Мен Bolashaker емес, Kelesheker-мін

7396
8
Бөлісу:

Тоқтар Әлімбеков – Шымкент қаласындағы Chaplin’s компаниялар желісінің негізін қалаған жас кәсіпкер, U:projects әлеуметтік жобасының авторы. АҚШ-та алған білімін туған қаласын дамытуға жұмсап жүрген Тоқтар бүгінгі материалда «инженер боламын» деген бала арманынан неге бас тартқанын, «шымкенттік» болғаны үшін қандай дискриминацияға ұшырағанын, «алып қашудың» неге ескірген стереотип екенін және Гарвардқа оқуға түскен бірінші шымкенттікке өз атынан қандай сый дайындағанын айтып берді.

Мен – шымкенттікпін!

Мен әңгімемді өзімнің Шымкенттің тумасы екенімді айтудан бастағым келеді. Әйтпесе, АҚШ-та көп нәрсеге «шыдауға» тура келді. Ондағы қазақстандықтарға «шымкенттік» екенімді айтуға ұялатынмын. Өйткені Америкада қара нәсілділерге, ал Қазақстанда Шымкенттіктерге қатысты дискриминация бар. Мұны АҚШ-та жүріп, сондағы отандастарымыздың тарапынан да, елімізде басқа қалаларда оқып, жұмыс істеу кезінде де байқау қиын емес. Қазір туған қаламды өзгертуге күш салып жатырмын және шымкенттік екенімді мақтан тұтамын.

Иллюстрациялық фото.

«Уәдесінде тұрмаған» Алматыдан-Тәуекелі басым Америкаға

Қаланың өзінде туып, осында жетілдім. Қазақ-түрік лицейінің түлегімін. Сабақты барынша жақсы оқуға тырыстым. ҰБТ-да жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, «Алтын белгі» иегері атандым. Америкаға оқуға түсуді бұрыннан армандайтынмын. Бірақ отбасылық жағдайларға байланысты, жоғары білім алуды Алматыда бастауыма тура келді. 10-сыныпта жүргенімде, KIMEP университетінің өкілдері маған грант ұсынып, оқуға шақырды. Сондықтан мектепті бітірген соң, Алматыға жол жүріп, аталған оқу орнын таңдадым. Дегенмен мені арнайы шақырған университеттегі білімім небәрі үш ай ғана жалғасты. Күзде білім ордасы маған толық грант бере алмайтынын, тек оқу ақысына 50 пайыздық жеңілдік жасайтынын хабарлады. Білімге аса жауапкершілікпен қарап, еңбекпен оқыған балаға бұл жаңалық ауыр тиді. Мектепті үздік бітіре тұра, ата-анамның қаржысын жұмсап, оқығым келмеді. Қараша айындағы демалыста үйге келіп, ата-анамды «оқудан шығып, Америкаға жол жүрейін» деп көндірдім. Ол кезде ойға алған мақсатым орындалатынын дөп басып айту қиын еді.  Үлкен тәуекелді арқалап, АҚШ-та тұратын досымның қасына қосылдым. Жарты жыл бойы жоғарғы оқу орындарын қарап, ізденіп, ұзақ дайындалдым. Құжат тапсырған оқу орындарының ішінде 10 университеттен шақырту алдым. Оның 5-7-сі грант ұсынды. Салыстыра келе, ең көп шәкіртақы мен жеңілдіктер ұсынған университетті таңдадым.

Фотоға түсірген: Динара Тілеубек.

Кәсіпкерліктің жаңа бағыты қызықтырды

Мичиганда 30 мың студенттің арасында жалғыз қазақ студенті болдым. Бұрын барлық қазақстандықтар сияқты экономист не маркетолог болармын деп ойлайтынмын. АҚШ-та бастапқы екі жыл жалпы пәндерді оқытады. Үшінші жылы ғана мамандық таңдайсың. Алғашқы жылдары Америка философиясы мен тарихынан дәрістер алып, олардың кәсіпкерлік саласындағы тәжірибесін ұната бастадым. Дәл сол уақытта кәсіпкерлікті жаңа бағытта оқытатын тренд басталды. Ол материалдық құндылықтарға негізделмеген кәсіпкерлік формасы туралы білімді қамтыды. Бұл маған қызық көрінді де, кәсіпкерлік жолындағы ізденісім басталды. 2016 жылы оқуымды тәмәмдап, Шымкентке оралдым.

Фото Тоқтар Әлімбековтың жеке мұрағатынан алынды.

KIMEP-те алғашқы үш айда барлығы бізге «Оқысаңдар, сендерді Big4 компанияларына жұмысқа алады» дейтін. Адам жетістігін осындай шектеулі формада ұсыну маған ұнаған жоқ. АҚШ-та студенттерді «Сендер кәсіпкер болып, өзгелерге жұмыс бересіңдер» деп тәрбиеледі. Тәлімгерге талпынатын меже белгілеудегі айырмашылық та – осында.

Инженер болуды армандадым

5-6 сыныпта инженер болғым келетін. Еңбек сабағында балалар ағаштан ұсақ бұйымдар жасаса, мен қолдан ұшақ құрастыратынмын. Оның ұшқанын армандадым. Бірақ ол кезде ұшақты көкке көтеретін қажетті бөлшектер де, оларды дұрыс жинайтын арнайы білімім де болмады. Дрондар қолданысқа енбей тұрып, алтыншы қабаттағы пәтерімізден кілтті жерге алып түсетін құрылғы жасауды қаладым. Қазір бұл іске жұмыс есебінде емес, қызығушылық деп қараймын. Өз уақытында мен елімізде дамымаған бұл саланың соңынан қуа алмадым. Қазір де кәсібімді тастап, инженер боламын дей алмаймын. Кейінірек менің бала күнімдегі сияқты арманы бар жеткіншектерге арнап мектеп ашармын…

Фотоға түсірген: Динара Тілеубек.

Мүмкін мен осы жүйенің құрбаны шығармын…

Барлық бизнес әдебиет негізінен Америкада жазылған. Олар сол елдің нарығына, америкалық мәдениет пен адамдарына бағытталған. Онда 18 жастан кейін үлкен өмір басталады. Еркіндік пен мүмкіндік көп. Бір саланы қатты жақсы көріп, үздік болсаң, жетістікке жетесің. Мысалы, мен инженер болуды армандап, қолдан ұшақ құрастырған бала күнімде Америкада тұрсам, есейе келе 100 пайыз инженерлік факультетке тегін оқуға қабылданар едім. Өйткені онда баланың қызығушылығы мен құштарлығы қатты бағаланады. Ал Қазақстанда қайда түсер едім? Сондықтан Америкада «Арманыңа ер!», «Ойлар шындыққа айналады» деп көп жазады. Бізде бір жолдың соңынан еру қиын. Үнемі жаңа жағдайларға бейімделу қажет. Нарық бізге емес, біз нарыққа жұмыс істейміз. Бес-он жылда қай саланың өзектілігі артатынын шамалап, соған қарай бағыт алу маңызды. Арманның орны бөлек әрине, бірақ сұраныстың аты – сұраныс. Мүмкін мен осы жүйенің құрбаны шығармын. Бірақ өкінбеймін. Қазір тек кәсіпкерлікпен емес, қоғамды өзгертуді мақсат тұтатын әлеуметтік жобалармен айналысамын.

Біздің балаларымыз парашютист атануды қаласа, парашютист болатын қоғам құрғым келеді.

Отандық кітаптар жазылса…

Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ағылшын тіліндегі үздік 100 кітаптың қазақ тіліне аударылып жатқаны қуантады. Мұның өзі – үлкен үлес. Мәселен, Шымкентте орыс тілінде оқымайтын адамдар бар. Олар үшін бұл кітаптар талпыныс сыйлайды.

Ендігі кезекте, «Неге Қазақстанда аталған тақырыптарда отандық кітаптар көптеп жазылуы керек?» деген сұраққа жауап берейін. Елімізде өз күшімен жетістікке жеткен адамдар өте аз. Жекешелендіру кезінде барлығын сатып алған азаматтарды есепке алып отырған жоқпын.Нарықты ішінен білетін кәсіби мамандар өз саласы бойынша тәжірибесімен бөлісіп, еңбегі жергілікті халықтың ерекшелігін ескеріп жазылса деймін. Мысалы, мен әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша көп нәрсе айтып,Шымкент қаласында бұл бағытта қалай жұмыс істеуге болатынын түсіндіре аламын. Біреу маркетинг туралы білімімен бөлісуі мүмкін. Қазір де отандық кітаптар жазылып жатыр. Бірақ әлі де «Қалай миллионер боламыз?» деген сияқты  жалпылама тақырыптар қамтылып жүр.

Фотоға түсірген: Динара Тілеубек.

Біз жоғарыда сөз қылған бизнес әдебиеттің нәтижесі де жоқ емес. Қазір «Кітап оқыдым, идеяны жылдам жүзеге асыру керек екен. Мен күні ертең бизнес ашқым келеді» деген жастарды жиі ұшыратамын. Арасында мектеп оқушылары да бар. Менен кеңес сұрай келген ондай жастарды білім алуға кейін қайтарамын. Ол қазір математиканы оқып, сауатты жазуды үйреніп, тарихты жақсы білуі керек. Өйткені негізгі білімсіз, қызығушылық пен құштарлық тез жоғалады. Көрдіңіз бе, мұның бәрі – америкалық кітаптардың әсері. Сондықтан өзіміздің менталитетке сай кітаптар жазылса, қандай жақсы болар еді.

Коммерцияның барлығы – кәсіпкерлік емес

Шымкентте базарда шемішке сатуды да, зауыт жұмысын жүргізуді де бірдей бизнес деп түсінеді. Адамдар үшін бизнес мамандық емес, ол – қосымша қаржы табу көзі. Менің әр салада негізгі қызметі бар достарым «Бизнес ашу керек еді» деп жиі айтады. Бизнесті көп күш салмастан тұрақты пайда алып тұратын мүмкіндік көреді. Олай жасауға болмайды. Өйткені бұл қаланың жалпы дамуына, оның келбетіне әсер етеді.

Бір азаматта артық он миллион болса, ойынхана ашады. Бірақ ғимараттың қала көркіне ықпал ететін сыртқы дизайны, жобаның философиясы мен оның әлеуметтік бағыты кәсіп иесін қызықтырмайды. Пайда тапса болды. Көшедегі самсахана, азық-түлік дүкендері де осы қатарда. Мұның бәрі жақсы да шығар. Бірақ бұл – кәсіпкерлік емес, коммерция.

Кәсіп бастайтын адамның оқығаны дұрыс. Білікті азаматтармен ақылдасып, жоспар құрып, жеке ісін өте жақсы деңгейден бастауға тырысу керек.

Менің алғашқы жобам – Barber shop. Қолымнан шаш қию келмейді. Бірақ бұл іс қолынан келетін адамдарды жинап, міндеттерді үлестіре аламын. Бірақ мен бұл қабілетті меңгеруге төрт жыл уақыт жұмсап, арнайы оқығанымды еске салғым келеді. Осы төрт жылда басқа азамат шаш қиюды үйреніп, нағыз маман болып қалыптасып, ұқсас кәсіп бастауына болады.

Менің ойымша, кез келген адам кәсіпкерлікке үйрене алады. Абай «біреуді өзгертуге болмайды деген адамның тілін кесер едім» деген.

Кәсіпкер – өзгерістер жасағысы келетін арманшыл адам. Оқып, табандылықпен, еңбекқорлықпен қараған адам нәтижеге қол жеткізеді.

Қызметкерлерге құндылық сыйлау керек

Америкада кофе дайындауды жақсы көретін, осы іске бәлкім бүкіл ғұмырын арнайтын баристалар бар. Мұндай қызметкерлерді компания бір табыспен ғана ұстай алмайтыны белгілі. Сондықтан жұмыс беруші оларға қандай да бір құндылық сыйлауға тырысады. Онда өмір бойы етік жөндеуден жалықпаған адам ел Президентінен де құрметті болуы мүмкін. Мысалы, мен Barber shop қызметкерлеріне «Сен қиған әрбір шаш қаланың дамуына үлес қосады» деп айтамын. Ол шындығында солай. Мен кәсібімнен түскен пайданың бір бөлігін әлеуметтік жобаларға жұмсаймын. Кейіннен қол жеткен нәтижелер мен оң өзгерістерді шаш қию шеберлеріне көрсетіп, бұл үлкен іске өзінің де үлес қосқанын еске саламын. Қызметкерлерімді серіктестер деп атаймын. Айдың соңында өз пайдама қараудан бұрын, солардың табысына көңіл аударамын. Оларға үнемі өз кәсібін ашуға, қаржы жинауға мотивация беремін. Бізде де Америкадағы сияқты өз ісін шексіз сүйетін және содан ләззат алатын адамдар қалыптасуы керек.

Фотоға түсірген: Динара Тілеубек.

Мен АҚШ-та неге қалмадым?

Біріншіден, мен АҚШ-қа қайта оралу үшін кеткенмін. Екіншіден, мен – патриотпын. Мемлекетті емес, Отанымды сүйемін. Тарихымызды, мәдениетімізді жақсы көремін. Америкаға жол жүрер алдында, бір ағам Қаныш Сәтпаевтың Уинстон Черчильмен кездесуін баяндап берген еді. У.Черчиль Қаныш Сәтпаевтан: «Қазақстанда барлық адамдар сен сияқты ұлы ма?» деп сұрағанда, ол «Мен – ең қарапайымымын» деп жауап берген. Меніңше, адам көп білген сайын, халықтың алдындағы жауапкершілігі арта түседі. Осындай ойлармен Америкаға аттандым. Онда қалуға мүмкіндігім де болды. «Болашақ» бағдарламасымен оқыған жастар сияқты мемлекет алдында қарызым да жоқ. Бірақ мен қайта келдім. Мен – kelesheker-мін.

Фото Тоқтар Әлімбековтың жеке мұрағатынан алынды.

Қазақстанда «Болашақ» стипендиясының иегерлерін ерекше көру, оларға басымдық беру байқалады. Мысалы, Америкада Болашақтықтар жиі бас қосатын. Оларға арнайы дәрістер де, жиналыстар да, қайырымдылық балдарына қатысу да қарастырылған. АҚШ-та оқып жүрген «Болашақ» шәкіртақысына қатысы жоқ қазақстандық достарым бірде Вашингтонда өткен студенттермен кездесуге барып, көңілі қалғаны бар. Достарымның айтуынша, Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің өкілі Америкада жүрген «Болашақ»-қа қатысы жоқ жастарды «жалқау, сыраханада уақыт өткізетін, елге қайта оралғысы келмейтін азаматтар» деп сипаттапты. Шын мәнінде, шетелдегі оқуынан дәл сол болашақтықтар көп қайтпай қалады. Бірақ аталған оқиғаға, шетелдегі болашақтық емес қазақстандықтарға қатысты қарым-қатынасқа Президентті де, «Болашақ» ассоциациясының басшысын да кінәламаймын. Бұған жүйе кінәлі. Атқарушы азаматтарға «Болашақтықтардың қарны ашпасын!» деген тапсырма берілсе, олар басқа ештеңені ескермейді. «Шетелде стипендиант емес өзге балалар да бар-ау, қайта оларды жақын тартып, Қазақстанға қайтаруға тырысу керек» деп ойламайды. Ең бастысы, тапсырма орындалса болды. Осы оқиғалардан кейін АҚШ-та мемлекеттік шәкіртақысыз, өз күшімізбен оқып жатқан жастар өзімізді «Kelesheker»-лер деп атай бастадық.

Шетелде жүрген жастар тезірек елге оралса…

Мен «Болашақ»-пен оқып, сонда қалып қойғандарға өте салқын қараймын. Өйткені студенттік жылдарымда курсқа қатысу үшін құны 100 доллар тұратын кітапты сатып алуға міндеттеліп, ақша үнемдеу үшін оны 50 долларға Үндістаннан тапсырыспен алдыратынмын. «Болашақ» стипендианттарына кітап сатып алуға жылына 1000 доллар берілетін. Байқап қарасаңыз, қажет деңгейден де артық жағдай жасалған. Адам өзіне берілгенді бағалай білуі керек. Мәселен, мен, тіпті, кезінде Алматыға автобуспен барып, ағылшын тілінен емтихан тапсыруға, қалаған мемлекетіме кетуге мүмкіндігім болғаны үшін алғыс білдіремін.

2016 жылдан бастап, Шымкентте үлкен өзгерістер дәуірі басталды. Соңғы екі жылда кофехана өндірісі қарқынды дамып, қызмет көрсету сапасы, қала келбеті, мәдениет елеулі өзгерістерге ұшырады. Енді шет елде оқыған азаматтарды туған қаласына қайтару керек. Қазір біз жиі бас қосып, ой алмасатын жас кәсіпкерлердің көбі шет елде білім алып, Шымкентке оралған азаматтар. Олар пайда табудан бұрын білгенімен бөлісуге ұмтылып тұрады. Өйткені біз нарықтың дамығанын, онда жаңа бәсекеге қабілетті жастар мен кәсіпкерлер пайда болғанын қалаймыз.

Мен барлығының тезірек елге оралғанын қалар едім. Сонда біз даму табалдырығынан жылдамырақ өтіп, Америкадағы мүмкіндіктерді халқымызға сыйлай аламыз.

Америкадан қайта келгенде «бізде не деген шаң?!» деп ойладым. Ол жақта машинаны жыл бойы жумасаң болады. Қазақстанда көшенің тазалығынан бөлек, адамдардың қарым-қатынасына дейін барлығынан өзгешелік көресің. Осының бәрінен көңілі қамығып, «қайтадан АҚШ-қа кеткім келеді» дейтіндер «тым ерке адамдар» деп ойлаймын. Олар жайлы өмірге өте жылдам қол жеткізгісі келеді. Мен қаламды өзгертуге бел байладым. Қолымнан келе ме, білмеймін. Жалғыз болсам, әлдеқашан салым суға кетер еді. Жанымдағы жастармен бірге бастаған ісімізден оң нәтиже шығарына сенемін.

Фото U:projects мұрағатынан алынды. Суретте – U:projects жобасын жүзеге асырушы жастар.

U:projects қалай дүниеге келді?

Оқуымның бір бөлігін ауысым бағдарламасы бойынша Сингапурде жалғастырып жүрген мен, емтихандардан кейін Бирмаға бардым. Даму қарқынына көз ілеспейтін Сингапурдан кейін кедей, артта қалған мемлекетте болу – көп эмоция сыйлайды. Сапардан соң, Сингапурдің орталығындағы Starbucks-те отырып, Д.Қонаевтың кітабын оқыдым. U:projects жобасы туралы алғашқы ой сонда туды. Одан кейін екі жыл бойы көп нәрсе алып-қосып, Шымкент нарығын сырттай зерттеп, жобаны жетілдірумен айналыстым.

U:projects жеті бағыттан (U:create, U:talk, U:travel, U:help, U:konnect, U:patrol, U:prosper) және оларға кіретін 17 жобадан тұрады. Қазір оның 7-8-і ғана жұмыс істеп тұр. Барлығын бірден дамытуға қаржы жетпейді. Бірақ біз асықпай, бәрін кезекпен іске қосамыз. Кейін бұл жобаны бүкіл Қазақстанға таратқымыз келеді. Ол кезде, басқа қалаға пәтер жөндейтін құрылыс жасағы сияқты дайын құралдарымызбен келеміз. «Қалада қандай мәселе бар?» деп сұраймыз. Айталық, оларда музыкалық платформа болмаса, «Квартирник» жобасын ұсынамыз. Негізгі бағыттарды белгілеп, оларға қажетті құралдарды көрсетіп, жергілікті жастарға табыстаймыз. Әр қалада біздің жоба жүзеге асса, Шымкенттіктер туралы стереотиптер де жойылар еді.

«Квартирник» жобасы. Фото U:projects мұрағатынан алынды.

U:kоnnect – менің алғашқы жобам. Ол әлі іске қосылған жоқ. Негізі қаланған жобаға сәйкес, мобильді қосымша және web платформа негізінде жұмыс істейтін жүйеде тұрғындар әкімдікке шағымдары мен өтініштерін қалдыра алады. Көшеде жөндеуді қажет ететін, болмаса әкімдік назарынан тыс қалған кез келген мәселенің суреті қоса жүктеледі. Оның қаралу мерзімі, әкімдік жауабы барлық тұрғындарға көрініп тұрады. Осылай шағымға жауап берілу сапасы мен ұзақтығын қадағалай аламыз. Одан бөлек, жүйеде дауыс беру бөлімі бар. Онда әкімдік қалаға қатысты маңызды сауалдарды салып, дауыс берген тұрғындардың қолдайтынын не қарсы екенін біліп отырады. Мысалы, сізден Бейбітшілік көшесінде жүргінші жолын жасауға бола ма деп кім сұрады? Ешкім. Шын мәнінде, олар сұрауға міндетті. Енді цифрлық платформа жұмысы жолға қойылған кезде,  халық сол жүйеге тіркелуге ерінбеуі, дауыс беру кезінде белсенді болып, өздерінің заңды құқығын талап ететін деңгейге жету үшін біз оларды басқа жобалар арқылы дайындап, санасын өзгертуге күш салып жатырмыз.

Кезекті жобаны талқылау сәтінен. Фото U:projects инстаграм парақшасынан (uprojects_shymkent) алынды.

Біздің жобалар жекелеген адамның мәселесінен басталады. Яғни, мемлекеттік органдар сияқты жоғарыдан төмен қарай емес, төменнен жоғары қарай жұмыс істейміз. Мысалы, балалар үйіне бір рет барып, сыйлық үлестіретіндер көп. Ал жетімдер үйінің тәрбиеленушілерімен жұмыс жүйелілікті талап етеді. Сондықтан біз U-help жобасының аясында балалар үйінен әр жолы бір жеткіншекті таңдап, оның жанына жетістікке жеткен тұлғаны қосып, бірге уақыт өткізуін ұйымдастырдық. Бір күн бойы қыдырып, бірге тамақтанып, ең бастысы, баламен тілдесіп, оның санасында дұрыс армандар қалыптасуына әсер етуге, жігер сыйлауға болады. Бала мен тұлғаның қарым-қатынасы ары қарай да жалғасуын қамтамасыз етуге тырысамыз.

«Биле» жобасы. Фото U:projects мұрағатынан алынды.

Тағы бір қайырымдылық жобасында көзі көрмейтін балалардың жанына дені сау өзге қатарластарын шақырып, олардың көзін байлап, тең жағдайда би кешін ұйымдастырдық. Алған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені мүмкіндігі шектеулі адамдар әдетте қоғамда өздерінің басқалардан ерекше екенін ешкім байқамағанын, сездіртпегенін қалайды ғой.

Тағы бір мысал, Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдермен жұмыс істейтін кризистік орталық бар. Біз сол жерден бірнеше әйелді өзімізбен бір күнге алып кетіп, сұлулық салондарына апардық. Бетін әрлеп, әдемі шаш үлгісін жасадық. Фотосурет пен бейнежазбаға түсірдік. Онан соң, кешкі асқа шақырып, әңгіме айттық, ой бөлістік. Олар өздерін зорлық құрбандары емес, әдемі әйел сезінгендерін, жақсы өмір сүрудің қандай екенін қайта еске алғандарын қаладық. Бізде жоба ұйымдастырушыларынан бастап, өміріне өзгеріс енген, санасында сілкініс орнаған адамдардың мысалы өте көп. Сол бірден байқалмайтын кішкентай өзгерістерді көріп, алға ұмтылуға қуат аламын.

Елімізде әдетте бірінші ресми мәртебесін анықтап, қоғамдық қор не басқа ұйым есебінде тіркеліп алып, тендер алады да, кейін жұмыс істемейді ғой. Ал біз бір жыл бойы «заңсыз» жұмыс істедік. Бір ай бұрын ғана «U:projects» қоғамдық бірлестігі болып тіркелдік.

Тосын сыйлары таусылмайтын әкімдік

Біздің логотипте үш нүкте бар. Оның мағынасы терең. Үш нүкте посткеңестік елдердегі «сенімсіздік үшбұрышы» деп аталады. Онда мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы байланыс суреттелген. Бұл үш институт осы уақытқа дейін бірге жұмыс істеген жоқ. Ал олардың бірігуі ғана дамуға әкеледі. Біз осыған жеткіміз келеді.

U:projects логосы.

Мен АҚШ-тан жаңа келген кезде U:projects идеясымен әкімдікке бардым. Оларға жобаны таныстырғанымда, «керемет, бізде ресурстар, адамдар бар, бірге жүзеге асырайық» дейтін шығар деп күттім. Бірақ «Мұндай жоба бізде бар, бұл жарамайды» деген жауап алдым. Ұсынғаным мүлде жаңа формат екенін түсіндіре алмадым. Осыдан кейін жарты жыл әкімдікке кірген жоқпын. Жарты жылдан кейін PechaKucha Shymkent жобасын бастадық. Қаншама қызықты пікірі мен құнды ойы бар тұлғаларды қонақ еткен жобаны қоғам қызу қолдады. Бір жылдан кейін бізге кездесуге қала әкімі келді. Үшінші нүкте іске қосыла бастады. Олар енді ғана жобаның пайдасын, бағасын түсінді.

Шынымды айтсам, әкімдікпен жұмыс істеу көп күш пен уақыт алады. Біздің жобаның жолында кездескен мәселелердің 80 пайызы әкімдіктің «арқасында» туған. Мысалы, бізді бейнетүсірілім байқауына шақырып, «роликтерің жеңіске жетсе, 3 миллион теңге береміз» деді. Біз жастармыз ғой, сендік. Екі ай дайындалдық. Бейнеролик дайын болғанда, «байқау өтпейтін болды» деді. Ал біз ол ақшаға қандай жоба жасайтынымызды ойластырып қойғанбыз. Дәл солай қаңтардан сәуірге дейін дайындаған форум әкімдік уәде еткен ақшаның берілмеуінен өтпей қалғанда, еңбегі еш кеткен жастар тарап кете жаздады. Сондықтан аз да болса өз қаржыма ғана жұмыс істей беремін деп шештім.

«Шымкенттік» жаңа мақсат – Гарвардқа түсу

Менің Нұрмұхамед Досбаев деген досым бізге кездесуге келгенде, оның «Шымкенттіктер Гарвардқа да, Кембриджге де түсе алады» деген сөзін түсіріп алып, Инстаграм желісіне салып жібердім. Видеоның астына: «Жаңа челлендж: Гарвардқа оқуға түскен бірінші шымкенттікке Chaplin’s Barbershop-тан үлес беремін!» деп жаздым. Бұл хабарламаны мыңдаған адам оқып, оның 50-і менен «Рас па?» деп сұрады. Жақын күндері оқырмандарыма ресми бейнеүндеу жолдаймын. Онда Гарвардқа түскен бірінші шымкенттікке кәсібімнен отыз пайыз үлес беретінімді айтамын. Гарвардқа түсу өте қиын болғанымен, «Аға, мен қолымнан келгенше тырысып көремін. Шынымен бизнес-серіктес етесіз бе?» деп жазған жастарға жаңа мотивация сыйлағым келеді. Қолынан келген азаматқа бизнестен түсетін қаржы АҚШ-тағы шығындарын өтеуге үлкен көмек болады ғой.

Фотоға түсірген: Динара Тілеубек.

Шымкент туралы стереотиптер

Мичиганда іргелес қалалардан жиналған қазақ жігіттермен бас қосқанымызда, шымкенттік екенімді білген жаңа таныстарым «Шымкенттіктер мынадай-сондай. Сен оларға ұқсамайсың» деді. Бұл – сені Шымкенттен бөліп қарап, жеке адам, тұлға есебінде қабылдаудың мысалы. Одан бөлек, көп адам отырған жерде Шымкенттен екеніңді білгенде, сені назарға ілуді қоятын кездер де болады. Үш алматылық, үш астаналық және жалғыз шымкенттік отырса, оңтүстіктің баласын ойы құнды, пікірі ескерілетін адам есебінде қабылдамайды. Басқа өңір тұрғындарының санасында «шымкенттіктер – балағат сөз айтатындар, жүк тасушылар, тәртіп бұзатын жүргізушілер» деген түсінік қалыптасқан. Мысалы, Америкада қара нәсілді адам құқық қорғау қызметкерінің қолына түссе, полиция бірден оларда есірткі бар деп ойлайды. Бірақ қара нәсілділердің қатарында Президент Обама, болмаса қандай да бір мемлекеттік тұлғалар да бар ғой. Америкада құлдық дәуірінде қалыптасқан бұл санадан арылуға күш салып, күресіп жатыр. Біз де U:projects арқылы Шымкенттіктерді басқа қырынан көрсетуге, қалыптасқан кері түсініктерді өзгертуге тырысамыз.

Бізде «алып қашу» жоқ

Шымкент туралы ел ішінде кездесетін кері пікірлерді негізсіз дей алмаймын. Оған әлеуметтік аражіктің алшақтығы, білімсіздік себеп болуы мүмкін. Дегенмен Шымкент туралы қалыптасқан стереотиптердің арасында «ескірген, сенуге болмайтындары» да бар. Олардың алғашқысы – алып қашу. Қазір қалада алып қашу жоқ. Елді-мекендерде бұл дәстүр әлі де кездесуі мүмкін. Бірақ ауылды өзінде аталған рәсім қыздың ата-анасы білмегені болмаса, екі жас өзара келісіп, үйленудің осы жолын бірауыздан таңдаған кезде ғана орындалады. Менің Астанада Шымкентке келуге қорқатын құрбы достарым бар. Олар қалаға келген қызды басына қапшық кигізіп, көлікке тиеп алып кетеді деп ойлайды. Ата-аналары да осы үрейден қыздарын Шымкентке аяқ бастырмайды. Олардың арасында қызы шымкенттік азаматты сүйіп қалып, осы өңірге келін болады деп сақтанатындар бар. Басқа аймақтың ата-анасын қойып, Шымкент қаласының өзінде қыздарын шымкенттік азаматқа тұрмысқа бергісі келмейтіндер кездеседі. Себебі, қызының болашағына алаңдайтын ата-ана шымкенттік жігітте өсу перспективасы жоқ деп есептейді. Бір жағынан алғанда, бұл шындыққа да жанасады. Орта статистикалық Шымкент тұрғыны табыс табуды ғана ойлайды. Қазір біз тіршілік қамын жасау (выживание) деңгейіндеміз. Негізінде, өзін-өзі дамыту, басқа елдерге саяхаттау туралы ойланатын жаңа деңгейге көтерілу керекпіз. Тұтас халықтың мәдениетін бір жылда өзгерте алмасақ та, осы уақытта мәдени ландшафтқа елеулі өзгеріс әкелуге болады.

Біз (U:projects жобасын жүзеге асырушылар) жол салмаймыз, мектеп пен аурухана құрылысына да қатысымыз жоқ. Мақсатымыз – адами капиталды дамытуға үлес қосу.

Шымкент жөнінде жиі айтылатын келесі стереотип – білімсіздік. Біздің халықты «кітап оқымайды» дейтіндердің пікірімен келіспеймін. Үшінші танымал стереотип – шымкенттіктердің қазақ тілін қолдану ерекшелігіне байланысты. Көп адам бізді барлығын қазақ тілінде сөйлеуге мәжбүрлейді, ұлттық тіл мәселесіне радикалды қарайды деп түсінеді. Бұл да – қате түсінік.

Шымкенттіктер – ерекше халық. Еңбекқор, кәсіпке бейім, жалқаулыққа жаны қас. Ресурстарды дұрыс бағыттап, қала тұрғындарының дамуына жақсы платформа ұсына алсақ, Шымкенттен екінші Сингапур жасауға болады. Шымкенттіктер қажет болса, таңға дейін жұмыс істей алады. Ал бұл – Калифорния мен Нью-Йорк халқының да қолынан келмейтін нәрсе.

Қазір Шымкентте адамның тұлға ретінде өзін жан-жақты жетілдіруіне қажетті мүмкіндіктер әлі де аз. Әлеуметтік жобалар, бірқатар бастамалар енді аяққа тұрып келеді.

«Халыққа мемлекет балық емес, қармақ берсін» деген танымал тұжырым бар. Менің ойымша, қармақ берудің де қажеті жоқ. Әйтпесе, елге қайтпаған болашақтықтар сияқты есіріп кетеді. Дұрысы, қармақ жасауды өзі үйренетін білім берсін.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

8 пікір жазылған

  1. Нурбол 13 Қыркүйек, 2018 at 17:28 Жауап

    Ма ша Алла арманың орындалсын.Алла тағала тілегіңді қабыл етсін ин ша Алла.жақсы пікір. мотивация береди екен.басқа қалаларға тренинг жүргізуге кеңес беремін көрген білгендеріңмен

  2. Қанат 14 Қыркүйек, 2018 at 13:07 Жауап

    Асқақ рухты өзіңдей жастар барда, біздің
    халқымыз жоғалмайды. Ақжол еңбегін жана берсін. Өркендей бер, қазақ халықына қызмет ете бер.Арманыңа жете бер.

Пікір жазу


*