ЭКСПО – 2017 АЛАҢЫ ЕЛІМІЗДЕГІ ЖАҢА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЭКОЖҮЙЕНІҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ

258
0
Бөлісу:

10 қыркүйек күні ЭКСПО – 2017 халық­аралық көрмесінің аяқталғанына да бір жыл толды. Осыған орай, «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ербол Шормановпен көрменің бізге қал­дырған мұрасы жайлы және де көрме нысан­дарының қазір қалай пайдаланылып жатқаны туралы әңгімелестік.

– Ербол Әлімқұлұлы, ЭКСПО – 2017 ха­лықаралық көрмесі тарих қойнына еніп кетті. Десе де, алдымен сол 93 күнге жал­ғасқан көр­мені бір еске алып өтсек.
– Оқырмандардың есіне сала кетейін, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасы бойынша Қазақстан посткеңес­тік елдердің арасында осындай халықара­лық шара өткізген бірінші ел болды. Көрме орны таңдалған кезде біз Бельгияның Льеж қала­сынан артық дауыс жинаған едік. Көрмеге 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. Алдын ала болжам бойынша біз көрмеге 2,5 миллион адам келеді деп күткен едік, бірақ көрмені 4 млн адам тамашалады. Олардың 15 пайызы әртүрлі елден келген туристер. 93 күн бойы мемлекет басшылары мен үкімет басшылары қатысқан 220 ресми шара өтіп, Қазақстанның іскер және ғылыми-білім беру ортасы көрмеге қатыс­қан елдермен 39 келісімге қол қойды. Ол келісімдердің көбі – энергетика, құрылыс, инвестиция сияқты салаларға қатысты.
3500-ден астам бұқаралық-мәдени шара өтсе, олардың арасында әлемге танымал жұлдыздардың концерттері бар.
Сондықтан да көрме біздің күткен үміт пен болжамды ақтады деуге болады. Халық­аралық көрмелер бюросы 2017 жылғы ЭКСПО көрмесін тарихтағы маман­дан­дырылған сәтті көрмелердің бірі деп атады. Бұл – үкіметтің, мемлекеттік органдардың, Ахметжан Есімов бастаған «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компа­ниясы» АҚ ме­недж­ментінің бірлескен еңбегінің арқасы.
ЭКСПО жобасының арқасында тек көрмені ғана емес, бүкіл елімізді әлемге та­ныту үшін үлкен имидждік жұмыс жүр­гізілді. Елімізді халықаралық деңгейде 2 млрд аса адам таныды.
ЭКСПО – 2017 көрмесі кезінде елорда­мызға бүкіл әлем назар тікті деуге болады. Оқиғалар әлеуетінің рейтингісінде, ШЫҰ мен ТМД елдері арасында Астана қаласы ТОП-5 кірді. Сондай-ақ біздің астанамыз National Geographic журналының «Бола­шақтың қаласы» атты номинациясын жеңіп алып, «New York Times» газетінің нұсқасы бойынша барып көруге тұрарлық 10 қаланың арасынан табылды.
– Жалпы, Қазақстан көрмеге «Болашақ­тың энергиясы» атты тақырып ұсыну арқылы ғылыми өркениеттің ошағына айнала алды ма, қалай ойлайсыз?
– Көрмеге қойылған ең озық техно­логияларға қарап, бүкіл әлем бала­ма қуат көзіне қарай бет алғанын байқаймыз. Және бұл процесті енді тоқтату қолдан келмейтін сияқты. Ал ЭКСПО – 2017 көрмесі Қазақстандағы «жасыл эконо­микаға» көпір салып, қайта қалпына келе­тін энергияны енгізу және пайдалану сала­ларында ойы мен идеялары бар жастарға, жас мамандарға, тіпті қарапайым азамат­тарға серпін сый­лады. Көрмеге жалпы әлемнің түпкір-түп­кіріндегі елдер қайта жаңартылатын энергия саласындағы 150-ден астам озық техноло­гияларын әкелген. Солардың арасында 115 технология таң­далып, еліміздің әр айма­ғында жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет басшысының БҰҰ Бас ассам­блеясында айтқан бастамасына сәйкес, ЭКСПО көрмесінен қалған павильон­­дар­дың бірінде Халықаралық «жасыл техно­ло­гиялар мен инвестициялық жобалар» ор­талығы жұмыс істемек.
– Енді ЭКСПО көрмесінен кейінгі мәсе­ле­­лерге тоқталсақ. Президент ЭКСПО – 2017 көрмесінен кейін қалған ны­сан­дар халық игі­лігіне берілуі керек дегені есімізде. Сон­дық­тан көрме кешенін­дегі бірегей нысандар енді қандай қызмет атқармақ, соған тоқтал­сақ?
– Дұрыс айтасыз. Мемлекет басшысы көрмеге орай салынған нысандарды көрме­ден кейін пайдалану туралы тұ­жырымдама бекітіп берді. Сол тұжырым­дамаға сәйкес, көрменің орнында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, Халық­аралық «жасыл теxнологиялар және инвестициялық жоба­лар» орталығы, «Astana Hub» Халық­аралық IT стартаптар теxнопаркі, IT университет пен бизнес-орталық сияқты өте ірі жобалар жүзеге асырылады.
Мәселен, «Астана» Халықаралық қар­жы орталығы Еуразиялық кеңістіктегі ең алғашқы қаржы орталықтарының біріне айналып, ел экономикасына инвестиция тартатын драйвер болмақ.
Мемлекет басшысы ел экономикасын сандық форматқа ауыстыруға қатты мән беретіні белгілі. Сондықтан, «Astana Hub» Халықаралық IT-стартаптар технопаркі мен IT-университет – біздің экономика­мыздың цифрлы әлемге бет бұруына серпін бере алатын жобалар деп ойлаймын.
Сондай-ақ көрменің логистикалық базасы қайта құрастырылған соң, аумағы 21 мың шаршы метр көрме алаңы ашылмақ. Ол алаң әртүрлі халықаралық көрмелерді қабылдай алады.
Осылайша, көрме кешенінің ендігі бола­шағы жарқын екенін және көрме ор­нында жаңа инновациялық технология­лар­ды жасау үшін жаңа экожүйе құрылатынын сеніммен айтуға болады.
– Бұлардан өзге, көрме аяқтала сала да жұмысын тоқтатпаған «Нұр әлем» Сферасы мен Конгресс-орталық сияқты нысандар бар ғой?
– Мен тізіп өткен нысандармен қатар, «Нұр әлем» Сферасы жаһандық нысанға айналып үлгерді. Өйткені Сфера – болашақ энергиясының әлемдік сим­волына айналып, Қазақстан дегенде еске түсетін үлкен нысан­дардың бірі болып кетті. Бұл нысан – болашақ энергиясының жай ғана музейі емес, күніне мыңдаған адам баратын ғылыми білім беру орталығы болып отыр.
Біз «Нұр әлем» Сферасындағы контентті күннен күнге жаңартып отыруға тырыса­мыз. Өйткені келген адамдардың қызығу­шы­лығын жоғалтып алмау керек. «Робо­полис» жобасы аясында «Нұр әлем» Сфе­расында бірегей 17 робот-гид жұмыс істеуде. Виртуалды аймаққа кірген адамдар Астана мен Алматы қалаларына көзбен «саяхат» жасай алады. Бұдан өзге, әлемге танылған интерактивті шоу-жобаларды да ынты­мақтастыққа шақырып отырмыз. Мысалы, жазда Titan Robot Show ұйымдас­тырылса, қазір «Роботтар балы» өтіп жатыр. Бұл шаралар әсіресе балаларға қатты ұнап, оқушылардың саналарына ой салары анық.
Ал Конгресс-орталыққа тоқталар бол­сақ, бұл да өздігінше ерекше, көп функ­цио­налды кешен. Конгресс-орталық ресми ша­раларды өткізетін орын. Оның маңыз­ды­лығы сонда, ЭКСПО – 2017 халықаралық көр­месінің ашылу және жабылу салта­нат­тары осында өткен. Конгресс-орталықта сон­дай-ақ XI Астана экономикалық фору­мы, Дүниежүзілік Тау конгресі ұйымдасты­рыл­ған.
Сонымен қатар коммерциялық па­вильон­­­дарда «Қазпошта» АҚ-тың сан­дық кеңсесі мен азаматтарға арналған үкі­меттің Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл кеңселерде адамдар диджитал форматта өз өздеріне қызмет көрсете алады.
– Яғни, ЭКСПО көрмесінің аумағы астаналықтар мен қала қонақтарының де­ма­­­латын әрі ғылым-білімдегі соңғы жаңа­лық­тармен танысатын орнына айналды дейсіз ғой?
Біз көрме аумағын аралауға келген әрбір адамға барынша қолайлы жағдай мен қызықты ақпарат ұсынуға тырысамыз.
Астананың 20 жылдығын тойлау ая­сында біз әдейі жазғы сахна орнатып, көп­теген мерекелік шаралар мен қазақ эстрада жұлдыздарының концерттерін ұйымдас­тыруға ат салыстық. Әртүрлі концерттерге шамамен 8 мың көрермен келіп отырды. Балалар үшін бөлек театрландырылған қойылымдар қойылып, цирк шоулары көрсетілді.
Бұдан өзге, көрме аумағында балаларға арналған тамаша алаң бар. Ол алаңның ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі балаларға да жағдай жасалған. Көрме аумағында мейрамханалар мен дәмханалар жұмыс істеп тұр, 6 гектар жерді алып жатқан сая­бақ аймағы да бар.
Жалпы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсам, ЭКСПО көрмесінің арқасында біз енді кез келген үлкен, кез келген фоматтағы көрме шараларын өткізе аламыз. Ал «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының ендігі міндеті – мен айтып өткен үлкен халықаралық жобаларды сәтті жүзеге асырып, көрмеден қалған инфра­құрылымды тиімді пайдалану.
– Жоспарларыңыздың сәтті орын­далуы­на тілектеспіз. Сөз соңында ЭКСПО – 2017 көр­месі тек Астананың ғана емес, тұтас еліміздің экономикасына қан­дай серпін бергенін бір-екі ауыз сөзбен айтып өтсеңіз.
– Жалпы, менің ойымша, ЭКСПО – 2017 көрмесін дағдарысқа қарсы үлкен жоба деп атауға болады және ол жобаға еліміздің бүкіл аймақтары қатысты. Олай деуге нақты фактілер себеп. Мысалы, Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы облыс әкімдіктері, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен тиісті меморандумдарға қол қойған. Меморан­думдарға сәйкес, ЭКСПО – 2017 көрмесінің құрылысына отандық тауар өндірушілердің тауарлары пайдаланылды. 408 отандық кә­сіп­­орын тапсырыс алған. Олардың барлығы 414 млрд теңгенің жұмысын орын­даған. Сол арқылы 50 мыңнан астам жаңа жұмыс орны, соның ішінде аймақтарда 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамтылды. Көрмеге дайындық ке­зін­де сондай-ақ 1400 шағын және орта биз­­нес субъектісі жұмыс­қа тартылған. Қа­зақстанның туризм саласы да дамып, туро­пе­раторлардың көрсеткен қызметі 78 пайыз­ға көбейсе, қонақүйлер әдеттегіден 3 есе артық мейман қарсы алған. Теміржол мен әуе­жол­дары арқылы қатынаған жолаушы­лар­дың саны орта есеппен 25 пайызға кө­бей­ген. Көрменің ел экономикасына ти­гіз­ген серпінінің бір ұшқыны осы деп ой­­лай­­­мын.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Серик Алимжанов,
Астана

Бөлісу:

Пікір жазу


*