Астанада ауған әйелдерінің құқына қатысты конференция өтеді   

766
0
Бөлісу:

5 қыркүйекте Астанада «Ауғанстанда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» өңірлік конференциясы өтеді. Іс-шараны өткізу бастамасы жаһандық деңгейде гендерлік теңдік қағидаттарын ілгерілету шеңберінде көтерілді.

Оған Ауғанстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Еуропалық Одақ, Қытай, Ресей, Үндістан, АҚШ мемлекеттерінен және БҰҰ-дан жоғары деңгейдегі делегация өкілдері қатыспақ.

Конференция Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде мүше болуы кезеңінде өтеді, оның шеңберінде Ауғанстан проблематикасына ерекше назар аударылады. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық ету барысында, ағымдағы жылдың қаңтарында Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің сегіз жыл ішінде алғаш рет Ауғанстанға іс-сапары ұйымдастырылып, тиісті резолюция қабылданды.

Ауғанстанға халықаралық назарды ескере отыра, Қазақстан  ұзақ мерзімді бейбітшілікке және осы елдегі тұрақты дамуға қол жеткізу мақсатында, халықаралық хабардарлықты арттыруға және Ауғанстан әйелдері мен қыздарының нақты қажеттіліктерін қолдауға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілетуге және кеңейтуге талпынуда.

Қазақстан атынан конференцияға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Үкімет мүшелері және Парламент депутаттары қатысады.

Шетелдік қонақтар арасында – Арменияның  экс-президентінің зайыбы Нуне Саркисян, Қырғызстанның вице-премьері Алтынай Омірбекова, Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Танзила Нарбаева, Өзбекстан Олий Мәжіліс Сенаты Төрағасының орынбасары Светлана Артикова, Өзбекстанның Мектепке дейінгі білім беру министрі Агрепина Шин, Әзербайжанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Сахил Бабаев, Ауғанстанның әйелдер істері жөніндегі министрі Дильбар Назари, Ауғанстанның Мәдениет және ақпарат министрі Хасин Сафи, Ресейдегі адам құқы жөніндегі уәкілетті өкілі Татьяна Москалькова, БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Наталья Герман, АҚШ Мемлекеттік хатшысының стратегиялық және кризистік коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісінің орынбасары Эдриэнн Росс және басқа елдерден делегациялар бар. Конференцияда Йемендік құқық қорғаушысы, журналист және саясаткер, Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын алған тұңғыш араб әйелі Тавакуль Карман сөз сөйлейді.

Еркін ҚАЛДАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*