«КӨКНАР» ЕСІРТКІНІ ЖОЮДЫ КӨЗДЕЙДІ

301
0
Бөлісу:

Жыл сайын Қазақстан аумағында 30-40 тонна есірткі заттары тәркіленеді. Өткен жылы есірт­кі заттарына қатысты 2,9 мың қылмыс ашылып, 40 тоннадан астам есірткі (64,5 келі героин, 428,5 келі гашиш, 31 190 келі марихуана) жойылды. Биылғы басталған «Көкнар – 2018» шұғыл-профилактикалық шараларының нәтижесін ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау департаменті жақында қорытындылайды.

Қазақстандағы заңсыз айналымда жүр­ген есірткілер – апиын, героин, кокаин, синте­тикалық наркотиктер жоғары кон­центра­цияланған, адам өміріне өте қауіпті, есірткінің «ауыр» түрлеріне жатады. Соңғы оншақты жылда қазақстандық нашақорлар есірткінің ауыр түрлеріне көше бастады. Бұрын каннабис, сатива (ел ішінде анаша деп аталады) сияқты есірткінің жеңіл түрін қолданса, енді көбінесе ақыл-есті «өшіріп», басқа дүниеге жетелейтін ханканы қолда­ну­ға әуес болыпты. Алматы наркологтарының байқауынша біздегі нар­кобазардағы есірткі айналымының 80 пайызын героин құрайды. Бұл жартылай синтетикалық наркотик таза апиынға қарағанда адамды өзіне тез тартып алып, «тұңғиыққа» батырып жі­береді. Героин­ге тәуелді болған адамды емдеп, қал­пы­на келтіру өте қиын, іс жүзінде мүмкін емес. Қазақстанда бұрын тек республиканың оңтүстігінде өсетін қарасорадан тонналап дайындалатын гашиш, марихуана ғана сау­да­ланушы еді, соңғы он-он бес жылда халық­­а­ралық наркотрафикпен өтетін ауған героинінің бір бөлігі осында қалатын бо­лыпты. ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат де­пар­та­ментінің директоры Алмас Садубаев­тың мәлімдеуінше, 2017 жылы ҰҚК және ІІМ бірлесіп жүргізген жедел шаралары барысында Қазақстан аумағында 16 халықаралық наркотрафик арна­лары анықталып, 64 келі ауған героині тәр­кілен­ген. Биылғы жылдың басында 5 есірткі тасымалдау арнасы ашылып, 23 келі героин жойылған. Жыл басынан бері есірткі тара­туға қатысты ішінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанның азаматтары бар ТМД елдерінің 58 азаматы тұтқындалған.
Ауғанстанда дайындалатын героин дүние­нің төрт бұрышына кеңінен таралған. Тіпті дамыған Еуропа елдерінің өзіне жылына ауған апиынынан жасалған 150-200 тонна шама­сында есірткі өтетін көрінеді. БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының мәлімдеуінше, ауған героинінің ең ірі базары Еуропа елдері бо­лып саналады. Одан кейінгі орында жылына 120 тоннаға сұраныс жасайтын Азия мем­лекеттері тұр. Африкаға Ауғанстаннан жылына 45 тонна героин жеткізіледі. Сөй­тіп, ауғандықтар дүние жүзін есірткі уымен қамта­масыз етіп жатыр. Ауғандықтардың өзіне апиыннан қанша ақша түсетінін кім білсін, БҰҰ сарапшыларының есебі бойын­ша, өткен жылдардың бірінде ауған герои­нін сатудан 61 миллиард (!) доллар пайда түскен. Ол пайданың кімнің қалтасына кетіп жатқаны да белгісіз, оны өздері біледі. Әңгіме оның кімге, қанша пайда әкелеті­нінде емес, тұтынушыларға қандай ауыр зар­дап шектіретінінде де емес. Мәселе, ірі партиямен Ауғанстаннан шығары­латын, кө­терме саудаға құны миллиондаған доллар тұратын героиннің бірнеше мем­лекет­тердің шекарасынан еш кедергісіз өтіп, тұтынушыларға қандай жолдармен жетуінде.
Ауғанстаннан шығатын есірткі трафигі «солтүстік маршрут» және «оңтүстік мар­шрут» жол болып екіге бөлінеді. «Солтүстік» нар­котрафик бойынша ауған героині Қырғызстан аумағы арқылы бізге келеді, батыс және сол­түс­тік өңірлермен өтіп, ары қарай Ресей ар­қы­лы Шығыс Еуропаға жеткізіледі. Жол бойы есірткінің белгілі бір бөлігі таралады. Алайда соңғы жылдары «солтүстік маршрут­пен» өтетін есірткі көлемі біршама қысқарған, халықара­лық сарапшылардың болжамы бойын­ша 30-33 тоннадан аспайды. «Солтүстік мар­шрут» бойынша есірткі тасымалының бәсең­деуін олар Таяу Шығыстағы, Солтүстік Афри­ка­дағы саяси тұрақсыздық жағдайымен, қарулы қақтығыстар ошақтарының пайда болуымен байланыстырады. Қазіргі кезде героин тасымалының азаюы Орталық Азия елдерінің барлығында байқалады. Есірткіні бақылау жөніндегі халықаралық комитет алдыңғы жы­лы «Иран, Түркия, Оңтүстік – Шығыс Еуро­па арқылы Батыс және Ор­талық Еуропаға шы­ға­тын героин тсыма­лының басты арнасы – «балкан маршруты» болды» деп мәлімдеді. Сондықтан Пәкістан немесе Иран арқылы теңізбен Парсы шығанағы мем­лекеттеріне, Африкаға, Оңтүстік Азияға, Океания мен Солтүстік Америкаға шығатын «оңтүстік маршрут» қатты қарқын алып, маңызы артуда.
Есірткімен қанша күрескенмен, оның тамы­рына балта шабуға ешбір мемлекеттің шамасы жетпей жатыр. Мәселен, Иран, Оңтүстік Корея, Тайланд, Сирия, Сауд Арабиясы, Үндістан, Түркия мемлекет­терінде есірткі саудалаушылар заң бойынша өте қатаң жазаланады, көп жағдайларда өлім жазасына дейін кесіледі. Алайда бұл елдерде де есірткі жа­сы­рын жолдармен тара­тылып жатар. Қазақстанды наркобарон­дар Ауғанстан героинін Ресейге, Еуропа елдеріне өткізетін транзиттік дәліз ретінде пайдаланып отырғаны ешкімге құпия емес. Сарапшылардың пікірін­ше, Қазақстан территориясынан өтетін героин­нің кемінде 11 пайызы жол-жөнекей қолды болып, қалып қалады. Ол қазақстандық­тарды улауға арналған. БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, ауғандықтардың бір жылғы жинаған өнімі 5 мың тоннадан асады, ал кез келген уақытта жібере салуға дайын тұратын 500 мың тонна героин керуенді күтіп, шекараның түбінде тұратын көрінеді.
ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департа­ментінің директоры Алмас Садубаевтың мә­лім­деуінше, Қазақстанда жыл сайын есірткіге қатысты қылмыс­тардың 85 пайызы ашылады. Бұл қыл­мыстардың басым үлесі – 2 мың қыл­мыстық іс есірткі таратуға қатысты қозғалады. Мысалы, өткен жылы – 2 159, биылғы жылы 4 айда – 839 қылмыстық іс қозғалған. Есірткі тарату­шылар көбінесе ірі қалаларда ұсталады. Өткен жылы Астанада 153, Алматыда – 259 қылмыс тіркеліпті. Марихуана, гашиш есірткілері негізінен еліміздің Жамбыл, Қы­зы­лорда сияқты оңтүстік облыстарында дайын­далғанымен, ол барлық өңірге таралады.
2017 жылы ОҚО – 346, Жамбыл облысында – 235, Қызылорда облысында – 164, ШҚО – 300, Қарағанды – 246, Қостанай 215 қылмыстық іс қозғалған.
Гашиш, марихуана сияқты есірткі түрлері жасалатын қарасора өсімдігі Шу алқабында өсетінін барлығы біледі. Былтыр 12,3 гектар алқапта өсіп тұрған 91 қарасора плантациясы­нан алынған 102 тонна (одан 20,5 тонна марихуана алуға болады) өсімдік өртелген. Сарапшылардың айтуынша, бұл 25 млн атым есірткі екен, ал ақшаға шақ­қанда оның құны 45 млн АҚШ долларын құрайды. Соңғы үш-төрт жылдың ішінде Қызылорда облысындағы құмда қарасора өсірушілер ұсталған. Елдіме­кендерден 100-150 шақырым қашықтықтағы құмның ішінде өсетін есірткі плантациясын табу қиын. Есірткі алатын қарасораны 3-4 метрлік сексеуілдің ішіне жасырып, 20 сотыққа дейін егуге болады екен. Мұндай плантация­ларды полиция тікұшаққа мініп, спутник немесе дрон арқылы төбеден бақылайды.
Есірткіні жаз айларында жинап, жерге көміп кетеді де қыста алады. Сон­дықтан аса ірі көлемде «шөп» жинайтындар кейінірек ұсталады. Есірткіге қарсы күрес жазғы уақыт­тарда ғана емес, қыста да тоқтамайды. Қаңтардың 31 күні түн ауған кезде полиция қызметкерлері Тараз – Шым­кент жолында Шақпақ ата ауылы маңында «Тойота Камри» автокөлігін тоқтатқан. Көліктің иесі 32 жастағы қызылордалық және оның қасындағы астаналық целло­фанға оралған 69 қапшыққа салған 30 келі марихуананы Астанаға апара жатқан жерінде ұсталды. Шу ауданында 11 қаңтар күні 4 қапқа салынған 21 келі марихуа­намен жергілікті тұрғын ұсталды. Бұлар аса ірі көлемде есірткі сатумен айналысқан қыл­мыскерлер ретінде сотталды. ІІМ Есірткі биз­несіне қарсы күрес және есірткі айна­лымын бақылау департаментінің бастығы Арыс­танғани Заппаровтың мәлімдеуінше, өткен жылы Жамбыл облысы аумағында 19,6 тонна марихуана тәркіленген.
– Жақында «Көкнар – 2018» шұғыл-профи­лактикалық шаралары барысында Жамбыл облысында Меркі ауданы құмды аймағының 23-шақырымында Жамбыл облысы ІІД Есірткі бизнесімен күрес бас­қармасының қызмет­керлері 38 жастағы жергі­лікті тұрғынды ұстады. Ұсталған азаматтан үш қап – барлығы 38,8 кг мари­хуана тәркіленді», – деп хабарлады поли­ция. Жамбыл облыстық Наркобизнеспен күрес басқармасының қызметкерлері «Дельта-Долина» тобымен және Шу аудандық ІІБ учаскелік инспек­торымен бірлесіп жүргізген жедел шара барысында Белбасар ауылының маңында Қордай ауданы Қайнар ауылының 21 жастағы тұрғынын ұстаған. Оның қабынан 10 келі 550 грамм кептірілген марихуана табылған.
Бұлар осы жақта дайындалған мари­хуананы полицияның көзіне түспей алып шығатын болса, солтүстік өңірлерге қарай жібереді. Бірақ басқа өңірлерде де республи­калық «Көкнар» операциясы жүріп жатыр. Бұл жақтан ұсталмаса, сол жақтан ұсталады. Қостанай облыстық Наркобизнеспен күрес басқармасының қызметкерлері иісшіл иттің көмегімен 28 жастағы қостанайлық есірткі тасымалдаушыны ұстады. Ол 36 полиэтилен оралған марихуананы «ВАЗ-21013» көлігіне салып қаланың ортасында кетіп бара жатқан жерінде ұсталған. Бұл ірі көлемдегі есірткі болып саналады, оны өзі ғана қолданбайтыны белгілі, сондықтан ол есірткіні таратушы ретінде ұзақ жылдарға сотталатын болады.
Жастар есірткіні түнгі клубтарда, басқа да көңіл көтеру орындарында көп қолданатыны белгілі. Тамыздың 17-19 күндері жамбылдық полицейлер – Есірткіге қарсы күрес басқар­масының, жергілікті полиция, әкімшілік, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкіл­дерінің қатысуымен Тараз қаласындағы көңіл көтеру орындарына түнгі рейд ұйым­дастырды. Көңіл көтеру орындарының 22-іне бас сұққан тәртіп сақшылары 31 әкімшілік құқық­бұзу­шылықты анықтады. Солардың екеуі қоғамдық орында марихуана шегу бойынша тіркелген. «Алигатор» кафесінде марихуана шеккен 26 жастағы қыз Қылмыстық кодекстің 296 бабы­мен, кафенің иесі әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ «Бекзат» кафесінде екі тараздық марихуана шегіп отырған жерінде ұсталған.
Есірткіні арнайы делдалдар арқылы сатып алу да қазіргі кезде өте оңай болды. Әрине, наркодиллер есірткіні кез келген адамға көше­де жүріп сата салмайды. Ол үшін наркодил­лердің «апанын» тауып, есірткі сатушы жақсы танитын адамнан келгенін айтуың керек, «парольді» білу керек. Сонда ғана оның сеніміне кіріп, есірткіні сатып алуға болады. Есірткінің қолдан қолға өтуі адам аз жүретін көшелерде жүзеге асуы мүмкін. Кейбір кездерде есірткіні тапсырыс берген адамның көлігіне жанамалап тоқтаған көліктен береді. Шабарманның рөлін көп жағдайларда әйелдер, тіпті жасы келген әжелер де атқарады. Не сатып жүргендерін, ұсталған жағдайда олардың өздері де білмеуі мүмкін, бірақ үкім шығарған кезде сот оған қарамайды. Осылайша, көптеген адам есірткіге бой алдырған немесе наркобиз­неспен айналысатын адамдардың кесірінен арандап қалып жатыр.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*