Зейнетақы реформасы: үміті аз, күдігі көп…

643
0
Бөлісу:

Алматыдағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бас кеңсесінде баспасөз мәслихаты өтті. Мұнда бас­қарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева биылғы жылдың жартыжылдығындағы БЖЗҚ жұмысы мен салым-түсімдердің қорытын­дысын баяндады.

Алғашқы жартыжылдықтың қоры­тындысы бойынша зейнетақы жина­ғының жалпы сомасы 8,4 триллион теңгеге теңесіп, 9 пайызға өсіпті. «Салым­шылар мен алымшылардың зейнетақы шоттарында есептелген таза инвестициялық табыс сомасы – 356,4 млрд теңге. Жыл басынан бергі табыс­тылық 4,5 пайызға жетті. Бұл кезеңдегі инфляция деңгейі – 2,6 пайыз» деп атап өтті басқарма төрайымы.
Жыл басынан бері 5,6 миллионнан астам адамның аударған жарнасының жалпы сомасы 407,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыс­тырғанда 11 пайызға артық екені ай­тылды. Бұл ретте түсімдердің негізгі үлесі міндетті зейнетақы жарналарына тиесілі.
– Қор экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту және зейнетақы жарналары бірнеше жыл бойы түспеген шоттарды белсенді ету мақсатында оларды өңдеу жұмыстарын қолға алуда. Салымшылардың дерек­қорында 2015-2017 жылдары ашылып, содан бері бір де бір рет жарна аудар­маған немесе тұрақты төлем жасамаған шоттар анықталды. 2018 жылдың ақ­пан-маусым айларында 218,4 мыңнан астам салымшымен байланыс орна­тылды. Солардың 13 пайы­зы, яғни 29 мыңға жуық адам қо­сым­ша ақыл-кеңес алу үшін қорға хабар­ласты. Ал 50,65 мың шотқа жарналар аударылды. Экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтардың барлығын жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту мақса­тында бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады, – дейді Нұрбүбі Серікжанқызы.
2018 жылдың алғашқы жартысында БЖЗҚ төлеген зейнетақы төлемдерінің сомасы – 100,9 млрд теңге. Оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасал­ған аударымдар 8,8 млрд теңгеге тең. «Кесте бойынша төлемдер 63,4 млрд тең­гені құрады, оның ішінде: жыл сайын – 61,9 млрд теңге, үш ай сайын – 11,9 млн теңге және ай сайын – 1,5 млрд теңге төленді. Бұдан басқа, БЖЗҚ жалпы сомасы 28,6 млрд теңгеге бір жол­ғы төлемдерді жүзеге асырды. Оның ішінде зейнеткерлік жасқа толу­ға байланысты берілген біржолғы төлемдер сомасы – 1,6 млрд теңге» дейді БЖЗҚ басшысы. Былтырғы сәйкес кезеңде қор 121,2 млрд теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына 14,7 млрд теңге төлеген. Төлемдер кө­лемі­нің азаюын Нұрбүбі Наурызбаева былай түсіндірді: «Сақтандыру ұйымдарына жасалатын аударымдар көлемінің азаюына бірнеше себеп бар: сақтандыру аннуитеті шартын жасасу үшін лайықты болатын соманың өсуі, зейнетақы жинақтарының сақталуына қа­тысты мемлекеттік кепілдіктен айы­рылу, сақтандыру компаниялары ұсы­натын шарттарының өзгеруі және тағы басқа».

ЗЕЙНЕТАҚЫНЫ ЖОСПАРЛАУДЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ

БЖЗҚ әрбір азаматқа зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігін қамта­масыз етуі қажет. Осы мақсатта 2015 жылдан бері салымшылар мен алым­шыларға көшпелі қызмет көрсететінін білеміз. Салымшы немесе алушы қандай да бір себеппен, бірінші кезекте денсаулығына байланысты қор кең­сесіне келе алмайтын болса, қор қыз­меткерлері оған өздері барып қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері осы жоба аясында 3,9 мың көшпелі шара ұйым­дастырылып, 93,4 мың операция жүзеге асырылыпты.
– Шалғайда орналасқан елдімекен­дерде, сондай-ақ қор бөлімшелері жоқ аудандарда зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақ­сатында 2018 жылдың екінші тоқ­санында «Мобильдік кеңсе» жобасы іске қосылды. Ол барлық қажетті тех­ни­калармен және жерсеріктік бай­ланыс құралымен жаб­дықталған. 2018 жылдың 16 сәуірі мен 30 маусымы ара­лығындағы үш ай ішінде «Мобильдік кеңсе» 75 рет жолсапарға шықты. «Мобильдік кеңсенің» жолға шығуы арнайы әзірленген жоспар және кесте бойынша жүзеге асырылды. Жол жүру бағыты жергілікті әкімдіктермен ал­дын ала келісіледі және салымшылар мен алымшыларға да алдын ала хабар беріледі, – деді басқарма төрайымы.
Мұндай сапар барысында қор қызметкерлері 5,1 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп, олар үшін 6,3 мыңнан астам операция орындаған. Көбіне шарттың жаңа редакциядағы көшірме нұсқасын алу, зейнетақы шотынан үзінді-көшірме беру, салым­шылардан дерек­темелерді өзгерту/толықтыру жөнінде өтініш қабылдау қызметтері көрсетіледі екен. Сонымен қатар көшпелі қызмет көрсету бары­сында екі мыңнан астам жергілікті тұр­ғынға ақыл-кеңес берілген. Бүгінде «Мобильдік кеңсе» жобасы Алматы, Атырау және Қостанай облы­сында жүзеге асырылуда. Бұл жобаны Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында іске қосу бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2019 жылы жобаны қордың Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл, Павлодар және Сол­түстік Қазақстан облыстық филиал­дарында жүзеге асыру жоспар­лануда.
Бұдан басқа, «БЖЗҚ» АҚ зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында наурыз айында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акцио­нерлік қоғамы мен «Қазпошта» акцио­нерлік қоғамы арасында ынты­мақ­тастық және шаралар жоспары туралы ме­мо­рандумға қол қойыпты. Осы меморандум аясында зейнетақы қызметтерін Қа­зақстанның ұлттық пошта байланысы операторының кең көлемді филиалдық желісі арқылы көрсету жоспарланып отыр.
Трансферагенттік қызмет көрсету үшін елдімекендерді таңдау барысында экономикалық тұрғыда белсенділігі төмен, шалғай орналасқан елдімекен­дерге басымдық беріледі. Алғашқы кезеңде мұндай қызметтер тұрғында­рының саны 5 мыңнан асатын 24 елді­мекенде көрсетіледі. Жобаны 2018 жылдың 15 қыркүйегінде іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша, жыл соңына дейін республика өңірлерін зейнетақы қызметтерімен қамту көрсеткіші 11 пайызға ұлғаятынын айтты БЖЗҚ басшысы.
Сонымен қатар бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қоры ағымдағы жыл­дың сәуір айынан бастап жеке және кор­поративтік зейнетақы калькуляторын қолдана отырып, салымшыларға болашақ зейнетақыны жоспарлау бойынша ақыл-кеңес беріп келеді. Үш ай ішінде зейнет­ақыны жоспарлау мәселелері бойынша келушілерге 100 мыңнан астам кеңес берілген. Зейнетақысын жоспарлауға көбіне құлық танытатын Алматы қаласы, Түркістан және Павлодар облыстарының тұрғындары екен. Мұндай шаралар бары­сында негізінен салымшыларды зейнетке шығу мерзімі, жарналарды өз бетінше төлеу мүмкіндігі, инвестициялық табыс, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет тарапынан берілетін кепілдік, зейнетақы мөлшері және оны көбейту жолдары жайында сұрақтар мазалай­тындығы анықталған.
– Келушілердің барлық сұрақтарына қор қызметкерлері толыққанды жауап беріп, болашақ зейнетақының мөлшерін есептеуге көмектесті және оларды көбей­тудің жолдарын айтуда. Бұл жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Алдын ала жүр­гізілген талдау қорытындысы салым­шылар мен алушыларға қор қызмет­керлері тарапынан ақыл-кеңес берілуі – ерікті зейнетақы жарналары бойынша шоттар саны мен зейнетақы жинақ­та­рының артуына оң әсерін тигізіп жат­қандығын көрсетіп отыр, – дейді БЖЗҚ басшысы.

Биыл ерікті зейнетақы жарналары бойын­ша 1671 ЖЗШ ашылды. Бұл ретте 1155 (69 пайыз) шот екінші тоқсанда ашылған. Бұдан басқа, ерікті шоттарға түсетін түсімдердің артқандығы байқалыпты. Биылғы наурыз айында бұл шоттарға 8,7 млн теңге аударылса, сәуір айында 10,5 млн теңге, ал маусым айында 49,5 млн теңге түскен.
Зейнетақы жүйесін оңтайландыру мақса­тында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Бас­қарма төрайымының баяндамасы арқылы біразымен таныс болдық. Алайда осы игі істердің игілігін көре алмай отыруымыздың себебі неде? Зейнетақы жүйесін жетілдіреміз деп жасалатын жақсы бастамаларды ел тұрғындарының түсіне алмай жатуы қалай? Мәселен, шілде айының өзінде зейнетақы жүйесінде екі елеулі оқиға орын алды. Соның бірі – базалық зейнетақы төлемінің түрленуі. Бұл бастаманың басталуына мемлекеттік бюджеттен 128 млрд теңге бөлінді.

ҚАЙТА ЕСЕПТЕУДІҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында базалық зейнетақы көлемі 1,8 пайызға ұлғаятынын айтты. Енді бұл төлем түрі еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақ­тығына тікелей тәуелді болатыны да талай мәрте ескертілді. Осыған орай, 1 шілдеден бастап, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдері жаңа әдіспен қайта есептелуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова «Бүгінде барлық зейнет жасындағыларға бірдей көлемде базалық зейнетақы төленіп келсе, жаңа өз­геріске сай, оның көлемі еңбек өтіліне байл­а­нысты артта түседі» деп атап өтті. Вице-ми­нистр айтып отырған бірдей көлем – 15 274 теңге. Осы уақытқа дейін күнкөріс деңгейінің 54 пайызына теңестірілген 15 мың теңге барлық зейнеткерлерге тең төленіп келді. Енді бұл сома базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі деңгейі есебінде қалып, еңбек өтілі жоқ немесе 10 жылдан кем азаматтарға ары қарай осы 15 мың теңге төленеді. Ал жұмыс тә­жірибесі 10 жылдан асқан азаматтың зейнетақысы әр еңбек еткен жылы үшін 2 пайыз үстеме төленбек. Егер еңбек өтілі 20 жыл болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызы, ал 30 жылға 94 пайызы көлемінде төлем тағайындалады. Күнкөріс деңгейінің 100 пайызына теңесетін базалық зейнетақының ең жоғарғы төлемі 33 жылдан астам еңбек өтілі бар зейнеткерлерге төленеді. Биыл бұл сома – 28 284 теңге. Бұл зейнетақының орташа көлемі 25 мың теңге көлемінде болады деп болжам бар. Яғни, адам неғұрлым көп жұмыс істеген сайын оның жинақтаушы және бюджеттік қаражат есебінен төленетін базалық зейнет­ақысы да көбірек болады. Мәселен, 2018 жылы әйел адам зейнетке шықты делік. Оның жалпы еңбек өтілі 40 жыл болса, 1998 жылдың 1 қаң­тарына дейінгі зейнетақы жүйесінде еңбек өтілінің 20 жылы ғана есептелетін еді. Қалған 20 жылға зейнетақы жинақтау қорына ауда­рылған зейнетақы жарнасы қосылатын. Енді 1 шілдеден бастап 40 жылдық еңбек өтілі то­лықтай саналады. Екі миллионнан астам зей­неткердің 44 пайызы базалық зейнетақының жоғарғы көлемін алса, тағы 44,5 пайызына 20 мыңнан жоғары төлем төленеді.
Зейнетақының қайта есептелуі үшін зей­неткерлерден ешқандай қосымша құжат талап етілмейді. Өйткені еңбек өтілі мен міндетті зейнетақы төлемдері төленген кезең тура­сын­дағы мәлімет БЖЗҚ базасында жинақталған. Қайта есептеуге қатысты қандай да бір сауал­дары бар азаматтар үшін анықтаманың арнайы формасы жасалған.
Зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңіне 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі, 1998 жылдан бергі жинақтаушы зейнетақы жүйесі жарна төленген кезеңге сәйкес еңбек өтілі кіреді. Жеке кәсіпкерлердің, шаруа қожалығы иелерінің салық заңнамасына сәйкес төлеген міндетті зейнетақы жарналарының уақыты мен көлемі ескеріледі. Әлеуметтік маңызы бар кезеңдер де назардан тыс қалмапты.
«Зейнетақы төлемдерін есептеудің жаңа тәсілі әлеуметтік теңдікті орнатып қана қоймай, зейнеткерлердің материалдық жағдайын жақсартуына мүмкіндік береді. Олардың еңбек етуге деген құлшынысын оятып, зейнетақы төлемдерін аударуға деген жауапкершілігін арттырмақ» дейді Светлана Жақыпова.

МІНДЕТ БӘРІНЕ БІРДЕЙ

Шілде айында зейнетақы жүйесіндегі тағы бір тың бастамамен таныс болдық. Бүгінге дейін Еңбек келісімшартын бекіткен азаматтар үшін жұмыс беруші 10 пайыз міндетті зей­нетақы жарнасын төлеп келгенін білеміз. Ал Азаматтық-құқықтық негізде шарт жасасқан тұлғалар үшін жұмыс беруші 10 пайыз жеке табыс салығын төлейтін де, зейнетақы жар­насын аударып-аудармау жеке тұлғаның өз қалауына қалатын. Ендігі кезекте, соңғы топтағыларға да зейнетақы төлемін төлеу міндеттеліп отыр. Сарапшы мамандар, мемлекет бүгінде қолға алған әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруы үшін мол қаражат қажеттігін және сол мақсатта жұмысқа жарамды барлық азаматтардан салық төлетуді көздеп отырғанын айтады. Мамандар бұл бастаманың ұтымды тұсы ретінде мемлекет пен әлеумет арасындағы әділдіктің орнай­тынын айтады. Қаржыгер Ботагөз Жұманова: «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа бастамалары барша ел тұрғындарын жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыстыруға бастайды. Яғни, әр азаматтың ай сайынғы табысы мемлекет үшін ашық болуы тиіс. Бұл халық алдында бірқатар әлеуметтік міндеті бар мемлекеттік жүйе үшін жақсы жеңілдік. Егер кез келген азамат өзінің еңбек еткен жылдарында табыс салығынан, я болмаса зейнетақы төлемінен жалтарып келсе және ертеңгі күні сол азаматтар мемлекетке бір тиын төлеместен әлеуметтік көмек талап етіп жатса, әділетсіз жағдай орын алмай ма?», – дейді.
Дейтұрғанмен, маман біздегі зейнетақы жүйесінің кемшілігі деп қоғамның бұл салаға то­лыққанды қатыса алмауын атап өтті. «Салым­шылар өз еркімен не қор, не инвес­ти­циялық стратегия таңдай алмайды. Өздерінің жинағын баспана алуға, денсаулығын дұрыс­тауға, я болмаса білім алуға да жұмсай алмайды. Дәл осы тетік дамыған мемлекеттерде әбден ретке келтірілген. Сондықтан қазақстан­дық­тардың табысының он пайызын зейнетақы қорына беруге құлық танытпайды. Өйткені бұл жүйені түсінбейді, оған сенбейді және артықшылығын көрмейді» дейді.
Азаматтық-құқықтық келісімшарт не­гізінде қызмет ететін азаматтардың жарна аударып-аудармағанын қалай бақылауға болады деген сауалға келсек, жұмыс беруші мұндай шарт жасасқан әрбір азамат үшін жеке табыс салығын төлейді. Мұндай мәлімет мемлекеттік кірістер басқар­ма­сының базасында тіркеледі. Жеке табыс салығы төленген әрбір азамат зейнетақы жарнасын аударуға міндеттелмек. Салығын уақытылы төлемеген жағдайда айыппұл салынады. Алдағы уақытта осы басқарма зейнетақы қорымен тығыз байланыста жұмыс атқармақ.
«Салық төлеуден жалтарудың қажеті жоқ. Мемлекет міндеттеген екен, сол міндетке үлкен жауапкершілікпен қарап, уақтылы жарна аударғанымыз маңызды. Сонда ғана зейнетақы жүйесінің реформалануына қатысуға, қандай да бір ұсынысымызды айтып, оны талап етуге толық моральдық құқылы боламыз» дейді Ботагөз Жұманова.

Айдана НҰРМҰХАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*