ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАН МИЛЛИОНЕР АТАНАДЫ

906
0
Бөлісу:

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған» атты әдеби және тарихи-танымдық байқауы жарияланған болатын. Осыған орай, Ұлттық кітапханада «Балаларға батырлар жырын жаттатудың тиімді жолдары мен ескеруге тиіс жағдайлар» атты ұлттық байқауға қатысушы оқушылардың тәлімгерлеріне арнайы семинар-тренинг өтті.

«Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық бай­қауы­ның жоба жетекшісі Серік Сейітман мен жыршы, «Алатау» дәстүрлі өнер теат­ры­­­ның директоры, фольклортанушы Бе­рік Жүсіп оқушыларға жыр жаттатудың мән-маңызын түсіндірді. Жаттау тәсілін шың­дау әдістерімен бөлісті. Алматылық 1300-ден астам үміткерді 500-ден астам ұс­таз сайысқа дайындап жатыр. Оның ішін­де 54 оқушы – өзге ұлттың өкілі. Ал­ма­ты қаласы әкімдігінің бастамасымен жү­зеге асып жатқан шараға Алматы қала­лық Ішкі саясат, Білім, Тілдерді дамыту басқармалары атсалысуда.
Алматылық оқушылар арасында ба­тыр­лар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мі­ніп, ту алған» атты ұлттық жобасына «Ал­­­памыс батыр» жыры таңдалып отыр. Бай­қауға Алматыдағы барлық мектептің 6-10 сынып аралығында оқитын оқушы­ның барлығы қатыса алады. Байқау екі ке­зеңнен: аудандық, қалалық деңгейден тұра­ды. Аудандық сайыста үздік шыққан үш оқушы қалалық байқауда бақ сынайды. Алматыдағы 8 ауданның әрқайсысынан ірік­теліп алынған 24 оқушы жүлделі орын­дар үшін жыр айтудан өзара жарысады. Байқаудың басты мақсаты – оқушыларды кітап оқуға баулу, батырлар жырын наси­хат­тау, жастардың санасына ұлттық рухты сіңіру, шығармашылық қабілетін дамыту, дарынды балаларға қолдау көрсету. Бірінші орын – 1 500 000 теңге, екінші орын –
1 000 000 теңге, үшінші орын – 500 000 теңге жә­не ынталандыру сыйлықтары. Жүл­дегер бол­ған әрбір оқушының тәлім­гері Анг­лияның Оксфорд қаласындағы тіл білімін же­тілдіру орталығында ағылшын тілін то­лық меңгеріп қайтады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлт­тық жобаға қатысуға 1300-ден астам үміт­кер өтініш берген. Олар «Алпамыс ба­тыр» жырын толық жаттайды. Мү­дір­мес­тен жатқа айтып, жырда кездесетін кө­нерген сөздерді талдайды. Мағынасын то­лық­тай түсіндіреді. Әділқазылардың мек­теп бағдарламасы аясында әзірленген сұрақ­тарына жауап береді. Алматының 8 ау­данындағы қалалық деңгейден үздік ата­нып, ақтық сынға шыққан қатысу­шы­лар эссе жазудан сынға түседі. Ең үздік жүл­дегерлерді әділқазылар алқасы таң­дай­ды.
Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылған «Тұл­пар мініп, ту алған» атты әдеби және та­рихи-танымдық байқауының ерекшелігі жайында ұлттық жоба жетекшісі, белгілі ақын, журналист Серік Сейітман айтып берді.
«Ұлттық байқауды ұйымдастыру шара­ла­рына кірісерден бұрын, Астана мен Ал­матыдан арнайы мамандардың басын қо­сып, кеңестік. Жақсы жобаны елге жет­кізу үшін БАҚ өкілдерінің, түсіру тобының жұ­мысы ерекше деп айтып өтер едім. Түсіру тобымызбен бірқатар зиялы қауым өкіл­деріне бардық. Қали Сәрсенбай, Дулат Исабеков, Аманхан Әлім, Исраил Сапар­бай ағаларымыз жыр жаттау додасы рес­пуб­лика көлемінде өткізілсе екен деген ті­ле­гін білдірді. Болашақта жалғасын тауып жатса, биыл «Алпамыс батырға» ар­налса, келешекте Қамбар батыр, Ер Тар­ғын болып жалғаса берсе деген ой бар.
«Алпамыс батыр» жырының оншақты нұс­қасы болғандықтан, Сұлтанбек Аққо­жаевтың нұсқасына тоқтадық. Алматыдағы мектеп оқушыларына жеке кітапша етіп шығарып, қалалық білім бөлімі арқылы тә­лімгерлерге таратып берді. Жыр жаттау үшін арнайы семинар өткізудегі мақса­ты­мыз – оқушы жырды тек қана жаттап қой­майды. Жырда кездесетін көнерген сөздер, тарихи жер-су атаулары, тарихи оқи­ғалардың аңыз-әпсанасын толықтай ба­лаларға жеткізе білуі керек. Байқауда жыр­дағы тарихи оқиғалардың тарихы да сұ­ралады. Сұрақтарды Ахмет Байтұр­сын­ұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары арнайы дайындауда. Бүгінде «Алпамыс батырды» 1300-ден астам бала жат­тап жатыр. 1300 баланың осыншама ор­тасы бар. Мыңнан астам батырлар жы­ры­ның рухы тарап жатса, ұлт мерейінің өс­кені емес пе? «Алпамыс батыр» жырын бұ­рын Әубәкір Диваев орыс тіліне тәр­жі­малаған екен. Болашақта ағылшынтілді ортада таралып, насихатталып жатса, нұр үстіне нұр болар еді».
Фольклортанушы Берік Жүсіп мұға­лім­дерге оқушыларға жыр жаттатуда жат­тандылықты емес, жадын жаттықтырудың сан алуан тәсілін айтты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараның қазақтың ұлттық кодын сақтап қалуда маңызды екенін түсіндірді.

 

Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*