АҚТАУДА ӘСКЕРДІҢ БАРЛЫҚ ТҮРІ БАР

358
0
Бөлісу:

Маңғыстау түбегінде теңізшілер, авиация, теңіз жаяу әскерлері, танкшілер, зеңбірекшілер сияқты әскери саланың барлық тектері мен түрлері орналасқан. Жақында Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен Алматы, Астана қалаларынан әскери ұшақпен аттанған республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Маңғыстау түбегіндегі бірнеше әскери объектіде болып, әр текті әскери бөлімдердің жауынгерлік дайындықтарымен танысты.

Ақтаудағы әскери әуежайға қонған журналистерді «Батыс» өңірлік қол­бас­шылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Серік Сейітбаев, авиациялық базаның командирі, полковник Жәнібек Жұмашев бастаған бір топ офицерлер қарсы алды. Мұндағы жойғыш ұшақтар төмен және орта биіктікте пилотаждық жаттығу ұшуларын орындар жатыр екен. Авиа­базаның командирі Жәнібек Жұмашевтың өзі Су-27 жойғыш ұшағының штурвалына отырып, әуеге көтерілді. Аспан көгінде бір­неше ұшу маневрін жасап, журналистер­ге бұл машинаның әуе кеңістігіндегі шай­қастарда қандай артықшылықтары барын көрсетті. Аты аңызға айналған Су-27 – бүкіл әлемге танымал 4 буындағы жойғыш ұшақ. Кезінде өзі қатарлы әлемдегі барлық ұшақтың алды болды, қазірге дейін ең ұшқыр жойғыш болып саналады. Бұл ұшақтар 18 мың шақырым биіктікке дейін көтеріледі, ең жоғары жылдамдығы 2-2,5 мың сағат/шақырымға дейін жетеді.
Ақтау гарнизоны әскери бөлімдері мен мекемелері арасында қандайда іс-шаралар Ақтау гарнизоны Әскери полиция бөлімінің жеке құрамының қатысуымен өтеді. Өйт­кені әскери техниканы алып жүру ке­зінде жол қауіпсіздігін, қоғамдық орын­дарда әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында бұлар жауапты қызмет атқарады. Ақтау гарнизонының әскери полиция бөлімінің аға офицері, майор Мәди Құрманғалиев бастаған әскери автомобильдік полиция бөлімшесінің экипажы, сержанттар Е.Тасымбаев, В.Бал­ғожин, Н.Каиповтар әуежайдан қарсы алғаннан бастап бірнеше күн бойы жур­налистер мінген көліктерді қала көше­лерімен кедергісіз жүруге жағдай жасап, бастап жүрді.
Ақтау авиабазасындағы заманауи, қаһарлы жауынгерлік техникалармен танысқан соң журналистер қосыны Маң­ғыстау түбегінде орналасқан теңіз жаяу әскерлері бригадасына келді. Елбасының жарлығымен бұдан бес жыл бұрын құрылған теңіз жаяу әскерлер гвардиялық бригадасы үшін Ақтау қаласының түбінен жаңа әскери қалашық салынған. Қазақстандық теңіз жаяу әскерлері бригадасында қазір жүзге жуық офицерлер мен мыңнан астам қатардағы жауынгер қызмет етеді. Брига­дадағы теңіз десантшылары соңғы үлгідегі барлық заманауи қарулармен жабдықталған. Теңіз жаяу әскерлері – мемлекеттің Қорғаныс министрлігі қарамағындағы Әскери теңіз күштерінің бір бөлігі. Пост­кеңестік кеңістікте оларды «морпех» деп атайды. Морпехтер теңіз операциялары кезінде тұтқиылдан соққы беретін арнайы отряд ретінде пайдаланылады. Оларға теңіз жақтан шабуылдап жағалаудағы плац­дармды, порттардағы инфрақұрылымдарды, кішігірім аралдар мен түбектерді, қарсы­ластардың теңіз базаларын басып алу, сондай-ақ жағалауларды және басқа объектілерді күзету жүктеледі. Ең басты міндеттері – теңізден шабуылдап жағадағы плацдармды алу және оны негізгі күш келгенше оны ұстап тұру, әскери кемелерді жаға жақтан келетін жаудан қорғау.
Теңіздегі әскери кемелерден жаяу әскерлерді жағаға қауіпсіз шығару үшін арнайы десант катерлері, баржалар мен жүзу техникалары болады. Әрбір техника бір батальонды қару-жарағымен жағаға шығаруға тиіс. Өйткені саны аз жауынгерлер жағадағы жау күшіне төтеп бере алмайды. Жағалауға табан тіреген күннің өзінде олар негізгі күш келгенше ұстап тұруға мәжбүр. Шегінетін жер жоқ – артында теңіз. Сондықтан шабуылға шыққан морпехтердің бес қаруы бойында жүреді. Теңіз жаяу әскерлері Әскери-теңіз күштері штабының тапсырмаларын орындайды.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбас­шысының орынбасары полковник Серік Сейітбаев кешкі астан кейін БАҚ өкілдерін жаттығулар өтіп жатқан «Оймашы» поли­гонына түнгі атыстарды көруге шақырды. Полигонға жеткенде жазық дала түн қараңғысына малынып мүлгіп тұрды. Фото, телекамераларын арқалаған журналистер бір шақырымдай жерде орналасқан алғы шепке жаяу келді. Алыста шартты қарсы­ластардың жарқыраған оттары көрінеді. Жаттығу жоспары бойынша қазылған орларға техникаларын жасырып, окоптарға бекінген бір взвод жауынгер минометтен, ірі калибрлі пулеметтен атып қарсы беттегі жауды жойып жіберуі тиіс. Жарты сағаттың ішінде тапсырма орындалды. Түнгі атыс сонымен бітті.
«Оймашы» полигонының қандай екенін біз ертесінде көрдік. Бұл – Маңғыстау жеріндегі ең ірі әскери полигон. Оның ашылғанына да көп болған жоқ. Бұдан бес жыл бұрын келгенімізде полигондағы нысандардың орындары енді белгіленіп жатқан. Қазір мұнда танкодром, зеңбі­ректен, минометтен ататын алаңдар, барлаушыларды дайындайтын кедергілер алаңы, автоматтан, тапаншадан ататын тирлер, басқа да көптеген жауынгерлік жаттығуға арналған нысандар барлық стандартқа сәйкес салыныпты. Ондаған көпқабатты казармалар мен басқа мақ­саттарға пайдаланылатын ғимараттар бой көтерген, бірақ әлі қолданысқа берілмепті.
– «Оймашы» полигонында әскери құ­рылымдардың барлық түрі жаттығады. Өйткені бүкіл қару-жарақ, техникалардың түрлеріне арналған арнайы жабдықталған алаңдар бар. Теңізшілер де, Шекара қызметі, ішкі әскерлер де осында келеді. Негізінен қарулы күштер бөлімдері жаттығады. Мұнда жауынгерлер қарудың барлық түрін қолдануды меңгереді. Мысалы, батальонда бірнеше мамандыққа бөлінген роталар болады. Батальон толықтай бір мезгілде келіп біреулері әскери техниканың тілін меңгерсе, екіншілері артиллерияны оқып-үйренеді. Мергендер болсын, барлаушылар болсын, қоян-қолтық ұрыстың тәсілдерін-үйренеді. Жаттығу полигонында әскери маневрдің барлық түрі жүргізіледі, – дейді «Оймашы» полигонының бастығы, капитан Р.Мүбараков.
Журналистер бір күндерін әскери-теңіз күштерінің қару-жарақ, техникаларымен, теңізшілердің тыныс-тіршілігімен танысуға арнады. Әскери-теңіз күштерінің кемелері тұратын пирсте бізді әртекті корабльдер дербес дивизионының командирі, 3 ран­галық капитан Бауыржан Мұратұлы қарсы алды. Пирсте сапқа тұрған вахталық ко­манда нұсқау алып жатыр екен. Дивизион командирі қарамағындағы корабльдердің түрлерімен, олардың қандай мақсаттарға пайдаланылатынын қысқаша түсіндіріп, кемелердің капитандарымен таныстырды. Теңізде жүргенде палубадағы қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ескерткен капитан журналистердің екі топқа бөлініп, бір тобы – капитан-лейтенант Руслан Яхьяров басқаратын «Маңғыстау» ракета­лық-артиллериялық екі корабліне, екіншісі Олжас Батырбековтің басқаруындағы ракета-зымырандық «Орал» кораблінің бортына мінулерін сұрады. Теңізге төрт кеме шығып, Әскери-теңіз күштерінің 25 жылдығына байланысты ертесінде болатын корабльдер парадына дайындық жасады. БАҚ өкілдері теңізшілердің жорықтағы жұмыстарымен, судағы тұрмыс-тіршілі­гімен танысып, әскери кемедегі қаруларды көрді.
Әскери-теңіз күштерінің Ақтаудағы базасында кемеде апатты жағдайлар болғанда не істеу керектігіне үйрететін, теңізшілер жаттығатын орталық бар. Кемеде өрт шығып немесе борт тесіліп су басу қаупі туындаған жағдайда ешкім сырттан көмекке келмейді. Сондықтан теңізшілер тілсіз жау – от пен судан келетін апаттарды өз күштерімен ауыздықтауы тиіс. Ондай кезде әрбір секунд санаулы. Бұл – нағыз өмір үшін күрес. Өйткені өрт ошағы ұлғайып, жалыны қару-жарақ қоймасына тиетін болса корабльде жарылыс болып, күл-талқаны шығады. Ал егер борт тесіліп су трюмге толатын болса кеме су түбіне кетеді. Корабльдегі әрбір матрос апатты жағдайда не істеу керектігін білуі тиіс, онсыз бортқа көтерілмейді. Оқу-жаттығу орталығына теңізшілер аптасына үш рет келіп, «өмір үшін күрес» сабақтары бойын­ша жаттығулардан өтеді. Мұнда әрбір жаттығудың орындалу уақыты бар, нор­мативті тапсыра алмағандар қайталап тапсырады.
Бұдан басқа Ақтауда теңіз жағасына орналасқан сүңгуірлер дайындайтын оқу базасы бар. Жеңіл аквалангты сүңгуірлер әскери кемелерді суастымен келетін дивер­санттардан қорғайды, су астындағы авариялық жұмыстарды, миналау, минадан тазарту және басқа арнайы жұмыстарды атқаруы мүмкін. Жалпы үлкен суларда жауынгерлік жорықтарда жүретін кез келген әскери кемеде диверсияға қарсы қызмет болады. Олар тек диверсияға қарсы жұмыстармен ғана емес, сондай-ақ барлау жұмыстарымен де айналысады.
Маңғыстау өңірінде болған үш күннің ішінде журналистер қауымы Қарулы күштердің әскери-тактикалық жаттығу поли­гонында жауынгерлердің ұрыс дала­сындағы өнерін көріп, әскери корабльдердің теңіздегі жорығын, авиация базасындағы әскери ұшақтардың әуедегі маневрін тамашалап, отан қорғаушылардың өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарып жатқандарына куә болып қайтты.

Қайыржан ТӨРЕЖАН
Алматы – Ақтау – Алматы

Бөлісу:

Пікір жазу


*