ЖҮЙЕЛІ ЖЕТІ ӨЗГЕРІС

105
0
Бөлісу:

Қазақстан сыртқы экономикалық тәуекел­дерге қарамастан, экономиканы алға жылжытуды жалғас­тырады.Яғни,мақсат пен мүдде өзгермейді. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін жұмыс жүре береді. Осы мақ­сатта экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу үдерісі іске қосылды. Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Орталық коммуникациялар қызме­тінде өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Қазіргі таңда әлемдік экономика құрылымдық өзгерістерді бастан кешіп жатыр. Бұл өзгерістер қалыптан тыс сипатқа ие болып барады. АҚШ, Ресей мен Түркия, Иран елдерінің бір-біріне салған санк­циялары жаһандық дамуға, сауда мен инвести­циялық ағымға кері әсерін тигізіп жатыр. Осыған қарамастан, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену үшін 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарларды қабылдау жолымен экономикалық өсімнің жаңа моделіне ауысу процесі басталды. Біздіңмақсат 2025 жылға дейін экономи­каның сапалы әрі тұрақты өсіміне қол жеткізу» деді министр.
Оның айтуынша жаңа экономикалық модельге ауысу үшін 7 жүйелі өзгеріс пен 7 басым саясат үйлестіріледі. Жеті жүйелі өзгерістің біріншісі – «Жаңа адами капитал» бағыты заманауи экономи­каның жаңа мамандарға сұранысына орай, кәсіби кадрларды дайындаудың барлық жүйесіне қайта бағдарлануға, оқу бағдарламаларын жаңартуға, ғұмыр бойы үздіксіз оқуға негізделген. «Технологиялық жаңарту және цифрландыру» бағыты ғылымды қажет ететін экономиканы дамыту үшін иннова­циялық инфрақұрылымдарды құруға, не­гізгі салаларды жаңғыртуға және 4.0 рефор­масы сынды жаңа техно­логиялық қайта жарақтандыру плацдармы – жаңа индус­трия­ның пайда болуына арнал­ған. «Бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес» реформасы жеке секторды да­мытуды көздейді.Ал «Сыбайлас жемқор­лықсыз құқықтық мемлекет» бағыты сот жүйесін халықаралық стандарттарға сәй­кестендіру, заңна­малардың тұрақтылығын арттыру, азаматтарды құқықтық сауатты болуға тәрбиелеу тәрізді Ұлт жоспарын іске асыруды жалғастырады. «Мықты өңірлер және урбандалу» деп аталатын бесінші бағыт өңірлердің дербестігін арттырып, өмір сапасының базалық деңгейін қам­тамасыз етеді. «Қоғамдық сананы жаң­ғырту» бағыты күшті және еліне адал адам­дардың Біртұтас ұлтын қалыптастырады деген жоспар бар. Бұл жерде «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының маңызы зор болмақ. «Мем­лекеттік сектор өзгерістердің көшбасшысы ретінде» деп аталатын жетінші бағыт елдегі жаңғыртулардың қозғаушы күші ретінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың рөлін арттыруға арналады екен.
Баспасөз мәслихатында Ұлттық эконо­мика министрі Тимур Сүлейменов теңгенің әлсіреуіне байланысты да пікір білдірді. Оның пікірінше, макроэкономикалық модельмен есептегенде баға мұндай бол­мауы керек еді.
«Анығын айтқанда, біздің модель бойын­ша теңгенің бағамы мұндай болмауы керек еді. Корреляция 100 пайыз болмаса да, жет­кілікті дәрежеде жоғары. Сондық­танинфля­цияның мөлшері жылдың соңына дейін біз қалаған дәлізден сәл жоғары болады. Яғни, бізде дәліз – 5-7 пайыз.Осы жылдағы 8 айдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 6 пайыз болып отыр. Демек, біз дәліздің тура ортасында келеміз. Жылды шамамен 6 пайызбен аяқтауды жоспарлаған едік, бірақтеңгенің әлсіреуіне байланысты 6,7-6,8 пайыз мөлшерінде болады деп отырмыз» деді Тимур Сүлейменов.
Оның сөзіне қарағанда, теңгенің қазіргі бағамы 3,8 пайыздық өсімді белгілеген 2018 жылғымақсатқа қауіп төндірмейді. Сон­дықтан ЖІӨ-дегі қандайда бір өзгерістер болмайды.
Министр Ресейге салынған санкция­лардың біздің елге ықпалын білу үшін макроэкономикалық талдаужүргізгендерін айтады. Ұлттық валюта бағамына қатысты жағымсыз болжамдар айқындала бастаса іске асыратын жауапты ведомстволармен бірлескен әрекеттер жоспары да жасалып қойыпты.Бірақ ол жоспармен бөлісе алмады.
«Бұл жоспарлы іс-әрекеттердің ауқымы үлкен. Құпия бөліктері болғандықтан, ол туралы ашып айта алмаймын. Құжат бар. Сонымен қатар Экономикалық саясат бойынша кеңесте келесі аптаның сейсенбі немесе сәрсенбі күндері Үкімет басшы­сының төра­ғалығымен бұл мәселе жан-жақты талқыланады»деді ол.
Министр бөліскен дерекке сүйен­сек,елімізде 1 576 336 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген екен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 2,5 пайызға көп болып отыр. Бірақ олардың арасында жұмыс істеп тұрғаны – 1 207 555. Бірақ осы белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің өзі былтыр 21,1 трлн теңгенің өнімін шы­ғарыпты. Ал осы жылдың қаңтар-наурыз айларында 4,6 трлн теңгенің өнімі өн­дірілген. Шағын және орта бизнестің бұлай дамуы эконо­микалық өсімге қол жеткізуге сеп болары анық. Оның үстіне, осы жылдың алғашқы жеті айында қайта өңдеу өнер­кәсібінде өсім 4,9 пайызға артқан. Бұл өсім химиялық өнеркәсіп өндірісінің, қағаз және қағаз өнімдері, азық-түлік өнімдері, мұнай өңдеудің артуымен байланысты. Машина құрылысы мен жиһаз жасау саласында да ілгерілеу тіркелген.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Астана

Бөлісу:

Пікір жазу


*