МЕДИАЦИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДАМУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

114
0
Бөлісу:

Атырауда Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің еліміздегі медиация саласын дамыту мәселелері бойынша көшпелі отырысы өтті. Депутаттар Қазақстандағы медиация институтын дамыту мәселелерін талқылады.

Комитет төрағасы Георгий Кимнің ай­туынша, медиацияны дамыту жөнінде бұған дейін де дөңгелек үстелдер ұйым­дас­ты­рылған. Бұл жолғы кездесудің мақсаты – медиация мәселелері туралы заңға өзгер­тулер мен толықтырулар ен­гізу бойынша заң жобасын талқыға салу.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ортаға салынған тақырыптың маңыз­­ды­лығын атап өтті. Қазір Атырау облы­сында 40 кәсіби және 10 кәсіби емес медиатор жұмыс істейді. Облыстағы әкім­дік­тер жанынан 38 медиация кабинеті, Достық үйінде, кәсіподақ орталығында бір кабинеттен ашылған. Қалалық сотта да екі кабинет бар.
Жұмыс бабындағы кездесуде Қазақстан Республикасының Жоғар­ғы сотының судьясы Ұлбосын Сүлейменова жетілдірілген жобаның басты ұсыныс­тарына тоқталды.
– Айта кету керек, дауларды сотқа дейін реттеу бағыттары бойынша тиімді меха­низмдер жасалды. Көптеген даулар медиа­тор­лардың, адвокаттардың реттеуімен, арбитражда сотқа жеткен жоқ. Соттарда тараптардың келісуі, қуынымнан бас тарту, талап етушінің арызы бойынша талаптарды қараусыз қалдыруға қатысты жұмысы тоқ­татылған істер саны көбейді, – деді Ұлбосын Сүлейменова.
Кездесуге қатысушылардың пікір­лерін­ше, құқықтық мәдениет, адамдар­дың менталитетіне қатысты қалыптасқан тұжы­рым­дар өзгере бастаған, дауды соттан тыс келіссөздер жүргізу арқылы да шешуге бо­ла­тынын түсіне бастады. Бітімгерлік рәсім­дерді өзекті ету үшін Жоғарғы сот соттарда пилоттық жобалар ұйымдастырып жүр.
– Бұл – даулардың кейбір санаттары бойынша медиацияның міндетті рәсім­дерін енгізу жөніндегі пилоттық жоба. Мамыр айынан бері «Түнгі сот» пилоттық жобасы іске қосылды. ЖКО қатысу­шылардың ма­териалдық талаптарын шешу кезінде кел­тірілген шығынды өтеу жайлы мәселе аза­маттық процесте емес, келісім жасау ар­қылы әкімшілік процесте шешілетін болады, – деді Жоғарғы сот судьясы. – «Отбасылық сот» пилоттық жобасы бас­талды. Қолданыстағы заңға даулардың қылмыстылығы, міндетті медиацияға қатысты да түзету енгізу керек болады.
Отбасылық даулар бойынша міндетті медиация тиімділігін көрсетті. Жыл басы­нан бері 8 703 іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Пилоттық сот­тарда психологтар мен медиаторлар ата-аналарға неке бұзудың құқықтық салдары, оның баланың алға қарай дамуына әсері туралы кеңес береді.
Жоғарғы сот кәмелеттік жасқа тол­мағандардың мүдделері көтерілетін қыл­мыстық істердің жекелеген санаттары бойын­ша және әкімшілік істерде іс сотқа түс­пестен бұрын, процестің бастапқы кезеңін­де міндетті медиация керек деп есептейді.
– Біз Жоғарғы соттың «Соттан тыс және сотта татуласу» жобасымен жұмыс істейміз және оның нәтижелері әділ сотқа, заңның үстемдік құруына деген сенімді арттыруға оң ықпал етеді деп есептейміз. 2018 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойын­ша, аймақтарда 21 татуласу орталығы, 697 татуласу кабинеті (медиа­ция) ашылды, – деп атап өтті Ұлбосын Сүлейменова.
Сенат депутаты Владимир Волков: «Ме­диация туралы заң 2011 жылы қабыл­­данды, көп жайттарды қайта реттеу қажет» дейді.
– Мұны мойындауымыз керек. Қазір еліміз бойынша 371 кәсіби медиатор жұмыс істейді. 3 мыңнан астам медиатор кәсіби емес. Осы кәсіби емес деген атауды қоғам­дық медиатор деп ауыстыру керек. Оқыта­тын, сертификат беретін әртүрлі ұйымдар бар, бірақ бірыңғай орталық жоқ. Олардың қалай оқытып жатқанын білмейміз, сон­дықтан алда тұрған міндеттердің бірі – солардың бәрін ортақ бір іске жұмылдыру. Мысалы, бағалаушы, адвокат, нотариустар бойын­ша осындай жұмыстар жүргізілді. Қиын болды, бірақ ортақ жүйеге келтірдік. Қазір олардың жалғыз реттеушісі бар, жеке, түсінікті, ашық жұмыс істейді. Осы маңыз­ды институтты дамыту керек, – деді Владимир Волков.
Талқыланған тақырып бойынша ойлары мен ұсыныстарын Қазақстан халықтары ассамблеясы Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко, се­натор Сәрсенбай Еңсегенов, «Медиа­цияны дамыту орта­лығы» РҚҰ құрылтай­шысы Назым Төлекеевалар да айтты.
Кездесуді қорытындылаған Пар­ламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким «Ме­диация – қоғамдағы агрессияны жою мен даулылық аясын тарылту құралы. Оның жұмыс істеуі үшін меха­низм дайындау – міндетіміз. Медиация кәсіпкерлік қызметке жатпағанымен, бәрібір нарық тұрғысынан қарау қажет. Медиация нарығын анықтау керек. Бейнелеп айтсақ, қазір медиацияға келіп жатқан құқықтық қатынастар саны. Бір медиатор қанша медиативтік рәсім орындай алатынын анықтау керек. Елімізде медиация институтын дамыту үшін нақты жұмыс жасалуы тиіс» деді.
Жиынға қатысушылар Атырауда өткен кездесу Парламентте талқылайтын көптеген сұрақтарды тудырды деген оймен тарқасты.

Атырау облысы


Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*