АЛТЫНШЫ КҮН – АЛТЫН ЖАУҒАН КҮН

435
0
Бөлісу:

Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының алтыншы күні қазақстандықтар үшін өте ауыр өтті. Дегенмен біздің спортышлар бас-аяғы 20 медальді еншіледі. Оның бесеуі алтын, жетеуі күміс, ал сегізі қол медаль.

Алдымен Ипподромның орталық алаңында аударыспақтан бес салмақ бойынша  финалдық бәсекелер басталды. Барлық салмақта да қазақ пен қырғыз өрендері бақ сынасты. Біздің елдің намысын 60 келіде Серғазин Азамат, 70 келі салмақта Байғонов Ерназар, 80 келіде Сағынбаев Арман, 90 келі салмақта Ізбасаров Сырым және 90 келіден жоғары салмақта Қосалиев Біржан қорғады. Өкінішке орай батырларымыздың барлығы да жеңіліс тауып, күміс жүлдеге ие болды.

Қазақстандық тарап төрешілердің әділдігін сынға алып, жарыс ұйымдастырушыларына қарсылықтарын білдіргенмен, ойын қорытындысы еш өзгеріссіз қалды.

Артынша орталық алаңға Қазақстан мен Ресей Федерациясының Мәскеу аймағының көкпаршылары шығып, үшінші орынға таласты. Қазақ жігіттері солтүстік көршілерімізді 17-1 есебімен ойсырата жеңіп, қола жүлдегер атанды. Ал финалдық бәсекеде қырғыз ағайындар өзбек бауырларды 32-9 есебімен жеңіп, үйлеріне қайтарды.

Алғашқы үш алтынды тоғызқұмалақшылар қоржынға салды. Командалық сайыста ерлер құрамасы да, әйелдер құрамасы да жеңіс тұғырына көтерілді. Ал, әйелдер арасында жекелей сында Далиева Әсел көш басынан табылды.

Тағы екі алтынды самбошылардың еңбегімен олжаладық. 68 келі салмақтағы Қуанов Есет пен 82 келі салмақтағы Жарқынбаев Руслан Қазақстан ән ұранын екі рет шырқатты.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан Ұлттық құрамасы 16 алтынмен екінші орында келеді. 8 қыркүйек – ойындардың соңғы күні.

 

Асқар Беков,

Қырғызстан, Шолпан-Ата.

Бөлісу:

Пікір жазу


*