ШАБЫТ СЫЙЛАЙТЫН ЕРЕКШЕ ЖАНР

172
0
Бөлісу:

Биыл Қазақстан Республикасы Сурет­шілер одағына 85 жыл толды. Осы атаулы мерейтойға орай, Алматыда отандық сурет­шілер бас қосып, респуб­ликалық көрме өз бастауын алды. Шараның салтанатты ашылуы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайының көрме залында өтті.

Шараның ашылу салтанатында Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева сөз сөйлеп, қатысушыларға құттықтау лебізін білдірді.
– Суретшілерді осындай айтулы шараның өтуімен, мерейтоймен құт­тықтаймын. Суретшілер одағына биыл 85 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде еліміздің сурет өнері өзіндік қалыбына түсіп, қолтаңбасы қалыптасты. Ел ара­сы­нан қаншама талантты, ізденімпаз су­рет­шілер шықты. Олардың еңбегі қазір жоғары бағаланады. Суретші­лер­дің әркез бас қосып, шығармашылық идея­ларды талқылап, іске асыруына мұ­рындық болып келе жатқан Сурет­ші­лер одағының еңбегі өте зор деп айтар едім. Баршаңызға шығармашылық та­быс­тар тілеймін. Әркез еңбектеріңіз жа­нып, тың, қуатты дүниелерді жария­лай беріңіздер, – деді Гүлмира Шалабаева.
– Шараға келген Алматы қалалық Мәдениет және мұрағат әкімшілігі меңгерушісінің орынбасары Данияр Әлиев сөз сөйледі. Сурет өнері адамзат пайда болғалы бері бірге жасасып келе жатқан өнер десек артық болмас. Сурет салу – көпшіліктің көзін қуантатын, шабыт сыйлайтын ерекше жанр. Мінекей, осындай талантты жандардың басын қосып, үйлестіріп отырған Суретшілер одағы 85 жасқа келді, бұл айтулы күнмен баршаңызды құттық­таймын.
Сонымен қатар Мәдениет және мұрағат әкімшілігі меңгерушісінің орынбасары осы шара барысында бірқатар өнер иелеріне алғысхаттар да табыстады.
Көрмеге негізінен графика, қолөнер және мүсін саласы бойынша отандық суретшілердің туындылары қойылыпты. Бұл жолғы шараға суретшілер Астана, Алматы, Петропавл, Қарағанды, Пав­ло­дар, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Қызы­лор­да, Тараз, Шымкент, Түркістан, Се­мей өңірлерінен ат арытып келген. Қатысу­шылардың жалпы саны – 150 адам­нан асады. Суретшілер одағының төра­ғасы Өмірбек Жұбаниязовтың ай­туын­ша, бұл күнгі шара – көрменің бірін­ші кезеңі. Жалғасы 14 қыркүйек күні «Алматы-аренадағы» арт-орталықта болмақ. Көрме елдік мақсаттарды, ұлттық құндылықтар­ды баян еткен туындыларға толы болды.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*