Француз отбасы асырап алған қазақ бала 11 жылдан соң Шымкентке оралды

1655
0
Бөлісу:

Бұрынғы Шоқан, қазіргі Мельхиорды француз әйелі Каролина Лебрард 8 айлық нәресте кезінде асырап алыпты. 11 жыл өткен соң бала өзінің туған отанын көргісі келген. 

Осылайша, асырап алған анасымен бірге Шымкентке ұшып келген. Бұл туралы «Отырар» хабарлайды.

11 жастағы бала қазір Парижде оқып жатыр. Сол қалада өскен. Анасы Мельхиорға оны Қазақстаннан асырап алғанын айтқаннан кейін бала отанын көргенше асыққан. Бұған Шоқанның француз анасы да қарсы болмапты.

«Мен оны мүлде кішкентай кезінде алып кеттім. Ол өте нәзік, сүйкімді болды. Мен дәлізде тұрған кезімде ол қолын бұлғап, маған ұмтылған. Сондықтан бұл тағдыр шығар деп ойлаймын. Екеуміздің жолымыз түйісті. Сол себепті, ешқашан бұл таңдауыма өкінген емеспін. Есімін де өзгерткен жоқпын, тек екінші есім бердім. Құжатында Мельхиор-Шоқан деп жазылған. Ол өз отанын көргісі келгенін айтқан кезде мен қуана-қуана «иә» деп жауап бердім» дейді Лебрард.

Бала өзінің екі отаны бар деп санайды – Қазақстан және Франция. Шоқан өзінің отаны туралы материалдарды оқығанды ұнатады және қазақ тілін де үйренуге кіріскен. «Мельхиордың біраз достары бар Францияда. Ата-аналары оларды да Қазақстаннан асырап алған. Олар барлығы ойласа келе қазақ тілін үйренуге шешім қабылдады. Бастапқыда мұғалім таба алмаған. Бірақ Қазақстаннан келген жас студент оларға мұғалім тауып беруге көмектесті» дейді баланың анасы.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*