НИЧКАСОВ ЕЛІНЕ ҚАЙТТЫ

379
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Беларусь республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасовты оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады. Н.Нығматулин оның екі елдің өзара іс-қимылын дамытуға және нығайтуға жеке үлес қосқанын атап өте келе, еліміздегі белсенді әрі өнімді жұмысы үшін алғыс айтты.

Қос мемлекеттің қарым-қатынастарына тоқталған Мәжіліс төрағасы Беларусь мемлекеті Қазақстанның маңызды стра­тегиялық әріптесі екенін алға тарта келе, ширек ғасыр ішінде Қазақстан мен Беларусь арасында қарқынды саяси диалог жолға қойылғанын, терең экономикалық байла­ныстар орнап, ынтымақтастық өркен жай­ғанын атап өтті. Н.Нығматулиннің пікі­рінше, бұл екі елдің көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Александар Лукашенконың өзара түсіністік пен достық ниетке негізделген бірлескен тиімді еңбегінің нәтижесі.
Бүгінде парламентаралық әріптестік те жыл сайын жаңа биіктерге көтерілуде. Нұрлан Нығматулин мен Анатолий Нич­касов қазақстандық және беларустық депутаттардың өзара ынтымақтастықты белсенді ілгерілетіп келе жатқаны жөнінде ортақ байлам түйді. Бұл ретте Мәжіліс спикері соңғы жылдардағы парламентаралық күн тәртібінің аса қанық, толымды болғанына назар аудартты. Ондағы негізгі мәселелер қатарында көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдени-гуманитарлық салалар аталды.
Өз кезегінде Анатолий Ничкасов біздің елде еңбек еткен жылдардың қызмет жылда­рындағы ең жемісті кезеңдердің бірі болғанын және Қазақстандағы жұмысын зор бақытқа балайтынын айтты.
«Біз үшін Қазақстанда болып жатқан өзгерістер, реформалар өте маңызды. Олар аса үдемелі сипатқа ие. Мұндай жаңғыру біздің еліміз үшін де қажет. Біз көп нәрсені Қазақ­станнан көшіріп аламыз. Қазақстан, сіздердің Президенттеріңіз жариялайтын және заң­на­малық сала арқылы жылдам жүзеге асы­ры­латын бастамалар арқасында біз де болашаққа арналған дивидендтерге ие болудамыз. Мұндай ынтымақтастық үлкен перспективаға ие!» деп нықтады беларустық дипломат.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*