ДАУЛАРДЫ ШЕШУДІҢ БАЛАМА ЖОЛДАРЫ БАР

288
0
Бөлісу:

Былтыр бір топ судьялар «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Лондон қаласында тағылымдамадан өтіп қайтқан-ды. Тағылымдаманың негізгі
мақсаты – құқық негіздері, сот өндірісі, адвокатура ілімі жүйелерімен танысу. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Исатай Сматов тағылымдама барысында дауларды балама шешудің ағылшындық әдістері мен жолдарына қатысты пайымын білдірді.

– Қазіргі кезде сот процесі кез келген дауды заңдық тұрғы­дан реттеудің негізгі әдісі ре­тін­де қарастырылады. Дей тұр­ған­мен соңғы жылдары жұрт­шы­­лықтың сот төрелігіне қол­­жетімділікті жеңілдетуге ұмтылыстары сот талқысының басқа да жолдарын қарастыруға алып келді. Атап айтқанда, іскер­лік қауымдастықтар сот­тар­дың өмірлік маңызын мойын­­дай отырып, қазіргі сот жүйе­­сін түбегейлі өзгертуге шақы­рып, соттың бюрократтық кедергілерінен арылтатын «Дау­ларды баламалы шешу» (халықаралық ұғымда қысқаша ДШБЖ) секілді «балама» жолдарының да болғандығын қалайды. Осы орайда сіз «Дау­ларды шешудің балама жолдары» (бұдан былай ДШБЖ) туралы оқырманға қарапайым тілде түсінік бере кетсеңіз?
– Бұл механизмді сипат­тайтын көптеген тұжырымдар болғанымен, ДШБЖ терминін айқындаудың ешбір нормативтік, немесе жалпыға ортақ тұжырымы жоқ. Былайша айтқанда, бұл «дауласқан тараптардың өзара келісе отырып, келісімге қол жеткізу үшін дауды сот талқысына салмастан үшінші тарап­тың көмегіне жүгінісі» деуге болады. Атап айтқанда, бейтарап жақ дауласушы тарап­тардың талаптарының мәні мен маңызына қарай талап – тілектері мен қажеттіліктерін қанағаттандыратын келісім жасасуларына ықпал етіп, жағдай туғызады. Сонымен қатар мұндай жағдайда соттан тыс кез келген процедура арқылы дауласушы тараптар өз істерін аса бір жоғары шығындарсыз, дәстүрлі сот талқысы жағдайындағы уақыт пен айқындалмаған белгісіздіктерге қатысты туындайтын әбігерлер­сіз шеше алады. ДШБЖ – әдетте келіссөздер, бітімге келу, медиация, немесе арбитраж сияқты бейресми процестер тобы түрінде сипатталып, дауларды шешудің балама жолдарын қарастырады.
– Дауларды шешудің балама жолдары Батыс елдерінде қашан пайда болған?
– Дауларды шешудің бала­ма жолдарының осы заман­ғы қозғалысы 1960 жылдардың соңына таман Америка Құрама Штаттарында «сот жүйесі жүктемесінің көптігіне бай­ланысты сот талқыларындағы іркілістер мен шығындардың ұғаюына жол бермеу мақсатында азаматтық құқық саласындағы медиация мен құқықтық қозғалыс арқылы қоғамдық дауларды шешетін әлеуметтік қозғалыс» түрінде пайда болды.
Атап айтқанда, азаматтық құқықтар жөніндегі конгрес 1964 жылы нәсілшілдік және қоғамдық дауларды шешуде соттарға және басқа да тұлғаларға көмек көрсету үшін АҚШ Әділет министрлігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі қызметін құрады. Содан бері американдық заңгерлердің ассоциациясы, АҚШ конгресі мен штаттардың үкіметі ДШБЖ-ның біртіндеп дамуына жағдай жасап келеді. АҚШ-тың (Миссисипи, Пуэрто – Рико, Албама сияқты) 35 штатында 1955 жылы бірыңғай мемлекеттік арбитраж заңы және штаттың заңдары түрінде тисінше мемлекеттік заңдар қабылданды. 2000 жылы неғұрлым күрделірек коммерциялық дауларды шешу мақсатында Ұлттық кон­фе­ренцияның комиссия мүшелері арбитраж туралы бірыңғай жаңартылған заңды бекітті.
1980 жылдардың орта ше­нінде ДШБЖ қозғалысы Ұлыбританияда да пайда болды. 1999 жылы лорд Вульфтің «Англия мен Уэльстегі азаматтық сот төрелігі жүйесінде сот төрелігіне қол жеткізудің аралық есебі» тақырыбындағы баяндамасында қазіргі азаматтық құқық жүйесі мен ДШБЖ ынталандыру тетіктерін түбегейлі өзгертудің қажеттілігі айтылды.
– Дауларды шешудің балама жолдарына қаншалықты қолдау бар?
– Соңғы жылдардағы оқиға­лардың өрбу барысы көрсетіп отыр­ғанындай Англия мен Уэльсте дауларды шешудің бала­ма жолдарына соттық және саяси жағынан қолдау айтарлықтай күшейе түскен. Нәтижесінде, сот талқылауына қатысатын тараптардың барлығы да дау-дамайды шешудің әдісі ретінде дауларды шешудің балама жолдарына айрықша көңіл бөле бастады.
Ұлыбритания үкіметі – ДШБЖ-ның белсенді қолдау­шысы. Оған 1998 жылдан бастап Азаматтық іс жүргізу тәртібін көтермелеуге бағытталған бір­қатар шаралардың енгізілген­дігі айғақ. Мемлекеттік ведомство­ларға қатысты барлық қолайлы жағдайларда Үкімет те аталған балама жолдарды қолдануды міндеттеген.
Сонымен қатар судья Лорд Джексонның «Азаматтық сот шығындары туралы» 2010 жыл­ғы түпкілікті есебінде тұтас­тай бір тарау ДШБЖ-ның артықшылықтарына арналған. Судья Лорд Джексон тараптар медиацияға мәжбүрленбеуге тиіс деген қорытындыға келді. Бірақ ол медиацияны көтермелеу үшін соттарды қолда бар барлық мүмкіндікті қолдануға ша­қыр­ды және ол медиациядан негізсіз бас тартқан тараптардан сот шығындарын өндіріп алу түрінде жаза қолдануды ұсынды.
Осымен бірге, апелляциялық соттың 2004 жылғы ерекше шешімінде өздерінің дауларын ДШБЖ-ның қандайда түрінде болмасын ұсынған тараптарды сот белсенді түрде көтермелеуге тиіс екендігін, бірақ сот оларды оған мәжбүрлей алмайтындығын түсіндірді. Мәжбүрлеу тарап­тардың шығындарын ұлғайт­қаннан басқа ештеңе бермейді, даудың шешілуін кідіртіп, ДШБЖ процесінің тиімділігіне нұқсан келтіреді. Сот, тараптар ДШБЖ жасап көруден бас тартса, немесе оған тек сот талқысының соңында ғана келіссе, өз пози­цияларын негіздеуге дайын болу­лары керектігін атап көрсетті.
Сонымен қатар егер судья іс ДШБЖ-на келеді деп есептесе, ДШБЖ-на кез кел­ген қарсылықтың және оны орындағысы келмеген тарап­тардың себептерін зерттеуі керек. Прецеденттік құқық ДШБЖ жасап көруден негізсіз бас тартқан жақтың сот талқысының соңында санкцияларға тап болуы мүмкін екендігін тұжырымдап берді және де бұл қазіргі кез­де Азаматтық іс жүргізу тәртіп­те­рінде көрініс тауып отыр.
– Ал енді осы дауларды шешу­дің баламалы жолдарының өзіндік басты ерекшелігі неде?
–ДШБЖ-ның кейбір неғұрлым маңызды ерекшелік­теріне тоқталар болсақ, олар: біріншіден, процестің келі­сімге негізделетіндігінде. Тарап­тар өздерінің дауларын ДШБЖ арқылы шешудің кейбір формаларына жатқызбастан бұрын әуелі келісімге келеді. Сот олардың бұлай етулеріне мәжбүрлей алмайды. Бірақ егер олар ДШБЖ -нан негізсіз бас тартса, сот шығындарын өндіріп алу түрінде айып сала алады.
Екіншіден, «зиянсыздығы». ДШБЖ «ешбір залал келтірмеу» сипатында жүзеге асырылады. ДШБЖ-на жүгінудің нәтижесі оның міндетті түрде орындалуы жөніндегі келісімге қол жет­кіз­геннен кейін ғана барып, тарап­­тарға міндетті болады. Оған дейін кез келген жақ ДШБЖ про­цесінен шығып, сотта, немесе арбитраждық комиссияда дау тал­қысын бастап немесе жалғастыра алады. Егер ДШБЖ-на жүгініс дауды реттей алмаса, сот процесі немесе арбитраж қайта басталады немесе жалғастырылады.
Үшіншіден, ДШБЖ сот талқысы, немесе арбитраж бары­сында қол жетпейтін, тарап­тардың коммерциялық қа­жет­тіліктері мен мүдделерін есекере отырып, олардың өзара тіл табысуларына мүмкіндік бере алады. Мысалы, ақша өн­діру туралы талап болашақта көрсеті­ле­тін қызметтерге жеңілдіктер жасау жолымен шешіліп, олар­дың іскерлік байланыстарын сақтап қана қоймай, тіпті жақсарта түсуі мүмкін.
Төртіншіден, икемділігінде. Тараптардың қажеттіліктеріне қарай іс – әрекеттің ахуалы өзгер­тіледі. ДШБЖ процесс бастал­ғанға дейін де, сот, немесе ар­битраж­дық талқы барысында да жүзеге асырылуы мүмкін. Тараптар ДШБЖ процесі бары­сында сот талқысын жалғастыра беруге немесе тоқтата тұруға келісе алады.
Бесіншіден, аз шыған жұм­сала­тындығында және тезді­гінде (арбитраждан басқа жағдай­ларда). Ол, сондай-ақ көптеген жағдайларда жылдам бекітіліп, жүзеге асырылады. Мысалы, медиация бір күннен артық уақыт алмайды.
Дауды шешуге тырысу үшін сіз телефон арқылы келіс­сөз жүргізесіз бе, кездесу ұйым­дас­тырасыз ба, оған кез кел­ген уақытта мүмкіндігіңіз болады. Бірақ «ешкімге зиянын тигіз­бейтіндей» болуы керек. Әдетте, әрбір тараптың өкілі теле­фон арқылы келіссөз жүргі­зеді. Дөң­гелек үстел басын­дағы кездесулер көпшілік жағ­дайда әрбір тараптың заңды өкіл­дерінің, мүмкін адвокаты­ның қатысуымен өтеді. Келіссөз­дер барысында әрбір жақ өзінің заңгерлер тобымен оңа­ша талқылаулар жүргізуіне мүмкіндік беру үшін үзілістер жасауы мүмкін.
Бұл жиын келушінің өз ісі туралы айтып, өзінің әріптесінің күшті және әлсіз жақтарын бағалауына мүмкіндік береді.
– Медиатордың рөліне де тоқтала кетсеңіз…
– Медиатордың рөлі – тәуел­сіз және мүдделі емес үшін­ші тұлға ретінде қатысып, тарап­тарды тіл табысуға және бітімгершілік келісімге келуге ынталандыру. Іс жүзінде тиімді медиатор мынадай алты қасиетке ие болуы тиіс:
Түсіне білу – тіпті онымен келіспеген күннің өзінде, оның жағдайын түсінуі және тарап­тарды өздерінің қатаң ұстаным­дарын босатуына мәжбүрлеу.
Төзім – тараптардың өздері әрекет жасауға кіріскенге дейін күте білу;
Өз-өзіне сенімділік – дауды реттеудің жоспарын жасап, бірақ сырттан ашық қысым білдірмей тараптардың сеніміне кіре білу қабілеті.
Ойдың ашықтығы – жаңа ақпараттар алу мен жаңа мүм­кіндіктердің туындауына бастай­тын қисында сауалдар қоя білуі.
Тапқырлық – талқылау тұйыққа тіреп, немесе құлаудың алдында тұрғанда, жаңа идея таба біліп, тараптарды ойландыратын қалыптан тыс пайымдар, жаңа шешімдер ұсына алу және өз идеясын жеткізе білу.
Шыдамдылық – делдалдық сессия ұзақ уақыттарға созылып және күткендей келісімге келу­ге жақындаған кезде үзіліс жасаудың мүмкіндігі шектеліп қалған жағдайда да бастаған іске табандылық таныта білушілік.
– Оқырманға жан-жақты мағлұмат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Бөлісу:

Пікір жазу


*