Есен ЕЛЕУКЕН, Tamasha TV телеарнасының директоры: ӘР ЕЛДІҢ ӘЗІЛІ БАСҚА

409
0
Бөлісу:

Қыркүйектің бірінде отандық арналардың қатары біреуге артты. Жаңа телеарнаға Tamasha TV деген атау беріліпті. Көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, тәулігіне 20 сағат тамашалауға мүмкіндік береді. Ойын-сауық бағдарламаларының бір арнаға біріктірілгенін көпшілік жылы қабылдады. Десек те, жеңіл әзілден жалыққандары жағымсыз пікірлерін де білдіріп жатыр. Осыны байқаған біз дереу су жаңа арнаның басшысы, «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар бірлестігінің президенті, «Жайдарманның» тізгіншісі Есен Елеукенге хабарластық. Шымылдығы ашылған арнаның жоспары жайлы ғана емес, шетелдік арналардың тренді, елдің сұранысы мен талғамы жайлы тілдестік.

– Жаңа арна жайлы жал­пы­лама ғана білеміз. Толығырақ тарқат­саңыз, Tamasha TV несімен таңғалдырады?
– Ашылған бойда елді елең еткізіп, таң-тамаша қылады деу қиын. Таңғалдыру, соның ішінде «хайп қуу» дегенді өз басым жақтырмаймын. Жылдың соңына дейін «Қазақстан» ұлттық арна­сынан көрсетіліп жатқан ойын-сауық бағдарламалар көр­сетіледі. Бірақ бұл дегеніңіз – «Тамашадан» тек қайталау беріледі дегенді білдірмейді. Сонымен бірге, қазан айында ішкі, өз өнімдеріміз жарыққа шыға бастайды. Бірақ саны аса көп емес. Негізгі күшті келер мау­сымға салып отырмыз. Осы уақыт аралы­ғында, яғни жыл аяқтал­ғанша көрермендердің қалауын, талға­мын барынша зерттейміз. Тілек-пікірлерге құлақ асу арқылы жұмыстардың бағыты айқындала түседі. Барынша ашық болып, ұсыныстарды қабылдауға дайын­быз. Жалпы алғанда, кез келген мәселе ұжыммен бірлесе отырып шешіледі. Яғни, осы саланың мамандары кеңесіп, ұйғарым жасайды.
– Шетелдік ойын-сауық арна­ларын бақылап жүретін боларсыз. Қандай артықшылықтары бар?
– Әрине, барынша назардан тыс жібермеуге тырысамын. Әр елде деңгей әртүрлі. Мәсе­лен, қазақ­стан­дық көрермен­дердің де­ні Ресей­дің бағ­дар­­ла­маларын қарайды. Әзіл-қалжыңға негіз­делген ар­найы телеарналар да аз емес. Бір ғана «ТНТ» арнасын алып қа­райық. Мұнда ситкомдар, «Камеди клаб продакшннан» шығатын дүниелер беріледі. Атал­ған арна­ның акция­ларының біраз бөлігі де «Камеди клаб» ұжымына тиесілі. Барлығы жүйелі түрде жұмыс істейді. Бағдарламалары көп жағдайда бір-бірімен бай­ланысып жатады. Көрші Өзбекстанда да екі-үш жылдықта «Зор ТВ» арнасы ашыл­ды. Мұнда да ойын-сауықтың бәрін бір арнаға жинақтау жүріп жатыр. Батыс елдеріне келсек, мұндай тренд оларда бұрыннан бар. Бірақ біз олардың әзілдеріне аса күле алмаймыз. Өйткені юмор мен қалжыңға деген көзқарасымыз басқа. Мысалы, Жапонияның әзіл бағдарламалары 18 жастан асқан­дарға арналған. Яғни, ол жақта түсінік мүлдем басқа. Егер олар­дың кішкене бөлігін бізде көрсетер болса, көрермен оны қабылдай алмайды. Негізі, бізге керегі – мақ­тамен бауыздай отырып айтылатын астарлы әзілді көбейту. Осы бағыт­та жұмыс істеуді мақсат етеміз.
– Мұндай телеарнаны ашу идеясы кімге тиесілі? Қаншалықты сұранысқа ие болды?
– Әу баста, бұл бастаманы Qazaqstan телерадио корпора­циясының басшысы Ерлан Қарин мен Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев мырзалар көтерді. Негізі сұраныс бар. Әзіл-сықақ бағдарламалары өзге арналардан көрсетіліп келді, әлі де көрсетіледі. Бірақ түбегейлі ойын-сауыққа арналған телеарна керек болды. Халықтың сұраны­сына қарасақ, осы бағыттың рейтингі жоғары. Сондықтан осыны ескере отырып ашыл­ды. Шыны керек, ел арасында бұған қатысты пікір көп. Неге білім мен ғылымға ар­нал­ған арна ашпасқа деп те айтылып жатыр. Ондай теле­арна­лар бар. Сонымен бірге, агро­биз­нес, шағын және орта кәсіпке бейімдейтін бағдарлама­лар да жоқ емес. Демек, «Тамаша» сынды каналдың болуы да – заңды. Бастысы, сапалы, жүйелі жұмыс істеу ғана маңызды. Каналдың алға қойған міндеті де сол – әзілге деген көзқарас, мәдениет қалып­тастыру.
– «Тамашаға» қатысты пікірлер легін жалғастырсақ. Мынадай екі пікір бар: бірі тек қана әзілге бағытталған арна бұрыннан керек еді десе, енді бірі онсыз да барлық арнадан көретініміз сол дейді. Осыған қатысты не айтасыз?
– Ел ішінде өріп жүрген пікір көп. Десек те, басым бөлігі қарсы емес, қайта қуанып жатыр. Енді мынаны қараңыз, «Қазақстан» ұлттық арнасында көрсетілетін ойын-сауықтық бағдарлама­лардың үлесі 10 пайыздан астам, жиырмаға жетпейді. Аса көп деуге келмейді. Негізі халыққа сапалы, сөзі анық, мәтінінің мәні бар дүние ұсынуымыз керек. Әркімнің жеке пікірі, көзқарасы мен ойы бар. Бәріне бірдей жағу қиын. Көрер­мен көңілінен шығуға тырысамыз. Мұнда тек жеңіл әзілдер ғана болмайды. Ой сала­тын бағдар­ламалар жасаймыз деп сенемін.
– Кейбірі Tamasha TV-ны «Жайдарманның жеңісі» деп бағалап жатыр. Келісесіз бе?
– Олай айтуға келіңкіремейді. Расы сол, бүгінде отандық телеар­налардың біразынан төбе көрсетіп жүрген жастардың дені – «Жайдарманнан» шыққан. Бірі сценарий жазса, бірі жүргізіп жүр. Қазақ тіліндегі бағдарламалардың басым бөлігінің авторлары да – солар. Десе де, тек қана жайдар­маншылар қамтылады деуге болмайды. Бұрыннан осы салада жүрген аға буынды да қосамыз. Оның ішінде елге танымал театр ұжымдарымен бірлесіп жұмыс істейміз.
– Архивте қалған талай бағдар­ламалар қайта жарық көретін сыңайлы. Бұл көрермен сұранысын қанағат­тандыру ма, жоқ әлде эфир уақытын жабу үшін ғана қолда­нылатын әдіс пе?
– Әлбетте көбі қайталау болары анық. Сонау ертеректе болып кеткен бағдарламалармен көрер­мен қайта қауышуға мүм­кіндік алады. Мысалы, маған «Қымыз­хана» қатты ұнайтын. Осы уақытқа дейін түрлі мықты бағ­дарламалар жасалды. Оларды неге көрмеске? Ашыла сала барлығын төңкеріп тастаймыз демейміз. Уақыт өте келе, ақырындап бой үйретуді көздеп отырмыз. Осы арқылы өзіміз де жан-жақты қалыптасамыз деп ойлаймын.
– «Жайдарман», «Әзіл әлемі» сынды жобалар енді тек қана Tamasha TV-дан көрсетіле ме? Әйтпесе, қайсысын қоссақ та бір бағдарламалар болып кетпес пе екен деген қауіп басым.
– Негізі бұл екеуі – екі түрлі жоба, форматтары да басқа. «Әзіл әлемі» – жеке орындаушылардың театры. Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың баста­масымен құрылған. «Жайдарман» болса, талантты жастардың басын қосқан үлкен қозғалыс. Бұл жоба­лардың көрсетілу-көрсетілмеуін басшылық шешеді. Жыл соңына дейін жасалған келісімшарт барын ескерсек, көрсетілуі керек. Яғни, түпнұсқасы алдымен ұлттық арнаға шығып, кейін «Тамашада» қай­талауы көрсетілуі мүмкін.
– Арнаның ашылуы жастарға жаңа тыныс ашқандай. Кадр жасақталып, сайдың тасындай ірік­теліп қойған болса керек. Командада кімдер бар?
– Дұрыс айтасыз, жастардың тынысын ашатын тұсы бар. Оны жоққа шығармаймыз. Әзірге команда жасақтау процесі жүріп жатыр. Әртүрлі ұсыныстар күтеміз. Шығармашылық – бүгін айтылып, ертең жа­сала қоятын дүние емес. Екі-үш ай дайын­дық кетеді. Бар­лық ұсыныс-тілектерді тыңдап шығамыз. Одан жақсы қоры­тынды шығаруға тырысамыз. Қазіргі жастардың түсінігі, дүние­танымы мен құндылығы басқа. Мәселен, біз бұрынғы форматты ұнатсақ, олардың қалауы мүлдем бөлек болып жатады. Оларды мін­детті түрде ескеру қажет. Өтпелі кезең­дегі, яғни 12-16 жастағы жасөс­пірім­дерге арналған ситком­дар жоқ. Сондықтан көбіне ше­тел­дік дүниелерді көруге мәжбүр. Біз сол олқылықты ескеріп, қамтығымыз келеді. Бұл – біреуі ғана. Мұндай мысалдар жетерлік. Жұмыс та тиісінше өте көп. Қазіргі таңда Қазақстаннан ғана емес, сонау Қарақалпақстан, Моң­ғолия, Қырғызстаннан кө­рер­мендер хабарласып, лебізін білдіріп жатыр. Әзіл де – идео­логияның бір түрі. Сондықтан үлкен жауап­кер­шіліктің мойны­мызда тұрғанын сеземіз.

Сұхбаттасқан
Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*