МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН НИЯЗҚҰЛОВТАР ӘУЛЕТІ

204
0
Бөлісу:

Қазақ үшін шаңырақ – қай кезде де киелі, қастерлі. Елдік сананың ұйытқысы да – шаңырағы шайқалмаған отбасы. Отбасы құндылықтарын дәріптеп, береке-бірлікті ту етіп отырған үлгілі жанұяларға арналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы мәресіне жетті. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

Онда «Қымбатты отандастар, құрметті конкурсқа қатысушылар! Баршаңызды «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының мәреге жетуімен шын жүректен құттық­таймын. Отбасының шағын мемлекет екенін ескерсек, бүгінде жүзеге асырылып жатқан бес әлеуметтік бастама сияқты жалпыұлттық жобалар қазақстан­дық­тардың әл-ауқатын арттырып, жаһандық трендтер­ге негізделген қамқорлық пен көмекті ұдайы жалғастыруда. Жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы­ның жеңім­паздары – отан­сүйгіш­тік, еңбекқор­лық, мейірімділік пен қайырымдылық сияқты құндылықтар мен өмірлік бағдар­ларды бойына сіңірген отбасы өкілдері. Бұл үрдіс жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастырып, олардың білімге ұмты­лы­сын арттырумен қатар, еңбек адамын тәр­бие­леу үшін аса маңызды. «Рухани жаң­ғыру» бағдар­ламасының мәні де – осында. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, бейбітшілік тілеймін. Мерейіміз әрдайым үстем болсын. Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» делінген.
Дәстүрлі байқауға биыл да еліміздің түкпір-түкпірінен дәрігерлер, ұстаздар, спортшылар және әскерилердің де отбасы­лары қатысып, белсенді түрде атсалысты. Алдымен, әр облыста өткізіліп, ақтық сын­ға жолдама алған отбасылардың арасынан 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында өткен sms/интернет дауыс беру нәтижесінде анықталды. Біздіңше, олардың әрбірі жеңіске лайықты еді. Өйткені сахнаға шыққан қай қатысушы да қарасаң көзіңді тойдырып, жаныңды семіртіп, көкірекке мақтаныш сезімін ұялатты. Нәтижесінде, Жамбыл облысынан қатысқан 165 отбасы­дан озып шыққан Ниязқұловтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының 2018 жылғы лауреаты атанды.
Әулет отағасы Үмен Ниязқұлов (83 жаста) 40 жылдан астам уақыт ауыл мектебінде мұғалім, директор қызметтерін атқарған. Зайыбы Баян Ниязқұлова (80 жаста) 26 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Олардың педагоги­калық қызметін балалары мен немерелері жалғастырып, 3 буынның жалпы педаго­гикалық өтілі – 198 жылға жуықтапты. Ерлі-зайыптылар 62 жыл бірге ғұмыр кешіп, 12 бала, 32 немере, 20 шөбере тәрбиелеп отыр. Мемлекеттік хатшы жеңім­паз отбасыға салтанатты түрде автокөлік кілтін табыс етті. «Ұлттың рухы, ділі, діні, психологиясы тәрбие арқылы қа­лыптасады. Ал алғашқы тәрбиенің қайнар көзі – отбасы. Отбасылық өмірге тәрбие­леуде өз ұлтымыздың салып кеткен сара жолы бар. Біз де сол жолды жалғастырушы ұрпақпыз. Енді міне, балаларымыздың барлығы ұлттық дәстүрді бойына сіңіріп, ұрпақтарым әртүрлі салада аянбай еңбек етіп жүр. Біздің жолымызды 6 келінім, 9 немерем жалғастыруда. Жастарға айтарым, отбасы құрыңдар, ұрпақ өсіріңдер, өсіңдер, өніңдер, көбейіңдер!» деді әулет басшысы Үмен ақсақал ағынан жарылып.
Бұған қоса, конкурс жүлдегерлерінің қатарында халықаралық байқауларда топ жарып жүрген қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің отбасы – Айтбаевтар әулеті де бар.
Конкурстың бес жылдық мерейтойына орай жаңа жүлделер тағайындалыпты.
– Биыл конкурстың бес жылдығы Ас­тананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қарағандыда Президент отбасы күнін тойлаудың бастамасын жасады. Ол отбасылық өмірге енді қадам басқан жас отбасыларды құттықтап, бақыт әр отбасы­дан басталатынын атап өтті. Финалға ең лайықты отбасылар қатысып отыр. Кон­курстың мерейтойы мен Астананың жиыр­ма жылдығына орай Мемлекет басшысы Гран-приден бөлек екі отбасыға қосымша жүлде мен грамота тағайындады, – деді Г.Әбдіқалықова.
Марапаттау кезеңінде қатысушылар арасынан екі отбасы дипломант атағы мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қызылорда облысының Ишанқұловтар отбасына «шевролет» микроавтобусы табысталса, ал ақтөбелік Айтбаевтар отбасына үлкен кәсіби музыкалық орталық сыйға берілді.
Марапаттау рәсімі концерттік бағдар­ламамен жалғасты.

 

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*