ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ТҰТЫНУ ҚОРЖЫНЫ» ҚАНДАЙ?

406
0
Бөлісу:

Өткен апта төл валюта үшін оңай болған жоқ. Доллардың теңгеге шаққандағы бағамы айырбастау пункттерінде 380-ге дейін жетті. Ұлттық валюта құнсызданған сайын, инфляция деңгейі де көтеріле бермек.  Айталық, 2017 жылдың аяғында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2019-2020 жылдарда инфляцияның болжамды деңгейі 4-6 пайыздан аспайды деген еді. Алайда болжам  болжам күйінде қалатын сыңайлы. Өйткені жақында бас банкир алдағы екі жылда инфляция деңгейі болжамды дәліздің шегінен шығуы мүмкін деп мәлімдеді. Әншейінде, әрбір сөзін аңдап сөйлейтін Ақышев инфляция деңгейінің белгіленген шектен асып кету ықтималдығын көрші елге салынған санкциялар мен рубльдің құнсыздануы, мұнай бағасының төмендеуі, әлеуметтік шығындардың өсуімен байланыстырды. Яғни, алдағы жылдар Қазақстан экономикасы үшін оңай болмайын деп тұр. Осыған байланысты «Үкімет алдын ала қамданып, қажетті шараларды қолға алуы қажет» деді банкир. 

«Тұтынушы қоржынының» көлемі аз
Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері азық-түлік – 2,3, қызмет көрсету –3, тұтыну тауар­лары 3,6 пайызға қымбаттаған. Алдағы уақытта инфляцияның артуы – қым­бат­шы­лық одан ары қысып, халықтың төлем қа­біле­ті төмендейді деген сөз. Яғни, ақша құн­сызданып, тауар мен қызмет құны өседі. Осы орайда экономист Жангелді Шым­шы­қовтың пікіріне сүйенсек, «Қазақстанды «тұтынушы қоржынының» көлемінің азды­ғынан, инфляция деңгейі нақты есеп­телі­не­ді» деп айтуға келмейді. «Тұтынушы қор­жы­ны» деген – қалалық тұрғынның апта не­ме­се ай сайын тұтынатын тауарларының жиын­тығы. Оған ет, сүт, нан, киім-кешек сияқ­ты 50-ге тарта тауар кіреді. Бұл – өте аз.
– Егер шетел тәжірибесіне көз салсақ, мә­селен, Германияда «тұтынушы қор­жы­ны­на» 300 түрлі тауар салынады. Оның ішіне аптасына бір рет киноға бару да кіреді. Осы қор­жындағы тауарлардың бағасы қалай өзге­реді, инфляцияны соған байланысты есеп­тейді. Бюджеттен шәкіртақы, зейнетақы ала­тындар үшін индекстеу мақсатында ин­фляция деңгейін есептеу керек. Ал индек­сация инфляцияға байланысты жасалады. Өйт­кені бюджеттен төлем алатындар был­тыр өз қаржысына қанша тауар сатып алса, биыл да сондай тауар алуға тиісті. Сол үшін ин­фляцияға байланысты қайтарымы бе­ріле­ді. Әрине, тұтынушы қоржынына неғұр­лым көбірек тауар салынса, ол инфля­ция деңгейін өте жақсы айқындар еді. 50 шақты тауар салынғаннан кейін, бұл есеп нақты және дәлме-дәл деп айту дұрыс емес. Қазіргі рес­ми статистика азық-түлік 2,6 пайызға, бас­қа тауарлар 3,6 пайызға қымбаттады деп көрсетіп тұр. «Статистика» деген дүние, ор­та шаманы ғана шығарады. Мәселен, Джон мен Билл екеуі күніне 0,5 келі шұжық тұты­нады дейді. Ал негізі Билл аш жатып, Джон күніне 1 келі шұжық жеуі мүмкін. Екеуіне бөл­ген кезде, тамаша көрсеткіш шығады. Оның үстіне, азық-түлік тауарларының қыр­күйекке қарай арзандағаны таразының басын басып тұр. Мәселен, дизель 17,2 пайыз­ға қымбаттаса, қызанақ 17,2 пайызға арзан­даған. Біреуінің қымбаттап, екінші­сінің ар­зандауы, айналып келгенде, «инфляция дең­гейі тамаша» дегенге алып келеді, – дейді Ж.Шымшықов.

Инфляцияның артуына не себеп?
Қазақстанда инфляция деңгейінің кө­терілуі себебін экономика ғылымдарының кандидаты тек сыртқы фактор емес, елдегі монополистердің іс-әрекетінен де көреді.
– Неге Қазақстанда инфляция деңгейі кө­теріліп жатыр? Бізде «жеке кәсіпкерлер мен алыпсатарлар инфляцияны көтереді» деген ұғым қалыптасқан. Негізінде қарап отырсақ, дәл осы инфляциялық жағдай ұлт­тық қомпаниялардан бастау алып отыр. Ең бірінші, дизель отыны 17,2 пайызға қым­баттады. Нағыз егін орағы басталған шақ­та дизельдің құны шарықтаған. Жалпы, «А» то­бындағы жанар-жағармаймен салыс­тыр­ғанда, дизельді «тезек» деп айтуға болады. Би­тум­ның алдындағы қалдық. Ендеше, қал­дықты неге қымбаттады? Бұл – меніңше, ауыл шаруашылығына жасалған қастандық. Биыл Ресейде егін бітік шықпады, өз егіні­мізді дұрыстап жинап алсақ, экспортқа шы­ғарып, шаш-етектен баюға болар еді. Бұл – бір. Екіншіден, авиабилеттер – 18,6 пайыз­ға, теміржол билеттері – 8,6 пайызға қым­баттады. Бұлардың құнын көтеріп отыр­ған да – ұлттық қомпаниялар. Айналып кел­генде, инфляция деңгейін көтеретін ұлт­тық компаниялар болып тұр. Жанар-жағар­май мен билеттің артынан міндетті түрде азық-түлік те қымбаттайды, – деп пайым­дайды сарапшы.

Экономистің пікірінше, бұл ретте елдегі монополияға қарсы агенттік өз қызметін дұрыс атқармай отыр: «Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасының 53-бөлі­мінде, Еуропаның ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес, Қазақстандағы монополияға қарсы қызмет­ті жетілдіру мақсаты қойылған. Егер шетел тәжірибесін алсақ, АҚШ-та монополияға қарсы күрес қызметі тікелей Президентке бағынады. Ешқандай министрлікке бағын­байтындықтан, олар монополистерге оң­дырмай соққы береді. Мысалы, әйгілі олигарх Билл Гейтстің өзін антимонопо­лия­лық заңға тізе бүктіріп, оның байлығын 66 млрд долларға дейін қысқартқаны белгілі. Ал Қазақстанда Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғау комитеті бар. Олардың қандай монополияларды реттеп, кімнің құқығын қорғап жатқаны белгісіз, жұмыстары жайлы ақпарат жоқ».
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сараптамалық орталығының сарапшысы Мерей Исабеков 2019-2020 жылы инфля­цияның арту ықтималдығы тек ішкі фак­торларға ғана емес, экзогендік факторларға тәуелді деген пікірде.
– Бұған дейін Ұлттық банк мәлімдеген­дей, инфляция алдағы жылы болжамды дәліздің (4-6 пайыз) жоғары шегінде тұруы, 2020 жылы инфляция деңгейінің көтерілу мүмкіндігі ішкі және экзогендік факторларға байланысты. Қазақстанда екінші деңгейлі банктердің тұтынушылық несие беруі мен халықтың табысының артуының арқасында тұтынушылық сұраныс қалпына келе бас­тады. Оның үстіне мемлекеттің сауда-саттық әріптестеріндегі инфляциялық процестердің қарқын алуы, сондай-ақ дәнді дақылдар бағасының шарықтауы инфляция деңгейінің белгіленген мөлшер­ден асуына әсер етеді. Рубль мен басқа да дамушы елдердің валюталары құнсыздануы әсерінен теңгенің де әлсіреуі баға индексі өсіміне ықпал етіп тұр. Түркия, Аргентина, ОАР және Индонезия сынды елдердің қаржы нарығындағы құбылмалы жағдай дамушы елдерден капиталдың жылыстауына себеп. Оның үстіне АҚШ тарапынан салын­ған санкция мен көрсетілетін қысымның арту қаупі сақталады да, әлемдік орталық банктердің монетарлық саясаты қатайып, дамушы елдерге инвестиция салу тартым­дылығы азаяды.

Санкциялардың салқыны Қазақстанға да тиеді
Бұл ретте экономист Жангелді Шым­шықов ортақ экономикалық кеңістікте өмір сүргендіктен, ірі сауда-экономикалық әріп­тестеріндегі жағдай Қазақстанда міндетті түрде қайталанатынын алға тартады.
– Ресейге санкциялар 2014 жылдан бері салынып келеді. Оның көрші ел эконо­микасы үшін қаншалықты ауыр болғанын бір-ақ мысалмен айтуға болады. 2014 жылмен салыстырғанда, шетелден тікелей тартылатын инвестиция көлемі 20 есе қысқарған. Ресей сомының құнсыздануы олардың тауарларының арзандауына алып келеді. Осы кезде қазақстандық тұтыну­шы­лар арзан тауарға лап қойып, бірден сатып алуға көшеді. 2015 жылғы жағдай естеріңізде болса, Ресейден автокөліктен бастап, тұрмыстық техникаға дейін тасыдық. Арзан тауар алдық дәп мәз болдық. Соның кесі­рінен отандық шағын және орта кәсіпкерлер өнімдерін өткізе алмай қалғанын ешкім ойлаған жоқ. Халық Ресейдің тауарларымен өз қажеттілігін толық қамтамасыз еткен соң, жергілікті тауарға сұраныс болмады да, отандық экономикаға қатты соққы берді. Еуразиялық экономикалық одақ құра­мында болған соң, шекарамыз ашық, ешқандай тосқауыл жоқ, Ресей эконо­микасында болып жатқан құбылыстың барлығы бізде қайталанады. Ашық эко­номика және бір одаққа мүше болған соң, олардың қасірет-қайғысы, қиыншылығы, біздің басымызға да түсетіні сөзсіз. Американың ғалымдары «Ресей Федера­циясының жетегінде кеткен 5 ел, Ресеймен қатар санкциялардың зардабын шегіп отыр» деп талай рет ресми мәлімдеме жасаған, – деді сарапшы.
Сарапшы Расул Рысмамбетов инфляция деңгейін төмендету үшін мемлекеттік шығын­дарды азайтып, ҰБ базалық мөлшер­лемені көтеруі қажет деп пайымдайды.
– Әрине, Қазақстан – Ресей арасындағы сауда-саттық арқылы ұлттық валютаны құнсыздандырып жатқан санкциялар – сыртқы фактор. Яғни, құнсызданып тұрған рубль ресейлік тауарларды қазақстандық тауарларға қарағанда бәсекеге қабілеттірек етеді де, соның әсерінен теңге рубльдің артынан бірден құнсызданады. Ұлттық валютаның құнсыздануы доллармен келген импорттың теңгелік құнын қымбаттатады. Сәйкесінше, импорттық тауарлардың баға­сы қайта қаралады. Инфляция дегеніміз – бұл бағаны индексациялау, оны өткен кезеңдермен салыстыру. Осындай сценарий болуы мүмкін екенін болжаған Ұлттық банк, инфляцияның жоғарылауына әке­летін баға құбылмалылығы орын алуы мүм­кін деп, нарыққа алдын ала ескертпе жасап отыр. Енді ішкі факторға келсек, бұл – теңгемен саналатын бюджет. Егер ел қазы­насына салық аз түсіп, оның борышкерлік құнды қағаздарды шығаруға мүкіндігі болмаса – мемлекеттің өз міндеттерін атқаруға қажетті ақшаны басып шығару үшін теңге бағамын төмендетуі мүмкін. Инфляцияның алдын алу үшін Үкіметке мемлекеттік шығындарды азайтып, Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені көтеру қажет, – деп тұжырымдайды спикер.
Қараша айында Ресей экономикасына кезекті санкциялар салынса, рубльдің соңынан теңге тағы да құнсызданады. Біз тілдескен сарапшылардың сөзін түйіндесек, бірыңғай экономикалық кеңістік пен тығыз сауда-саттық қарым-қатынастағы Ресейдің экономикасындағы қиындықтар Қа­зақ­станды айналып өтпейтіні анық болып тұр…

Үмітжан ЖАПАР

Бөлісу:

Пікір жазу


*