ӘДЕБИЕТ БЕЙБІТШІЛІККЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС

394
0
Бөлісу:

Алматыда «Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің рөлі» атты жазушылардың І халықаралық форумы басталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан жиын Халықаралық қазақ ПЕН клубы мен Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Қазақстанда тұңғыш рет өткізіліп отырған шараға әлемнің 16 елінен ақын, жазушы, аудармашы, әдебиетшілер қатысты. Әлем әдебиетшілері қазіргі заманғы руха­нияттың өзекті мәселелерін талқылады.

Жиынды ашқан Қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин халықаралық шараның маңыздылығына тоқталды. «Қазіргі таңда әдебиет мәселесі өте өзекті. Қоғам дамып, өркениет пен мәдениет өзгеріп жатса да, руханият адамзат дамуының тірегі болып қала береді. Біздің елде 1973 жылдан бері аудармашы, жазушы, әдебиетшілердің басын қосқан мұндай халықаралық жиын өткен емес. Бүгінгі жаһандану заманында қазіргі әдебиеттің жай-күйі, дамуы, жазушы қауымның өзара пікір алмасуы, араласуы және жаһанданудың қазақ әдебиетіндегі көрінісі жан-жақты талқыланбақ. Алыс-жақын елдердің зиялы қауымы бас қосатын жиын жыл сайын өтсе, маңызы арта түсер еді. Себебі, аударма ісі, әдебиет саласындағы қордаланған мәселелер қашан да өзекті. Халықаралық мәдени шараға дүниежүзінің 16 мемлекетінен өкілдер қатысып отыр. Атап айтқанда, Франция, АҚШ, Англия, Польша, Израиль, Қытай, Палестина, Түркия, Германия, Чехия, Ресейден ақын-жазушылар келді. Франциядан Нобель сыйлығының иегері Атанас Ванчев де Трасси, АҚШ-тан Бақыт Кенжеев, Палестинадан Ханаан Аваад, Израильден Алексей Цветков, Ресейден Сергей Гандлевскийлер және тағы басқа да есімі әлемге танымал жазушылар қатысуда. Қазақ классиктерінің шығармаларын шет тіліне аударған Саймон Холингсворд жиында аударма мәселесін қозғайды. ПЕН клубтың АҚШ-тағы өкілі Владимир Карцев пен Алексей Цветков, Михаил Делягин, Ассоль Молдокматовалар ХХІ ғасырдағы әдебиеттің жай-күйін сараптайды. Сонымен қатар Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында израильдік Алексей Цветков, қазақстандық Олжас Сүлейменов, АҚШ-тан арнайы келген Бақыт Кенжеев, ресейлік Сергей Гандлевскийдің қатысуы-мен поэзия кеші өтетін болады» деді.
Сондай-ақ жиында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов қай заманда да әдебиет пен мәдениет ізгіліктің жаршысы болса, адамзат рухани дағдарыс, тоқырауға ұшыра­майтынын айтты. Форумда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев жиынға қатысушыларға қала әкімінің ыстық ықыласын жеткізді. «Әлем классик­терінің Алматыда кеңес құрғаны – біз үшін үлкен мәртебе. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан «Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің рөлі» атты жиынның маңызы ерекше. Адамзаттың смартфон, ғаламторға тәуелділігі артқан сайын, бір-бірімен пікірлесуден, араласудан шет қалып барады. Жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылық бәсеңдеді. Сондықтан қай қоғамда болмасын әдебиеттің рөлі арта түспек. Әдебиет арқылы адамгершілік, мейірімділік, ізгі қасиеттерді адам баласы­ның бойына сіңіруіміз қажет. Тәрбие, өнегенің бастауы әдебиетте жатыр» деді Арман Қырықбаев.
Жазушы Дулат Исабеков халықаралық жиынның теориялық мәнінен гөрі практи­калық құндылығы жоғары тұруы тиіс деген ойымен бөлісті. «Қазіргі кезде бейбітшілікті сақтау, халықаралық жағдай қысқа күнде қырық құбылып тұр. Әлемнің бір бұры­шында дүние төңкеріліп, соғыс болып жа­тыр. Екінші қиырында бір-біріне қырғи-қабақ мемлекеттер өзара итжығыс түсіп, өктемдік жүргізуге талпынып отыр. Біз сөзге мән бермейтін заманға келдік. Халықтың әлеуметтік деңгейі әртүрлі болғанымен, бәріміз адамнан тарадық. Не­гізіміз адам едік қой. Ресейдің 24-арнасынан Сириядағы басы жұлынып кеткен ананы баласы еміп отырғанын көрдім. Сюжетте 1 жарым жасар бала анасын еміп жатыр. Ал анасының басы жоқ. Осындай қатыгез, жанкештілер өмір сүріп жатқан заманда әлемнің жазушылары бірігуіміз керек. Әрбір қарапайым жазушы­ның артында екі мың оқырманы бар деп есептесек, дүниежүзінің жазушыларын екі мыңға көбейтсек, қуатты «армияға» айна­лады. Миллиондардан құралған «армияның» басты қаруы – сөз. Құраннан басталатын бейбітшілік мәселесін сөздің құдіретімен орнатуымыз керек. Қару арқылы бейбітшілік орнатамын деу – бекершілік. Жай әншейін адамдарды әбігерге түсіру. Әдебиет бейбіт­шілікті ор­натуға қызмет істеуі қажет деп есептеймін. Әлем қазақ әдебиетін тануы үшін шет тіліне аударғанымыз жөн. Оның ішінде ақша үшін, атақ үшін емес, адамзатқа керек әдебиет әлем тіліне аударылуы тиіс. Қазақ әдебиеті ешкімнен кем емес. Тек соны дұрыс аударып, жүйелі насихаттау керек» деді жазушы.
Жазушылар, аудармашылар І халық­аралық форумда ең өзекті екі тақырыпты екі күн бойы саралайды. ХХІ ғасырдағы сын-қатерлер және әдебиет, Жаһандану және ұлттық әдебиет мәселелері талқыланып, ой қозғалады.

Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*