АНАҒА ЖЕТЕР ЖАН БАР МА?

463
0
Бөлісу:

Ана мен бала денсаулығын сақтау – денсаулық сақтау жүйесі алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ана мен бала денсаулығын еліміздің қазіргі және болашақтағы дамуындағы басым бағыттарының бірі ретінде анықтады. Еліміздің стратегиялық құжаттарында және Президент Жолдауларында ана мен бала өлім-жітімін азайту және халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру қажеттігі атап көрсетілді. «Стратегия – 2020» мақсаттарында: 2020 жылға қарай ана мен нәрестелер өлімі көрсеткішін 2 есеге азайтып, қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін арттыру көзделген.

Астанада маусым мен шілде айларында жас босанған 4 бірдей ана қайғылы қазаға ұшыраған болатын. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы Астанадағы осы төрт ананың өліміне қатысты тергеу жұмыстарының қорытындысын жария­лады. «Төрт өлім жағдайы бойынша респуб­ликалық комиссия тергеуді аяқтады. Қорытынды жасалды».
Бір емес, төрт адам. Бас-аяғы бір-екі айдың ішінде дәрігерлердің көз алдында жантәсілім етті. Комиссия қорытындысы бойынша, бір әйелді ғана аман алып қалу мүмкіндігі болған екен. Қалған үшеуіне ешқандай амал жасау мүмкін болмады деген жауап берілді.Тексеру барысында медициналық қызметкерлердің барлық жұмысы дұрыс орындалған көрінеді. Сонда кінә кімнен? Ажалға не себеп? Тұшымды жауап жоқ секілді…
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов маса шаққаннан кейін дәрігер көмегіне жүгініп, ажал құшқан әйелдің өліміне қатысты өз пікірін білдірді. «Нақты бір минуттың, тіпті бір секундтың ішінде не болғанына дейінгі ақпарат қолымызда бар. Бүгінгі күні «анафилактикалық шок» деген алдын ала диагноз қойылып отыр. Біздің болжауымызша, жалпы аллергиялық реакцияның аясында барлық дәрі-дәрмектер толығымен хаттамалық диагностикамен емдеу стандарт бойынша қолданылған, алайда осы кезде күрделілік пайда болған» дейді министр. Түсініп көріңіз…
Қазір әлеуметтік желі – әлеуметтің мұң-мұқтажын ашық талқыға салатын орын. Егер құрбысы, 28 жастағы Мақпал Еспенбетова елордадағы бірінші қалалық аурухананың көмегіне жүгініп, іле-шала кенеттен қайтыс болғаны туралы Фейсбуктегі парақшасында жазбаса, «жабулы қазан – жабулы күйімен» қала берер ме еді?.
Құқық қорғау органдары барлық дәрі-дәрмектерді тәркілепті. Себептің бір ұшы шеттен келетін дәрі-дәрмекте емес пе екен?..
«Бұл біздің күнделікті ондаған, жүздеген пациенттерге беріліп жатқан препараттар. Бірақ тек сараптама қорытындысы ғана өлім жағдайына не себеп болғанын анықтап береді. Пациент ауру мен қышуды сезінетінін айтып шағымданған. Осыған байланысты оған кетонал берілген» дейді жауапты мамандар. Бәрі екіұшты. Дәрігер көмегіне жүгінген жандар осылайша өмірмен қош айтыса беретін болса, денсаулық саласы бойынша министрліктің не қажеті бар?!.
Ана мен бала өлімін азайту мақсатында Мемлекет басшысы қанша рет мәселе көтерді. Соған қарамастан денсаулық саласы әлі күнге дейін жақсаратын емес. «Қазіргі кезде емхана­лардың медициналық ақпарат жүйелерінде 11 миллионнан астам электронды денсаулық пас­порты орнатылған. 2020 жылдың соңына дейін ел халқын электронды денсаулық паспортымен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланған» дейді Денсаулық сақтау министрі.
Медициналық көмекті цифрландыру деген дұрыс та шығар. Электронды денсаулық сақтау паспортының бірыңғай банкін қосуға мүмкіндік беретін тұғырнаманы іске асыру да уақыт талабы. Алайда дәрігердің біліктілігі төмен болса, жаңа технологиядан не қайыр?!
Ана мен баланы аман сақтайықшы!

 

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*