ҚАЙНАР ДЕСЕ – ҚАЙНАР

2045
1
Бөлісу:

Адамның аты бекерге қойылмайды. Біз Қайнар Олжайды өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері біледі екенбіз. Әуелі атына қанықтық: «Лениншіл жас» газетінің бетінде Қарағанды өңірінен бұрқырата жазатын-ды; кейін затына қанықтық: азаматтық, адамдық келбетін көрдік. Қайнар десе – Қайнар. Сөзі тасты жарған тау бұлағындай, өзі сол таудың лағындай!

1. ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ
Басынан бастаған жөн-ау…
Журфактың деканы Темірбек Қожакеев факультетте оқыған қай журналистің болса да есінде қалса керек, Қайнар Олжай туралы жазғалы оқталғанымда ұстазымыздың қаталдығының да қайыры болғаны ойға оралды. Сабақ үлгерімім жап-жақсы, жұрт құсап «сельхозға» да барып қайтқанбыз, қыркүйектің бірінде басталатын оқуға да пойызға билет болмаса да үстіңгі үшінші полканың жамбасыңа мұздай боп бататын темір тақтайшасына да шыдас беріп, үлгеріп келгенбіз…
– Саған жатақхана жоқ!
Деканның темірдің шыңыл­тырындай дауысы қақ маңдайдан ұрғандай әсер еткен. Басымыз салбырап шықтық. Мен ғана емес екенмін: Дархан Мыңбай мен Еркін Қыдыр да осындай кәрге ілігіпті; тағы бірнеше студент ер-тоқымынан айырылған жабы торы секілденіп, өкіметтің тегін жатағынан қағылыпты.
– Не істейміз?
– Пәтер іздейік…
«Қазақфильм» жақтан бір пәтер табылды. Бір үлкен үйдің «времян­касы». Онда да бірнеше бөлікке бөлінген, қуықтай-қуықтай бөлмелері бар екен, бірнеше «квартирант» сонда жайғас­тық. Сондағы бір бөлмеге Қайнекең келіншегімен орналасқан екен, бізден екі курс жоғары оқыса да «үл­кенбіз» деп кеуде кермейді, газет-журналдардан аты-жөні түспесе де «мен сондаймын» деген шалқақтау жоқ, өте қарапайым.
Қарапайымдылығына таңғалған едік.
Пәтерде көп тұрмадық. Қашан шығып кеткеніміз есте жоқ… Есімізде қалғаны Қайнар Олжайдың үй тірлігіне ептілігі, қашан көрсең де елгезек қағып елпілдеп тұрғаны, қоңторғай студенттік өмірдің өзін ісмер ұстаның қып-қызыл шоқ бүркіген көрігіндей қыздырып жүретіндігі…
Журфакқа түскен студенттер ара­сында жазылмаған бір заңдылық бар еді. Мейлі ол бесінші курста оқысын немесе бірінші курсқа жаңа түскен болса да бір-бірін жазуы арқылы құр­меттеп, сыйлайтын. Басқа вуздар­да­ғыдай «дедовщина», яғни әлімжеттілік мұнда атымен жоқ; төменгі курстың балаларын араққа, темекіге жұмсау, күш көрсету, жорта тиісу деген мүлдем болмайтын; бес курстың арасы – бес-ақ елі. Бір саусақтың саласындай, бір үйдің баласындай бауырмал бірлік. Осы қасиет қазір бар ма, жоқ па білмеймін… Бірақ, біздің қай-қайсымыз да көзге көрінбейтін «жан жақындығы» деген нәзік жіпке байлаулы екенімізді жан-тәнімізбен сезетінбіз…
«Егеменде» кейде кезекшілік түннің бір уағына дейін созылып, қала ше­тіндегі үйімізге кезекші көлік апар­майтын кездерде Қайнекеңнің Саин көшесіндегі үйінде талай түнеп қалған уақытта сол жан жылуы көрпені керек қылмайтын да еді…

2. ҚАЙСАРЛЫҚ
«Социалистік Қазақстанға» Шерхан Мұртазаның редактор болып келген кезі. Ол кезде қазіргідей «бас редактор» деген лауазым емес, қарапайым ғана «редактор» деп жазылатын. Шер-Ағаң баяғы «Лениншіл жас» газетіне Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова сияқты талантты жастарды республиканың түкпір-түкпірінен жинаған тәсіліне қайта салып, жан-жақтан кілең «жаз­ғыш» журналистерді жұмысқа шақыр­ды. Алғашқы лекте Қайнар Олжай бар. Бізді Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде істеп жүрген кезімізде қыз­метке шақырған. Ержұман Смайыл редакторға ертіп кірді. Таныстырды. Тап сол сәтте Қайнар Олжай да кабинетке кірген.
– Мына жігітті білесің бе?
Шер-Ағаң мұрты тікірейіп Қайнарға қарады.
– Білгенде қандай!
– Жақсы журналист пе?
– Нағыз бізге керек журналист!
– Жазуы қалай?
– Тастай!
– Алайық па?..
Шер-Ағаң Қайнардың «ойбай-ау, бұл жігітті алмағанда..» деген сөзін бітіртпей, менің өтінішіме шиырлата қолын қойған. Сөйтіп жатып, «Егер сен айтқандай болмаса, екеуің де қоса кетесіңдер!» деп бұйыра сөйледі.
– Кепілдік берем, Шер-Аға!
– Ендеше мына арыздың астына солай деп жаз!
Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты Шерхан Мұртазаның алдында Қайнар Олжайдың кепілдігін алғанбыз. Қаһарлы басшыдан еш қаймықпай, қойған сұрақтарына нақпа-нақ жауап беріп, біз үшін «кетуге» де әзір екенін білдірген Қайнекеңнің қайсарлығына сүйсінген едік.
«СҚ-ның» сірескен сеңін Шер-Ағаңның бұзғаны анық. Сеңді сетінетуге Қайнар Олжайдың септігі тигеніне куәміз. Ол заманда редакцияда күн сайын өтетін ілездемеде тек үлкен кі­сілер, бөлім меңгерушілері ғана сөй­лейтін; нөмірге екі адамнан кезекші болатынбыз, бөлім меңгерушісі болмай қалғанда ғана бірлі-жарым қосалқы кезекші болған жастар жағына сөз тиетін. Қайнар ғана оқтын-оқтын тың идеялар айтып қалатын.
– Осы мен біраз жас жігітті жұмысқа алған сияқты едім, – деп Шер-Ағаң бір күні жауар күндей күркіреді. – Қайда солар? Бар ма? Жоқ па?.. Бар болса, неге үндері шықпайды?..
Жастар жағы үнсіз қалдық. «Бұл мүмкін емес нәрсе ғой… Бөлім меңге­рушілері тұрғанда, өле алмай жүрміз бе?..».
– Әлде, қорқасыңдар ма? Жүректе­ріңнің отын алып қойған ба, немене? Неге сөйлемейсіңдер?..
Шер-Ағаң одан сайын қаһарланды.
Суырылып Қайнар шықты. Қадау-қадау ойларын ортаға тастады. Бұғынып отырғанбыз. Мұзжарғыш кеме секілді Қайнар Олжай салып берген сең-сеңнің арасынан біз де үн қаттық. Басында құмығып, біртіндеп құнығып сөйлеуді шығардық. Сексен жылдық сеңді бұзуға Шер-Ағаң да ылаж таппай жүрді ме екен, біздің сөйлеуімізді күткендей реформаны бастап кеп жіберді.
Бұл туралы «Шерхан МҰРТАЗАНЫҢ «Егемендегі» ерліктері» деп әлеуметтік желіге жазыппыз:
1. «Социалистік Қазақстан» деген атау­ды – «Егеменді Қазақстанға» ауыс­тыр­ды. Шер-Ағаңның өзі ұсынған атау – «Азат Қазақстан» болатын. Орталық комитет «Кімнен азатпыз?» деп отыр­сыздар» дегеннен кейін «Қа­зақстан» нұсқасына тоқтағанбыз. Жауапты хат­шы Жанат Елшібек газеттің жаңа лого­типін әзірлеп те қойған-ды. Аяғында «Егеменді Қа­зақстан» болды. «Ді» дегенді Әбіш Ке­кілбайұлы алдыр­тып, «Егемен Қазақ­стан» атауымен шығып келеді…
2. Шер-Ағаң Бас редактор болғанша газеттің шығу деректеріндегі ай аттары орысша нұсқада болды. Қазақша ай атауларын бір күнде газеттің маңдай­шасына жаздыртты. Апрель айы – «көкек» деген ежелгі атауымен шық­қанда Орталық партия комитетінен «Ле­ниннің Апрель тезистері» деген еңбегін «Көкек тезистері» деп жазамыз ба? Көкекті – Сәуірге өзгертіңдер» – деген пәрмен келді.
3. Бір күнде «ов» және «ев» дегенді алып тастады. «Мен – Шерхан Мұрта­заев емес, Шерхан МҰРТАЗА болғым келеді» деді. Бас редактордың алғауымен бәріміз осы үрдіске көшіп кеттік. Тек Аян Нысаналы ағамыз мақаласының соңына «Аян» деп қана қол қойып жүрді. «Әкесінің аты өзіне керек болмаса, солай-ақ жүре берсін» деген еді Шер-Ағаң.
4. Шер-ағаң редакцияның кадрлық корпусын жастармен толықтырды. Компартия мен Жоғарғы Кеңестің және үкіметтің органы ретінде шығып келе жатқан газеттің басшылық құра­мындағы орта жас – 60-65-ті құрайтын. Әр аймақта жүрген жастар жұмысқа тартылды. Жас журналистерге үлкен сенім артты, әрдайым қолдап отырды.
5. Сол тұста КСРО кәсіпорындарында демократия өрістеп, балама жолмен сайлау үрдісі басталған болатын. «Егеменді Қазақстан» газетінің редак­циясында 15-ке жуық бөлім болатын. Солардың бәрін ірілендіріп, 5-6 бөлім жасады. Бөлім редакторы қызметіне демократиялық жолмен ашық сайлау өткізілді. Ақпарат бөліміне – Қайнар Олжай, Руханият бөліміне – Аян Ны­саналы, Заң бөліміне – Нури Муфтах, Саясат бөліміне – Рысбек Сәрсен­байұлы, Экономика бөліміне – Нұртөре Жүсіп ашық дауыспен сайланып, бәрі бірден редакциялық алқа мүшесі болды.
6. Газетке ұлттық рух пен айрықша батылдық, әділдік пен туралық әкелді. Сын мен өткірлікті күшейтті. Тайраң­даған талай шенеунік газет сынына ілікті. Ресми газетке жан бітірді.
7. Бас редактордың өзі тілшілерге жазу үлгісін көрсетті. «Бір ауыз сөз» деген жаңа айдар арқылы талай нәрсе жазды. Сол «Бір ауыз сөз» кейін «Бір кем дүниеге» айналды».
Осындайда еске түседі. Алматыға Борис Ельцин келетін болды. Шер-Ағаң, Қалтай Мұхаммеджанов, Қайне­кең төртеуміз қазіргі Байбек отырған ақүйге бір көлікпен бардық. Қайтарда Тұманбай Молдағалиев ағамыз мінетін болды да Қайнар сыртта қалды. Сонда Шер-Ағаң:
– Мына тұрған Олжае-е-в!
Қала берсін қол жайып! – деп бір ауыз өлең шығарған еді…
Шер-Ағаңның сенген шәкірттерінің арасында ең сергек, жазуға келгенде жебедей, ақпаратқа салғанда автоматтай ағып тұрған журналист – Қайнар Олжай еді!

3. ҚАҒЫЛЕЗДІК
Қайнекең – өте қағылез. Жеңіл тұрады, жеңіл жүреді. Кәсіби журналист жағдай талғамайды. Дабыл қағылса, дамбалдың бауы байланбағанына қарамайды. Ытқып бұйырған көлікке мінеді, жүйткіп діттеген жеріне жетеді. «Егеменде» жүргенде «Қор емес, қорған болсын!» деген мақаланы жазуға солай аттанды. Көз алдымызда. «Әлімжеттікке шыдамай, әскерден қашып келдік» деген жас сарбаздардың жанайқайына құлақ түрген. Қайнардың қай жазғаны болсын, дереу биліктің көзіне ілінеді. Мақала шыққан бетте Президент пен Үкімет аппараты арнайы комиссия құрып, комиссия төрағалығына сол кездегі мемлекеттік кеңесші Юрий Хитринді, мақала авторы Қайнар Олжайды комиссияға кіргізген. Одақтың Қорғаныс министрлігіне дейін барып, қорғансыз жандарға қорған болды.
Әр сапардан «бірдеңе» табады. Мәскеуде қорғаныс округының бас­шысы отырған ғимараттың ішінде Берия қамалған бункердің барын біледі. «Берия атылған бункер» деген тамаша мақала жазды.
«Курск иініндегі бұл қай шайқас?» деген мақаласына КСРО Қорғаныс министрі Дмитрий Язовтың өзі тікелей жауап қайтарған. Қорғаныс ми­нистрінің қаймана қазақ журналисінің көтерген мәселесін назарға алуының өзі Қай­нардың не жазса да «дәл ондыққа» тигізіп жазатын сұрмерген­дігіне дәлел.
Ақпарат бөлімі дегенді былайғы маңғаз бөлімдер менсіне қоймайтын. «Е, барып кел, шауып келдің бөлімі ғой» десетін. Қайнар «Егеменнің» ақпарат бөлімін алдыңғы қатарға шығарды. 1987 жылы Арменияның Спитак қаласында жер сілкінісі болды. Қазақ журналисінің оқиға болған жерге сұранып баруы қазақ журналистикасының тәжіри­бесінде жоқ. Қазақстан тарапы қиналған елге қол ұшын созған. Үштөбеден шығатын қазақы киіз үй вагондап жіберіліп жатты. Соның бәрін армяндар пайдаланып жарытпаған. Киіз үйді қалай тігуді білмегендіктен бе, әлде «ақшалай көмек болмаған соң, ағашың мен киізіңді қайтейік» деді ме, Спитакта болған сыныптас досымның айтқанына сенсек, бәрін отқа жағыпты…
Қайнар бара салып, Спитак пен Ленинаканда болған табиғат апаты туралы күн сайын телефон арқылы ақпарат жолдайды. «Айтып келмеген апат» деген репортаждар циклы солай туған.
Мемлекет басшысының ресми сапарларында газет журналистерінің алдыңғы сапында Қайнар жүрді. Сол жолжазбалардың жиынтығы «Пре­зидент пырағы» деген тамаша кітапқа айналды. «Жүргенге жөргем ілінеді», «Журналисті аяғы асырайды» деген мәтелдер баршылық. Қайнекең Лондон, Сан-Франциско, Берлин, Бейжің, Париж, Стокгольм, Стамбұл, Венеция, Иерусалим, Сиан, Дубай, Мәскеу, Вена, Сеул, Киев, Копенгаген, Будапешт, Ескишехир қалаларына табан тигізді. Бұларға Қазақстандағы Үстірт, Алтай, Сырдария, Жайық, Тобыл, Тараз, Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды сияқты толып жатқан өңірге жасаған сапар­ларын тағы қосыңыз. Жер шарының талай нүктесін армансыз шарлаған қазақстандық бір журналист болса, соның бірі де бірегейі де – Қайнар Олжай.
Сол тұста Қайнар бірде Тәжік­станнан, бірде Ауғанстаннан бұр­қыратып жазып жататын. Барған жерінен жөргем ілмей қайтпайды. «Пәранжасыз Пәкістан», «Лондонның қаймағы мен қаспағы», «Тас орманның тасасында» деген жолсапар очерктерін деміңізді ішіңізге тартып отырып оқисыз. «Таулар теңселгенде», «Мар­шалды жұтқан жалын», «Еліне өкпелеген етікші», «Даланың соңғы диуанасы», «Байқоңыр бәйшешегі», «Енесайды емген ел», «Қайраңдағы қайық», «Қарқаралыдағы қалтқы», «Шырақ соңындағы сұрақ», «Қаламы бар, қағазы жоқ», «Тас орманның тасасында» дегендей мақалалар жазған-ды, тізе берсек, тек Қайнекеңнің мақала тақырыптарының өзі бір тарау болар еді…
Осы күнгі журналистер не жазарға, не қоярға тақырып таба алмай қиналады. Сондайларды «Қайнар Ол­жайдың мектебінен бір өткізіп алса, шіркін!» дейсің кейде. Фейсбуктегі «Қайнар Олжайдың сабақтары» атты парақша бір факультеттің жүгін арқалап келеді.
Ешкімге беймәлім батыр Бақтораз Бейсекбаев туралы алғашқы мақаланы жұрттың алдын орап, Қайнар Олжай ғана жазды.

4. ҚҰНТТЫЛЫҚ
«Егеменде» қызмет еткен жылдары қағазға, жазған-сызғанға, архив жинағанға өте құнтты екі адам болды. Бірі – Нури Муфтах, екіншісі – Қайнар Олжай. Жақында әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазғанын оқыдым:
«Үш айда 600 беттік, әр бетіне үштен сегізге дейін суреттер кірген, бәрінің түсіндірмелері бар, кей тұсы өлеңмен өрілген электронды көрсетілім альбом жасап шықтық. Басынан аяғына дейін өзі айналып шыққанда тура 1 сағат 30 минутқа созылады. Үш бөлімнен тұрады, әрбірі 30 минуттан. Өміріміздің кейінгі ширек ғасыры қамтылды. Туыстар, курстастар, қызметтестер, көзкөргендер, жолай жолыққан жаңа таныстар тегіс кірді. Ағаш та күзеппіз, соғым да сойыппыз, қонақты да армансыз шақырған екенбіз. Балалар үшін қаншама мереке ұйымдастыр­ғанбыз! Анамызға, апамызға ас бер­геніміз, ауылға, Семейге сағынып барғанымыз, ұлды үйлендіріп, қызды ұзатқанымыз, кенженің тұсауын кесіп, екінші қызды мектепке апарғанымыз, кітабымызды таныстырғанымыз, тіпті атқа мініп, итті шанаға жеккеніміз бәрі-бәрі ұмыт қалмаған. Бергі жиырма жылда сапарда болған жерлеріміз түгел қамтылды. Әлемнің Лондон, Сан-Франциско, Берлин, Бейжің, Париж, Стокгольм, Стамбұл, Венеция, Иеру­салим, Сиан, Дубай, Мәскеу, Вена, Сеул, Киев, Копенгаген, Будапешт, Ескишехир және басқа, өзіміздің Үстірт, Алтай, Сырдария, Жайық, Тобыл, Тараз, Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды және басқа аймақтарында ізіміз қалыпты. Өмірден өткен Әзілхан Нұршайықов, Әбіш Кекілбай, Қадыр Мырза Әли сынды, алыстағы Мұхтар Мағауин, әзірбайжан жазушылары Анар мен Эльчин, әлгі Михаил Саака­швилидің анасы Гули ханым, жерлесіміз Бәри Әлибасов сынды біртуарлардың қасында тұрған сәттеріміз де бар. Шархандай қырық жылғы достары­мыздың арманы жоқ екен, кемінде алты-жеті жерде жүр. Серік Абас шахтың үйленгенге дейінгі және одан кейінгі бірнеше сәттері де бар. Жа­нымыздан қалмайтын Әлімжанның әр кездегі сұлу сәттері сақталыпты. Аман Сейітхан бауырымыз да солай. Өздерінде бұл суреттер болмауы да бек мүмкін. Екі жарым мыңннан астам суреттің екі мыңға жуығын қағаздан қайта цифрлы форматқа көшірдік. Бүгін нүктесін қойдық, соңғы бетін көркемдедік деп шештік. Өйткені осы электронды альбом жасалып жатқанда басқа жұмысқа қол жүрмеді. Жазбадық. Ал қаншама жазба «мені, мені» деп анталап тұр десеңізші. Бірақ, иісі қазақта дәл осындай өмірбаяндық альбомды әлі ешкім жасай қоймағанына кепілміз. Бастапқы екі сурет альбомның қалай жасалғанынан хабардар етеді».
Қайнекеңнің өзінен артық қайтіп жазайын?! Міне, құнттылық үлгісі. Бұған саяжайдағы жеміс ағаштарын күтіп-баптауы, тосап қайнатып, дастар­ханды жайнатып қоятын ерекше қабілетін тағы қосыңыз.
Басқа қазақты қайдам, Қайнекең денсаулықты сақтау, күту мәселесіне де құнтты. Бірде әлеуметтік желіге бел жаттығуларын қалай жасайтынын қойған екен, соған қызығып белімізді бұраңдатып байқағанбыз.., желігеміз деп бір апта белімізді ала алмай қалғанбыз…

5. ҚҰШТАРЛЫҚ
Адамда құштарлық деген сезім болады. Қайнар Олжайды журналис­тикаға алып келген нәрсе – сол құш­тарлық. Брежневтің заманында «Қа­зақстандағы қой санын 50 мил­лионға жеткіземіз» деген ұран көтерілді. Семей облысы Шұбартау ауданының жастары «қойшы боламыз» деген бастама көтерді. Сол бастамаға ілесіп, Қайнар Олжай да «Кең өріс» комсомол-жастар бригадасында қой бақты. Қой соңында жүрсе де қолынан кітап түспеді. Қай­некең тек қой бақпапты, ой да бағыпты. Республикалық газет-журналдардың қырындысына дейін оқиды. Бұл туралы белгілі журналист, ғалым, қазір Қа­зақстан Президентінің Баспасөз қыз­метінде жауапты қызмет істейтін Ба­уыр­жан Омарұлы «Кең өріс» деп ата­латын көркем эссесінде керемет жазды. Сондықтан бұл жағынан Баукеңе теңесе алмайтынымызды мойындау керек.
Алматыға «қызға деген құштарлық» әкелді ме, ол жағын бір Алла мен Қай­некеңнің өзі біледі, біздің білеті­німіз: таразы басына тартса, қағазға, оқуға, жазуға деген құштарлық басып кете­тіндей көрінеді де тұрады…

6. ОЙЛЫЛЫҚ
Ойлы жанға – ой серік.
Баукеңнен бір цитат алмасқа бол­мады.
«Ол «Лениншіл жастың» Қарағанды, Жезқазған, Целиноград облыста­рындағы меншікті тілшісі болып қызмет істеп жүргенде мақаласын жазар ал­дында Қарағанды мен Теміртаудың арасына бес минут сайын қатынайтын автобусқа мінетін. Автостансаға келіп, жиналған адамның соңына кезекке тұрады. Теміртауда ешқандай шаруасы жоқ. Алдымен бір нәрсені көріп, көңілге түйіп алады. Қойын дәптерде бәрі де жазулы. Автобусқа тек ойлану үшін ғана мінеді. Артқы орындықтардың біріне жайғасады. Өйткені көліктің артқы бөлігі жылы болады. Теміртауға бар­ғанша, жаңағы мақаланың тақырыбын да табады, құрылымын да жобалайды. Тағы да кезекке тұрып, автобусқа мініп, кері қайтады. Мақаласын жол бойы миына жазып келеді. Енді тек қағазға түсірсе болғаны. Ол кезде жазу ма­шин­касы жоқ. Қолмен жазады. Сөй­т­іп, оның көптеген мақалалары Қараған­­ды — Теміртау жолында сұлбаланды. Сол үрдісті күні бүгінге дейін ұстанып келеді. Мақалалары мен тележобалары миында әбден түзіліп біткен соң ғана жарыққа шығарады. Ең сенімді ой сақтағыш қоймасы — өзінің миы. Адамның ми құрылысына қарап, компьютер бағдарламасын ойлап тапқандардың ұлылығына бас иеді».
Бір сөз қалып қоймасын: Қайнар Олжай – туған тіліміздің шынайы жанашыры. Шырақшысы десе де, қарауылы десек те болады. Бұрын­ғылардан Бекболат Әдетов ағамыз тіл тазалығына алабөтен жанашырлықпен қарайтын. Қазір Қайнар – тілсүзгіш. Қатені, қисық сөз, қиғаш сөйлемдерді назарынан қалт жібермей, дер кезінде түзетіп отырады. Оның теле, радио, баспасөз және әлеуметтік желідегі өресіз сөз өрімдеріне қарсы қандай қуатты майдан ашқанын ел-жұрт тегіс біледі.
Қайнар Олжай – ой қуған адам. Анатолий Аграновскийдің «Хорошо пишет тот, кто хорошо думает» деген сөзі бар еді. Біздің Қайнар ағамызға қаратып айтылғандай.
Фейсбукте «Астанадан Алматыға дейін автобуспен» деген жазбасы жұртты қызықтырып, алтыншы бөлім, жетінші бөлім дегендерді асыға күтіп отырған жұрт көп.
Олжай ой соңында сапарлап барады. Ой да, той да таусылмасын!
– Қой, мен неғып отырмын… Қайнар Олжайдың жазбасын қарайын! Осымен тамам!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*