САРҚЫРАЙ АҚҚАН «ӨЗЕННІҢ» АРҚЫРАҒАН «АРЫСТАНЫ»

323
0
Бөлісу:

8 қыркүйек күні Венециядан жағымды жаңалық жетті. Эмир Байғазин түсірген «Өзен» фильмі «Үздік режиссер» жүлдесіне ие болып, Қазақстан киносының тарихындағы тұңғыш «Арыстанға» қол жеткізді. Бұл кинофестиваль – осымен 75-рет өтіп жатқан халықаралық іс-шара. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Заманауи Қазақстан мәдениеті» бағыты бар. Онда мәдениет саласындағы жетістіктердің молайып, әлемдік деңгейге шығуына баса мән берілуі тиіс екені де нақты айтылған. Осы орайда отандық мәдени жаңалықтың насихатын күшейту – мойнымызда. Шетелдік БАҚ-тың да көзі түсіп, еңбегі еленген режиссердің туындысы жайлы аз-кем ақпарат бергенді жөн көріп отырмыз.

«Көкжиек» бағдарламасында Байға­зиннің «Өзені» марапатталды. Әлемдік тұсаукесері 4 қыркүйекте өтті. Аталған бағдарлама бойынша авторлық 18 көркем туынды қатысқан. Нәтижесінде, Эмир «Үздік режиссерді» алды. Салтанатты марапаттау рәсіміне режиссердің өзі қатысқан жоқ. Өйткені осы уақытта Байғазин фильмін Торонто кинофестива­лінде таныстырып жатқан еді. Туындының режиссері, сценарий авторы, қоюшы-операторы, продюсері де – Эмир Байғазин. Тіпті картинаның монтажына да білек сыбана кіріскен. «Өзен» – трилогияның соңғы бөлімі. Кино саласының маман­дарына Эмирдің қолтаңбасы біршама таныс. Себебі, бұған дейін «Асланның сабақтары» мен «Төрт оқиғаны» көпшілік көрген. «Өзен» әлем айдынына қосылған­нан-ақ, батыстық басылымдар жарыса жазды. Оқырман назарына халықаралық БАҚ-тың не бергенін ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Hollywood Reporter:
«Эмир Байғазиннің стилін фильмнің әр кадрынан байқауға болады. Композициясында үйлесім бар, образдары үйдің жабдықталуынан, ауылдың экстерьерінде, тіпті сұлу табиғаттан-ақ көрініп тұрады. Режиссер алғаш рет фильмнің қоюшы-операторы ретінде бақ сынады. Картинаның кең кадрлары кеңістіктің динамика көзқарасымен қарағанда шебер түсірілген, ал кейіпкерлер шынайы сомдаған. Камераның қозғалуы да аз. «Өзен» – арт-хаустан тыс жұмбаққа толы саяхаттың оғаш және тартымды образы. Визуал жағынан өте керемет және гуманистік зерттеулерге бай туынды».

Screen Daily:
«Режиссер Эмир Байғазиннің Аслан туралы трилогиясының («Уроки гармонии», 2013 және «Раненый ангел» 2016) соңғы бөлімі – «Өзен» фильмі қысым көрсету мен еркіндік алудың оқиғасын баяндайтын, көрерменнің көңілін арбайтын фильм. Тәуекелге бел буып, еркін ойлайтын авторлық кино дистрибьюторларын шақыратын ұстамды және қатал мінезді туынды. Эмир Байғазиннің кинематографиялық стилінде жеке бостандық, еліктіру және отбасы қарым-қатынастары сұрақтарын зерттейтін баяндаудың жасырын мағынасы бар».

Cineuropa:
«Өзен» фильмі – «Көкжиек» бағдарламасындағы ең визуал эстровагантты туынды. Бұл фильм Эмир Байғазиннің батыл режиссер екенін тағы да дәлелдей түсті». Сценарист, режиссер Эмир Байғазин өзін алғаш рет қоюшы-оператор ретінде таныстырып отыр. Оның қолында камера композицияны ерекше сезініп, әлемді аса құрметтеп сыйлайтын визуал құралға айналады. Фильмнің образы – шынайы өмір мен мифология әлемінің арасындағы оқиға тәрізді. Батыс өркениетінен, заманауи технологиялар мен поп-мәдениетінен алшақ дәстүрлі өмірге қол сұққан бүгінге күнге қатысты көрінісі сипатталады».

Nonsolocinema:
«Эмир Байғазин жас актерлармен тамаша жұмысын тағы да көрсете алды. Экранда өмірдің шынайы тұстарын батыл көрсете білді. Ағайындылардың тартымды образдары, сондай-ақ Қанаттың бейнесі Орталық Азия кино тарихында қалатыны сөзсіз».

NOW:
«Бес ағайындының өмірі туралы ерекше көзқараста түсірілген фильм көрерменнің шыдамын тексереді. Осы жарқын образдар туралы ойлауға мәжбүрлейтін бұл фильмде өткір тілді, саяси аллегорияны көріп таң қалуыңыз ғажап емес».

Cinemascope:
«Эмир Байғазин – сезім мен сабырды қатар ұстай алатын режиссер. Режиссер трилогияның барлық атмосферасын және ритмін анықтайтын үшінші бөлімін ұсынды».

IONCINEMA:
«Эмир Байғазин көне дәстүрлердің заманауи әлеммен қақтығысының бейнесін ашып беріп отыр. Байғазин бұл фильмде қоюшы-оператор ретінде де атсалысып, өзен әлемін қашу туралы дастанның таныстырылымы ретінде көрсетті».

Cinematografo:
«Өзен» көрерменді магия мен реализмге арбап, метафизикалық әлемге ауыстырады. Шынайы әрі көркем түсірілген фильм».


Дана ӘМІРБЕКОВА, кинотанушы:

Қазақ киносының белді қайраткері, «Сұрапыл Сұржекей» (1991), «Қазақы оқиға» (2001), «Кек» (2006) іспеттес тағы басқа туындыларымен отандық киноөнеріміздің өркендеуіне ерекше үлес қосқан Дәмір Манабайдың төл шәкірті Эмир Байғазин Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-нда тәлім алып жүрген кезінде «Веселые и обижен­ные» (2006), «Степь» (2007), «Дев­ствен­ники» (2007), «Весогонщик» (2008) атты бірқатар қысқаметрлі фильмдерімен әлемнің беделді кино­фестивальдерінде жүлделі орындарды иеленіп, кино өнерінде ешкімге ұқса­майтын батыл ізденістері­мен шығар­машылық жолын шыңдады. 2013 жылы Аслан есімді жасөспірімнің тұңғиық тереңге бойлаған, қатпар-қатпар қайшылықтарға толы ішкі жан дүниесінің беймәлім сырларын бүкпесіз ашуға тырысқан трилогиясын қолға алды. Өмір мен өлім, ар мен ажал бетпе-бет кездесетін кинотуындыда­ғы әр кадр ішіндегі детальдар өзара үйлесім тауып, оқиғаның артық сөздің, әсерлеуші му­зы­каның көмегінсіз, тек кино тілімен баян­далуына септігін тигізген. Режиссердің айтар ойы символдық түрде үйлесімді суреттелген. «Асланның сабақтары» («Уроки гармонии») атты алғашқы толықметрлі фильмі арқылы отандық кино өнерінің мәртебесін арттырған Эмир Байғазин Берлиннің 63-Халықаралық кинофестивалінде «Үздік операторлық жұ­мыс» үшін марапатталып, «Күміс аюды» жеңіп алды. Осылайша, өз қатарластарынан оқ бойы озық екенін әлемдік деңгейде дәлелдеді.
Жиырмадан астам Халықаралық және отандық беделді кинофестивальдердің жүл­дегері атанып, батыс киносыншылары тұрғы­сынан: «әлемдік киноға көркемдік-филосо­фиялық жағынан тың ізденістер алып келді», – деген жоғары бағаға ие болған трилогияның «Төрт оқиға» (2016) атты екінші бөлімі де өз ор­тасының озбырлығын адалдық қағидалары­мен шешкенді жөн санайтын жастардың өмірінен сыр шертеді. Кинотрилогияның екінші бөлімі стильдік ерекшеліктері мен көркемсуретті тәсілдері тұрғысынан да алғашқысына ұқсас болып шыққан.
Туындыны көре отырып, Уильям Гол­дингтің балалардың қатігездігі жайында жазған «Шыбындар әміршісі» атты әлемге әйгілі романы еріксіз еске түседі. Бірақ Голдингтің кейіпкерлері – ата-аналарының қарауынсыз, алыстағы аралда қалай да тірі қалуды мақсат тұтқан балалар. Ал Эмирдің кейіпкерлерінің соншама қатігез болуына не себеп? Мүмкін, балалардың қатігездігі ата-аналардың дұрыс тәрбие бермеуінде шығар? Мүмкін, уақыты жоқ ересектердің балала­ры­ның не істеп, не қойып жүргеніне ден қойып, бақылауға алмауында болар? Мүмкін, олардың өмірі ертең басталады деп жүрген ата-аналар балаларының әлдеқашан есейіп үлгергенін және кей кезде олардың ересектердің ойына кіріп-шықпайтын қатыгездіктерге барып жататынынан еш хабарсыз екендігінде болар?..
Жуырда өткен 75-ші Венеция кинофес­тивалінің «Көкжиектер» бағдарламасында «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алған «Өзен» фильмі Эмир Байғазиннің Асланның тағды­ры­нан сыр шертетін трилогияның соңғы бө­лімі. Білімді емес, білекті бол деп түсінетін жасөспірімдердің қатыгездігін шынайы­лықтың шегін асырмай суреттейтін Эмирдің кинотрилогиясынан туған баласынан бас тартып, өз игілігін ойлайтын ата-ананы көре­міз, хиджап жамылған қызды мазақтап, сыныптастарының алдында қорлаған ұстаздың бейнесін көреміз, аузынан Алласы түспей жүріп, қорғансыз балалардан ақша жинайтын діндардың былықтарына куә боламыз, қорғансызды қорғаудың орнына қорлауды жөн санайтын полицей қызметкерлері мен өз ортасының озбырлығын адалдық қағидала­рымен шешпек болған жас баланың бейнесін көреміз. Жасөспірім психологиясын терең зердеге алған аталмыш кинотрилогияда бірде-бір кәсіби актер ойнамайды. Осыған қарамас­тан, режиссер Эмир Байғазин актер шеберлігін арнайы меңгермеген балалардың нанымды ойынына қол жеткізе білген. Осы тұрғыда ұзақ пландар мен шынайы ауыл көрінісін бейне­леген пессимистік сарындағы кинотрилогия стильдік, құрылымдық жағынан қазақтың «жаңа толқын» режиссерлерінің фильмдерін еске түсіреді.
Композициялық құрылымы мен кино тілінің бейнелеу тәсілдерін ұтымды әрі орын­ды қолдануы арқылы зорлық пен зомбылық, қылмыс пен жаза тақырыптарына байланысты терең толғаныстар тудыра білген Эмир Бай­ғазин Асланның хикаясы туралы трилогиясы арқылы адамның бойындағы бір-біріне үйлес­пейтін, үндеспейтін жақсылық пен жамандық, мейірім мен жауыздық, махаббат пен сат­қындық іспеттес кереғарлықтар мен қақты­ғыстарды шебер таспалаған. Осы тұрғыда кинорежиссер Эмир Байғазиннің кино өнеріндегі алар асуы мен бағындырар биігі әлі алда деп сенемін.

Эмир Байғазиннің алғашқы дебюті – «Асланның сабақтары». Қазақ кинематографиясы тарихында тұңғыш рет Берлин кинофестивалінің негізгі байқауына іріктеліп, «Үздік оператор» номинациясында «Күміс аю» жүлдесімен марапатталды. Трилогияның екінші бөлімі – «Төрт оқиға» аталған кинофестивальдің Panorama Special бағдарламасы шеңберінде алғаш көрсетілді. Биыл тамыз айында Эмир Байғазин Румынияда өткен Anonimul кинофестивалінде «Кино саласының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдемен марапатталды. Айта кетсек, осы фестиваль шеңберінде режиссердің ақ-қара түсте түсірілген «Жұлдыздарды көргіңіз келе ме?» фильмінің тұсаукесері өткен.


Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*