ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА

230
0
Бөлісу:

Облыс орталығында сәулеті мен дәулеті келіскен «Гидрокешен» құрылысында уақытында Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтын басқарған, елімізге белгілі ғалым, қоғам қайраткері Марс Үркімбаевтың қолтаңбасы бар.

Биыл об­лыс орталы­ғын­­дағы ір­гелі оқу орны­ның бірі – М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ірге көтергеніне 60 жыл. Осы жылдар белесінде бірнеше рет қайта жасақталып, құрылымдары өзгерген оқу орнын он жылдай басқарған (Жамбыл гидро­мелиорация-құрылыс институты) Марс Үркімбаев бүгінде қала сәулетіне сәулет қосып, ажарын ашып тұрған «Гидрокешен» құрылысын жүргізуге сүбелі үлес қосты. Айшықты қолтаңбасы қалды. Марс Фазылұлының «Гидро­кешен» құрылысын республика деңгейіндегі маңызды құры­лыстардың деңгейіне көтере білуінің арқасында, құрылыс жүріп жатқан кезде және құрылыс біткеннен кейін еліміздің басшылары Д.Қонаев және Н.Назарбаев кешеннің құрылы­сымен танысуға және кешенді көруге бірнеше рет келіп кеткен екен. Оған тарихи суреттер куә! Осы жұмыстардың нәтижесінде оқу корпустарына қосымша профессор-оқытушылардың тұрғын үйлерін, студенттердің жаңа үлгідегі жатақханасы, заманауи үлгідегі спорт кешенін тұрғызуға қол жеткізгенін біреу білер, біреу білмес… Ғалымның көзін көрген әріптесі, інісі, т.ғ.д, профессор Дулати атындағы ТарМУ «Мұнай-газ және меха­ника» институтның директоры, ЖҒА академигі Сағатбек Мырзашев ол жылдар жайында былай еске алады.
– Марс Фазылұлы 1973 жылы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтына ректор қызметіне тағайындалды. Ол кісі сол кезде Одақ көлеміндегі 33 жастағы ЖОО-ның ең жас рек­торы болатын. Өмірдің барлық кезеңдерінде өзінің өмірге деген құштарлығымен, жан-жақты­лығымен, өмірлік бай тәжірибе тұрғысынан қарастырып, келелі мәселелерді кеңінен түсіне біліп, нақты көмек пен кеңес беруімен ерекшеленетін ұстаз – Марс Үркімбаев ту­ралы естілік айту маған үлкен мәртебе! Сту­дент­тік кезімнен бастап, өмірінің соңғы сәттеріне дейін 40 жылдай қатарлас, әріптес, аға-інілі болып сыйластық. Сту­дентпен студентше, профессор­мен профессорша, қаржыгермен қаржыгерше сөйлесе алатын. Марс Фазылұлы қасындағы шәкірттері мен әріптестерінің жас-кәрісіне қарамастан өмірдің ылғи өзгеріп тұратын жаңа талаптарын түсіндіруге, өзінің рухани байлығын олармен бөлісуге әрқашан дайын тұратын. Мұндай қасиеттері жаратылы­сынан берілген болуы керек,
оған бүкіл ғұмыры дәлел бола алады. Ашылғанына он жылдың көлеміндей ғана уақыт болған ЖГМҚИ-да жас маманға және оның ұйымдас­тырушылық қасиет­теріне бейімделген жұ­мыстар жетерлік еді. Марс Фазылұлы ректорлық қызметке тағайын­далғанға дейін ЖГМҚИ, Одақтық және респуб­ликалық деңгейде беделі мен мамандарды дайындау деңгейі өте төмен, оқу-зерт­ханалық базасы шектелген әрі ескірген құрал-жабдықтардан құралған, профессорлық-оқытушылар құрамының деңгейі және ғылыми атақтары мен ғылыми дәрежесі төмен оқу орны болатын. Институттың корпус­тары қала­ның әр шетінде уақытша оқу үрдісіне бейімделген ғимарат­тар­да орналасқан еді. Осындай институтқа ректорлық қызметке жұмысқа деген шамданғыш, барлық жағынан белсенді әрі ынталы, жігерлі, қайратты жас маманды та­ғайындауда Білім министрлігінің өз есептері бар еді. Қалыптасқан жағдайларға келіспейтін және оларды түзетуге күш-жігерін аямайтын, ынталы жас маманның кандидатурасы қажет болатын. Ондай талаптар­дың барлығына Марс Фазылұ­лы­ның автобиогра­фиясы мен өзі толық сәйкес келді. Марс Фазылұлы жұмысқа қызу кірісіп кетті. Алдымен бас ғимараттың жанында орналасқан химиялық тыңайтқыштар қой­масын қайта жөндеуден өткізіп, сол кездегі заманауи зертханалық ғимараты­на айналдырды, әскери кафедраға қарасты алаңды көркейтуге және СОКП Об­лыстық комитетінің қолдауына ие болып, «Гидро­кешен» айма­ғының ғимарат­тары мен зертханалық базасының жобалауы мен құрылысын ұйымдастыруға күш жұмсады. Сонымен қатар білікті мамандар дайындау мақсатында профес­сорлық-оқытушылар құрамының біліктілігін жоғары көтеру жұмыстарына белсенді кірісіп кетті. Одақ көлеміндегі жетекші жоғары оқу орындарына келе­шегі бар ондаған жас оқытушылар аспирантура мен докторантураға оқуға жіберілді және жай жіберіп қана қойған жоқ, жеке өзі бақылауда ұстап, қадағалап отырды. Бұл оның «Мен енді жібердім, қалғанын өзің біл» деген немқұрайлықтан аулақ екенін, бастаған істі соңына дейін дұрыс жеткізуді ойлағанының дәлелі еді. Сол мақсатпен Кеңес Одағының орталық қалаларында оқып жүрген аспиранттардың өмірлік есте қаларлық, өмір мектебінің өткеліндей болған мына бір оқиға есте қалды. 1979 жылдың қақаған қысының ортасында, жаңа жыл қарсаңында Мәскеудегі барлық оқып жатқан аспиранттарды үлкен бір мейрам­ханаға ақ дастархан жайып, бастарын қосып жинады. Әрі әр аспирантпен жеке-жеке сөйлесіп, ғылыми жұмыстарын, жеке бас жағдайларын сұрап, қажетіне қарай не көмек керектігін біліп ашық әңгіме өткізді. Осы бір ақжарқын кездесуден кейін, көптеген аспиранттардың ғылыми жетекшілерімен Марс Фазылұлы өзі кездесіп немесе телефон арқылы сөйлес­кеннен кейін түйіні шешілмей жүрген біраз жұмыстардың алға басып кеткенін сездік. Осы бір кез­десуден соң сол кездердегі ең бір шешуі қиын мәселе, ол – тұрғын үй мәселесі еді. Ол да шешілді. Себебі, М.Үркімбаев өзінің табандылығының арқасында Кеңестік Одақтың Ауыл­шаруашылығы министр­лігінің табанын тоздырып жүріп, өзі емес-ау болашақ жас ғалымдар үшін деп 105 пәтерлі көпқабатты үй салуға қаржы бөлгізіп, 1980 жылы құрылысы аяқталған үйден бәріне пәтер бөлгізген еді. «Гидро» қалашығындағы бұл үйдің жобасын өзі қарап, үй бір немесе екі бөлмелі пәтерлерден тұратын ғана етіп соғылғанды. Оның да өз «құпиясы» бар еді. Себебі, одан кеңірек болса біраз жылдан бері қызмет атқарып жүрген ғалымдар мен оқытушы­лар «қызығып» жүрмесін деген ой болатын. Осы бір үлкен үйдің бірінші қабатына әртүрлі мәдени ошақтарын (шахмат клубы, кітапхана, дискотека, кинозалы т.б.) орналастырып, «Ғалымдар үйі» деп аталды. Реті келгенде айта кету керек, бір жолы профессор-оқытушы­лармен болған көп кездесудің бірінде үлкен мінберден: «Кеңестік Одақ көлемінде көп институттардан біздің кем­ші­лігіміз бар шығар, бірақ бір көрсеткіштен біз бәрінен де жо­ғары­мыз, не алдыңғы қатардамыз, ол қыз­меткерлерді тұрғын үймен қам­тамасыз ету жөнінде», – деген еді. Оқу бітірген жас оқытушылар техника ғылымдарының канди­даты және техника ғылымдары­ның докторы ғылыми дәрежесі­мен білікті маман ретінде ЖГМҚИ қайта оралып жатты. Марс Фазылұлының осындай бастамашыл ынтасының арқа­сында қысқа мерзімде институт­тың профессорлық-оқытушылар құрамы жақсарып, Одақтағы жоғары деңгейлердің қатарына дейін көтерілді. Марс Фазылұ­лының бастамасымен еліміздің жетекші оқу және ғылыми инс­титуттарымен ғылыми-шығар­машылық байланыстар қолға алынып, ғылыми тәжірибе алмасу жұмыстары нығайтылды. Жетек­ші мекемелерден ғылым мен техниканың дамуының негізгі бағыттары бойынша және оқу-тәрбие жұмыстарын жетілдіру мәселелері бойынша жүйелі түрде институт студенттері мен оқыту­шыларға дәріс беруге білікті мамандар шақырылып тұрды. Институттың күнделікті ағым­дағы жетекшілік жұмыстарымен қатар Марс Фазылұлы «Гидро­кешен» ғимараттарының құры­лысының жүргізілу барысына, құрылыс мекемесінің отырысына қатысып, құрылыс жұмыстары­ның қарқындылығын жылдам­дату іс-шараларына, құрылыс жұ­мыстарының сапасына тікелей бақылау жасайтын. «Гидрокешен» құрылысын Республика деңгейін­дегі маңызды құрылыстардың деңгейіне көтере білуінің арқа­сында, құрылыс жүріп жатқан кезінде еліміздің жетекшілері Д.Қонаев және Н.Назарбаев кешеннің құрылысымен танысуға және кешенді көруге бірнеше рет келіп кетті. Осы жұмыстардың нәтижесінде, оқу корпустарына қосымша профессор-оқытушы­лардың тұрғын үйлерін, сту­денттердің жаңа үлгідегі жатақ­ханасын, заманауи үлгідегі спорт кешенін тұрғызуға қол жеткізді. Әрине, сол кездегі қар­баласқа толы сәттердің барлығы тарих болып қалды. Тынымсыз еңбектің жемісі де болды. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Одақ бойынша 100 жоғары оқу орындарының арасында ең төменгі рейтингісі бар институт Марс Фазылұлының жетек­шілігімен небары 10 жыл­дың ішінде өзіндік дәстүрі мен тарихы бар басқа оқу орындарын басып озып, Кеңестер Одағының жетекші оқу орын­дары­ның біріне айналды. ЖГМҚИ-ді бітірген түлектерге, институтта білім алған маман­дарға сұраныс жылдан жылға артты. Сол кездегі ЖГМҚИ түлектеріне Кеңес Одағының барлық аймақтарына жұмысқа жолдама беріліп, Белоруссия мен Камчаткаға дейін институт бітірушілері өздерінің жауапкер­шілігімен, еңбекке көзқарасымен, біліктілігімен жетекші мамандар ретінде танылып, жұмыс жүргізе бастады. Марс Фазылұлының жеткен жетістіктері оның өзіндік бейқам болуына себеп бола алмады. Кеңестер Одағының білім жүйесінің кемшіліктерін талдау нәтижесінде жоғары білім жүйесін қайта құрушы басшылар­дың, жаңашыл тұлғалардың біріне ие болды. 1987-1989 жыл­дары ресми түрде Кеңестер Одағының жоғары оқу орын­дарының үздік ректоры болып танылды, – дейді Сағатбек Мырзашов.
«Өткен күннен белгі бар» дейді қазақ. Расында, Марс Үркімбаев сынды қоғам қайрат­керінің есімі облыс орталы­ғындағы белгілі ғалым Мұхамед Хайдар Дулати есімін иеленген Тараз мемлекеттік университе­тінің тарихымен қатар аталады. Бүгінде 60 жылдығын атап өткелі отырған іргелі оқу орнының қалыптасу жолында сүбелі еңбек етіп, бар жігері мен қайратын жұмсаған ел ағаларының есімі де осы күні ардақталатындығына сенімдіміз.

Ерман ӘБДИЕВ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*