ҒАЛЫМДАР АЛҚАПТАРДА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

531
0
Бөлісу:

Ауыл шаруашылығы саласын­дағы ғалымдар енді қағазбасты болып кабинетте отырмайды, ғы­лыми жұмысының басым бөлі­гін алқаптарда атқарады. Бұ­ған агроөнеркәсіп кешенін цифр­лан­дырудың нәтижесінде қол жеткізілмек. Ал еліміздегі ауыл шаруа­шылығы саласындағы 20 ғылыми-зерттеу институты жүйе­леніп, 12-сі ғана қалады. Ғалымдардың жалақысы көтері­леді. Бұл жөнінде Ақмола облысы, Шортанды ауданындағы А. Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орта­лығында өткен «Нақты егіншіліктегі инновациялық технологиялар» атты ауыл шаруашылығы мамандарының конференциясында айтылды.

Конференция жұмысына Премьер-министрдің орын­басары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев пен Премьер-министрдің тағы бір орынбасары Асқар Жұмағалиев, Парламент депутаттары, облыстық әкімдер орынбасарлары, салалық одақтар мен бизнес өкілдері қатысты.
Жалпы, бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан көрсетілетін 101 мем­лекеттік қызметтің ішіндегі 61 қызмет ішінара және 1 қызмет толық автоматтандырылған. 2022 жылға дейін барлық мем­лекеттік қызметті автомат­тан­дыру жоспарланып отыр. АӨК-ны цифрландыру бәсе­кеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттырып, азық- түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, салаға инвестиция тарта түседі. Бұдан келетін экономикалық әсер 2025 жылға дейін 40 млрд теңгені құрайды деген болжам бар. Ауыл шаруашылығы цифрландырылған технологияларға көшкеннен соң сала мамандары қайта жасақталады.
«Елбасы жолдауындағы тап­сырмаға сәйкес, біз бес жылдың ішінде еңбек өнімділігі мен экспорт көлемін 2,5 есеге арт­тыруымыз керек. Оның ішінде ең маңыздысы – агроөнеркәсіп ке­шенін цифрландыруға көшіру. Осы тұрғыда біз жаңа технологияларды енгізе отырып, егіншіліктің нақ­ты түріне көшуіміз қажет» деген Өмірзақ Шөкеев ғылыми-зерттеу институттарында болатын кадрлық өзгерістер туралы айтты. Бұл жерде ол Қаскелеңдегі аграр­лық базаны мысалға келтірді.
Аталған ғылыми базада нақ­ты жұмыс істейтін 50 ға­лым бар, қалған 200 адамның немен айналысатыны бегісіз. Сондықтан, біз қазір ғылыми институттардағы штат мәселесін қайта қарап, нақты жұмыс нәтижесін көрсеткен ғалымдарға іс жүзінде жағдай жасаймыз. Ал қағаз жазумен айналысатын ғалымдар қысқартылады, – деді министр.
Министр мұндай өзгеріс салаға кадр даярлайтын жоғары оқу орындарына да қатысты екенін ескертті. Оның айтуынша, 10 мың студент оқитын Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі 1000 оқытушының көп бөлігі бәсекеге қабілетті емес көрінеді. Сол себепті академиялық стан­дартты күшейтіп, бәсекеге қабілетсіз оқытушылар экстеншн жүйесі бойынша практикалық жұмыстармен айналысады. Ал студенттердің үздік деген 10 пайызына халықаралық стан­дартқа сай келетін диплом беріледі.
– Ғылыми-зерттеу инсти­туттары жұмыстарын қағазбен емес, іс жүзінде көрсетуі тиіс. Қазір бізде жаңалықты ғалым­дардан гөрі фермерлер артық біледі. Сондықтан, ауыл шаруа­шылығымен айналысатын ғалым­дар институт ішінде отырмай, егін алқабында жүруі керек. Яғни, ғалымдардың 70 пайызы жаңа технологияларды енгізумен, ғалымдардың жаңалықтарын енгізумен айналысады» деді ол.
Оның пікірінше ҒЗИ ғалым­дары кез келген қызметкерден жоғары жалақы алуы керек. «Біздегі еңбекақы төлеу жүйесі түсініксіз. Егер ғалымдарға 100 мың теңге жалақы қоятын болсақ, онда одан қандай ұтқыр идея күтеміз? Бүгіндері айына 1,5 млн теңге табыс табатын ға­лым­дар бар, өйткені, ғалым идея генераторы, ал оның директоры қарапайым менеджер. Сондықтан біз ғалым­дардың жалақы мәселесін заңдық негізде шешеміз» деді Ө.Шөкеев.  А.Жұмағалиев жаңа техно­ло­гияларды қолдану мен цифр­ландырудан күтілетін нәтиже туралы айтып берді. Оның ай­туынша, бүгінде пилоттық режимде смарт фермалар, элек­трондық карталар және нақты егіншілік технологиясы жұмыс істеп жатыр. Бұл өз кезегінде шы­ғынды 25-30 пайызға қысқартып, өнімділікті 30-50 пайызға өсіреді деген болжам бар. осы ретте цифрландыру аясында А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми- өндірістік орталығының тәжірибелік алқаптарында нақты егіншіліктегі алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялардың іске қосылғанын айтуымыз керек. Конференция қатысушылары аталған орталықтың егін алқап­тарында болып, нақты егіншілік технологиясының нақты мыса­лын көзбен көрді. Ал Премьер-министрдің орынбасары А.Жұмағалиев егіс басында John Deere заманауи комбайнына мініп көрді. Ол өзін комбайнда емес, тікұшақта отырғандай сезініпті. Іші компьютер және басқа да басқару құралдарымен жабдықталған техника цифр­ландыруға толық жауап береді.
«Жаңа технологияларды енгізу нәтижесінде, өнім көлемін әдеттегіден 30-40 пайызға ар­тық өндіруге болады. Бұл – цифр­ландырудың нәтижесі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің Елбасы тапсырмасын орын­дауының дәлелі» деді ол.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Шортанды ауданы,
Ақмола облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*