Зейін ӘЛІПБЕК: «ХАБАРҒА» ҚАЙТА ОРАЛҒАНЫМА ҚУАНЫШТЫМЫН

3971
0
Бөлісу:

«Хабар» агенттігінің басшылары жаңа телемаусымнан бастап көрерменге бұрыннан көзтаныс болған тәжірибелі дикторларды эфирге қайтадан шығармақ. Бұл жаңалық әлеуметтік желіде жариялана салысымен, жағымды пікір білдіріп жатқан қолданушылар саны көбейді. Анығырақ айтар болсақ, күзден бастап Марат Мұхамедсалиев, Зейін Әліпбек, Гаухар Керімова және Айгүл Мукей сынды танымал жүргізушілер эфирге қайта оралады. «Кәсіби біліктілігі жоғары, мол тәжірибесі бар мамандар қай кезде додаға қоссаң да қамшы салдырмайтын тұлпарлар сияқты дара шабады. Олардың әр жүргізген бағдарламасы жас мамандарға мастер-класс болатыны сөзсіз. Іске сәт әріптестер! Ардагерлеріне құрмет көрсетіп, төрін ұсынған «Хабардың» жаңа басшылығына респект!» деп жазған Еркін Байғабылұлы әлеуметтік желіде. Осы орайда тележүргізуші Зейін Әліпбекке хабарласып, аз-кем сұхбат құрғанбыз.

– Жаңа маусымнан бастап «Хабар» арнасында жаңалықтар жүргізу мәртебесін қайтадан иеленіп жатыр екенсіз. Құтты болсын! Бұл ұсынысты қалай қабыл­дадыңыз?
– Бізді «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Алан Әжібаев шақырып, «Бұрынғы жүргізушілерге қорытынды жаңалықтар тізгінін ұстатқалы отырмыз» деп ниетін білдірді. Бұл ұсынысты бірден қабыл алдым. Себебі, «Хабар» – өзім талай жыл еңбек еткен жұмыс орным. Негізі, мен 2015 жылы телевизия саласынан кеттім деп жариялап, өмірімді басқа арнаға бұрған едім. Орыстар «комфортная зона» деп айтады ғой. Сол айтқандай өзіме қолайлы болып кеткен ортадан өзімді шығарып, журналисти­каның басқа да салаларында мүмкіндігімді сынап көргім келді. Ол кезде «Білім және Мәдениет» арнасы директорының орын­басары болып тұрған едім. Сол қызметті тастап, өз еркіммен басқа салаларға арала­суды жөн деп шештім. «Хабардан» кеткен­нен кейін «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істедім. Ол жақтан келген ұсынысқа келіскен себебім – ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде Мерзімді баспасөз кафед­расында білім алған едім. Сонда алған білімімді сынап, пайдаланып көрейін дедім. Елге танымал газетке барып, еңбек еткенім ең бір оңтайлы шешім болыпты ғой деп ойлаймын қазір. «Астана ақшамы» газеті – талантты қыз-жігіттерден жасақ­талған өте керемет ұжым. Сол жерде жүріп, газеттің ішкі «кухнясымен» толық­тай таныс болдым, газеттің ішкі атмосферасын сезіндім деп айта аламын. Одан кейін Ауыл шаруашылығы ми­нистрінің БАҚ жөніндегі кеңесшісі болдым. Баспасөз қызметінің қыр-сырына бойлап, PR саласының да дәмін таттым. Бұл да өмірімдегі жаңа белес, жаңа тәжірибе болды. Осылайша, өз-өзімді сынап, өз-өзімді қинап, бұрын мүмкін еместей көрінетін биіктерге ұмтылдым, жаңа ортамен араластым. Бұл мені еш өкіндірмейді. Керісінше, шабыт беріп, қуаныш сыйлайды. Бір кездері еңбек еткен бір топ тележүргізушіні қайта эфирге шақыру «Хабар» басшылығының оң шешімі болғанын атап өткен жөн. Бұл қадам – жаңа басшылықтың жаңашыл­дыққа бейім екенін байқататын қуантарлық үрдіс.
– Тікелей эфирде жаңалық жүргізудің өзіндік жауапкершілігі мен ләззаты болады ғой. Эфир алдында сіз секілді тәжірибелі жүргізуші де толқынысты бастан өткере ме?
– Әрине, толқыныс әр эфирдің алдын­да болады. 15 жылға жуық уақыт көрер­менмен тікелей эфирде жүздесіп келе жатқаныма қарамастан, әрбір эфир сайын толқимын. Бірақ жаңалықтар басталып кеткеннен кейін, толқыныс ұмытылып, шындап іске кірісемін. Осыған дейінгі қаншама жыл ішінде өрескел қателік жіберіп, өкінген сәтім болмапты. Тек бір рет қана қызықты оқиға орын алған. Бірде жаңалықтар аяқталып, қоштасқаннан кейін спорт туралы сюжет кетуі керек болған. Алайда магнитофон істемей қалып, бейнематериал эфирге кетпей қалған ғой. Ал мен кетті деп ойлап, петлич­камды шешіп, орнымнан тұруға ыңғайланып жатқан сәтім тікелей эфирде көрініп қалыпты.
– Журналистика факультетін бітіріп жатқан жастар арасында өзіңіз секілді жүргізуші болғысы келетіндер көп қой. Оларға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Жаңалықтар жүргізу үшін – адам бірінші кезекте жақсы журналист болу керек. Журналист болғанда тілшіліктің қиындығынан қашпайтын, кедергіге мойымайтын, бейнетқор маман болғаны жөн. Одан кейін әрине жан-жақты білім керек. Диктор болу дегеніңіз – берілген мәтінді оқып қана отыру емес. Жастар осыны түсінсе дейміз. Ол да машақаты бір басыңа жетіп артылатын, жауапкершіліктің жүгі иығыңды басып тұратын дүние. Теле­визия – айна. Адамның қандай дең­гейдегі диктор екені – оның бет-жүзінен, сөйлеу стилінен байқалып тұрады. Көрерменді алдау мүмкін емес. Сондықтан диктор болуға ұмтылған кез келген жас бұл салаға үлкен дайындықпен келуі керек.
– Өзіңіздің алғаш осы салаға аяқ басқан сәтіңізді еске алсақ. Дикторлыққа қалай қа­былдандыңыз?
– Ол «Хабар» алғаш құрылып жатқан, 1997-98 жылдардың кезі еді. Мен 1996 жылы ҚазҰУ-дың журналистика фа­культетін бітіріп, «Хабар» арнасына сынақ-тәжірибеден өтуге келгенмін. Бар арманым тілші болу еді. Сол арманыма қол жеткізіп, бір жыл бойы тілшілік қызметтің дәмін таттым. Осы кәсіппен құлшына айналысып, отбасымды асырағым келді. Ол кезде телеарнаның қасиетін толықтай сезініп, «Хабардың» үлкен орта екенін де онша байыптай қоймасақ керек. Бір жылдан кейін ғана мені штатқа қабылдады. 1998 жылдан бастап бизнес туралы бағ­дарлама ашылды. Бір күні басшылық өзі хабарласып, осы бағдарламаны жүргізу туралы ұсыныс жасады. Ол кезде бағдар­лама жүргіземін, эфирге шығамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмейтін. Бас­шылық айтып тұрғаннан кейін келісім бердім. Сөйтіп, эфирге шықтық. Бірінші эфирді толқып, сенімсіздікпен алып шық­қаным есімде. Кейін сұрасам әріптестерім «жақсы жүргіздің» деп қояды. Солай эфирдегі жорығым басталып кетті. 1999 жылы қорытынды жаңалықтардың тізгінін ұстадым. Кейін апталық «Жеті күн» бағдарламасы арқылы да көрерменмен кездесіп тұрдық. Сол уақыттан бастап 2015 жылға дейін табан аудармай «Хабар» арнасында жұмыс істеппін.
– Ол кездегі араласқан ортаңыз қандай болды? Қандай әріптестермен бірге жұмыс істедіңіз?
– Өзімді мықты мамандармен бірге үзеңгілес жұмыс істеген, бақытты жур­налиспін деп есептеймін. Айдос Үкі­баев, Ләззат Танысбай, Бибігүл Жексен­бай, Жайна Сламбек, Арман Сқабылұлы, Әлімжан Сабыржанұлы, Қайнар Олжай, Болатбек Қожан марқұм болып кеткен Азамат Қалымбетовтермен бірге жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Нұртілеу Иманғалиұлы, Тілеуғабыл Мыңжасар ағаларымыздан да көп тәлім алдық. Бұл кісілер – тікелей эфирдің тарланына айналған жандар. Ол кездегі дәурен керемет еді. Бір-бірімізге ерекше сый-құрметпен қарап, арамызда еш зиянсыз бәсекелестік жүріп жататын. Осылайша, бір-біріміздің өсе түсуімізге жағдай жасай­тынбыз. Күн сайын қызық сюжеттер, жаңалықтар мен репортаждар жасап, шеберлігімізді шыңдадық. Сол кезеңде жалықтыратындай жағдай да болмапты. Әр күніміз қызыққа толы өтетін. «Хабар­дың» сол дәуірдегі операторлар құрамы да мықты болды. Николай Кишенин, Марат Қырықбаев, Болат Нүсіпбеков деген кісілерден көп нәрсені үйреніп жүріп өстік. Қазір сол кезеңді бейресми түрде «Хабардың» алтын ғасыры» деп атап жүр ғой. Сол жылдарды қазір сағынышпен еске аламын.
– Сізді эфирден көрген адамдар салмақ­ты, сабырлы жан деп біледі. Өмірде де болмысыңыз осындай ма?
– Иә, эфирде қандай болсам, өмірде де тура осындаймын. Осы мінезім, осы болмысымнан еш ажыраған емеспін. Өз басым жасандылықты жек көремін. Басқаша болып көріну, өзімді керемет қылып көрсету деген табиғатымда жоқ нәрсе. Табиғатым қандай, эфирге де солай шығамын.
– Соңғы уақытта әлеуметтік желінің рөлі күшейді. Бұл тенденция журналистикаға да қауіп төндіреді деген пікір арта түсті. Бұған қалай қарайсыз? Журналистиканың келешегіне қорқынышпен қарауға бола ма?
– Интернеттің алға озғаны рас, бірақ соның кесірінен телевизия мен газеттің күні батады деген оймен келіспеймін. Бәлкім, дәстүрлі медиа бұрынғыдай сал­танат құра алмас. Бірақ өзінің аудиториясы, қадір-қасиеті сақталып қаларына сенемін. Бір жағынан бұлай да кесіп-пішіп айта алмайсың. Себебі, шетелде газет пен телеарна әлі өркен жайып тұр. Белсенділігі де, абыройы да кеміген емес. Әйтпесе, ин­тернет оларда бізге қарағанда бұры­нырақ пайда болды ғой. Сондықтан бұл жерде мәселе сапада сияқты. Сапалы контент ұсына алсаң, аудиторияң қашан да болады.
– Бізде көптеген журналистер орта жасқа келген соң түрлі орталықтар ашады, тренинг өткізеді, шәкірт тәрбиелейді. Сіз осындай шаруаларға мойын бұра алдыңыз ба?
– Шынымды айтсам, осындай жұ­мыстарға араласып көрмеппін және мұндай дүниелерді қолға алу ойымда да жоқ. Болмаса түрлі ұсыныстар болды. Біреуге бір нәрсе үйретіп, ұстаздық жасау үшін үлкен деңгейдегі кәсібилік, терең білім керек. Шәкірттерден оқ бойы озық тұрып, айтарың болғаны жөн. Ал мен өзімді ондай дәрежеге жеттім деп ойла­маймын. Сол себепті, дәріс беруге дайын емеспін. Бұл менің жеке пікірім. Ал былай өзімді жетілдіріп, дамытып отыру үшін түрлі әдебиеттерді ақтарамын, көп уақытымды ізденіске арнағанды жөн көремін. Басқа елдердің телеөнімдерін қарап, салыстырамын. Керек жерін өзіме аламын. Барынша жаңа үрдістерден қалмай, ілесіп отыруға тырысамын.
– Рақмет!

Сұхбаттасқан:
Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*