ҚАЗАҚ ҚАЛАМГЕРІ ҚАНДАЙ БОЛУЫ ТИІС?

463
0
Бөлісу:

Жаңа заман қаламгері қандай болуы керек? Ғасырлар бойы қалыптасқан қағидалар қаншалықты өзгеріске ұшырайды? Әдебиет айдынындағы мәселелердің халықаралық деңгейде талқыға түсетін кезі келді. Осы мақсатта 10-12 қыркүйек аралығында Алматыда тұңғыш рет халықаралық жазушылар форумы өтеді. Сонау Франциядан Атанас Ванчев де Траси, «Желідегі жалғыздық» романы арқылы көпшілікке таныс Януш Вишневский, ресейлік ақындар Алексей Цветков, Сергей Гандлевский, Америкадан Бақыт Кенжеев арнайы ат басын бұрады. Форумға жалпы саны 17 мемлекеттен 80-ге тарта қатысушы келеді деп күтілуде. Әлемнің әр жерінен мықтылардың басы қосылатын бұл іс-шарада әдебиет мәселесі қаралады. Қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин форум жайлы сұрақтарымызға жауап беріп, жоспарларымен бөлісті.

– Алматыда әлемнің түкпір-түкпірінен әде­биет өкілдері жиналғалы жатыр. Алғаш рет өткелі жатқан халықаралық іс-шараның мақ­саты қандай?
– Бұл форумды ұйымдастырудағы бас­ты мақсатымыз – отандық жазушылардың шет­елдік авторлармен танысып, білісуі. Олар­дың тұрмыс-тіршілігімен таныс бо­лып, әріптестерінің не жазып жүргенінен ха­­бардар болса дейміз. Сол арқылы ойға ой қо­сылып, жаңа әдеби аудармашылар та­был­уы бек мүмкін. Сонымен бірге, шет­ел­дік жазушылардың да бұрын-соңды онша біл­меген ел мен әдебиетті танығаны жөн. Олар үшін жаңадан ашылған әлем іспеттес бо­лады деп ойлаймын. Өйткені күні бүгінге дейін еліміз әдебиет пен мәдениеттен бө­лек, басқа параметрлер арқылы таныс.
– Үш күнге жоспарланған форумның әде­би отырыстардан өзгешелігі неде?
– Аталған шараның айырмашылығы – мұнда әдебиет айналасындағы мәселелер қоз­ғалады. Саясат, гендерлік проблемалар, не болмаса еуропалық және әлемдік әдеби кон­ференциялардағыдай азшылық жайлы әң­гіме болмайды. Үшінші күні, 12 қыр­күйек­­те Жолдасбеков атындағы Студенттер са­райында белгілі ақындар израильдік Алек­сей Цветков, қазақстандық Олжас Сү­лейменов, АҚШ-тан Бақыт Кенжеев жә­не ресейлік Сергей Гандлевскийдің қа­тысуы­мен поэзия кеші өтеді.
– Әдебиет мәселелері қарастырылады дедіңіз. Ол қандай проблемалар?
– Соңғы он жылдықтарда әлем радикал өз­герістерге ұшырап жатыр. Соның ішінде жүр­ген адамзат баласының ойында бір­қатар сауалдар тұрады. Ол өмір сүріп жат­қан қоғамды қалай түсінуге болады? Оның айналасында болып жатқан жайларды қа­лай қорытады? Бұл әлем өзі қай бағытта жыл­жып келеді? Бұған заманауи жазу­шы­ның көзқарасы қандай? Әлем әдебиеті сал­ған сара жолға түсіп, классикалық әдеби канондармен әрмен қарай жүре беруге бола ма? Бүгінде таным көкжиегі кеңіді. Мем­ле­кеттердің шекарасы өзгерді, соған сәй­кес саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйе­лер де түбегейлі жаңарды. Жаңа мем­лекеттер мен ондағы халық өз үнін қосуға құш­тар. Әлемнің технологиялық картасы өз­геріске ұшырады. Интернет халықтар ара­сын жақындатып, компьютер адам ба­ла­­сының шығармашылық қабілеттерін бір­­­неше есе ұлғайтты. Ғаламның өз білігінен те­зірек айналып, уақыт тығыздалды. Ға­сыр­лар бойы қалыптасқан өмірлік тап­тау­рындар сынға іліге бастады. Тіпті ер мен әйел арасындағы махаббат, отбасы құн­ды­лығы, діни көзқарас, Отанға деген сезім, жақ­сылық пен жамандық турасындағы түсі­нік те сынала бастады. Ғалымдар бізге жаңа­шылдықты түсіндіруге тырысып бағу­да. Жазушылар ше? Жаңа тарих беттерінде олардың рөлі қандай? Бүгінде көкейде сарнап тұрған сауалдар осындай. Сіз бен біз ендігі қадамымыздың қандай болатыны, қалай жазушы болу керегі жайлы тілдесуіміз керек. Жаңа дәуірге қажет болу үшін не істей­тініміз жайлы ойлануымыз қажет.
– Ендеше, құбылмалы жаңа замандағы жазушының келбеті мен рөлі қандай?
– Жазушының рөлі жайлы үндемеген жөн сияқты. Тек біздің еліміз туралы ғана ай­тып отырмын. АҚШ-та жағдай басқа. Ол жақ­та жазушылар өте көп. Олардың кітап­тары көптеп басылып жатыр. Соған сәйкес өте мардымды қаламақы алады, әлеуметтік тұрғыда олармен санасады. Ерекше ілти­пат­қа ие. Сол сияқты Скандинавия елде­рін­де, Чехия, Израильде де жағдай осыған ұқсас.
– ПЕН клубтың алда тағы қандай жос­пар­лары бар?
– Қазақ ПЕН клубының алға қойған бас­ты екі мақсаты бар. Біріншісі, журна­лис­тер мен жазушылардың құқығы мен бос­тандығын қорғау. Бұл ретте Қазақстан би­лігінің спецификасы есепке алынары анық. Екіншісі, қазақ әдебиетінің шетел­дегі пропагандасы. Алдағы уақытта қазақ әде­биетінің классиктері Сайын Мұрат­бе­ков, Қалихан Ысқақ, әзіл-қалжыңға толы әңгі­ме­лері­мен танымал Оспанхан Әубә­кіровтың шы­ғармаларын ағылшын тіліне сапалы аударту үшін демеушілер іздестіріп, әрмен қарай Англияда осы туындыларды басып шығару жоспарда бар. Сондай-ақ жас қазақ ақындарының өлеңдері орыс ті­ліне аудары­лып, Мәскеуде кітаптары жарық көрсе дей­міз. Жаңа жыл қарсаңында Қазақ­стан­ның жас ақындарының басын қосып, поэ­зия кешін ұйымдастыруды жос­парлап отыр­мыз.
– Клуб жұмысына қысқа қорытынды жасап көрсек. Қай жерде ұттық, қай жерде кемшілік бар?
– ПЕН клуб «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масының аясында үлкен жұмыстар атқа­рып келеді. Төрт жылға жетер-жетпес уа­қыт ішінде демеушілердің есебінен клуб он шақ­ты автордың туындыларын аударып, АҚШ пен Англияда басылуына мүмкіндік сый­лады. Қыркүйектің ортасында Сәкен Жүні­совтың Лондонда басылған «Аманай мен Заманай» повесінің тұсаукесерін Көк­шетауда өткіземіз. Енді кемшіліктері жө­нінде айтар болсам, жазушылар мен жур­налистер құқығына, сөз бостандығына қа­тыс­ты тұстарда әлі де көңіл толмай отыр.

Сұхбаттасқан
Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*