ІЛГЕРІ ҚАДАМ, ІЛКІМДІ ІСТЕР

«Нұр Отан» бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру мақсатында жаңа тұжырымдама жобасын әзірледі. Жаңашылдыққа сәйкес бастауыш ұйым мүшелері қоғамдық өмірге, партия жұмысына белсенді қатысып, өзінің тың идеяларын ұсыну арқылы партиялық кадрлық резервіне еніп, «саяси лауазымдық» баспалдақ бойынша көтерілуіне мүмкіндік бар. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Атырау мұнай өңдеу зауыты» БПҰ мүшелерімен кездесу барысында мәлімдеді.
Атырау облысына Президенттің бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізу үшін арнайы сапармен келген Мәулен Әшімбаев алғашқы болып өңірдегі бастауыш партия ұйымының жұмысымен танысудан бастады.
Биыл маусым айында өткен партияның Саяси кеңес отырысында Президент бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыруды тапсырған болатын. Бүгінгі күні «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, оны жан-жақты талқылау басталып кеткен. Шымкент, Қарағанды, Павлодар қалаларында 800-ге жуық партия мүшесінің басын қосқан «Бастауыш партия ұйымдарының» форумдары өтті. Алқалы жиындарда жаңа даярланған тұжырымдама жобасына байланысты айтылған пікірлер, ұсыныстардың барлығы іріктеліп, жыл соңында Астанада өтетін бастауыш партия ұйымдарының республикалық форумында жарияланады.
Атырау мұнай өңдеу зауытында 1 800-ден астам жұмысшы болса, соның 1 200-ге жуық қызметкері – «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Мұнда жұмыс істейтін жастар партияның кадрлық резервіне кіріп, жұмыстан бөлек, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, БПҰ-ны жандандыру аясында берілген мүмкіндікті пайдаланып, қызметтік баспалдақ бойынша өсуді көздейді.
– Зауыттағы жұмысыммен қатар, партия мүшесі ретінде қоғамдық өмірге белсене араласамын. Өңіріміздің өмірі жайлы үнемі хабардармын. Тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешуге атсалысып, кейбір мәселелер бойынша өз ұсыныстарымды беріп, қалалық партия филиалы тарапынан талай рет қолдау таптым. Енді БПҰ-ның жұмысын жандандыру аясында партия белсенді мүшелерінің қызмет бойынша өсуіне мүмкіндік беруде, бұл жастар үшін үлкен ынталандыру, – дейді Атырау мұнай өңдеу зауытының операторы Ғалым Сағидолла.
Мәулен Әшімбаев мұнайшылармен кездесу барысында 2018 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша республикамызда 1 миллионнан астам партия мүшелерін біріктіретін 6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымдары жұмыс істейтінін айтты.
– Партияның іргетасы, басты күші – ол бастауыш партия ұйымдары. Қазақстанды үшінші жаңғырту аясында Елбасының бастамасымен қолға алған бағдарламалық құжаттарды, партиялық жобаларды жүзеге асыру жолында бастауыш ұйымдарының рөлі ерекше. Қазіргі күні партия қолға алған ІТ сыныптар мен ІТ орталықтарын ашу, кітапханаларды, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту бойынша жобаларды халық арасында насихаттау, түсіндіру жұмысына белсенді қатысуларыңызды күтеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев облыс орталығында Елбасының үшінші бастамасы «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бойынша Атырау қаласындағы «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің жатақханасына барды.
Президенттің тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясы тарапынан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруға қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мақсатында орталық және өңірлік деңгейде қоғамдық кеңестер құрылған болатын. Қоғамдық кеңестің құрамында жетекші саяси партиялардың, Қазақстан халқы ассамблеясының, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер және өңірлік палаталарының, елдегі ірі ҮЕҰ басшылары мен өкілдері, танымал блогерлер, салалық сарапшылар мен ғалымдар бар.
Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында салынған ғимарат биыл қолданысқа беріліп, жүзден астам студенттің игілігіне айналдыруда.
– Жатақханада студенттердің алаңсыз тұруына және оқуына үшін барлық жағдай жасалған. Студенттермен, жас ұстаздармен әңгімелестік, олар жаңадан бой көтерген студенттер үйіне қол жеткізгеніне қуанышты.
Бұл – Президент бағдарламасының жүйелі жүзеге асып жатқанының көрсеткіші. Бес әлеуметтік бастама нақты xалықтың әл-ауқатын көтеріп, өзгеде әлеуметтік мәселелердің шешім табуына септігін тигізуде. Бұл бағдарлама тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Елбасының бес әлеуметтік бастамасының тағы бірі – шағын несие беруді көбейту. Бүгінде Президенттің төртінші әлеуметтік бастамасы шеңберінде шағын несиелерді кеңейту жөнінде механизм бар. Бұрын осындай бағдарламаларға байланысты несиелердің айтарлықтай бөлігі әрекет етіп жатқан кәсіпкерлерге бағытталатын. Қазіргі кезде несие беру жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілерге бағытталады. Нәтижесінде, олардың үлесі 85-90 пайызға өсіп, бірінші кезекте ауыл жастары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен бизнесті жүргізу жағдайының жақсара түсуін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыл және қала тұрғындарына, әсіресе, жастарға, оның ішінде «Атамекен» ҰКП «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерліктің негізін оқуды тамамдағандарға шағын несие ұсыну қажеттігіне ерекше назар аударды.
Осы бастаманың облыста қалай жүзеге асырылып жатқанын қадағалау үшін Мәулен Әшімбаев Caspiy Lana Atyrau ЖШС-і алаңында «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында арнайы оқыту курстарынан өтіп, өз ісін өркендету үшін шағын несие алып, жұмыс істеп отырған кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Президент бастамасының маңыздылығына назар аударып, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған партиялық жобалар туралы айтып, партия кәсіпкерлерді қолдау, қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді.
– Өздеріңізге белгілі, кәсіпкерлер жиі көтеретін мәселелердің бірі –коммерциялық мақсаттағы жер телімдері туралы ақпараттың ашық болмауы. Бұл әсіресе, жергілікті жерлерде анық байқалып отыр. Осы олқылықты ескере отырып, біз Геоақпараттық онлайн қызмет көрсететін ұлттық бірыңғай портал құру ісін бастап кеттік. Ол кәсіпкерлерге бос жер телімдері, аукциондар және оларға қатысу талаптары туралы ақпараттарды бір жерден және ашық алуға мүмкіндік береді. Партия бұл жұмысты қоғамдық бақылауға алып, Үкіметпен бірге бірлескен онлайн жүйе құру ісін жүзеге асыруда, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев партия бастамасымен жүзеге асып жатқан «Үздік әлеуметтік жоба» байқауының аймақтық жеңімпазы, облыстық оңалту орталығында орналасқан «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің жұмысымен танысты. Айта кетсек, қоғамдық бірлестік 2011 жылы «Инватакси» қызметін қосқан. 2018 жылдың 8 айында инватакси 5 мыңнан астам қызмет көрсеткен.
Қоғамдық бірлестік белсенділерімен кездесу барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары партия қызметін жаңғырту аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын одан әрі жандандырып, тиімділігін арттыруды қолға алғанын атап өтті.
– Бұл жобаны жүзеге асыру барысында біз нақты төрт басымдықты анықтадық. Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта қалыптастыру. Екіншіден, олардың инклюзивті білім алуларына ықпал ету. Үшіншіден, жұмысқа орналасуларына қолдау көрсету. Төртіншіден, осы салаға қатысты заңнамаларды одан әрі жетілдіру. Осылайша, партия құр статистика үшін емес, мүмкіндігі шектеулі жандарға нақты көмек көрсетуді көздеп отыр, – деді ол.
Атырау өңіріне сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Атырау білім-инновация лицей-интернаты базасында партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында бой көтерген IT сыныпты аралады. Айта кету керек, биыл өңірде бұдан басқа әлемдік талаптарға сай 8 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды бағдарламау және робототехника негіздеріне оқытатын 10 ІТ сынып ашылған. Бұл мектептерде 2018
жылы – 700, 2019 жылы – 1500, 2020 жылы – 2000 баланы оқыту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ашылған Іspace коворкинг орталығында болды және аймақтағы партия активімен кездесті. Кездесуде Президенттің бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізіп, атқарылған жұмыс барысын талқылады.
Берік ХАСЕНОВ