БҰЙЫРСА, ЕКІ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНАМЫН

534
0
Бөлісу:

Джакартадағы Азия ойындары бізге көптеген жаңа есім сыйлады. Жүзуден Әділбек Мусин, көркем гимнастикадан Алина Әділханова, таэквондодан Рустам Жапаров, бокстан Асланбек Шымбергенов. Тізім осылай жалғаса береді. Ал олимпиадалық спорт түрлерінен ақсап, алтын үшін айқаста есеміз кетіп жатқанда, бізге самбо мен джиу-джитсу өкілдері көмекке келді. Бұл спортшылардың Олимпиадада атой салсам деген арманы әзірге орындалмай тұр. Бірақ Азия ойындарында топтан озып, қарсыластарын қапыда қалдырды. Солардың бірі – 52 келіге дейінгі салмақта Азиада чемпионы атанған Бағлан Ибрагим. «Айқынға» сұхбат берген жас спортшы мұрнының сынғанына да қарамай, қазақ елін қуантқысы келген.

– Бағлан, жүлде құтты болсын! Сен әу бастан жарақат алып қал­ған соң, финалға жетеді деп ойламаған едік…
– Иә, алғашқы белдесуде-ақ мұр­ным сынып кетті. Қарсыласым басымен ұрса керек. Дәрігерлер дереу көмекке келді. Бірақ мен жекпе-жекті тоқтату туралы тіп­тен ойламадым. Өйткені менің артымда қалың ел тұр еді.
– Десе де, сынған мұрынмен финалға жетіп, чемпион атану оңай емес қой…
– Әрине, оңай ешнәрсе бол­май­ды. Оның үстіне, Азиада се­кілді ірі жарысты самбошылар төрт жылдап күтеді. Бәрі де жең­гісі келеді, бәрі де туын көтеруді ойлайды. Ең бірінші кездесуім моңғол балуанына қарсы өткен. Сол балуан мұрнымды сындырса да, жеңіп кеттім. Алайда қалған белдесулерде тыныс алуым қиын­дағаны рас. Білесіз бе, мұрным сын­са да жеңіліс туралы бір се­кунд ойламадым. «Артымдағы қа­лың қазақ елі маған қарап отыр, не бел, не белбеу кетеді» деген ой ғана болды. Намысты ұл болған соң, ел абыройын бәрінен де биік қойып өскенмін. Бала күнгі ар­ма­ным орындалып, байрағымызды жел­­бі­реткенім үшін қуаныш­тымын.
– Финалда да тағы бір моңғо­лиялық балуанды жеңіп, қазақ еліне алтын сыйладың. Сол кездегі сезім ерекше шығар?
– Ол кездегі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Залда адам толы, ішінде еліміздің спорт­шы­лары да демеу болып отыр. Соның бәрі рух береді екен. Финалдық белдесуде Олимпиада жүлдегері, дзюдошы Елдос Сметовтің даусын көп естідім. Ол «берілме, әдіс жаса» деп айғайлап отырды. Сол маған ерекше күш сыйла­ғандай болды. Ақтық сындағы белдесуде моңғол балуанынан жеңіліп жатып, ауырту тәсілін жасадым. Тап осы балуан жар­тылай финалда командалас ағамыз Бейімбет Қанжановты жеңіп кеткен еді. Финалда Бейім­беттің де есесін қайтардым.
– Жалпы, осы балуанды Азия чемпионатында да жеңген едің. Сол кездегі тәжірибе көмектесті ме?
– Көмегі болды, әрине. Моң­ғолияда өткен Азия чемпиона­тының финалында да осы жігіт­пен жолығып, сол қолына ауырту тәсілін жасағанмын. Ол сол қолын бермеуге тырысып, бақты. Бірақ амалын тауып, тағы да сол әдісімді қайталадым.
– Самбо спорты Олимпиада бағ­дарламасында жоқ. Көптеген балуанға осы қолбайлау болып отыр. Басқа да әріптестерің секілді, дзюдо немесе күрестің өзге түр­леріне ауысатын ойың бар ма?
– Менің ең негізгі арманым – самбодан екі дүркін әлем чем­пионы атану. Сол арманымды орындаған соң ғана басқа спорт түрлеріне ауысатын шығармын. Қазір самбошылар арасындағы орнымды сайлап алуым керек.

P.S. Оңтүстік Қазақстан облысында туылғанымен, балалық шағын Қарағандыда өткізген Бағлан Азия ойындарында ел ықыласына бөленген санаулы спортшылардың бірі. Оның намысты жігіт екенін байқау үшін кілемге шыққанын күтудің қажеті жоқ. Бағланмен шүйіркелесе кетсеңіз-ақ, оның елім деп соққан жүрегін көресіз. Жас спортшыға алар асуың биік болсын деген тілегімізді жаудырып, тарқастық.

Сұхбаттасқан
Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*