Қазақстан үздік үштіктен үмітті

1257
0
Бөлісу:

Қазақстан Ұлтық құрамасы толық құрамда Қырғыз елінің Шолпон-Ата шаһарына жетті. Естеріңізге сала кетейік, біздің құрама алдыңғы мақаламызда жазғандай ІІІ Дүниежүзілік Көшпенділер ойынына қатысады.

– Қыз-жігіттеріміз ойындарға дайын. Жарақат алып, жарыстан шет қалып жатқандар жоқ. Қырғыз бауырлар бізді жақсы күтіп алып, орналастырды. Енді тек, біздің спортшылардың жүлде алып, ел мәртебесін асқақтатуы қалды, – деді Спорт және дене шынықтыру істері комитет төрағасының бірінші орынбасары Бекболат Байжанов.

Ойын кестесіне сай сайыстар бірнеше жерде өтеді. Ашылу, жабылу салтанатымен қатар ат спорты түрлері Ипподромда, ал дала ойындары, жамбы ату, бүркіт салу, фольклорлық сайыстар Қырчым жайлауында ұйымдастырылады. Балуандар жабық спорт кешенінде бақтарын сынайтын болады. Ал тоғызқұмалақ, мангала ойындарын Еуразия кешенінен тамашалауға болады.

– Қазақстаннан екі жүзге жуық спортшы мен делегаттар келді. Спорттың 31 түрінен біз медаль күтетін боламыз. Жоспарымыз бойынша жалпыкомандалық есепте үздік үштікке енуді көздейміз, – деді комитеттің баспасөз xатшысы Рауxан Тұғұмбаева.

Айта кетейік, биыл ойындарға әлемнің 80 елінен 3000-ға жуық майталман қатысады.

Асқар Беков.

Фото Р.Ілиясов

Бөлісу:

Пікір жазу


*