Миссионерліктің мысықтабан саясаты

357
0
Бөлісу:

Биыл Елбасы Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жариялады.  ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы тарауда «Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деп атап өтті. Сонымен қоса «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде?- деген сұрақ қойды. Және «Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында» деп бұл сұрақтың жауабын да өзі берді.

Қазіргі таңда, дінтанушылар Қазақстан қоғамындығы миссионерлікпен байланысты көріністерге қатысты біраз мәселелерді көтеріп жүр. Соның бірі прозелитизм  қоғамымыздағы көптеген діни ағымдарға тән болып келеді, әйтсе де прозелитизмнің ашық көрінісі жаңа протестанттық ағымдарда кең етек жайғанын байқауға болады. Осыған орай прозелитизм түсінігі қазақстандық миссионерлік қызметтің маңызды бір элементін анықтайды деп айтуға болады.

Миссионерлік терминін анықтау барысында зайырлы ғалымдар арасында осы қызмет сенiмсiздiк және скептицизм сезімін тудырып отырған. Мысалы, 1985 жылы жарық көрген атеистік сөздікте «миссионерлікті» шіркеулік ұйымдардың басқа сенімдегі адамдарды өз мемлекеті және шет елдердегі адамдар арасында дінді тарату қызметі ретінде анықтаған. Сонымен бірге, миссионерлікті отарлау саясаты кезінде дамыған державалардың идеологиялық экспансияларының бір формасы деген анықтама да берген болатын.

Конфессиялық әдебиеттерде миссионер ретінде евангелизациялау мақсатымен жұмыс жасайтын барлық діни бірлестіктердің ілімдерін таратушы адамдарды атаған. Миссионерлердің жұмысы евангелизация саясатын жүзеге асыратын, жаңа шіркеулерді құруға немесе өздерінің басқа мәдениет, мемлекет аумағындағы жұмысын жүзеге асыруға бағытталған. Тағы бір ескертетін нәрсе, протестанттық және жаңа протестанттық ағымдардың миссионерлері шетелдік және отандық болып екіге бөлінеді: отандық миссионерлер тек қана өздерінің мемлекеттерінің аумағында діни қызметін жүзеге асырады. Жалпы шетелдік миссияларды бір-бірінен тәуелсіз ұйымдар ретінде қарастыру үлкен қателік болып табылады. Өйткені шетелдік және отандық миссияларда христиандық принциптерге негізделген ортақ мақсаттары мен мүдделері бар. Ұлттық және шетелдік миссиялар арасындағы айырмашылықтары тек қана көзделген уақытша мақсаттарына байланысты болып келеді.

Ілімдік тұрғыдан миссионерлік қызмет терминін қарастыратын болсақ мынадай анықтамалар шығаруға болады: сенімді уағыздау (яғни діни көзқарастар жүйесін); «құдай патшалығын» тарату; басқа сенімдегі адамдарды өздерінің сенімдеріне кіргізу; жаңа шіркеулерді құру.

Әрбір мемлекет миссионерлерді өздерінің саяси жоспарларын жүзеге асыруда үкіметтің одақтастары ретінде қарастырды. 1958 жылы Оңтүстік Африка үкіметінің мүшесі Нел адамдардың миссионерлік қызметке немқұрайлы қарауының бірден бір себебі – «Миссионерлік жұмыстың саяси мәнін» түсінбеушілігінде деп мәлімдеді. Ол: «Егер біз қара нәсілділерді протестанттық шіркеуге кіргізетін болсақ қана, ақ нәсілділерде … болашаққа деген үміттері пайда болады» деп жазған. Егерде ол жүзеге аспайтын болса, «біздің саясат, біздің заңнамалық бағдарлама және біздің барлық жоспарлар сәтсіздікке ұшырайды. Сондықтан, жастар өздеріне миссионерлік жұмысты белсенді жүргізу міндетін мойындарына алуы керек. Өйткені, миссионерлік қызмет – тек қана Құдай ісі ғана емес, сонымен қатар ұлт игілігі үшін жұмыс; бұл – Құдайға қызмет жасаудың жақсы мүмкіндігі; сонымен бірге – өзінің отанына қызмет жасаудың керемет мүмкіндігі»  деп жазды.

Жаңа діни ағымдардың қызметтерінің қазіргі кезеңдегі формалары әр түрлі. Олар өздерінің қоғамдық санаға әсер ету деңгейлерін кеңейту мақсатында түрлі жаңашылдықты белсенді қолданады. Үгіт-насихат, діни ұйымдар мен зайырлы қоғамдық ұйымдар арасында қатынастарды қолдану арқылы қайырымдылық іс-шараларын жасау, білім беру салаларында қомақты жобаларға қаржы бөлу, баспа және ақпарат құралдарына шығу, мәдениет және бизнес салаларында қызмет жасау мақсатты түрде іске асып жатыр. Қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы бірлестіктердің біразы қоғамдық, білім беруші, мәдени-ағартушы («ғылыми қоғам», «ассоциация», «фонд», «орталық» т.б.) ұйымдар ретінде тіркелулері олардың қызметтеріндегі жаңа тенденциялардың көрінісі десе болады.

Олар өздерінің әлеуметтік мәртебелерін көтеру үшін жылжымайтын мүліктер сатып алып, журналистердің, заңгерлердің, мемлекеттік шенеуніктердің кәсіпкерлік және саяси беделін өз мүдделеріне қолдануды кәсіпке айналдыруда. Бұл бірлестіктер көбінесе есірткіге, ішімдікке қарсы тағы да басқа әлеуметтік бағдарламалар мен акциялар ұйымдастырады.

Тағы бір мәселе діни ұйымдар қайырымдылық қызметтерін өз діни ілімдерін уағыздау үшін қолданады. Діни ұйымдардың қайырымдылық бағдарламалары мен акциялары миссионерлік бағытта іске асырылады. Олардың қайырымдылық қызметі қоғамдық санада позитивті имидж қалыптастыру үшін, мемлекеттік орган өкілдерімен байланыс орнату мақсатында жасалады.

Тарих беттерінде мемлекеттерді жаулап алу және оны басқару формалары уақыт талаптарына сай өзгерістерге ұшырап отырғанын байқауға болады. Қазіргі даму сатысында ақпараттық және коммуникациялық «өркениетті басқару» формалары әскери және тікелей саяси басқару формаларын екінші орынға ығыстырды. Осылайша, миссионерлік қызметтің жемісінен туындаған діни сенім және жаңадан орнатылған құңдылықтар – шекаралары тікелей шектеспеген елдің өміріне саяси немесе әскери күшсіз әсер етуге, араласуға жол ашады.

Елбасымыз Н.Назарбаев Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің  2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: «Біз енді жастардың діни сауаттылығын бірінші орынға қою керектігін түсіндік. Жалпы қоғамның діни дүниетанымын қалыптастырудың жолдарын жетілдірудің шараларын жасаудамыз. Оның нәтижесі қалай болатынын уақыт көрсетеді. Әйтсе де қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды адастырып, исламдық және басқа теріс діни бағытқа тартуға тырысатынын ұмытпауымыз керек. «Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды»  деген тұжырым айтты.

Осы стратегияны ұстана отырып, елімідегі әртүрлі діни ұйымдар арасында бірлік пен татулықты, өзара түсіністік пен ынтмақтастықты тереңдетіп және ұлтттық сананы дамыта отырып, теріс идеялар мен көзқарастардың алдын алуға күш салуымыз қажет. Діни сананың бірегейлігі мен дұрыс дамуы – қоғам бірегейлігінің  алғышарты.

Сөзімізді қорыта келе «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды»  деген Елбасының ойын басшылыққа алу керек.

Вячеслав Дмитриевич ВАВИЛИН,

Алматы қаласы  Жетісу ауданы әкімінің орынбасары

Бөлісу:

Пікір жазу


*