Лайма Вайкуле: Кеңес Одағының құлағанына қуанамын

305
0
Бөлісу:

Одессада баспасөз мәлихатын өткізіп,  журналистердің сауалына жауап берген латыш әртісі Лайма Вайкуле 70 жыл өмір сүріп, құрдымға кеткен  Кеңес Одағына ешқандай сағынышы жоқ екенін атап өтті. Ол өз сөзінде Қырымда  өтетін ән фестиваліне бармайтынын мәлімдеді.

–Бізге, еуропалықтарға  онда баруға болмайды. Рұқсат етілмейді. Маған көп мөлшерде қаламақы төлесе де, Қырымға ешқашан бармаймын. Кеңес одағына да ешқандай сағынышым жоқ. Мен Кеңес Одағының құлағанына өте қуаныштымын. Әрине,  сол өтпелі кезеңнен өту оңайға соққан жоқ. Қазір бәрі жақсы. Тәуелсіз алған өз елімнің бақытты әртісімін. Дербес өмір сүру үшін тіресіп жатқан Украинаға да жеңіс тілеймін, қазір сіздерге жеңіл соғып тұрған жоқ. Бірақ бәрі артта қалады. Кеңес Одағының Мәдениет министрлігі мені талай рет халықаралық байқауларға жіберді. Алайда екінші бір министрлік менің жолға шығуыма рұқсат берген жоқ. Осылай өміріміз өтті, –латыш әртісі Лайма Вайкуле.

Сонымен қатар, Лайма Вайкуле қазіргі кезде жас әртістердің танылу мүмкіндігі өте жоғары екенін атап өтті.

–Өзіңнің репертуарыңдағы әндерді түсір де, интернетке орналастыр. Дұрыс әнші болсаң, танымалдылығың артып шыға келеді. Бұрын мұның барлығы да мүмкін емес еді. Бәрі де көркемдік кеңестің таразысынан өтетін. Мен КСРО дәуірінде  рұқсат берілмеген, сыртқа шықпайтын әнші болдым. Сондықтан әнші мен баланы еш ренжітуге болмайды. Мұндай әрекетті қабылдай алмайды, оларға өте ауыр тиеді, – Лайма Вайкуле.

Алайда латыштың әйгілі әртісінің бұл пікірі бірқатар ресейлік әріптестеріне ұнап жатқан жоқ. Ресейлік цирк өнерінің шебері Эдгард Запашный Кеңес Одағы құлағалы бері даусы шықпай кеткен Вайкуленің бұл көзқарасымен келіспейтінін мәлім етті.

–Құрметті «біздің» Лайма! Егер Кеңес Одағы болмаса, сіз ешқашан да орыс тілінде ән шырқамаған болар едіңіз. Сіздің танымалдылығыңыз сол өзіңіз айтқан бұрынғы КСРО-ның арқасында келді. Сондықтан өткен тарихты қаралап, ластауға болмайды. Халыққа даңқыңыз да Кеңес Одағы арқылы тарады. Қазір латыш тілінде бүкіл ТМД жұртшылығы білетін бір әніңіз бар ма, айтыңызшы!, – дейді циркте арыстанмен алысқан аңдарды үйретуші атақты әртіст Эдгард Запашный.

Сонымен қатар, продюсер Иосиф Пригожин де  Лайма Вайкуледен мұндай пікір күтпегенін айтты.

–Музыка адамды біріктіреді, ал мұндай көзқарас қоғамды жікке бөледі. Сіздің де Ресейде мыңдаған тыңдаушыларыңыз бар. Егер сіз Ресейді сүймесеңіз, онда біздің елге ән шырқауға келмей-ақ қойыңыз, мұнда  келіп, ақша табудың қажеті де жоқ – деп мәлімдеді Иосиф Пригожин.

Ескерте кетейік, Юрмалада Лайма Вайкуленің «Рандеву» атты фестивалі өткені белгілі. Бірқатар ресейлік әншілердің Латвияға келуіне тыйым салынғаннан кейін,  осындағы «Жаңа толқын» ән байқауы Сочиге ауыстырылғанын айта кету керек.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*