Балаларға арналған қандай депозиттер бар?

295
0
Бөлісу:

Қазақстандағы 18,3 миллион халықтың 33,9 пайызын балалар мен жасөспірімдер құрайды. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Айталық 2013 жылдан бері 19 жасқа дейінді балалар мен жастардың саны жыл сайын шамамен 2,4 пайызға көбеюде. Соның ішінде 1-4 жас аралығындағы бүлдіршіндердің саны – 1,5 мллион болса, 5-9 жастағы балалардың саны 1,7 миллионды құраған. Ал 10 мен 14 жастағы балалардың қатары – 1,3 миллион.

Осы орайда Ranking.kz қазақстандық екінші деңгейлі банктер балаларға арналған қандай депозиттер ұсынатынын зерттеп көрген. Агенттіктің мәліметтеріне сүйенсек, балалардың қаржылық «қауіпсіздік жастығын» қамтамасыз ету қызметін AsiaCredit, RBK Bank, Сбербанк және  Халық банкі сынды банктер ұсынады екен.

Жинақ мерзімі – 12 айдан 60 айға дейін. Депозиттің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – жинақ мерзіміне байланысты, 10-12 пайыз аралығында. Мәселен, AsiaCredit банкіден 1 жыл мерзімге депозит ашсаңыз, 12 пайыз сыйақы белгіленеді. Жинақтың ең төменгі сомасы Сбербанк пен  AsiaCredit -те – 5 мың теңгеден басталса, Халық банк пен RBK Bank-де 15 мыңнан жоғары.

Бұл тек екінші деңгейлі коммерциялық банктердің ұсынып отырған өнімдері. Одан бөлек, Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі мен «Қаржы орталығы» АҚ ұсынып отырған депозиттер бар. Біріншісі баспана алу үшін қор жинауға бағытталса, екіншісі білім алуға арналған. Қазақстандықтар мемлекет кепілдендірген, пайыздық мөлшерлемесі жоғары депозиттерді таңдайды. Мәселен, қазіргі кезде ТҚЖБ-да 145 мыңнан аса балаларға ашылған депозиттер бар екен. Соның ішінде 80 мыңы– 1 мен 10 жас аралығындағы балалардың атындағы депозиттер.

Самал Мәкен

Бөлісу:

Пікір жазу


*