ӘЛЕМ ФУТБОЛЫНДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАЛАР

322
0
Бөлісу:

«Арбаған мені бір сиқыр». Қазақ спорт журналистикасының ақтаңгері Сейдахмет Бердіқұловтан қалған осы бір сөз тіркесі футболға деген құрметті осы күнге дейін күмәнсіз ұқтырып келеді. Алдағы уақытта да солай болып қала беретіні айдай ақиқат.

Спорттың түрі сан салалы болса да, футболға деген құдіретті сезім ешуақытта төмендемек емес. Жасыл алаңдағы жеңіс те, жеңіліс те көрерменнің көз алдында өтеді. Өзі сүйген командасы ойсырай ұтыл­са да, ірі есеппен қарсыласын қапы қалдырса да, көрерменнің құрметі ерекше болып қала бермек. Өйткені бұл – футбол. Өз коман­дасын қолпаштап, әдемі ойын өрнегі үшін жасыл алаңға келіп, қиқуға басатын көрермен кейде трибунада өзін не күтіп тұрғанын біле де бермейді. Қуанышқа ұлас­қан жеңіс немесе аяғы өкінішпен аяқталған тосын әрі ауыр жағдай. Бірақ адамзат бұл оқиғаларды ұзақ жыл өткен соң еске алады. Жанкүйер қауым осыдан 36 жыл бұрын Мәскеудің «Лужники» ста­дионында орын алған қайғылы оқиғаны әлі ұмыта қойған жоқ. 1982 жылдың 20 қазанында УЕФА кубогының 1/16 финалында Мәс­кеудің «Спартагы» мен Нидерлан­дының «Харлем» командасы кездесті. Ленин атындағы орталық стадион деп аталған жасыл алаңға сол күні 16 мыңнан астам жанкүйер келген. Сүйікті «Спартагын» қол­даған жанкүйерлер ойын соңында өздерін не күтіп тұрғанын білген де жоқ. Сол күні Мәскеуде ауа райы суық болып, -10 градус шамасында болды. Күн ызғарлы болса да, сүйікті командасын тастап кет­пеген жанкүйерлер «Спартактың» әдемі ойын өрнегін көрді. Кеңес Одағында коммунизмнің құры­лысы қарқынды жүргізіліп жатқан сол тұста «футбол фанаттары» деген сөз тіркесі мүлде қолданылған жоқ. Спорт үшін стадионға келген­дердің барлығы да жанкүйер болып есептелді. Сондықтан «фанаттар қозғалысы» бұл кеңестік идеоло­гияға мүлдем жат ұғым ретінде саналды. Бірақ ол кезде трибунадан жасыл алаңда ойнап жүрген ойыншыларды балағаттау, төрешіге тас, бөтелке лақтыру сынды жа­ғым­сыз әрекеттер арагідік болса да, орын алып тұрғанын жасырмау керек. Бірақ 1982 жылдың 20 қаза­нында Ленин атындағы алаңда Мәскеудің «Спартагы» мен Нидер­ландының «Харлем» командасы­ның кездесуі жүздеген адамның өмірін қиды. Қаншама жанкүйер ұйымдастыру жұмыстарының олқылығынан бақилық болды. Екі команданың ойыны «Спартактың» пайдасына шешіліп, 1:0 есебімен мәскеулік команда ұтып тұрды. Жанкүйерлер де сүйікті клубының жеңісіне масаттанып, жоғарыдан төменге шығар қақпаға қарай топталып, түсіп бара жатты. Ойын­ның бітуіне 20 секунд қалғанда, қарсыластар қақпасының алдына айып добы белгіленді. «Спартак­тың» ойыншысы Сергей Шевцов асқан шеберлікпен екінші допты соғып, есепті 2:0-ге жеткізді. Мұн­дай нәтижені күтпеген жан­күйер­лер қайтадан жоғары трибунаға қарай ұмтылып, төмен түсіп келе жатқандармен бетпе-бет кездесіп, ешкім күтпеген ауыр оқиға орын алды. Командасының жеңісіне масаттанған жанкүйерлер бір-бірін құшақтап, секіріп, қуанып жатқан сәтте трибуна опырылып жерге түсті. Адамдар бір-бірінің үстіне құлап, жаншылып жатты. Ауыр плиталардың астында қалған жанкүйерлерді құтқару мүмкін болмай қалды. Футбол әлемінің сиқырына арбалып, әп-сәтте қуанып, мерейі тасып тұрғандар осылай бір сәтте құрбан болды. Мұндай ауыр оқиғаларды әлемге жария етуді қаламаған кеңестік жүйе ұзақ уақытқа дейін опат болғандардың санын жасырып келді. Кейбір деректер 66 адамның қайтыс болып, 120 жанкүйердің жарақат алғанын жазса, екінші бір мәліметте «360 адам бақилық болды» делінеді. Қалай айтқанда да, ауыр оқиғаны жасырып баққан кеңестік билік болған оқиғаға кінәлілерді қатаң жазаға тартқан жоқ. Оқиғаның жай-жапсарына келсек, стадион әкімшілігінің қызметкерлері трибунаны сол күні қалың жауған қардан тазартып үлгере алмаған. Осыған байланыс­ты алаңға алаңсыз келген халықты «С» трибунасына топтастырған көрінеді. Құқық қорғау органы өкілдері мен стадион басшылығы жанкүйерлерді бақылауда ұстау үшін осылай ұйғарым жасаған. Сыртқа шығатын жалғыз қақпаға қарай төмен түсіп келе жатқан халық басшылықтың шалағай­лығынан осылай опат болды, зардап шекті, ондаған адам жарақаттың салдарынан мүгедек болып қалды. Осы трагедиядан кейін «Спартактың» ойыншысы Сергей Шевцов «Екінші голды бекер соқтым» деп қатты өкінген көрінеді. Енді ше, 20 секунд пен соңғы доп талай адамның әп-сәтте өмірін қиды, тағдырын тас-талқан етті. Өкінгенмен не пайда, бірақ кеңестік биліктің басшылары жанкүйерлердің жан қиналысына басы ауыра қойған жоқ. «Кешкі Москва» газетінің соңғы бетінде қысқаша ғана хабарлама берілді. «1982 жылдың 20 қазанында Ленин атындағы Орталық стадионның Үлкен спорттық алаңында көрер­мендердің қозғалыс ережелерін сақтамауының салдарынан сыртқа шығар қақпа алдында кездейсоқ, жазатайым оқиға орын алды. Жарақат алғандар бар. Орын алған оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде». Анығына келсек, оқиғаны жасыру үшін қайтыс бол­ған адамдардың өлі денесін Мәскеу әкімшілігі 13 күннен кейін ғана барып мәйітханадан алуға рұқсат еткен. Онда да сүйекті туған-туыс­қандарының үйіне 40 минутқа ғана кіргізіп, асығыс күйде қоштасу рәсімін жасаған. Арнаулы мили­цияның жасағымен оларды қала­ның әр жеріндегі зиратқа жерлеген. Мұның барлығы да адамның тағдырына атүсті қарайтын қызыл Кремльдің нұсқауымен жасалғаны айтпаса да түсінікті. Бірақ осы оқиғаға айыпты деп табылғандар қандай жазасын алды? Олар өзде­рінің кінәсін мойындады ма? «Лужники» стадионының дирек­торы Виктор Корышев абақтыға қамалды да, артынан амнистия жарияланды. Стадионның ко­менданты Юрий Панчихин бір жарым жылға сотталды да, алты айдан кейін бостандыққа жіберілді. Қауіпсіздік ережелерін қада­ғаламаған құқық қорғау орган­дарының өкілдері айыптаудан мүлде сырт қалды. Одан бері міне 36 жыл өтті. Бірақ «Лужники» жасыл алаңындағы адам өлімі ұмытылған жоқ. Арада сегіз жыл өткен соң барып, 1990 жылы «Спар­так» командасы өз жанкүйер­лерін еске алу мақсатында алғаш рет турнир ұйымдастырды. 18 жылдан кейін «Лужники» стадио­нында бақилық болған жанкүйер­лерге арнап, ескерткіш орна­тылды.
Жалпы, өзінің сүйікті команда­сының жеңісі үшін ләззат алатын футбол фанаттарының әрекеттері бір қарағанда, қызықты әрі таңға­ларлықтай болып көрінуі мүмкін. Тіпті бір-бірімен бәс тігіп, ойын алаңына шығып кеткен фанат­тарды да Ресейде биылғы жазда өткен әлем чемпионатында көрдік. Олар да өз әрекеттері үшін айып төлеп құтылды. Бірақ кез келген ойынның соңы тіпті жеңіліс болса да, жақсылықпен біткені дұрыс қой. Дегенмен, әлемдік футбол тарихына көз салсақ, қайғылы оқиғалар тізбегі мұнымен бітпейді. Футбол қызығы үшін бәрін де ұмытып, қаны қызатын жанкүйер­дің көп жағдайда салмақтылық танытпай, қауіпсіздікті ұмытып кете беретіні өкінішті. Бір жағынан мұндай нәрселер стадион әкім­шілігіне де қатысты екені сөзсіз. Бір ғана мысал, өткен ғасырдың басында, 1902 жылы орын алған оқиғаны да тарих парағынан сызып тастай алмаймыз. Ұлыбрита­ния­ның Глазго қаласында «Айброкс Парк» стадионында өткен Шот­ландия мен Англия арасындағы матч та көрермендерге ауыр қайғы алып келді. 20 мың адам сиятын три­бунаға 70 мың жанкүйерді жіберген стадион басшылығы о баста күреп ақша табуды ойлаған шығар. Бірақ мұншама салмақты көтере алмай, адамдар отыратын ағаш трибуна опырылып төмен түскен. Соның салдарынан 25 адам қайтыс болып, 517 адам жарақат алды. Жалпы аяқдоп тарихына қарасақ, футболдың отаны санала­тындықтан ба, осы Англияның жасыл алаңында қайғылы оқиғалар жиі орын алады екен. 1946 жылы Англияның кубогы үшін «Бернден Парк» стадионында өткен жарыста «Болтон» мен «Сток Сити» кез­деседі. 65 мың жанкүйер стадионға жіберілгенімен, қақпаның сыр­тында билетсіз 20 мың адам қалып қояды. Футбол додасын қызық­таудан сырт қалғысы келмеген олар баса-көктеп, сыртқы тор қақпаны сындырып, ішке лап қояды. 85 мың жанкүйерді темір трибуна көтерсін бе, опырылып жерге түседі. Тосын оқиғаның салдарынан тағы 20 адам қайтыс болып, 500 адам жарақат алған. Оның ішінде қабырғасы сынып, мүгедек болып қалғандар да бар. Бірақ арбаған аяқдоп сиқыры адамның жанын тыныш қоя ма? Қаншама қайғылы оқиға болып жатса да, өз командасы үшін жа­нын беретін футбол фанаттары қандай жағдайға қарамастан, сыртқы қақпадан трибунаға қарай енгісі келеді де тұрады. 1954 жылы Тбилисиде Мәскеудің «Спартагы» мен Тбилисидің «Динамосы» арасындағы матчта билетсіз қалған 10 мың адам стадионға баса-көктеп кіріп, тәртіпсіздіктің салдарынан 20 адам қайтыс болды.
Кейде бір футболдың кесірінен мемлекеттер арасына сына қағылатын сәттердің де болғанын тарих ұмыта қойған жоқ. Мысалы, 1969 жыл «футбол соғысы» деген атпен есте қалғанын бәрі де біледі. 1970 жылы өтетін әлем чемпио­натына баратын жолдаманы сарапқа салу үшін Гондурас пен Сальвадор құрамалары кездесті. Алғашқы ойында гондурастықтар жеңді. Екінші ойында алаң иелері қарсыластарын айқын басым­дықпен ұтты. Ойыннан соң же­ңіс­ке масаттанған сальвадорлықтар Гондурастан келген жанкүйерлерді ұрып-соқты, Гондурас мемлеке­тінің туы, барлық мемлекеттік символдық белгілері өртелді. Осында жұмыс істейтін ондаған мың Гондурас азаматтары елден қуылды. Бұған жауап ретінде Гондурас бұзықтары өз еліндегі сальвадорлық бизнесті жойды. Екі ел дипломатиялық қатынасты үзді. Ақыры Сальвадор армиясы Гон­дурас жеріне баса-көктеп кі­ріп, елдің біраз бөлігін жаулап алды. Бұл тарихта «бес күндік соғыс» деген атпен есте қалды. Сөйтіп, жасыл алаңнан басталған төбелес­тің соңы соғысқа ұласты. Екі елден 4 мың адам қаза тапты, ел эко­номикасына ауыр шығын келді.
Әрине, жан-тәнімен футболға берілген футбол фанаттары үшін команданың жеңіске жетуі – ол айрықша мейрам. Ұтылыс – қа­шан да «қаралы жағдай». Сон­дықтан жасыл алаңда кез келген уақытта тосын оқиға орын алуы мүмкін. Стадиондағы қауіпсіздік пен тәртіпті бақылауға құқық қорғау органы өкілдерінің көп келетінінің де осындай сыры бар. Тәртіпсіздік жасау, төбелес шыға­ру – бұл кез келген футбол фанатта­рына тән әрекет. Бірақ футбол жанкүйерлері мен «футбол бұза­қыларын» айы­рып қарау керек. Екеуі – екі нәрсе. Де­генмен бұзақы­лар өздерін «фут­бол­дың нағыз фанаттары» деп есеп­­тейтіні де рас. Көп жағдайда қо­ғам­дық тәртіпсіздікті бұзатын да – со­лар. Бірақ психолог сарап­шылардың зерттеуінше, футбол трибуна­сындағы тәртіпсіздіктің астарында қоғамға, мемлекетке, билікке қарсылық амалы ретінде аздаған әлеуметті топтың наразылығы да жатуы ықтимал.
Десек те, футбол додасын көру­ге келген көрерменнің бәрі бірдей емес. Бірі – ләззат алуға келсе, екіншілері – айқайлап, ішкі эмо­циясын шығару арқылы дема­лады. Үшіншісі – алаңдағы төрешінің жер-жебіріне жетеді. Төртіншісі – қарсылас коман­даның жан­күйерінің жүйкесіне тиіп, ашуға мінеді. Төбелес, бұзақылық осыдан басталады. Бірақ мұның бәрі де жанкүйердің, футбол фанат­тарының ішкі мәдениетіне бай­ланысты екені рас. Негізі ойынның ойлантқаны, алаңда қайғылы оқиғалардың болмағаны дұрыс қой.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*