ПАРЛАМЕНТТІҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

568
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев VI шақырылымдағы Парламенттің жаңа, төртінші сессиясын ашып берді. Екі айлық парламенттік каникул кезінде жұмыс сапарларымен 700-ден астам елдімекенді аралаған, тынығуға да уақыт тапқан Мәжіліс пен Сенат депутаттары Астанаға оралып, 1 қыркүйек күні бірлескен оты­рыс­тарына жиналды.

Еліміздің Ата заңының 59-бабына сәйкес, Парламенттің төртінші сессия­сын ашық деп жариялағаннан кейін Мемлекет басшысы дәстүр бойынша депутаттармен бірге, әнұранды өзі де қосыла шырқады.
Депутаттық корпус алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті халық қалаулыларын жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтай келе, олар үшін заң шығару саласын дамытудың негізгі бағыттарын белгіледі.
– Сіздер жазда өңірлерді аралап, елдің тыныс-тіршілігімен жете таныс­тыңыздар. Халықты не толған­дыра­тынын, қандай мәселелер бар екенін көзбен көріп, біліп келдіңіздер. Бұл барша қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы қызмет­теріңізге қажет. Кезек күттірмей қолға алынуға тиіс маңызды жұмыстар жеткілікті. Қос палатаның бірлескен оты­рысында ба­сым­дықтарды ай­қындап, бірден іске кірісуіміз керек. Стратегия­лық нысана белгілі. 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына қосылу – біздің айнымас межеміз, – деген Н.Назарбаев осы жолда мем­лекетіміздің дәйекті саясат пен кешенді шаралар жүргізіп, мақсатты түрде алға басып келе жатқанына назар аудартты.
Елбасы өзі жария еткен «Бес әлеу­меттік бастаманы» жүзеге асыру жо­лында Парламент пен Үкімет бірлесе жұмыс жасап, қажетті барлық заңна­ма­лық алғышарттарды жасағанын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, қазірдің өзінде «7 –20 – 25» ипотекалық бағдарламасы бойынша алғашқы арзан несиелер беріле бастады. Білім қуған жастарға қосымша 20 мың мемлекеттік білім гранты бөлінді. 70 мың орынды жатақ­хана құрылысына дайындық аяқталды.
Алдағы жылдан бастап, жалақысы төмен азаматтардың табыс салығы 10 есе азаяды. Жеке іс бастауға берілетін шағын несиелер көлемі 62 миллиард теңгеге көбейді. «Сарыарқа» газ құбырының құрылысына дайындық жұмыстары аяқталып қалды. Осылайша, Президент жариялаған әлеуметтік жаңғыруды іске асырудың негізі қаланды.
Мемлекет басшысы қазіргі депутат­тық корпус жоғары кәсібилігін паш етіп, Үкіметпен өзара үйлесімді ықпалдастық танытқанын жоғары бағалады.
– Парламенттің өткен үшінші сес­сия­сының қорытындысында 87 заң қабылданды. Осы жылдар бойында біз бірізді реформалар арқасында биліктің барлық тармақтарының өзара әрекет­тес­тігін теңгерімге келтіріп, мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттырып келеміз. Экономиканы және қоғамды тиімді жаңғырту үшін жағдайлар жасалуда. Өткен жылдан бері Қазақстанның экономикалық өсімі орташа әлемдік көр­сеткіштен оза бастады. ЖІӨ-нің өсімі 4 пайызды құрайды, ал инфляция 5,9 пайызға дейін төмендеді. Инвести­циялар 24 пайызға ұлғайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының байламынша, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қызмет көрсету салалары, яғни шикі­заттық емес сектор ел экономикасының қозғаушы күшіне айналды.
– Бұл жағдайда мен жариялаған «Бес әлеуметтік бастаманы» сапалы жүзеге асыру маңызды. Қысқа мерзім ішінде Парламент пен Үкімет ол үшін қа­жетті нор­мативтік құқықтық негізді толығы­мен қа­лыптастырып шықты. Бұл алты миллионнан астам қазақстандықтың өмір жағдайларын жақ­сартуға мүмкіндік береді. Осылайша, халқымыздың бірлігі нығаюда, ал бұл еліміздің өсіп-өр­кен­деуі­міздің басты шарты саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент «бұдан ары да бірізді әрі ұтымды әлеуметтік-экономикалық даму үшін сапалы заң шығару жұмысын жалғастыру қажеттігін» баса айтты.
– Біріншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды медициналық және әлеуметтік сақтандыру, сондай-ақ зейнетақымен қамту жүйесіне тарту – маңызды мәселелердің бірі. Халықтың бір бөлігі табысынан ешқандай аудары­лымдар жасамайды, демек олар зейне­тақы жүйесімен және әлеуметтік қолдау шараларымен толыққанды қамтылмаған. Осыған байланысты қажетті заңнамалық өзгерістер әзірленді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты тіркеуді жеңілдету мақ­сатында «бірыңғай жиынтық төле­мін» енгізу ұсынылады. Оны төлеу өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға меди­цина­лық және әлеуметтік сақтандыру, сон­дай-ақ зейнетақымен қамсыздандыру жүйе­леріне қатысуға мүмкіндік береді, – деді Н.Назарбаев.
Елбасы осы өзгерістерді биылғы жылдың соңына дейін қабылдау қажет­тігін атап өтті. Мемлекет басшысының пайымдауынша, бұл, әсіресе, Қазақстан­ның міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесіне көшуі аясында ерекше өзекті болуда.
Президент арнайы әзірленген заң жобасында МӘМС мәселелері сыртында, медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін ендіру, қоғамдық денсаулықты сақтау мәселелерін және медициналық ұйымдардағы корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру қарастырылғанын еске салды.
– Заң жобасы Парламентте жатыр. Оны қарауды созбалаңға салмауды сұраймын! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Екіншіден, Елбасы тұрғын үй қатынастары саласы әрбір қазақстандықтың мүдделеріне тікелей қатысты болып келетінін ескертті.
– Құрылыстың қарқынды дамуы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­сында шешімін таппаған мәселелер бар. Олар азаматтардың көңілтолмастығын тудырады. Қызмет көрсетуші компаниялар мен баспана иелері арасындағы қарым-қатынастың ашық­тығын, қаражаттардың жұмсалуын бақылауды қамтамасыз ету талап етіледі. Жалпы, үй шаруашылығын басқарудың түсінікті әрі тиімді жүйесін құру керек. Менің тапсырмам бойынша Үкімет тиісті заң жобасын дайындады, ол Парламентке биыл енгізілетін болады, – деді ел Президенті.
Үшіншіден, Елбасы табиғи монополистер көрсететін қызмет сапасын артыру және инфрақұрылымын жаңарту бойынша мін­деттер тұрғанын мәлім етті. Бұл ретте Пар­ламентте «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы жатыр. Ол монополистерді өз қыз­метінің тиім­ділігі мен ашықтығын арттыруға ынталан­дыруға, сондай-ақ әкім­шілік кедер­гілерді қысқартуға бағытталған.
Төртіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев орта және шағын бизнесті дамыту барысындағы оң үрдістерге тоқталды. Шағын және орта
бизнес – кез келген мықты экономиканың тұғы­ры. Қазақстан Президенті оның эко­номикадағы үлесін 2050 жылға қарай 50 па­йызға дейін жеткізуді қарастыратын стра­тегиялық мақсат қойып отыр. Бүгінде бұл секторда 1 мил­лионнан астам субъект жұмыс жасайды және еліміздің барлық жұмысқа қабілетті тұрғын­дарының 30 пайыздан астамы сонда еңбек етуде.
Мемлекет басшысы болашақта шағын және орта бизнес экономикадағы басты жұмыс берушіге айналуға тиіс деп нықтады.
– Туризм саласы кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін беруі қажет. Үкіметке Туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Бұл құжат қаржылық тұрғыдан мығым болып, қажетті заңнамалық базамен бекітілуге тиіс. Туристік қызмет мәселелері жөніндегі заңнамаға өз­герістер осы жыл соңына дейін қаралуы қа­жет. Сонымен қатар Парламентте мемле­кеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алуы мәселелеріне қатысты маңызды заң жо­басы бар. Ол сатып алулар процесін жеңілдетуге және олардың тиімділігін артты­руға бағытталған. Заң жобасын қабылдау сы­байлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, басым бағыттарды іске асыру үшін керек қаржының босауына және бизнес ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Парламенттің экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық заңнаманы ары қарай ізгілендіру-гуманизациялау мәсе­лелерін қарауы қажеттігін мәлімдеді.
– Бұл жерде ынталандырулар мен жазалар арасында оңтайлы теңгерімді тапқан жөн. Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы заңнама тұрақты сипатта болуға тиіс, бұл ретте жазаның құқықбұзушылықтың сипатына сайма-сай болуы қағидатын мүлтіксіз сақтау ке­рек. Үкімет биыл осы міндеттерді шешуге ба­ғытталған заң жобасын енгізетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бесіншіден, агроөнеркәсіптік кешен сала­сындағы заңнама ары қарай жетілдіріледі. Бұл әсіресе, сақтандандыру, аграрлық қолхат­тарды ендіру, несиелік серіктестіктерді дамыту, сон­дай-ақ ветеринария саласында бақылау жүйе­сін жетілдіру мәселелеріне қатысты. Тиісті заңнамалық түзетулер топ­тамасы Парла­мент­тің қарауында. Мемле­кет басшысы депутат­тарға оны биыл аяқталғанша қарауды ұсынды.
– Алтыншыдан, біз қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кешенді жұмысты жалғастырудамыз. Оның маңызды міндеттерінің бірі – тарихи-мәдени мұраны сақтауды және кең таратуды қамтамасыз ету. Осыған орай Парламент тиісті заң жобасы қарауға алды. Оны қабылдау үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес, тарихи әрі киелі нысан­дарды тиімді дамытуға және қорғауға септігін тигізеді, – деді Елбасы.
Жетіншіден, 2018 жылғы маусымда Шым­кентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді, Түркістан облысы түңлігін жаңадан түрді. Ел Президентінің айтуынша, қасиетті Түркістан қаласында жаңа облыс орталығын құру – дербес әкімшілік орталық ретінде өңірдің тарихи маңызын қалпына келтірудің символы».
– Облыс орталығының Түркістанға көшірі­луі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да аса маңызды. Ол – еліміздегі ең киелі жерлердің бірі. Тарлан та­ри­хымызда талай тағдырлы шешімдер осында қабылданған. Есімдері ел тарихына мәңгі жазылған біртуар тұлғаларымыз осында жай тапқан. Халық тығыз қоныстанған тұтас оңтүс­тік өңірдің дамуы жаңа облыс орталы­ғының жұмысын тиімді ұйымдастыруға байланысты. Сонымен бірге, республикалық ма­ңызы бар қала мәртебесін иеленген Шым­кент­тің тыныс-тіршілігі де назар­да болуға тиіс, – дей келе, Нұрсұлтан Назар­баев таяу уақытта Парламенттің қарауына тиісті заң жобалары енгізілетіні, олар қайта құрылған әкімшілік-аумақтық бірлік­тердің толыққанды жұмысын қамтамасыз етуге бағытталатыны жөнінде құлағдар етті. Бұл құжат­тарды депу­таттар шұғыл пысықтап, қабылдауы қажет.
Сөз соңында Мемлекет басшысы депутат­тарды сессияның ашылуымен тағы да құттықтап, Қазақстанның тұрақты әрі қарқын­ды даму ісінде одан ары табысқа жете беруіне тілектестік білдірді.
– Бүгін мен атап өткен жұмыстардың барлы­ғының түпкі межесі – елдің тұрмыс-тір­шілігін жақсартып, ары қарай дами түсу. Осы мақсатқа жетуіміз экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани бірлігіміздің мызғымауына тікелей байланысты. Бұл орайда халық қалау­лыларына да зор жауапкершілік жүктеледі. Елдің үдесінен шығып, Қазақстанды тұрақты және қарқынды дамыту жолында жемісті жұ­мыс істеңіздер! – деп түйді Мемлекет басшысы.
Бірлескен отырысқа төрағалық еткен Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин барлық депутаттар атынан Елбасыға Парламенттің екінші сессиясын ашып бергені үшін зор алғыс білдірді және Президент қойған барлық міндеттерді қос палата депутаттары абырой­мен атқаратынына сендірді.


Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Сенат депутаты:

ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА БАСА НАЗАР АУДАРЫЛДЫ

– Елбасы Парламент сессиясының ашылуында депутаттар алдында жеті үлкен міндет қойды. Солардың біріне тоқталар болсам – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың мәселесі. Оны тек қана заңмен реттеу керек. Сондықтан осы мәселе туралы заң жобасы таяуда Парламентке келіп түседі. Екінші бір үлкен мәселе – шағын және орта бизнес. Ол туралы заң жобасы қазіргі кезде Үкіметте әзірленіп жатыр, жоба Парламентке келіп түскен кезде біз оны жан-жақты пысықтап, талқылап, қажет болатын болса өзгерістер енгізіп, жетілдіріп барып қабылдайтын боламыз.
Жаңадан ашылып жатқан Түркістан облысы мен Түркістан қаласын дамыту туралы заң қабылдануы – ерекше жайт. Өйткені бұл – қасиетті жерлердің бірі. Сондай-ақ Елбасы тапсырмаларының бірі – осындай тарихи, қасиет­ті, сакралды орындар туралы арнайы заң қабылдау және туризмді дамыту үшін осы сала заңдарына өзгерістер енгізу. Жалпы, төртінші сессияда көптеген заңдар қабылданатын болады. Өйткені Елбасының тапсырмалары осы заңдарды қабылдауды міндеттейді.


Дулат ҚҰСДӘУЛЕТОВ, Сенат депутаты:

БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ БАҚЫЛАНУЫ ТИІС

– Елбасы алда тұрған міндеттерді белгілеп берді. Қабылданатын заңдар туралы айтылып, міндеттер айқындалды. Бізге келетін заң жобаларының бірқатары Мәжілістің қарауында болса, енді бірі Үкіметте әзірленіп жатыр. Сенатқа келіп түсетін заңдарды жан-жақты талқылап, уақыт создырмай қабылдау – біздің басты міндетіміз. Сондықтан бізді қарбалас жұмыс күтіп тұр.
Елбасы тапсырмаларының бірі Бес әлеуметтік бастаманы іске асыруға қажетті құқықтық тетіктер болып отыр. Маңызды мәселелердің бірі – «7 – 20 – 25» бағдарламасын еліміздің әр аймағында жүзеге асыру. Әрине, жұмыстар басталды, бірқатар шаруалар атқарылды. Алайда оның нәтижесі қандай, әр облыстың өзіндік ерекшеліктері ескерілді ме? Бұған Үкімет пен Парламент тарапынан бақылау жасалуы тиіс. Бақылау нәтижесі сарапталып, кемшілігі көрсетіліп, түзетіліп, бұл туралы ақпарат халыққа жеткізіп отыру қажет.


Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты:

ЖАҢА ЗАҢДАР ӘР САЛАНЫ ЖАҢҒЫРТАДЫ

– Парламенттің төртінші сессиясының ашылуында Елбасы белгілеп берген маңызды міндеттер – шын мәнінде, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, елді гүлдентуге бағытталған қадамдар. Сайып келгенде, осының барлығы Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға ықпал етеді және әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуына жағдай жасайды. Сондықтан да олардың әрқайсысы орасан зор жауапкершілік пен үлкен жұмысты талап етеді.
Қазірдің өзінде депутаттар қарауында 50-ден астам жаңа заң жобасы бар. Олардың реттеу аясы да сан-салалы: Елбасы айтқан мемлекеттік сатып алулар тиімділігін арттыру, табиғи монополиялар қызметтері сапасын жақсарту, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды зейнетақылық қамсыздандыру және медициналық сақтандыру жүйесіне тарту, агроөнеркәсіптік кешенді өркендету, туризмді дамыту және басқа да бағыттардан бастап, денсаулық сақтау мен кинематографияға дейінгі салаларды қамтиды.
Жаңа заң жобалары өздерімен бірге әр алуан салаға жаңғырулар ала келмек. Ал мұндай маңызды өзгерістер тек билік пен халықтың ізгі ерік-жігерімен және бірлесе қимылдауымен ғана қамтамасыз етіле алады. Ендеше, жаңа заң жобаларын пысықтауда Парламент пен Үкіметтің өзара үйлесімді ықпалдастығы сыртында, халықпен, сала мамандарымен ұдайы ақылдасып, олардың үніне құлақ асып отыру маңызды болмақ. Себебі, бас біріккенде ғана елге бақ қонып, ырыс құйылады. Мұны ертеңін ойлайтын, ел болашағын бағамдай білетін әр азамат жақсы түсінеді.


Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Мәжіліс депутаты:

ЛАЙЫҚТЫ ОРЫНДАЛУЫ ҚАДАҒАЛАНУЫ ҚАЖЕТ

– Елбасы сессияның ашылуында айқындаған жаңа әрі ауқымды міндеттер ел басшылығының халықтың әл-ауқатын жақсартуға, мемлекетті өркендетуге зор маңыз беріп, ден қойып отырғанын көрсетеді.
Президент депутаттық корпус үшін белгілеген жеті ірі міндетті орындауға Парламенттің қос палатасы жұмыла кірісіп, олардың заңнамалық тұғырын түзу үшін қарқынды жұмыс жасайтын болады. Біз Үкіметпен бірлесіп, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» ары қарай іске асыруды жалғастырамыз. Сондай-ақ осы төртінші сессия аясында басқа да Елбасы айтқан мәселелерді заңнамалық қолдау бойынша жауапты жұмыс күтіп тұр. Депутаттар мен парламенттік фракциялар сессия барысында мемлекеттік бағдарламалардың лайықты орындалуын қадағалайтын болады.
Жалпы, халықта «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасына, шағын несиелеуге және басқа да жаңа бастамаларға қатысты сұрақтардың көптігін, нақты ақпарат толыққанды жетпей жатқанын байқадық. Яғни, түсіндіру бағытын­да жұмыстарды күшейту қажеттігі аңғарылады.

 


Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*