КӘСІПКЕРЛЕР КОНГРЕСКЕ ҚАТЫСУҒА ҚҰЛЫҚСЫЗ

297
0
Бөлісу:

Алматыда қыркүйек айының 19-20 күндері  ANQ – 2018 Азия сапа конгресі өтеді. Білген кісіге бұл жиынның жөні бөлек. Қай салада болмасын, сапалы қызметті қамтамасыз етуге жол ашатын конгреске қатысуға өз кәсіпкерлеріміз құлықсыз болып тұр. Азия мемлекеттері арасынан конгреске қатысуға 200 өтінім тіркелсе, Қазақстаннан берілген өтінім саны өте аз. Бұл туралы Қазақстанның сапа және инновациялық менеджменті ұйымының президенті, Азиялық сапа ұйымының басқарма төрағасы, Халықаралық Сапа академиясының академигі, халықаралық аудитор, халықаралық асессор, профессор Азат Абдрахманов айтып отыр.

Әрине, біздің ел жиын-той өткізуден алдына қара салмайды. Әсіресе, жыл аяқталар тұста кон­ференциялар мен конгрестерден көз ашпай қаламыз. Жиын­дар­дың ішіп-жеу үшін ұйым­дастырылғандай болып көрінетіні де жасырын емес, өйткені үзі­лістегі кофе-брейктер мен қымбат мейрамханалардағы дастархан мәзірі бас айналдырады. Алайда біз сөз етіп отырған конгрестің жөні бөлек. Өйткені бұл өмір сапасын арттыруды көздейді. Қызығы сол, бұл жиынға белсенді қатысуға ниеттілер күткендегідей болмай тұр. Неге? Азат Абдрахма­новтың айтуынша, бұл – конгресті әдеттегідей ғылыми конференция деп қабылдаудың салдары болуы мүмкін. Десе де, еліміз үшін маңызын осы жолы көріп, білген соң көзқарас өзгерер деген үміт бар. Себебі, конгресс барысында өтетін симпозиумдарда сапа салалар бойынша қарастырылады. Яғни, білім сапасы, инновация сапасы, қызмет көрсету сапасы, қызметкерлерді басқару сапасы, тауар сапасы, менеджмент сапасы сияқты тақырыптар төңірегінде сессиялар өтеді. Осы сессияларда 140-қа жуық ғылыми баяндама ұсынылады. Сол 140 баяндаманың арасында Қазақстаннан ұсыныл­ғаны – 4-5-еу ғана.
Айта кетерлігі, Азиялық сапа конгресі коммерциялық ұйым емес, бұл – еркін алаң. Қатысу да тегін. Бұл шарадан ешкім мате­риалдық пайда көрмейді, есесіне сапаны көтеруге берер пайдасы орасан.
– Азиялық сапа конгресін өткізу – мемлекетіміз үшін үлкен жауапкершілік. Өйткені Азия, Еуропада да бізді сапа жағынан әлі ешкім білмейді. Кейінгі он жылдың көлемінде қазақстандық мамандар осы бағытта жұмыс атқарып келеді. Сапа бойынша Азияда ғана емес, дүние жүзінде танымал ел – Жапония. Өздері­ңізге мәлім, бұл елде бір литр, милилитр мұнай жоқ, бір текше газ жоқ, металл да өндірілмейді. Соған қарамастан озық техно­логиялар, машина жасау, электро­ника, кеме жасау ісінде жапон елінің алдына түскен ел жоқ. Одан кейінгі орында Оңтүстік Корея тұр. Daewoo, Samsung тағы басқа компаниялары әлемдік брендке айналған. Ал Қытай қазіргі уақытта «Қытайда жасал­ған» атауынан «Отаны Қытай» деген тіркеске ауысып отыр. Яғни, осыған дейін өндірілген өнімдердің Apple, iPhone, iPad, Sony Ericsson тағы басқа әлемдік брендтердің көшірмесін шығару­мен шектелген болса, енді қы­тай­дың өзінің ғалымдары, өнер­тапқыштары ойлап тапқан деп мақтанышпен айту идеясын алға сүйреп, сапаға мән беруде. Haier, ZTE, Huawei және тағы басқа әлемдік брендтер Қытайға тиесілі. Техника, автокөліктер, құрылыс техникасының көпшілігі көрші Қытайда шығады. Сонымен қатар Үндістан, Сингапур, Вьетнам ел­де­рі де қарыштап дамып ке­леді, – дейді Азат Абдрахманов.
Оның айтуынша, екі күнге жос­парланған конгресс жұмы­сына сапаны басқару саласы бойынша дүниежүзіне әйгілі Нориаки Кано (Жапония), Клаус Берлин (Швеция), Элизабет Кейм (АҚШ), Мухаммед Заири (Англия), Жухани Антилла (Финляндия), Ван-Сен Шин (Оңтүстік Корея) келіп қатысады.
«Конгреске құрметті қонақ ретінде келетін Н.Кано «Айрықша сапа моделін» ойлап тапқан әлемдік ғалым. Мәселен, сапада сіз маған талап қоясыз, мен оны орындаймын. Сіз алған өніміңіз үшін, көрген қызмет түрі үшін алғыс айтасыз. Келесіде сіз маған сенім артып, қайта айналып, қуана келесіз. Яғни, сіздің өні­міңіз немесе қызметіңіз сапаның ең жоғары талаптарына жауап береді. Н.Каноның «Айрықша сапа моделі» жапондарды әлемге танытты. Осы модель арқылы ол бір кездегі қарапайым меке­ме­лерді әлемдік брендке айнал­дыруға мұрындық болды. Жасы­ның ұлғайып қалғанына қара­мастан, әлі де әлемдік құрылыс компаниясының кеңесшісі қызметін атқарады. Әлемде өтетін ірі конгрестерге Н.Кано №1 қонақ ретінде шақырылады.
Екінші қонағымыз – Мухам­мед Заири таяуда «Төртінші өнер­кәсіптік революция кезеңінде сапа рөлі» деген кітап шығарды. Біз индустриаландыру, цифр­ландыру, компьютерлендіру дейміз. Барлық нәрсені компью­терге түсіруге болады. Соның ішінде адамның рөлі, менедж­менттің рөлі қандай? Басқару жүйесі керек пе, жоқ па? Бұл жағдайларда сапа мәселесіне жауапты адамдар не істеу керек деген сауалға осы кітаптан жауап табасыз. Кітаптың тұсаукесері осы конгресс аясында Алматыда өтеді» дейді А.Абдрахманов.
Конгрестің екінші күні әлем­дік сапа саласының өкілдері Алма­тыдағы «Семирамида», «Бахус», «Алматыөнім», «Сайман» корпорациясы, Ауыр машина жасау зауыты сияқты өндіріс ошақтарын аралап, өндірісті іл­герілету, сапа менеджменті көтеру төңірегінде сол жерде кеңес бе­реді. Ал Қазақ ұлттық универ­ситетінде Білім сапасы бойынша сипозиум өтеді.
Қазақстанның сапа және инно­вациялық менеджменті ұйымына конгресті ұйымдас­тыруда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы серіктес болып отыр. Осы серіктестіктен кейін конгреске қатысуға ниеттілер бой көрсете бастаған. «Атамекен» ҰКП Сапаға байла­нысты республикалық конкурс­тарды ұйымдастыру департамен­тінің басқарушы директоры Сал­танат Әбдікәрімованің ай­туынша, конгреске қазақстандық ком­паниялардың 70-і қатысуы мүмкін. Қарағандыдан Кытайдың сертификаттау органдарымен кездесу үшін бара жатқан ком­паниялар да бар. Негізінен, бұл жиынға Азия нарығы қызық­тыратын компанияларды ұсынуға назар аударылыпты.
«Әдетте, «Алтын сапа» бай­қауын өткізген сайын біз мара­патсыз қалдық дейтін кәсіпкер­лер болады. Алайда солар ха­лықара­лық байқауларға қатысуға асық­пайды. Себебі, олар ең әуелі өз елінде мойындалғысы келеді. Ал егер шетелде мойындалса, сол елден тиімді ұсыныс жасалуы әбден мүмкін» дейді Салтанат Жақсылыққызы. Оның пікірінше, сапа менеджментіне салғырт қа­раудың салдары кеңестік жүйеден қалған әдеттен. Яғни, Кеңес одағы кезінде туған ұрпақ өзін мемлекеттің бақылап отырғанына үйреніп қалған.
– Қазіргі кезде қоғамдық ба­қылауды күшейту қолға алынып жатыр, сонымен бірге әр кә­сіпорын­ның ішінде өзі-өзі іштей бақылауды да күшейту маңызды. Сонда біз жоғары сапа туралы әңгіме айта аламыз. Ал ол үшін бізге стандарттау жүйесі керек. «Азия сапа желісі» конгресінде жоғары сапаға қол жеткізген компаниялар келеді. Сонда бізге жоқтан барды ойлап табудың қажеті болмайды, бар нәрсені үйреніп, тиімдісін алуымыз қажет, конгресс кәсіпкерлер үшін соны­сымен де тиімді. Бұл мүмкіндікті жіберіп алмау керек, – дейді ол.
Салтанат Әбдікәрімова сапа­ны көтеру, шикізатты үнемді жұмсау, тұтынушы мен өндіруші арасындағы жылы қатынас ор­нату – өзекті мәселе екеніне бірнеше мысал келтірді. Соның бірін жазбай тұра алмадық.
– Біздегі 2 грамдық қағаз қо­рапшадағы қантты 10 жыл бұрын Жапонияда көргем, ол кезде бізде ондай қант жоқ болатын. Ал енді жақында Жапонияға тағы да жол түсті. Әлгі 2 грамдық қанттың салмағы 0,75 грамға түсіпті. Неге десем, «Біздің ұлт қазір дұрыс та­мақтануға көшті, қантты аз тұты­нады. Олар 2 грамдық қантты ал­ғанымен, бәрін шайға қоспайды, содан ысырап болады. Ал біз сіздің артық ақша төлегеніңізді қаламаймыз, артығын тастай салмас үшін» дейді.
Қазір Түркияда «Швед үсте­ліне» байланысты өзгеріс енгізіл­мек екен. Мысалы, сіз мейрам­ханаға 2000 теңге төлейсіз де қалаған тамағыңызды салып тамақ­танасыз. Егер сіз сол та­мақты тауыспасаңыз, тамақтың қалдығының салмағы өлшеніп, сізге айыппұл салынады. Яғни, сіз ысырап жасамай, өзіңіз жейтін тамақты ғана мөлшерімен салып алуға тиіссіз. Біз де осыны енгіз­сек дейміз. Бұл санаға өзгеріс әке­леді деп ойлаймын, – дейді ол.
Ал Азат Абдрахманов компа­нияларда үнемдеу туралы сөз болса, бірден мамандарды даярлауға бөлінетін қаржыны қысқартудың әдетке айналғанына алаңдаулы. Ол, сондай-ақ кей кәсіпкерлердің жалған марапат сатып алуға әуестеніп бара жат­қанына қынжылады.
«Біз ауылыңда батыр болсаң, ауданға неге шықпайсың, облыс пен республикаға неге шық­пай­сың дейміз ғой. Кәсіпкерлерге де солай дегіміз келеді. Ауданда, облыста мықты кәсіпкер болсаң, республика мен шетелге неге шық­пайсың дегіміз келеді. Ең қызығы, көп кәсіпкер аты бар, заты жоқ марапаттарды сатып алуға үйір боп алды. Ондай ма­рапатты тағайындаушылар салық органдарынан компания дерегін алады да, «сіз алтын дипломға ие болдыңыз, құттықтаймыз! Енді бар болғаны 1 200 000 теңге төлеуіңіз керек» деп хат жолдаса, соған мәз болып, қаржы аударып, аты-заты беймәлім марапатты алатындар көп. Ал сол 1 200 000 тең­гені мамандарын сапа ме­неджменті бойынша оқытуға бөлсе, әлдеқайда пайдалы болар еді» дейді.
Айтқандай, біздің елде сапа менеджерлері дайындалмайды. Ал стандарттау мен сертификаттау мамандығына Ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен балл алғандар қабылданады, соңғы жылдары оларға бөлінетін грант та азайып­ты. Бірақ сол мамандықты тамам­даған түлектердің басым бөлігі білікті кадр бола алмайды.
– Ал сапа менеджерлерін дайын­дап жатқан бірде-бір уни­вер­ситет жоқ. Ол тіпті Қазақ­стандағы мамандықтар клас­сификациясында да жоқ. Осы олқылықтың орны толса деймін. Ал әзірге біз Еуропа сапа ұйымы­мен серіктес ретінде лицен­зияланған курс жүргіземіз. 160 сағаттан тұратын курсты оқып шыққандарға ИСО-17024 деген халықаралық стандарты бойынша Сапа менеджері деген ха­лықаралық сертификат беріледі. Міне, сол курсты оқуға құлық танытатындар аз, – дейді про­фессор.
Оның айтуынша, бүгінгі күні еліміздегі жоғары оқу орнын бітірушілерді Білім және ғылым министрлігі, ал дәрігер дипломын алғандарды Денсаулық сақтау министрлігі сертификаттайды екен. Бұл халықаралық тәжірибеге сай келмейді. Мұның барлығы өз кезегінде сапа стандартының сақталуына, сапалы дүниенің өмірге келуіне тұсау болып отыр. Ал конгресте осы олқылықтың орнын толтырудың барлық амалы айтылады. Тек оған қатысуға ықылас болмаса, өмір сапасын арттырамыз деген арманымыз – арман қалпында қала беретін сияқты…

«Айқын-анықтама»:
ANQ – Азиялық сапа желісі 2002 жылы құрылған, Азиядағы 17 ұлттық сапа компаниясының басын біріктірген ірі ұйым. 2003 жылдан бері әр жыл сайын сапа конгресі өтеді. Ал халықаралық шара біздің елде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Қазақстанның сапа және инновациялық менеджменті ұйымы –былтырдан бері Азиялық сапа ұйымының төрағасы.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ,
Астана

Бөлісу:

Пікір жазу


*