығармаларымен қатар, бүгінгі заман ақын-жазушыларының электронды кітаптарын unimarc форматы арқылы жібердік.

ЭЛЕКТРОНДЫ ҚОР ҚҰРУ – ҮЛКЕН МІНДЕТ

Қазір портал жұмысын жетілдіруге бағытталған бірқатар жұмыстар жүруде. Мобильді қосымшаны жетілдіріп, басқа форматтарға өтіп жатырмыз. Ұлттық электронды кітапханада 43 мыңнан астам контент бар. Мұнда тек қана кі­таптар емес, авторефераттар, аудиокі­таптар, видеоматериалдар да жинақ­талған. Мәселен, әлемнің кез келген бұрышынан «Қазақтың дәстүрлі 1000 әнін» mp3 форматында тыңдай аласыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында қолға алынған үлкен жоба латын қарпіне көшуге байланысты да бірқатар жұмыс атқарудамыз. Қорымыздағы кітаптарды конвер­тациямен латын әліпбиіне аударып жатырмыз. Елімізде 1898 жылдан бастап шыққан ежелгі кітаптар да сақталған. Сол заманнан келе жатқан мұрамен келер ұрпақ таныс болуы керек. Елімізде 170 мыңға жуық атаумен кітап шыққан. Бұлар – қайталанбаған кітаптар. Солардың бірқатарын Ұлттық элек­тронды кітапхана қорына толықтырып жатырмыз.
Жуырда кітапханашылармен кездесіп, формат, сапа мәселелерін талқылап, әдістемесін жасадық. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы арқылы цифрлы кітапхананы дамыту үшін 2020 жылға дейін барлық қазақстандық кітаптарды цифрлық форматқа ауыстыру міндеті қойылғаны мәлім. Қазір еліміздегі барлық кі­тапханалар осы мақсатта жұмыс істеуде. 2020 жылға дейін Қазақстанда шыққан барлық кітаптар цифрлық форматқа ауыстырылып, Ұлттық академиялық кітапханасының қорын толықтырады. Қазір бірыңғай қазақстандық элек­тронды қор құру міндеті тұр. Интернеттің барын ескеріп, Қазақстанның барлық аймақтарына қолжетімді ету – мақсат. Еліміздің барлық кітапханаларын қамтыған бірегей іздеу құру жұмыстары жалғасуда. Мәселен, порталымыздан белгілі автордың кітабын іздесеңіз, оның еліміздің қай кітапханаларында бар екенін әп-сәтте анықтап береді. Бұл жобаны 2020 жылға дейін аяқтауымыз керек.

КІТАПХАНАШЫ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ ҚАЖЕТ

Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір рөлін қал­тықсыз атқарып келе жатқан руханият ордасы. Кітап пен кітапхананың тіршіл­гіне дем беретін – кітапханашылар. Алайда бүгінгі басты мәселе – маман тапшылығы әлі де шешімін таппай келеді. Кітапханашы мамандығының мәртебесін көтермей, бұл саланы дамыту да қиын. Бұл мамандыққа бөлінетін мемлекеттік грант саны да аз. Жала­қылары да төмен болғандықтан, бұл салаға қызығатын жастар да көп емес. Ал шетелде қалай? Кітапханашы заман ағымынан қалмай, барлық жаңашыл­дықтарды игерген, 3-4 тіл білген, ғылыми жұмыстармен айналысқан мамандар.
Бүгінде еліміздің кітапханаларының алдында бірыңғай электронды кітап қорын құру және барлық қазақ­стандықтарға қолжетімді ету міндеті тұр. Бұл жауапкершілікті мүлтіксіз орындау кітапханашыларға жүктелмек. Ендеше, ақпараттық ғасырда кітапхана мен ІТ саласын біріктіріп, жаңа форматқа көшуімізде жастар қажет-ақ. Замана көшінен қалыспай, әлем елдерімен бәсекелестікке төтеп беруде еліміздің барлық кітапханаларының қоры цифрлы жүйеге өтуі, кітапхана қызметінің дамуына оң ықпал етіп, оның қорын құру, сақтауға мүмкіндік береді.
Келесі мәселе – кітапхана туралы арнайы заң керек. Мәселен, шетелдерде электронды кітапхана жайында жеке заң бар. Арнайы заң бірқатар мәселені реттеуге көмектеседі.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*