АҚТАУДА МҰНАЙ ПАТРИАРХЫНЫҢ МҮСІНІ БАР

195
0
Бөлісу:

Жуырда киелі Маңғыстау өңірінен шат-шадыман қуаныштың куәсі болып қайттық. Ғазиз есімі қазақ мұнайымен қатар аталатын Сафи Өтебаевтың қоладан құйылған еңселі бюсті «Маңғыстау­мұнайгаз» мекемесінің алдына орнатылды. Ол – Сафи Өтебаев. Бұл есім расында да Тәуелсіз ел экономикасының күре тамыры – мұнайымызды іздеп, табуда, оны өндіріп, игеру сынды қат-қабат шаруа­ларды өткен ғасырдың басында тікелей ұйымдастырған тұғырлы тұлға. За­мандастары Сафи Өтебаевты қараптан қарап «Мұнай ата» деп тегін атамаған. Бүгінгідей мұнайға деген сұраныстың артып, оның халықаралық нарықта бағасының да, бәсінің де артып тұрған кезеңінде мұнайшыларға, олардың ауыр климатпен, уақытпен санаспай атқарып жүрген қызметіне деген құрметтің де еселене түсетіні белгілі жайт. Осы тұрғыдан алғанда, Тәуелсіздік тұғырының одан сайын беки түсуіне қажырын да, қайратын да аямай жұмсаған мұнайшылар қа­уымының еңбегі қандай құрметке де лайықты. Мұнайшылар қауымы қашаннан атын ардақтап, мәртебесін ұлықтап жүретін Сафи Өтебаевтың мүсіні неліктен Ақтау қаласының қақ төріне орналасты деген сауалдың көкейіңізге келетіні де жасырын емес шығар. Бұған жауап беру үшін амал жоқ, өткен өмірдің бел-белестеріне үңіле түсеміз.

Осынау салтанат барысында қонақ­тарға таратылған, 2015 жылы «Мереке» баспасынан жарық көрген «Мұнай ата Сафи Өтебаев» атты көлемді еңбекке үңілейікші. Бұл туынды бар саналы ғұмырын отандық мұнайды өркендетуге арнаған ұлтымыздан шыққан алғашқы мұнайшы-инженер Сафи Өтебаевтың өмірі мен өндіріс саласындағы қызмет­терін ғана баяндамайды. Бұл еңбекте отандық мұнай өндірісінің құрылуы мен қалып­тасуы жолындағы еңсерген кедергілері, қарыштап дамуы жан-жақты сөз болады. Осы кітапта қазы­налы түбек атанған Маң­ғыстаудың қай кезде, қалайша игеріле бастағандығы да кеңінен әңгіме өзегіне айналыпты. 1951 жылдың жазында Жы­лыой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүрген Сафи Өте­баевты облыстық партия комитетінің басшысы Сейітжан Полым­бетов шақы­рып, жаңадан шаңырақ көтергелі жат­қан Қазақстан мұнай бір­лестігің бас­шысына ұсынып отырғандығын жет­кізеді. Екеуара әңгімеден соң, С.Өте­баев Мәскеуге, КСРО Мұнай өнер­кәсібі министрі Н.Байбаковтың қабыл­дауы­на аттанады. Одақтың мұнай сала­сын ашса алақанында, жұмса жұды­рығында ұстап отырған Н.Байбаков Бакуде мұнай институтында қатар оқыған Сафи Өтебаевқа соғыстан дің­келеген елдің ең­сесін тіктеу жолында мұ­найшылар қа­уымының тынбай еңбек ету керектігін, жаңадан мұнай кен орын­дарын көптеп ашу үшін бар күшті соған жұмылдыру қажеттігі туралы асықпай әңгіме айтады. Әңгіме ара­сын­да Сафекең Н.Байбаковқа: «Маң­ғыс­тау түбегін зерттеу қашан басталады», – деген сауал қояды. «Айт­қандай, Маң­ғыстау перспективасына өзіңіз қалай қарайсыз?» деп бұған қарсы сауал қояды. Бар ойы мен үміті – мұнаймен, оның келешегімен астасып жатқан Сафе­кең еш мүдірместен: «Зор үмітпен. Қазақ­стан мұнайының болашағы Маң­ғыстау арқылы шешілуге тиіс деп ой­лай­мын», – деп батыл жауап қайтарады.
Одақтың мұнай өнеркәсібі ми­нистрінің сауалына осылайша нық сеніммен жауап берген Сафи Өтебаев қазыналы түбекті игеруге сәтті қадам жасайды. Осынау кезеңдерде рес­публика жылына 1200-1400 мың тонна ғана мұнай өндіріп, Одақтық мұнай өндірісінде бар болғаны 2-3 пайыздық үлесті ғана қанағат тұтқан екен. Мәскеудегілер расында да қираған халық шаруашылығын қалпына келтіріп, ел экономикасына жан бітіруде мұнайға барынша арқа сүйеді. Осылайша, елдің шетіндегі қазыналы түбекке бұрғы салып, реті келсе мұнай бұрқағын атқызса, одан артық мақсат та жоқ еді. Сафи Өтебаевтың бұйры­ғымен 1951 жылдың күзінде Маңғыс­тауға алғашқы барлаушы-гео­логтар аттанады. Көп кешікпей «Маң­ғыс­таумұнайгаз барлау» тресі шаңырақ көтереді. Сафи Өтебаев оның алғашқы басшысы етіп, Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып келген Орынбай Бердіғожинді тағайындайды. Ат ізі түсіп көрмеген түбекке қаптаған техниканы жеткізу, мұнайшылардың жатын орны мен тағамы, ауызсу мәселесі сынды қаптаған шаруа­ларды кезек күттірмей шеше білу – көп күш пен жігерді қажет еткені тағы да рас. Барлаушы-геологтар палаткасын тігіп, зерттеу жұмыстарын бастаған 10 жылдың ішінде талай қиыншылықтарды жеңген маңғыстау­лық мұнайшылар қауымының жұлдыз­ды сағаты 1961 жылы 5 шілдеде жанған болатын. Сол күні Жетібайдағы ұңғыдан мұнай бұрқағы атқылады. Жел өтіндегі түбектің болашағына мықтап сенген Сафи Өтебаевтың иығынан ауыр жүк түскендей болды. Міне, осы кезден бастап еліміздің мұнай өндірісі жаңа қарқынмен, ерекше бір екпінмен даму жолына түсті. Тап осы кезеңді Төлеген Айбергенов былайша жырлаған жоқ па еді:
Кезім менің.
Жатырсың жырақты ашып,
Қызыл гүлді барады қыр ап қашып,
Жиырмасыншы ғасыр жүр
Маңғыстауда,
Мұнаралар басына шырақ тасып.
Маңғыстаудың аспанмен амандас­қан мұнараларының басындағы шырақ­ты алғаш жаққан Сафи Өтебаев арада ондаған жылдар өткенде өзінің халқына қоладан құйылған мүсін болып, қайта оралды.
Ата Заң және мұнайшылар мерекесі қарсаңында қала тұрғындары мен қо­нақ­­тардың қатысуымен Сафи Өтебаев мүсі­нінің ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Салтанатты шараға Маң­ғыстау облысы әкімінің орынбасарлары, Сафи Өтебаевтың қызы Светлана Өте­баева, танымал кәсіпкер Төкен Танаұлы мен осынау еңселі ескеркіштің ашы­луына қаржы­сын да, қайратын да ая­маған атпал азаматтар Бекет Тұрғараев, Мейрам Ахметжанов, ескерткіштің бүкіл ұйымдас­тырушылық жұмысын жоғары деңгейде жүргізген белгілі азамат Ғани Қарин, Алматыдан осы шараға арнайы келген білікті дәрігер Ғани Смаханұлы­лар қатынасты. Бюст­тің ашылуымен Маң­ғыстау облысы әкі­мінің орын­басары М.Сқақов құттық­тап, мұндай игі шараның тек қана Сафи Өтебаевқа емес, барлық мұнайшыларға көрсетіліп отырған құрмет екендігіне тоқталды. Ардагер мұнайшы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Сағын Қырымқұлов, Светлана Сафиқызы мен меценант Бекет Тұрғараұлы сөз сөйлеп, С.Өтебев­тың азаматтық болмысына, елжан­дылығына айрықша тоқталды.
Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік сыйлығының лауреаты белгілі мүсінші Ескен Сергебаевтың қолынан шыққан бюстің жалпы биіктігі – 3 метрден асады. Тұғыры – 205 сантиметр болса, бюсттің биіктігі – 1 метр, 10 сантиметрді құрайды.
Сафекең кезінде «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында былай дейді. «Қай жұмыста болсам да адалдықтың ала жібін аттамадым. Құдайға сендім». Иә, ғұмыр бойы елімнің бір пайдасына жарасам деп шапқылаған, сол жолда талай кедергілер мен қиыншылықтарға кезіксе де бір Құдайға үміт артқан қазақ мұнайының патриархы Сафи Өтебаев қола мүсін болып, әлеуметімен қайтадан қауышты. Қуаныш ұзағынан болсын!

Кенжебек Тұманбайұлы

Бөлісу:

Пікір жазу


*