Жерорта теңізінде жоғалғандар

602
0
Бөлісу:

Таяу Шығыстағы соғыстан қашып, Еуропа ауғандардың қатары әлі де азаймай отыр. Әрине, былтырғыға қарағанда мигранттардың саны аз да болса кеміді.

Бірақ жайлы жер іздеп, Еуропа құрлығына аттанғандарды ол жақта жұмақ күтіп тұрған жоқ. Қарт құрлыққа жеткенше, олар неше түрлі ауыр жағдайға тап болады. Ең бір қиыны, Жерорта теңізі арқылы аттанғандардың барлығы да  Еуропаға жете алмайды. Өйткені, теңіз арқылы өтетіндерге оңай тимейді. Қайығы немесе кемесі асау толқындарға шыдас бермей, аударылып қалады. Бұл туралы БҰҰ-ның босқындар жөніндегі агенттігінің арнайы баяндамасында да нақты айтылды. Әрине, бұрынғыға қарағанда қарт құрлыққа аттанған келімсектердің саны азайды. Агенттік мамандары соңғы алты айда олардың санының 42 пайызға төмендегенін атап көрсетті. Бірақ ең бір қиыны, теңіз арқылы Еуропаға баратындардың арасында хабарсыз кететіндер күрт өсті. Соңғы алты айда теңіз арқылы төте жолмен жүрмек болған 18 адамның біреуі қайтыс болады немесе із-түссіз кетеді. Өткен жылдың қаңтар –маусым айларында 43 адам суға кетсе, биыл 1600 мигрантты теңіз түбі жұтты. БҰҰ-ның босқындар жөніндегі агенттігінің Еуропа бюросының директоры Паскаль Мороның айтуынша, «Жерорта теңізі қазіргі уақытта мигранттар үшін төте, бірақ ең қауіпті жол болып отыр. Алайда теңіз арқылы ағылғандардың саны тоқтамай отыр. Сондықтан ЕуроОдақ мемлекетінің басшылары босқындарды заңды жолмен елге әкелу жолын қарастыру керек».

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*