Астанаға арналған қойылым

247
0
Бөлісу:

Астаналықтар  қостанайлық театр әртістерінің өнерін екі күн бойы тамашалады. Ілияс Омаров атындағы Қостанай драма театры елордаға гастрольдік сапармен келді. Театр ұжымы жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлының «Қайырымды қаладағы қарлығаштар» және «Мұңмен алысқан адам» драмасын әкеліпті.

Екі туындының да авторы Жолтай Әлмашұлы – жиырмадан астам прозалық және драматургиялық тарихи, заманауи кітаптардың авторы.

«Қайырымды қаладағы қарлығаштар» драма-абстракциясы 2017 жылы Мәдениет министрлігі жариялаған байқауда бәйге алған. Бұл туындыда қазақ елінің тәуелсіздігінің тұғырлы болуы жолындағы жанқиярлық күрес пен Астананың сәулетті қала болып тұрғызылуы, осы жолдағы түрлі қиыншылықтар мен кедергілер сөз болады. Пьесаның бас кейіпкері – сәулеткер жігіт арқылы қилы-қилы қиындықтар мен тартыстар желіленеді. Мұнда қазақ елінің қала салу жолындағы арманы Әбунасыр әл-Фараби, абыз Ахмет Иассауи, тіпті хан Абылай заманында көкейді толқытқаны туралы толғаныс әсерлі баяндалған. Режиссер Ержан Қауланов сахналаған қойылым қазақтың жас астанасының қалай тұрғызылып, қалай қалыптасқаны жайлы баяндайды.

– Бұл тоғызыншы ғасырда өмір сүрген, қазақтың топырағынан, Фараб қаласынан шыққан Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала трактатынан» алынған ой. Мен осы еңбекті оқып шыққаннан кейін, бір ойға келдім. Сонау тоғызыншы ғасырда ақылды қала туралы айтылған, біз әлі күнге дейін соны салып жатырмыз. Қайырымды қала деген не? Ол үйлердің әдемілігі, бір-бірінен асқандығы ғана емес. Қайырымды қала ұғымына көп нәрсе кіреді. Ол, ең алдымен, таза болуы керек. Екіншіден, үйлері симметриялы болуы керек. Салынған сарайлары адамның жүрегіне жылу сыйлауы қажет. Онда адамдары да мейірімді болар еді. Бірін-бірі алдамай, көмекке мұқтаж жандарға қол көмектерін созып жүрсе, міне, осының барлығын осы ұғымға кіргізер едік – дейді автор бұл туралы.

Ал, «Мұңмен алысқан адам» драмасына оралмандардың тағдыры арқау болған. Шекараның ар жағында ата жұртын аңсап жүрген ақсақалдың сағынышы, ұрпағым өзінің атамекенінде тамырын жайса деген ниеті баяндалады. Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы аласапыранда туған топырақты тастап қашқан бір отбасының аянышты тағдыры арқылы бүкіл қазақ бастан кешкен ауыр жағдай айтылады. Бас кейіпкер Асан қария жасы 80-нен асқанда туған еліне қайтаруды арман етеді, ал екі ұлы Марат пен Елжан арасындағы пікір тайталасы арқылы бүгінгі күнгі жастардың екі түрлі ойлайтыны ашып көрсетіледі. Марат елге қайтуға түбірімен қарсы, ал Елжан – әке арманын орындағысы келеді. Осы талас үстінде өмірдің көп шындығы ашылған. Ең ақырында Елжан әкесін қазақ топырағына жеткізеді.

Режиссер – Ерсайын Төлеубайдың сахналауымен қойылған туындының негізгі идеясы – туған жерді сүю және азаматтық бейнеңді сақтап қалу төңірегінде өрбіген.

– Біз бүгінде Астана қаласына ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Елбасымыздың өзі бұл ақылды қала болуы керек деді. Осы қаланың түп негізі қайдан шыққан деген ойды бас кейіпкер – архитектордың рөлімен жеткізуге тырыстық. Драма – қиын жанр. Онда прозаның, поэзияның элементтері бар. Драма, ең бастысы, тартысқа, шиеленіске құрылуы керек. Онда образ даралану керек. Бізде драматургтер жетіспейді. Бұл саланы дамыту – біздің міндетіміз. Себебі, бұл халыққа аса қажет дүние –  дейді автор Жолтай Әлмашұлы.

 

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*