АСТЫҚТЫ АЙМАҚ ОРАҚ НАУҚАНЫНА ДАЙЫН

922
6
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына сапарында бірқатар нысанды аралады. Мемлекет басшысы алдымен «Тайынша Май» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, кәсіпорынның цехын аралап көріп, майлы дақылдарды өңдеудің және тазартылған майды өндірудің технологиялық процесімен танысты.

– Сіздердің инвестицияларыңыз қайта өңдеу ісіне алғаш рет тартылып отыр. Бұл Қазақстанның аграрлық кешеніне қосылған маңызды үлес болып саналады. Мұнда өндірілген бүкіл өнім сыртқы нарыққа шығарылып, еліміздің экспорт көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және табыс табуға септігін тигізеді. Осының бәрі өте маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Кәсіпорынды аралап көргеннен кейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан өлкесінің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысының еліміздегі топы­рағы ең құнарлы әрі ауыл шаруашы­лығына қолайлы екеніне және аграрлық салаға дәстүрлі түрде маманданғанына тоқталып, Қазақстан астығының төрт­тен бірі осы өлкеге тиесілі деп атап көрсетті.
– Ауыл шаруашылығы әлеуеті әлі де тиісті дәрежеде пайдаланылып отырған жоқ. Осыған орай, облыс егіншілері, сөзсіз жер өңдеу, астық өндіру ісінде жо­ғары деңгейдегі мамандар болып сана­лады. Дегенмен мал шаруашылығы са­ласын дамытумен де айналысу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі Қазақ­стан – Ресей XV өңіраралық форумын өткізуге дайындық барысы жөнінде мәлім­деді. Соңында Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығына ғылыми жетістіктер мен цифрландыруды енгізу, шекаралас өңірлермен ынтымақ­тас­тықты жандандыру, өнеркәсіп өн­дірісі мен туризм саласын одан әрі да­мыту, сондай-ақ өңірдің инвестициялық және іскерлік тартымдылығын арттыру ар­қылы аймақтың аграрлық әлеуетін кеңей­ту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Агрофирма Эксимнан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруа­шылығы кешенін аралап көріп, егін ору науқанына дайындық барысымен танысты. Биыл Солтүстік Қазақстан облысының мол астық жинайтынына сенім білдірді.
Қазақстан Президенті өңір шаруа­ларымен әңгімелесу барысында ауыл шаруашылығы өнімін әртараптандырып, мал шаруашылығын дамыту қажеттігін атап өтті.
– Бұл жетістіктермен тоқтап қалмай, өндіріске ғылыми және цифрлы техно­ло­гияларды енгізу керек. Қайта өңдеу саласын дамытпай, еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кәсіпорындар жетекшілері еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру­шілер мен аграрлық секторға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы облыс зауыттарында құрастырылатын тракторлар, комбайндар және басқа да астық жинауға арналған техникалар қойылған ауыл шаруашылығы көрмесін аралап көрді.
Бұдан әрі Елбасы Ильичевка ауы­лындағы Қазақстанның басқа өңір­лерінен қоныс аударғандарға арналған 14 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев көшіп келген отбасылармен әңгімелесу барысында қоныс аударған тұрғындарға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтіп, өзінің де өмір жолы туралы айтып берді.
– Менің Алматы қаласының маңын­да дүниеге келгенімді білесіздер. 17 жасымда туған өлкемнен кеттім. Осын­дай шешім қабылдап, мен түрлі өңірде еңбек жолынан өттім. Кездескен қиын­дықтарды жеңіп, бүгінгідей дәрежеге жетіп отырмын. Сіздер мұны балала­рыңыздың болашағы үшін жасап жа­тырсыздар, – деді Қазақстан Президенті. Соңында Елбасы ауылдың жаңа тұрғындарына зор денсаулық, табыс, бақ-береке тіледі.

Бөлісу:

6 пікір жазылған

  1. Данара 18 Тамыз, 2018 at 16:39 Жауап

    Еліміздің ырысы мен берекесі ғой бұл. Солтүстік жұртшылығын өз басым нағыз еңбекқор xалық дер едім.

  2. Шынар Серикова 19 Тамыз, 2018 at 09:17 Жауап

    Ауылшарушылығы еліміздің экономикалық өсуіне ықпал етіп отырған саланың бірі, сондықтан көп назар аудару керек.

  3. Маулен 19 Тамыз, 2018 at 09:21 Жауап

    Елбаы дұрыс айтады, жетістіктермен тоқтап қалмай, өндіріске ғылыми және цифрлы технологияларды енгізу керек, сонда ауылшаруалышық жұмыстарына біраз жеңілдіктер алып келеді.

  4. Дархан 19 Тамыз, 2018 at 09:36 Жауап

    Халықтың жағдайын біліп, күзгі жиын терінмен танысып, бәрін қадағалауда ұстап отырғаны үшін Елбасына ризамын.

  5. Жадыра Бигельди 19 Тамыз, 2018 at 09:37 Жауап

    Бізде жер десе жер бар, жері шұрайлы, шөбі шүйгін, егін егуге, мал бағуға қолайлы, сондықтан осы артықшылықта дұрыс пайдалану керек.

Пікір жазу


*