БАР СЫРЫҢМЕН БӨЛІСЕР, ЖАН СЕРІГІҢ КҮНДЕЛІК

279
0
Бөлісу:

Күнделік жазу – өмірді қайта сүру тәрізді. Күйбең тіршілікпен өткен өмірді емес, рухани көңіл күйіңді сезе алатын әлемге ену. Кез келген адам күнделік жүргізе біледі. Егер ақын не жазушы күнделігін оқысаңыз, айнаның екінші бетін көргендей боласыз. Әдебиет пен ішкі дүниенің тұтастығынан тамаша туынды дүниеге келуі мүмкін.
Толстой күнделігін бәрінен биік қойған. Тіпті «Соғыс пен бейбітшілік», «Анна Каренина» сынды шығармалары күнделікке теңесе алмайтынын нұсқаған. Кітаптарын баспаларға оңайшылықпен бергенімен, күнделігін көзі әбден жеткен жанға ғана тапсыра алған. Өлер алдында жазған күнделігін елден жасыруға тырысқан. Басып шығару барысында күнделігін редакциялайтынын күні бұрын білген.

Күнделік жүргізуді жанр деп алатын болсақ, оның әдебиетте 3 түрі бар. Алғашқысы – өзіңнің күн­делігің. Қалай жазу, не кіргізу ке­ректігін өзің білесің. Екінші­­сі – күнделік түріндегі әдеби шығар­малар. Мысалы, М.Лермон­товтың «Печорин журналы», «Біздің заман қаһарманы»,
Д.Фурмоновтың «Чапаев» шығар­масы, Е.Дорошаның «Ағаш күнделігі» және тағы басқалар. Үшіншісі – жазушылардың күн­делігі. Жазушы күнделігі әде­биетте көркем-публицистикадағы толқыныс есебінде.
Бүгінде бұл жанрды элек­тронды түрде жүргізетіндер бар. Өздерінің бір күнін әлеуметтік желілерде болмаса телеграм каналдарында суреттейді. Кей­біреуі өмірлік ақыл-кеңестерімен бөліседі, кішігірім құпияларын ашады. Оқырманын тапқандар контентін қызықты ету үшін барын салады.
Біреудің жазған күнделігін оқу қашан да қызық. Сэй-Сенагон, Мишель Монтень, Франц Кафка, Сьюзен Сонтаг, Энди Уорхол күнделіктері шым-шытырық оқиғаларға толы. Жа­зушы күнделігі дегенде, алдымен Лев Толстойды ойлаймыз. Толстой – 19 жасынан бастап күнделік жүргізген жазушы. 1847 жылы наурыз айында Қазан университетінің студенті ретінде бастап, 3 қараша 1910 жылы қайтыс боларына 4 күн қалғанда аяқтаған.
Лев Толстойдың барлығы 31 дәптер күнделік-жазбасы қалған. 4700 жазба парақтан тұрады деседі. Салыстыруға келсек, «Соғыс пен бейбітшілік» 5202 жазба парақтан тұрады. Демек, жазушы өмірінің әр бөлігін жазып қалдыруға тырысқан. Толстой күнделіктері көбінесе өзін тәр­биелеуге арналған. Өзін дегенде, жаңа қоғамды тәрбиелеуге. Жазушы күнделіктерін келер ұрпаққа қалдырған ең қымбат сыйына балайды.
Қазір айналамызда түрлі тренинг-сабақтар өткізушілер жиілеп кетті. Бәрінің айтатыны бір нәрсе: «өмірді өзгертуді өзіңізден бастаңыз». Режим құ­рыңыз, соған сай әрекет жасаңыз, бірдеңені орындамасаңыз өзіңізді жазалаңыз. Өздері құрған бірді-екілі жоспарды алға тартады. Сіз де айтқандарын орындап ілесіп көресіз. Дегенмен бірдеңе жетпейтін сияқты. Ол әрине, үлгі, мақсат қоюға талпындыратын қозғаушы күш. Сізге берер кеңесім: «Толстой күнделіктерін оқыңыз». Онда сізге, бізге, қо­ғамға керектінің бәрі бар. Толстой қалай атақты жазушыға айналды деп ойлайсыз? Әрине, таланттың да біршама үлесі бар. Алайда еңбек болмаған жерде бәрі босқа кетеді. Толстой әр күнін өзін шыңдауға арнаған.
Толстой күнделік адам баласын тәрбиелейді деп санаған. Онда адам өз-өзімен жеке қалады, сырласады, барын­ша шынайы болады деген. Күнделіктің тұлға ретінде дамуға қосар үлесі ұшан-теңіз екенін де есте ұстаған. Мысалы, күн­деліктерінің бірінде: «Өзімнің тәжірибеме сүйенсем, күнделік жазу алдымен жазушыға пай­далы. Саған не әсер етсе, соны қағазға түсіре аласың»– деген.
Жазушының шығармашылық шыңына көтерілуінде күнделік маңызды рөл атқарған. Мысалы, 1847 жылдың қаңтар мен наурыз аралығындағы жазбалары тек өзін-өзі дамытуға арналған. Жасаған іс-әрекеттері арқылы қорытынды шығарып үйренуге тырысқан. Толстой өмір бойы жалқаулықпен күрескен жазушы. Жылдар бойы күнделік арқылы өзіндік менін қалыптастырған. Заңғар жазушы болуы үшін ішкі белестерді бағындыру керектігін жете түсінген.
Өзіңізді тәрбиелегіңіз келсе, алдымен күнделік бастаңыз. Толстой секілді ішіне негізгі мақ­сатыңызды жазыңыз. Жазушы күнделігінде «Өмірдегі басты мақсатым – мінезімді түзеу арқылы әдеби жолымды әрі мансабымды бір арнаға түсіру» деген. Одан кейін жазушы күн­делігінде ереже қалып­тастырған. Іс-әрекет орындалды ма, жоқ па, ерінбей жазып отырған.
Желтоқсан, 1853 – қаңтар, 1854 «Жақсы болсын, жаман болсын – әрқашан жұмыс істеу»; «күн шықпай тұрып ояну»; «түсінікті әрі тиянақты етіп жазу»; «таңертеңнен жоспар құрып, кешке дейін барлығын орындау». Жазушы күнделігінде бұл тек жұмысқа қатысты емес, жігерді шыңдауға да әрекет еткен.
1854 жыл, қаңтар «Әрқашан еңбектен», «Тә­каппар болма», «Болжам жасама», «Армандама», «Эмоционалды түрде ұстамды бол».
Жоғарыдағы жүйені есте ұс­таңыз. Оған қосымша бойыңыз­дағы жағымсыз қасиеттерді өзіңіз де мойындаңыз. Толс­той бойындағы кемшілік­терін жіпке тізгендей етіп жазып отырған. Мысалы, «Менің бойымдағы кемшіліктер. 1) Шешім қабыл­даудағы сенімсіздік, тұрақсыздық. 2) Мінездегі олқылықтар: тәкап­парлық, өзін-өзі жақсы көру» (1954 жыл, 4 шілде)1854 жыл, 6 қыркүйек. Өмірдегі ең маңыздысы – бұл жалқаулықтан, мінезсіздіктен, жатырқаудан құтылу. Бәріне ілтипатпен қарау әрі өзіңді тезге салу.
Толстой адам жанын ұғынуға тырысуға шақырады. Бастысы, өз-өзіңді шынайы кейпіңде қабылдау. Күн сайын жаңа нәрсеге бейімделу. Әр күніңе есеп беру арқылы бойыңдағы кем­шілікпен күресу жолын іздеу.
1854 жыл, 11 шілде. Кешке қарай аз ғана жаздым. Неге? Жалқаулық, шешім қабылдай алмау, бос әурешілік.
1854 жыл, 9 қаңтар. 1) Кеш тұрдым. 2) Ашуландым. 3) Жал­қауландым. 4) Көңіл күйім болмады.
1854 жыл, 10,11 қаңтар. Кеш тұрдым және суықтан ештеңе істей алмадым. Түстен кейін Жукевичтің үйіне барып, күнді құр әңгімемен өткіздім.
…Ұнжырғам түсіп жүрді. Ашуландым. Мысықты ұрдым. Ережелерді мүлдем ұмытып кеттім. Болжам жасадым.
Әр жылын бір күнделік етіп жазып отырған. Алғашқы күнделіктері «А дәптері», «Б дәп­тері, «Г дәптері» деп аталса, кейінгілері жылдары бойынша берілген. Ұзақ жылдар өзін тәр­биелеу арқылы келер ұрпаққа ізгілік жолын салған. Түрлі тілдерді үйрену, жаңа шығар­маларды оқу, құқық ілімін игеру, диссертация жазу сияқты кішігірім мақсат қоюмен биікке жетудің жолдарын іздейді.
Толстой күнделіктерінен мыналарды есте ұстаған жөн:
1. Толстой 23 жасында ұлылардың қатарына кіретінін білген жоқ. Жай ғана өзіне сұрақ қойды. «Мен тек қатардағылардың бірімін бе? Маған бір тамаша нәрсе жасау жазылмағаны ма?»
2. Өзіңді дамытуды өмірлік мақсат ету.
3. Сабыр, жоспар құру, бірізділік және байыппен шешім қабылдау маңызды. Қиындықтар, жаңылысу, ереже бұзу ұлыларда да болатынын ұмытпау.
Лев Толстой күнделіктерінің ішінен жас кезінде жазғандарын мұқият оқу керек. Онда өмірлік тәжірибеге құрылған ережелер бар. Ол да қатардағы қарапайым адам болған. Артықшылығы – ұлы болуға деген талпыныс, тынымсыз ізденіс. Өзіндік менді іздеу жолындағы өлшеусіз еңбек. Жазушы күнделіктерінің көп бөлігін өзін қалыптастыруға арнағанымен, өмірінің соңғы жылдарында жазғандарын «Өзіме арналған күнделік» деп атаған. Онда жазушының әр қимылы детальдармен жазылған. Көп дүниенің шынайы тұстары сурет­телген. 82 жасына дейінгі істеріне талдау жасалған.
Психология ғылымында күнделіктің адамзат баласына айна екені айтылған. Ашу мен ызаны ішінде ұстайтындар үшін де біршама көмегі бар екен. Ешкімге байқатпайтын, ешбіріне айта алмайтын ішкі толғаныс­тарыңызды қағаз бетіне түсіріп үйреніңіз. Басында көңіл күйіңіз­ді реттеуге арналған құрал ретінде пайдалансаңыз, артынша сырыңыз­ды жазатын серігіңізге ай­налады. Бәріміз шынайы, ерекше тұлға атанғымыз келеді. Көбінесе өзгеруге жол таба алмай жүреміз. Ендеше, айнадан өзіңіз көргіңіз келетін кейіпкерді қа­лып­тастыруды күнделікке жазу­дан бастағаныңыз жөн болар.

Айзат  АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*