Бекболат ТІЛЕУХАН: КӨКПАР ҚАЗАҚТЫҢ ҒАНА ОЙЫНЫ МА?..

2585
0
Бөлісу:

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Алайда жанкүйерлер Қазақстан құрамасының бұл жүлдесін місе тұтпады. Бұған қазақ көкпар­шыларының өзбек командасынан жеңілуі себеп болды ма, әлеуметтік желіде көкпаршылар жеңілісін сынамаған адам аз.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынының қорытындысына орай өткізген баспасөз мәслихатында да көп сауал көкпаршыларымыздың мәселесіне арналды.
Бекболат Тілеухан: Шын мәнінде, бірталай ел көз тіккен, дүмпуі біраз жерге жеткен, өте жақсы ұйымдастырылған жарыс болғанына күмән жоқ. Тіпті түркі тілдес елдер басшыларының осы шараның ашылуына қатысуы – бұл шараның қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Іргедегі көршілердің ұлттық спортқа деген қамқорлығы бізден көш ілгері. Қырғыз қоғамы ұлттық спортымен өмір сүре­тіндей. Әрбір үйде ат ұстаған, ұлттық спортқа қызыққан қырғыз ағайын өте көп.
Біздің спортшыларымыз бұл ойында қай спорт түрінен болса да, өте жақсы өнер көрсетті. Командалық есепте екінші орынды жеңіп алдық, бұл аз шаруа емес. Қоржынымызды медальдарға толтырып қайтқан спортшыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Сұрақ: Соңғы 2-3 күнде әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан көкпаршыларға қатысты мәселеге байланысты түсініктеме беріңізші…
Бекболат Тілеухан: Facebook деген жазасы жоқ алаң болды ғой, әркім ойына келгенді жаза береді. Көкпарға біздің ересектер құрамасы барған жоқ. Алдыңғы жылы ересектер құрамасы барған кезде біздің көкпаршылар екінші орын алып қалған. Сондықтан жалпы көкпаршылармен, осы саладағы мамандармен кеңесіп, бұл Азия немесе Әлем чемпионаты емес, бар болғаны фестиваль ғой деп, бұл додаға жастарды салдық. Жастар да додаға түсіп, сол сыннан өтуі керек. Мақсатымыз орындалды. Барды, ойнады, өте жақсы дәрежеде өнер көрсетті деп ойлаймын.
Әрине, әлеуметтік желіде «Ойбай, Азияның алдында масқара болдық, әлем алдында қазақ қара бет болды» деген жазбаларды көз шалып қалды… Бұл спорт емес пе? Спорт болғаннан кейін біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Ересектерді жіберсек, жеңіп тұрмыз, ол – анық. Енді жастар да кіріспей ме? Біздің жетекші ретінде алдымызға қойып отырған негізгі мақсат бар, бұл – әділдік. Қазақстанның жеріне кеп ойнағанда, жамбы ату болсын, аударыспағыңыз болсын, көкпарыңыз болсын, әділдіктен бір сантиметр тайған жері жоқ. Өйткені қалыптасу кезеңіндегі ойын болғаннан кейін басталмай жатып, әділетсіздікке баратын болсақ, берекесі кетеді. Ұлттық спортқа сұмдық ақша бөлініп жатыр екен дейді. Ашығын айтайын, осы уақытқа дейін 200 миллион теңге бөлінді. 40 пайызға жуығы жүлде қорына кетті. Оны білу қиын емес. Жеңіс тұғырында тұрған спортшылар қолына сертификатты ұстап тұр ғой. Соны санап алсаңыздар, сол соманың 30-40 пайызы шығады. 250 млн доллар бөлінді дейді, ол 60 млрд теңге ме? 60 млрд түгілі 6 млрд жоқ, 6 млрд теңге түгілі 1 млрд жоқ. Ол түгілі жарты млрд теңге жоқ. 200 млн теңге қайда, 250 млн доллар қайда? Өркениетте өмір сүріп жатырмыз деп сотқа берсек, соттасып жатамыз ба енді?
«Федерацияның көзін құрт, Қуан Құрамевты, Нұрдәулет Момынов, Ерден Оспановты орнынан алып таста» дейді, неге алып тастаймыз? Олардың Азия чемпионатын ұтқан еңбегі бар емес пе? Әлем чемпио­на­тын ұтқан еңбегі қайда қалады? Үзеңгі мен құйысқанды, тай мен жа­ба­ғыны айыра алмайтындар айтты екен деп, салаға жанын беріп жүр­ген жігіт­тер­ді қызметінен алып тастай берсек, азаматтығымыз қайда?
Осы жерде бір-ақ адамның айтқанын мойындаймын, иә, ащы жазды, ол – Серік Абас-Шах, өйткені ол көкпардың ойынын келіп көрді. Келіп көрген соң қате айтса да құқы бар. Ал өмірі жарыс алаңына бармаған, көкпар иісі мұрнына бармағандар айтса, «обидно» орысша айтқанда.
…200 млн теңге басқа спорт түрлеріне бөлінген ақшаның жанында тамшы ғана. Сосын ұлттық спорт – спорт киімін сөмкеге салып алып кілемге шыға салатын спорт түрі емес. Бұл спортта аттың бабы бар, аттың шөбі бар, Меркіден келген атқа Петропавлдың шөбін жегізе алмайсыз. Дәруменін көтеріп жүресіз. Бұл – өте қымбат спорт түрі. Жігіттердің қызығушылығымен, тұрған нәрсе екенін білуіміз керек. Ондай әңгіме азаматтардың сағын сындыру ғой.
Сұрақ: Фейсбуктегі жазба дәлелсіз болуы мүмкін, бірақ қырғыз арналары көрсетті, сол сюжеттерде көкпаршылардың бірі «мені ұйықтап жатқан жерімнен оятып, ертең көкпарға барасыңдар деп айтты» дейді, енді бірі «дайындықсыз келдік, ат суытылмаған» деді, «кім атын бергісі келеді дейсіз, алған атты өлтіріп алсақ, мемлекет өтеп бере ме?» деп жыламсырап отыр тағы бірі. Оны қалай дәлелсіз дей аламыз?
Бекболат Тілеухан: Негізі, дәлелсіз. Көкпар ойындарына Франция­дан, Америкадан атпен келе ме? Біз бәрібір қырғыздар сияқты атты бап­тай алмаймыз, біздің жігіттердің көңіліне келсе келер, айып ет­­пең­дер, бірақ қырғыз сияқты ат дайындай алмайсыздар, сондықтан қыр­­ғыз­дың ат дайындауы төмен дей алмаймыз. Сіздерде (журналистер­ге – ред.) жанашырлықтан гөрі кәсіби қызығушылық басым, сенсация керек. Дайындықсыз барды дейді, жаттығу болды ғой, әлемде көкпар ойыны жолға қойылған бірден-бір ел – біз. Айтып отырған маған сенесіздер ме? Джакартада боксшыларымыз да, дзюдошыларымыз да ұтылып қалған жағдай болды, боксқа осынша ақша бөлініп еді деп басын ұстап қайғырып құламайды да, көкпаршылар жүлдемен келсе де байбалам салады, түсінбеймін. Өзбектен жеңілдік деп қиналады, ал өзбек кімнен кем, өзбек ешкімнен кем емес, ол спорт державасы, ағайын. Көкпарға қатысқан сақа жігіттері 30-ға таяп қалған. Біздің жігіттер жас, сонда да лайықты ойнады.
Сұрақ: Бекболат аға, сізді азамат ретінде, тұлға ретінде сыйлаймын, еңбегіңізді бағалаймын, егер сұрағым ауыр тисе, алдын ала кешірім сұраймын. Фейсбук пайдаланушысы Айгүл Орынбек «Бекболат аға орнын босатсын» деген мәселе көтерді, егер билік емес, халық осылай талап етіп жатса, орныңызды босатуға дайынсыз ба?
Бекболат Тілеухан: Мына адам сенің орныңа қызмет атқарады десе, қазір беруге дайынмын. Міне, халықтың алдында отыр­мын ғой. Өзіме тиесілі нәрсені орындадым деп ойлаймын. Әлі де орын­дай береміз деп те ойлаймын. Мақтанып отырған жоқпын, жаңа жігіт­терді қорғаған себебім, олар маған дейін де осы спортта жүрген азамат­тар.
Маған бәрібір, кірпіш зауытын бере ме, ұлттық спортты бере ме, мектепті бере ме, алып кете аламын, өйткені атқарудың жолын білемін, тәжірибем бар, кісімен жұмыс істей аламын. Екі адамның басын қосып есіктің алдын сыпырта алмайтындардың кей нәрсеге кіріскісі келетініне таңым бар. 40-қа жуық мемлекет қатысқан этно ойындарда Қазақстан жеңіске жетті деген сүйіншіге неге үн қоспады сол жұрт. Өзбектен жеңіліп еді, осындайда «сыпыра бақыр, пәле шақыр, болдың ақыр, тап-тақыр» деген біздің сағымызды сындырып не табар екен? Көңіліңізге келе ме деп отырсыз, рақмет, осы сұрақ қойылса деп отыр едім.
…Мына жайды айтуды ұмытып барады екем. Әркім өзінің ұлттық ойынын әлемге насихаттағысы келеді. Экономикалық саяси қуатының арқасында жапон өзінің дзюдосын әлемге жайды, ағылшын боксын әлемге таратты, ал бұлар, түптеп келгенде, ұлттық ойын ғой. Біз де ұлттық ойынымызды әлемге жайғымыз келеді. Бірақ мына сөзден мен аулақпын, ағайын, көкпар қазақтың ғана ойыны деген адам – ақымақ. Көкпар ауғаныңызға да, тәжігіңізге де, өзбекке де, қазаққа да, қырғызға да ортақ ойын. Сосын бізге ауған, тәжік, венгр тарапынан ұсыныс түсті: бізге қазандықта ойнау оңай емес, серкені шеңберге тастайық деді. Негізі, қазандыққа салу 2 мыңыншы жылдары ғана шықты ғой. 10-12 жылдан астам уақыт сынақтан өтті. Қазандық қазақтар мен қырғыздар, ішінара өзбектерге ғана қол екен. Сондықтан тәжік, венгр мен албандар ұсынысы бойынша халықаралық федерация шеңберге тоқтады. Келешекте әлем чемпионаттарында серке шеңберге тасталады. Біздің мақсат – көкпарды әлемге таныту.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ,
Астана

Бөлісу:

Пікір жазу


*