ШАҢЫРАҚ – ШАТТЫҚ МЕКЕНІ

142
0
Бөлісу:

«Отбасы күніне» орай «Нұр Отан» пар­тиясы Алматы облыстық филиалының ұйытқы болуымен өңіріміздің әрбір аудан-қаласында мейірім мен сыйластыққа құ­рыл­­ған шаралар кеңінен көрініс тауып, ата-ана мен бүлдіршіндерді қуанышқа бө­леген ерекше байқаулар өтуде. «Отбасы – бақыт мекені» деген атаумен ел назарына ұсынылған ізгі шараларға үлкен әулеттер мен жас отбасылар, ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндер, әкелер мен аналар, аталар мен апалар белсене қатысуда.

Талдықорған қалалық партия фи­лиалының «Аялы алақан» бастауыш партия ұйымы және «Бәйтерек» күндізгі болу орталығы бірлесе отырып, ұйым­дастырған отбасылар байқауы жұрт жүрегінің төрінен орын алды.
Партия филиалының кеңесшісі Элеонора Талданбаеваның айтуына қара­ғанда, байқауға қатысушы отбасылардың өнері мен үлгісі лайықты бағасын алып, жоғары бағаланыпты. Бірнеше кезеңнен тұратын сайыс барысында оған қатысушы отбасылар өз өнерлері мен білімдерін ортаға салды. Бірін-бірі демеп, сүйеу бола білген, ынтымағы жарасқан әр отбасы өз жанұялық ұстанымдары туралы айтып, өнерлерін көрсетті және ситуациялық сұ­­рақ­­тарға жауап беруге тырысты. Соңын­да достық жеңіп, барлығы көңілді тарқасты.
Байқау соңында үздіктер анықталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Шара­патты шараның жоғары деңгейде ұйым­дастырылуына атсалысқан «Бәйтерек» күндізгі болу орталығының директоры Айгүл Диханбаеваға партия филиалы басшылығының алғысхаты табысталды.
«Бізді барынша қуантқаны – бала­лардың осындай шырайлы шараға бел­сене қатысып, өздерінің жан-жақты­лық­тарын байқатқаны. Бүгін отбасым жүлделі орынды иеленді. Біз байқауға алдын ала даярланып, жұдырық­тай жұ­мы­лып, бірлігімізді көрсеттік. Партия­ның мұрындық болып, отбасы­мыз­ға осын­дай ұмытылмас сәтті сый­ла­ға­нына риза­мын. Мемлекет атты шаңырақтың уығы болып саналатын әрбір жанұяға бөлін­ген көңіл, жасалған қамқорлық қоға­мы­мыздың ізгілене түсуі мен өзара ынты­мағына оң ықпал етері анық» дейді бай­қау­ға қатысушы Дильфируза Омарбаева.

Алматы облысы


ПІКІР


Бес әлеуметтік бастаманың қайсысы болса да халықтың көңіліне қонымды екенін білеміз. Баспана мәселесін ойлап жүрген жандар, әсіресе жас отбасылар болашаққа жоспар жасап, бағдарлама жарияланған күннен бастап, азын-аулақ ақшасын жиып қамдана бастады. Үкілі үміттерін үзбей, жадырап, жігерленді. Кәсіп бастауға жүрексініп жүрген ауыл азаматтары батылданып, қыстың қаһарлы аязынан қысылтаяң шыққан аймақ тұрғындары көгілдір отынның игілігін көретініне қуаныштары шексіз. Бес бастаманың алғашқысы әрбір отбасына баспана алуға жаңа мүмкіндіктер туғызбақ. Яғни, жұмыс істейтін әрбір адамға несиеге пәтер сатып алып, оны отбасы жағдайына қарай деңгейде төлей алуы үшін «7 – 20 – 25» бағдарламасы ұсынылды. Бағдарлама бойынша мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 пайыз емес, жылына 7 пайыздан аспайтын теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие бола алады. Қазіргі кезде банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 немесе 50 процентін салуды талап етсе, жаңа бағдарлама бойынша 20 проценттен аспауы тиіс.

Жалақысы төмен казақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, олардың салық жүктемесін 10 есеге азайту көзделді. Яғни, 1 пайыз ғана салық салынбақ. Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесі жеңілдеп, нәтижесінде, еліміздегі барлық жалдамалы жұмыскердің кемінде үштен бірінің жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады.
Жастарға деген мемлекет қамқорлығының айқын көрінісін үшінші бастамада ұсынды. Мұнда жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында қазіргі кезде жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу қажеттігі айтылды. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болмақ. Атап айтсам, болашақта зор сұранысқа ие болатын инженерлер, ақпараттық технология, нанотехнология, робототехника саласының мамандарын даярлауға басымдық берілетін болады. Бүгінгі күні студенттерді жатақханамен қамту ең өзекті мәселелердің бірі десек, артық емес. Бұл бағытта жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялардың мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастау керектігі ұсынылып, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу туралы нақты тапсырма берілді. Мұндай көмек – әрбір білімін ұштаған, арманшыл жастармен бірге ата-аналары үшін айттырмас қуаныш.
Төртінші бастамадағы шағын несие беруді көбейтудің, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, яғни ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуда маңызы зор. Себебі, өткен жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілгенмен, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша білім алған 5 мың адам өз істерін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмаған. Сондықтан үстіміздегі жылы қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізу тапсырылды. Нәтижесінде, шағын несие алатындардың саны артып, ауылдағы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бірден-бір мүмкіншілік туады.
Газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жобасын жүзеге асыру бірқатар өңірлерді газбен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта еліміз тұрғындарының 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген. Алайда еліміздің кейбір өңірлері әлі де газсыз отырғандықтан, осы бағыттарда магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыру керектігі бесінші бастамада айтылды. Осы сараланған жолмен жүріп, игі бастамаларды бірігіп жүзеге асырамыз деп сенемін. Жаңа әлеуметтік жобаларға жол ашылды. Ендеше, жас ұрпақтың жарқын болашағын бірге қалайық!

Дәулет ИДРИСОВ,
«Нұр Отан» партиясы Алматы облысы,
Ескелді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары
аудандық депутаттық фракциясының жетекшісі


Болат АБАҒАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*