СИРИЯ соғысындағы «ШЕШУШІ» АЛАҢНЫҢ ТАҒДЫРЫ ШЕШІЛМЕЙ ТҰР

308
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Сирия мәселесін кейбір жолмен шешу мақсатында әлемдік деңгейде дәнекер болды. Сирияда жеті жылға жал­ғасқан соғыс жаңалық бо­лудан қалғанымен, онда ара-тұра өзара күш жа­рыс­тыратын мем­лекет­тердің әртүрлі мәселеге қатысты көзқарасы үнемі қайшы кел­геннен, болмаса прези­денттік «тағына» адал Башар Асад қарсылас­тарына ұна­майтын әрекет жасағаннан, әлем өре түрегеліп, шу ете қалады. Сириядағы қазіргі қалып­тасқан жағдайға қатысы бар барлық тарап өз пікірін айтудан шет қал­маған, Башар Асадқа батыс ал­дын­да әдеттегідей абырой әпермеген тағы бір мәлімдеме өткен аптаның соңына қарай жасалды. Сирия үкіметі терроршылар мен басқыншы топтар бекінген Идлиб қаласын азат ету үшін әскери қимыл­дар бастайтынын жариялап, Сирия жұртшылығының құқығы үшін «күрескерлер» тағы да дүрлікті.

Идлибті алу неге маңызды?
Идлиб – Сирия президенті Башар Асадқа қарсы соңғы жеті жылда соғыс жүргізіп келген басқыншы топтар мен террористік ұйымдардың қол астындағы соңғы тірек қала­лардың бірі. БҰҰ деректері Идлибта 2,9 миллион халық тұ­ратынын, оның 1 миллоны – балалар екенін растайды. Қала тұрғындарының жартысына жуығы басқыншы топтар соғыста осыдан бұрын жо­ғалтып алған бекініс қалалар мен елдімекендерден келген. Солтүстігінде Түркия­мен жалғасатын шекаралық аймақтан Алепподан Хама, Дамаск пен Латакияға шығатын негізгі жолдар өтеді. Идлиб Сирияның мемлекеттік күштерінің қолына өтсе, басқыншы топтар иелік ететін территорияның аумағы кішірейіп, олардың жеңілісі жақындауы мүмкін.

Кімдермен күрескелі жатыр?
Ең әуелі Идлибті бір ғана топ емес, бір-бірімен бәсекелес бірнеше топ басқаратынын атап өту керек. Әртүрлі дерек­тер бойынша өңірде 30 мыңға жуық жауынгер бар. Аталған топтардың ішінде Әл-Каида­мен байланысы бар Хаят Тахрир әл-Шам жихадшылар альянсы басым күшке ие. БҰҰ «террористік ұйым» деп таны­ған бұл топтың Идлиб айма­ғында 10 мыңға жуық жаттық­тырылған жанкештілері бар. БҰҰ ұсынған мәліметке сәй­кес, олардың көбі – шетел­діктер. Олардан бөлек, аймақ­ты Түркия қолдайтын Хаят Тахрир әл-Шамға қарсы біріккен бірнеше топтан пайда болған «Азаттықтың ұлттық фронты» басқыншылары да мекен етеді.

Мәселе қалай басталды?
Осы жылдың 30 тамызында Сирияның Сыртқы Істер ми­нистрі Валид Муаллем үкі­меттік әскери күштер Идлибті азат ету операциясын бастай­тынын хабарлады. Министр бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төнбес үшін террористік топтармен келісім жасауды қалағанын, бірақ қазір Хаят Тахрир әл-Шамды күтілетін салдардың ауырлығына қарамастан тізе бүктіру туралы шешім қабылданғанын жария­лады. Башар Асадтың байырғы одақтасы Ресей де мәлімдемеге «Сирия өз территориясын терроризмнен тазарту үшін қажетті іс-қимылдарға баруға құқылы» деген қолдау пікір қосты. Өз кезегінде Идлиб өңі­ріндегі әскери қимылдарды азайту туралы келісімді қадаға­лаушы Түркия артық адам шығынын болдырмау үшін Ресеймен келіссөздер жүргі­зетінін хабарлады. Қазір Түркия Сириядағы соғыстың кесірінен баспанасыз қалған
3 миллион босқынға пана болып отыр. Сондықтан Түр­кия билігі «Шекаралас ай­мақта қанды қақтығыстар­дың қайта өршуінен босқындардың жаңа толқыны елге ағылады» деп сақтанады. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Идлибті «терроризм ошағы» деп таныды. Әлемдік БАҚ-та есімі Песковтан артық болма­са, кем аталмайтын АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли билік химиялық қару қолданса, АҚШ-тың жауабы дайын екенін білдірді.

Күтілетін зардап
БҰҰ гуманитарлық мәсе­лелер бойынша өкілі «Идлиб­тегі әскери операция 800 мың адамның орын ауыстыруына себеп болып, көмекке мұқтаж халықтың үлесін күрт артты­рады» деген болжам айтады. Түркия шекарасының жабық болуына байланысты мұндағы халықтың көршілес өңірлерде бас сауғалайтын жерлері жоқ­тың қасы. Түркия қолдай­тын басқыншылардың Африндегі мекендерінде адам онсызда көп. ВВС ақпараттық агенттігі «Үкімет қадағалауда ұстайтын аймаққа барса, тұрғындардың біраз бөлігі оппозицияны қол­дағаны үшін түрмеге тоғыты­луы мүмкін» деген жорамал жасайды. БҰҰ-ның Сириядағы елшісі Стаффан де Мистура Ресей, Түркия мен Иранды Ид­либтегі күресті бастауда асықпауға шақырды. Ол мәсе­лені саяси тұрғыдан талқы­лайтын келіссөздер жүргізуді, болмаса халықты қауіпсіз орынға қоныстандырудың бағыттарын белгілеуді ұсынды. Ресей мен Иранға операцияны кейінге қалдыруды ұсынған­дардың қатарында Түркия да бар. Башар Асад үкіметіне әуелден қарсы АҚШ Сирия ресми билігінің тапсырма­сымен бейбіт халыққа қарсы химиялық қару қолдану оқи­ғасын еске салып, «сириялық­тардың өмірін қазіргі мемле­кеттік күштерге сеніп тап­сы­руға болмайды» деген позицияны ұстанып отыр. 2011 жылдан бері Башар Асад үкіметі «химиялық қару пайдаланды» деген айыпқа бірнеше рет ұшыраған. Соңғы рет осы жылы Дамаскіге жақын жердегі Шығыс Гутада құт­қарушылар 40 адамның улы газтектес хлорға тұншығып өлгенін жариялап, саяси режимді кінәлағаннан кейін АҚШ, Ұлыбритания мен Франция қарсы шабуылдар мен әскери соққылар ұйымдас­тырды.

Соңғы жағдайлар
Сейсенбіде Ресей әскери күштері әуе соққысын қайта жандандырды. Жергілікті адам құқықтары жөніндегі ұйымның мәліметінше, әуе соққылары 13 бейбіт тұрғынның өмірін қи­ған. Идлибтегі әскери қи­мылдар Дональд Трамптың твиттер парақшасында Башар Асадқа «ақылға салмай, шабуыл бастаудан аулақ болу» керектігін ескерткен жазба жарияланғаннан кейін көп ұзамай басталды. Өткен апта бойы АҚШ пен Еуропаның ресми тұлғалары Сирия үкіметі жоспарлаған операция жергі­лікті тұрғындардың өмірін үлкен қатерге тігетінін алға тар­тып, алаңдаушылық біл­дірді. Дональд Трамп журна­листерге берген жауабында Башар Асадқа бағынышты күштер бейбіт тұрғындардың қазасына себепкер болса, Америка өте қатты «ашулана­тынын» айтқан. Ақ үйдің сей­сенбі күні жарияланған ресми мәлімдемесінде «Президент Башар әл-Асад химиялық қаруды қайта қолданса, АҚШ шұғыл арада тиісті шаралар қабылдайды» делінген.
Идлиб мәселесі Владимир Путин, Реджеп Тайып Ердоған, Хасан Руханидың қатысуымен Тегеранда өткен, Анкара «қан­ды қақтығысты алдын-алуға соңғы мүмкіндік» деп атаған кездесу кезінде талқы­ланды. Дәл осы күні Сирия үкіметінің Идлиб аймағындағы әскери операциясы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысының күн тәр­тібіне ілінді. Сарапшылар «Сириядағы соғыстың шешуші шайқасы болуы мүмкін» деп топшылаған Идлиб опера­циясы бойынша қандай ше­шім­дер қабылданғанын атал­ған жиындардың ресми қо­рытындысы жарияланған кезде білеміз. АҚШ-тың Сирия­­дағы жағдайларды қалт жібермей қадағалап, қажет кезде шама-шарқынша ара­ла­сатын белсенділігін есепке ал­мағанда, Идлибтің «тағды­ры» Ресей, Иран, Түркиядан тұра­тын үштіктің үндескен шешім қабылдауына байланысты болып тұрған сияқты.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*