ULYS – ҰЛЫ ІСТЕРГЕ БАСТАСЫН

737
0
Бөлісу:

Ұлт тарихында орны бөлек «Қазақ» газетінің іргесін қалаған Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде қазақ баспасөзі жаңа журналмен толықты. Тағы бір журналмен толықты деуге құқымыз жоқ, себебі, бұл шынында да, жаңа медиаөнім – Digital форматындағы Ulys журналы. Қарапайым тілмен жеткізсек, цифрлы журнал. Оны iOS және android жүйелеріндегі қосымшалар арқылы телефонға, яки Ipad-тарға тегін жүктеп, оқуға болады. Бұрын журналға жазылыңыз десек, енді журналды қосымшадан жүктеп алыңыз дейтін болдық.

Ulys журналын телефонға біз де жүктеп көрдік, материалдарын оқыдық, ой түйдік. Сонымен, жур­нал бүгінгі оқырман талғамын ескере отырып жасалғанын тү­сіндік, себебі, сіз журнал мате­риал­­дарын оқып қоймай, сұхбат берушінің бейнежазбасын да көре аласыз. Ал кей материалдардың та­қырыбына сай арнайы дыбыс­тарды тыңдауыңызға болады. Мәселен, «Каспий неге бөлінді?» атты сараптаманы оқып бол­ғаныңызша, теңіз толқынының шуылы құлақ түбінде «сөйлеп» тұрады. Бейнежазбасын көргіңіз келсе, тақырып тұсына көз салып қойсаңыз жеткілікті. Журнал сарап­тамалық һәм танымдық бағытты таңдапты. Атауы да бөлекше.
«Ұлыс» сөзінің терең мағы­насы барын әлі біле бермейміз, бұл – қуатты сөз, біз соны жан­дандыруды мақсат еттік» дейді журналдың бас редакторы Ержан Қалымбайұлы.
Журналда тарихшы, халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Жас алаш» газетінде жарық көрген «Ұлыс сөзінің ұстыны» атты материалынан үзінді бе­ріліпті. Онда жазушы «Ұлыс». Бүгінгі қазақ баспасөзінде мен саяси өмірдегі ең бір бұзылған, бұрмаланған, кері мағына, бас­қаша ұғымға көшірілген сөздердің бірі. «Ұлыс» – қаншама ғасырлық ғұмыры бар тарихи атау, көне Түркі заманынан кешегі күнге жалғасқан, бүгін де әуелгі мағы­насын жоймаған, «мемлекет, хандық, ауызекі тіл, әдепкі жағ­дайда – «бүкіл халық» деген сөз» деп дәл анықтамасын жаңғырта түскен.
Ulys журналының тұсауын кесу Алаштың біртуар ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сәйкес келуі де кездейсоқ емес.
«Ахаңның «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген керемет сөзі бар. Сондықтан қазақтың әр­бір азаматы ертеңі үшін өлмей­тін­дей дүние жасаса деген ниетпен осы шаруаны Ахмет Байтұр­сынұлының туған күнінде бастап отырмыз» дейді журнал ре­дакторы.
Айта кетейік, былтыр Үкімет­тің арнайы қаулысы шығып, 5 қыркүйек Ахмет Байтұр­сын­ұлының туған күні – Қазақстан халқының тілдері күні болып бекітілген-ді. Енді, бұл күн Ulys журналының жарық көрген күні ретінде де тарихқа енді.
Журнал арқылы жаңа да жас сарапшылар буынымен таны­сасыз. Мәселен, «Каспий қалай бөлінді?» атты сұхбатта ха­лықаралық саяси сарапшы Жанат Момынқұлов Каспийді игеру мәселесіне жаңа көзқараспен қарауға ықпал етеді. Ал Орталық Азияның Қазақстан үшін мән-маңызы қандай деген сауалдың жауабын Халықаралық «Бола­шақ» бағдарламасының түлегі, Түркия мен АҚШ-тың белгілі жо­ғары оқу орындарында білім алған, Түркі кеңесі және Түркі академиясы сынды халықаралық ұйымдардың іргесін қалауға атсалысқан Әлім Байелдің берген сұхбатынан білуге болады.
Айтқандай, жаңа журналдың бір ерекшелігі, журнал мұқаба­сында шетел көріп, білім алған жастарды жарнамалауға мән берілмек. Көпті көрген, көп оқы­ған ақылды жастарды сәнге ай­налдыру арқылы білімді наси­хаттау көзделген. Бұл, бірақ жур­нал тәжірибесі мол, айтары бар салмақты сарапшыларды ескеру­сіз қалдырады деген сөз емес. Ұлт мүддесі жолында батырып айтуда батылдығымен танылған қоғам қайраткері Амангелді Айталының берген сұхбаты соған дәлел. «Отар­сыздану мәдениет пен руханият арқылы келеді» деп аталатын сұхбат бүгінгі отар­сыздану үдерісіне қатысты терең талдау мен орамды ойды алдыңыз­ға тосады.
Журналистикада бақилық бол­ған тұлғалармен сырласу ар­қылы сұхбат жазу дәстүрі бар. Журналдың алғашқы санында дәл осындай әңгіме қазақ үшін аяулы тұлға Әлихан Бөкейхан рухымен жүргізілген. Бір ғасыр бұрын айтылған әңгіменің әлі де өзек­тілігі ойландырмай қоймайды.
Журналды парақтай отырып, «Жаңа Түркия», «Түркі әлемі түгенделіп келеді», «Еуразиялық экономикалық одақ: ұттық па, ұтылдық па?», «Белдеу және жол мегажобасы: Қытайдың қар­қыны», «Дүниенің дүрліктірген ДАИШ», «Төртінші өнеркәсіптік революция: бізді не күтіп тұр?» «Қазақстандағы медиа тұтынудың ерекшеліктері: TV мен әлеуметтік желілер текетіресі», «Мәңгілік ел манифесі» сынды сараптамалық материалдардан да өз керегіңізді табасыз. Ал «Өзіңе сен!» айдары канадалық жазушы Робин Шар­маның «Өмір үйреткен 200 сабақ» атты тәжірибе-сабағымен баста­лыпты. Өмір сүруге деген ықылас­ты арттыратын канадалық жазу­шыны қазақша сөйлеткен – журналист Шынар Әбілда.
Карикатурашы-суретші Ға­лым Смағұлұлының сананы селт еткізер туындылары да журнал салмағын арттырып тұр.
Журналда қырғыз бен өзбек тіліндегі мақалаларға да орын беріледі. Мәселен, журналдың алғашқы нөмірінде қырғыз авто­ры­ның «Қазіргі қырғыз жастары нені қызықтайды?» деген мақа­ласы жарық көрген. Бауырлас ұлттың бар уайымы біздікімен сарындас. Бұл айналамыздағы өзге жұрттың ой-танымын сол ел­дің өз өкілі арқылы білуге мүм­кіндік береді.
Мультимедиалық журналдың таныстырылымына келушілердің басым бөлігі үшін Ulys журналы жаңа дүние болғанымен, дамыған елдерде бұл қалыпты үдеріске ай­налған. Ештен кеш жақсы демек­ші, таза қазақ тіліндегі диджитал журнал қазақ тілді контенттің санын ғана емес, сапасын да өсіреді деп сенеміз. Себебі, бүгінгі қоғам жеңіл-желпі дүниеден шаршады.
«Әлеуметтік желіде көбінесе жеңіл-желпі ақпараттар шығып жатады. Бірақ әрқашанда интел­лектуалды материалдар сұра­ныс­қа ие. Олардың оқыр­маны көп емес. Әрине, жаңа жур­нал оқыр­манының көп болуын тілейміз. Ең бастысы, ойға жетелейтін, ел қызығып оқитын басылым. Енді журналға өз ісінің нағыз маман­дары автор ретінде тартылса дейміз. Аналитика бізде енді дамып келеді, шетелде оқып жүр­ген жастар қай елде жүрсе де, мақала жаза алады. Жапон елінде ұлттық саясат қалай жүреді, Еуропада қалай деген мазмұндағы салыстырулар берілсе…» дейді саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы.
«Осыдан он шақты жыл бұрын Яндекс сайты желісінің акаде­миясында іс тәжірибеден өткенде, компания ғимаратының есігіндегі ұранға назарым ауып еді, ол жерде «Біз Лев Толстойға жұмыс іс­тейміз!» деп жазылған болатын. Ғимараттың өзі де Лев Толстой көшесінің бойында орналасқан. Міне, сол кезде 18-23 жастағы жастар Яндексті дамыта отырып, мақсаттарын айқындап алған-ды. Бүгін сол он жыл бұрынғы оқиға есіме түсті. Сол кезде шіркін-ай, бізде қашан осылай болады деп армандап қойып ем, енді бүгінгі таныстырылымда толқып отыр­мын. Себебі, біздің жастар Ахмет Байтұрсынұлының өзі мен сөзін жобаларының темірқазығы етіп алып отыр. Бізге танымдық дү­ниелер керек-ақ. Жеңіл-желпі дүниеден жалықтық. Журналда контенттің де, жанрлардың да барлық түрі қамтылған, анали­тика, сұхбат, ақпарат, графика да бар, фотоны да, аудионы да, видеоны да көрдім. Енді тек сәттілік тілеймін», – дейді жур­налист Мейрамхан Жәпек.
Таныстырылым тізгінін ұста­ған Гарвард университетінің тү­легі Шыңғыс Мұқан алдағы уақытта журналға анимация қо­суға ұсыныс білдірді.
«Бүгінде шет елде қандай да бір жоба болмасын, балалар басты назарда болады. Мысалы, Бос­тон­дағы үш музейдің бірі ғылымға арналған. Сол музейге барсаңыз, музей емес, балабақшаға кір­гендей боласыз. Ол жерде балалар роботтың неше түрін тамашалап, өздері де жағаласып жүреді. Сол сияқты журналда да балаларға лайықты анимация қосуға болады деп ойлаймын. Сонымен бірге, цифрлы деген сөзге қатысты айтарым бар, орыстың іскерлік әдебиеті цифрлы деген сөзден кетіп жатыр. Бізге латын әліпбиіне ауысқанда диджитал деп жазу оңай болады» деген ол бүгінгі таңда AppStore немесе Playmarket-тегі қосымшалар арасында үлкен бәсеке жүріп жат­қанын жеткізді. Ол рас, бүгінде қай-қайсымыздың телефоны­мызда кем дегенде оннан астам қосымша бар, әрқайсысының атқаратын қызметі бар. Алайда барлық қосымшаны жүктеп алуды телефон жады көтере бермейді. Ендеше, Ulys журналы ел қызығып жүктеп алатын жур­налға айналсын дейміз.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ,
Астана

Бөлісу:

Пікір жазу


*