ӨЗ БАҒАҢЫЗДЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

520
0
Бөлісу:

«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін» дейді Мемлекет басшысы.

Қазақ жаңа ғасырдың табалдырығынан аттағалы жиырма жылға жуықтады. Ұлт ретінде бәсекеге қабілетті болу үшін әр нәр­сенің бағасы болуы керек. Тауардың, заттың, дүниенің ғана емес. Адамның да!
«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондық­тан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деген Президент сөзін терең пайымдасаңыз, әр салада еңбек етіп жүрген қазақ баласының парқы мен нарқы безбенге тартылуы қажет-ақ.
Әлеуметтік желіні тұтынушы Динара Қыдырбайқызы деген замандасымыз бір атақты орыс актерінің әңгімесін мысалға келтіріпті. Шетелдегі қымбат қонақүйлердің біріне орналасқан әлгі актер бір апта люкс бөлменің кіреберісіндегі шағын диванда түнеп жүріпті. Жайлы да сайлы бөлмесінің бар еке­нін, өзінің аяқкиім шешіп, киім ілетін кіре­берісте жатқанын кеш білген актер әуелі кү­леді. Сосын жылайды. Санын соғып, өкінеді…
Дәл осыған ұқсас бір оқиғаны Көпен Әмірбек те айтып берген. Бір атақты мүсінші сол заманда дәуірлеп тұрған бір академиктен тапсырыс алады. Үш ай табандап отырып, әлгі тұлғаның мүсінін сомдап шығады. Бір күні жасалған мүсінді көруге академик келетін болады; мүсінші әйелімен «мұны қаншаға бағалаймыз?» деп ақылдасады. «500 доллар десем, қайтеді» деп күмілжіген күйеуіне әйелі «1000 доллар дейік, берсе берер, бермесе, сол 500-ге де қанағат» дейді. Мүсін тапсырыс берген адамға қатты ұнапты. «Қаншаға бағалайсың?» дейді. Мүсінші келісілген бағаны айтады. Көмекшісі портфельден 1000 долларды суырып алып, санап береді. Арада 5-6 жыл өткенде баяғы көмекші атақты мүсіншіні кездейсоқ кездестіріп қалады. «Сол кезде біз үйден 10 000 доллар алып шыққан едік, сіз бір мың дегесін, айтқан қаржыңызды бердік. Неге өзіңіздің еңбегіңізді төмен бағалайсыз?» деп өкініш білдіреді. Мүсінші өкініштен жылап жібереді…
Осы екі оқиғадан не түйдік?
Көкірегі шемен ұлт – төмен ұлт!
Біздің қазақ бір-бірін жөндеп бағалай алмайтыны өз алдына, өз бағасын да біле бермейді. Әбден езілген, жаншылған ұлттық сананың сырқаты. Тәуелсіздік алсақ та сана­мыздың сауығуы өте қиын жүріп жатыр. Ұлт еңсесін көтеріп, елдің, мемлекеттің иесі екенін таныту үшін әр қазақ өз бағасын, өз орнын, өз қабілеті мен қасиетін білуі тиіс. Бұл – бір. Екінші, дүниенің бәрі өзгерсе де: еліміз нарықтық қатынасқа көшіп, айналамыздың бәрінде нарықтық өлшем жүріп жатқанда еңбекті бағалау – еңбекке ақы төлеу деген мәселе сол күйінде қалды; жақсы істесең де, жаман істесең де белгіленген жалақыңды аласың, адамның һәм маманның нарықтық бағасы мұндай жағдайда ешқашан айқын­далмайды.
Енді ой таразысына тартып көріңіз: қанша тұрасыз? Жалпы, өз бағаңызды білесіз бе, өзі?!.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*