ЖАҺАНДАНУ ЖӘНЕ ЖАН ӘЛЕМІ

388
0
Бөлісу:

«Ғалымдар 2050 жылы адамдардың барлық зияткерлік әлеуетін басып озатын жасанды интеллект қалыптасатынын болжауда. Адамзат өзінен мықты құбылыспен бетпе-бет келеді. Сонда не істейміз? Оны қалай жеңу керек? Бұған дайын болу үшін әлемдегі үздік оқу орындары өздерінің зерттеу орталықтарын құрып жатыр. Оксфордта «Адам болашағы», Гарвардта «Болашақ қоғам» атты философиялық жаңа институттар түзілуде. Осы жайында біз де ойлануымыз керек. Біздің қазақ болашақ заманда қалай күн көреді. Біз жасанды интеллектпен не істейміз? Дамыған елдер жаңа өмірдің парадигмаларын анықтап, ықтимал қатерлердің алдын алу мәселесін ойластыруда» деген болатын Елбасы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты қазақ тіліне аударуды тапсырған еді. «Өзінің биік, таза, рухани қасиетімен кітап – мәдениет пен руханиятты қорғауда теңдесі жоқ қару. Кітап – адамзат баласына ағарту һәм білім сыйлай береді. Кітап бет­терінде адамзат тіршілігінің сан қилы құпия сырлары сақталған. Кітап – уақыт пен кеңіс­тіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі. Адамзат кітапқа өзінің қасиетті сезімі мен жан жылуын сеніп тапсырған. Кітап – ең сабырлы ұстаз. Тек кітап қана қайырымдылық пен айуандықтың, ақиқат пен жалғанның ара жігін айнытпай танып білуге үйретеді» деген Мемлекет басшысының сөзінен көп нәрсені түйсінуге болады.
Алматыда қазақ ПЕН клубының ұйымдас­тыруымен «Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің рөлі» деген үлкен форум өз жұмы­сын бастады. Бұл шара Алматы қаласының туған күніне қарай өткізіліп отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес өтіп жатқан форумға әлемнің 16 елінен ақын-жазушылар, аудармашылар келді. Барлығы 70-тен астам форум меймандары екі күн бойы қазіргі таң­дағы әдеби мәселелерді ой талқысына салады.
Баяғы Азия және Африка жазушыларының жиынынан кейін халықаралық масштабта өтіп отырған келелі жиынға қатысушыларды Ал­маты қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза арнайы құттықтапты. Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев шартараптан жиылған ақын-жазушыларды ЮНЕСКО тізі­міне енген Алматы қаласының тарихи орын­да­ры мен бүгінгі келбетін тамашалауға шақыр­ды.
Қазақ әдебиетінің ең үлкен ақсақалы – Әбе, Әбдіжәміл Нұрпейісов 94-ке келсе де әлі тың, форумдағы алғашқы сөздің тізгінін алып, 25 минут сөз сөйледі. «Технологияның ға­жайыптарына таңғалмайсыз. Адамға қа­жет­ті ақпараттың бәрі бар. Жаһандану зама­нында адамға не жетпейді? Бейбіт өмір мен тыныштық – адамның жанында болуы тиіс! Әлемдегі байлықты түгел алақанға салуға болар, бірақ ол кезде сен де жаныңды жоғал­та­сың! Біз адамды ұмытып кеттік! Өмірді – храмға теңейтін болсақ, сол храмға кілең саудагер жиналды қазір. «Бір күнмен өмір сүр» деген девиздің ақыры бізді қайда апарады? Бүгінгі таңда біздің жазушы қауым – жоғала бастаған қауым!» деп Әбең өмірдің өзекті мәселелерін көтерді.
Биылғы Нобель сыйлығынан үміткер франциялық Атанас Ванчев де Траси мырза әлемнің 40 елінде тұрған, 71 кітаптың авторы, әлем әдебиетінен 70 ақын-жазушының шы­ғар­масын аударған кісі. Ол Марокко королі­нің зайыбы біздің Раушан Бүркітбаеваның өлеңдерін сүйіп оқитынын айтты. Атанас Әбдіжәмілдің, Олжастың туындыларын француз тіліне аударыпты.
Қазақ жазушылары қалғымауы тиіс. Олжас Сүлейменов еліміздегі ресми жиын­дардың бәрі сағат онда басталатынын еске сала келіп, ПЕН клубтың форумы одан ерте­рек басталғанын жақсы ырымға жорыды.
Жаһандану құбылыстарына жан әлемін жұтатпау арқылы ғана қарсылық білдіруге болады. Әдеби форумдағы ең өзекті ой – осы.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*